Медицина • 12 Сәуір, 2017

Кермек су кері тартып отыр

714 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай ауданындағы Белозер ауылының тұрғындары ауыз судың бір флягасын 100 теңгеден сатып алады. Бір флягада 20 литр су бар. Бұл отбасының біркүндік қажетінен артылмайды, тіпті жетпей қалады. Су таситын көлік кешіксе, тұрғындардан да маза кетіп, елеңдеп отырады. Мұндай көрініс облыстың басқа аудандарынан да жиі кездеседі.

Кермек су кері тартып отыр

– Құдықтардың суы ішуге жарам­сыз. Аудан орталығына барған­да ыдысты ала кетіп, суды сол жақтан тасып ішеміз. Көлігі жоқтардың не істейтіні өзіме де белгісіз. Тасып ішкен суға адамның мейірі қанбайды екен, шай ішіп отырып, көңіліміз жұта­ғандай болады, − дейді Сарыкөл ауданы­ның Лесное селосының тұр­ғыны Айгүл Медебаева. 

Қостанай ауданындағы Глазунов ауылының да көрген күні осы. Олар да судың флягын 1020 теңгеден сатып алып ішіп отыр.

– Құдықтың суы ішу тұрмақ, жазда бақша суаруға да келмейді. Жер­ді аппақ тұз етіп, өсімдікті қуратып жі­бе­реді. Ал сатып алған судың жар­ты­сын төгуге тура келеді, өйткені су таси­тын машиналар цистернасын таза­­­ла­­­майтын болуы керек, бір фляга су­­­дың жартысы тат, сарғайып кеткен, − деп қынжылады ауыл тұрғыны Марат Сатмағанбетов.

Бүгін өңірдегі 593 елді мекен­нің 179-ында ауыз су орталықтанды­рыл­ған топтық және оқшау су құбыр­лары­мен қамтамасыз етілген. 378 елді мекен­нің тұрғындары суды құдықтан немесе ұңғымадан ішіп отыр. 36 елді мекенге ауыз су тасып жеткізі­леді. Бұл ауылдардың бар­­лы­ғында бұрын ауыз су құбыры бол­ған. Тұрғындар ауыз судан еш­қан­­дай тапшылық көрмеген. 90-шы жылдардағы ауыл мен ауыл ша­руа­шылығына келген дағдарыста бар­­лығы да қирады. Ал қазір елді мекендерге су құбырын тарту жұмыс­тары жүрмей жатқан жоқ. «Өңір­лер­ді дамыту-2020» бағдарла­масы ая­сын­да өткен жылы ауыз сумен қамту жөніндегі 4 жобаға қол қойылған, оған жергілікті және республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Су құбырын тарту оңай да, арзан да шаруа емес. Бюджеттен бө­лін­ген әлгі 1,6 миллиард тең­ге қар­жы­ға тек Қостанай мен Лисаков қа­ла­ларындағы, Сарыкөл ауданын­да­ғы Сарыкөл селосында, Қостанай ауда­нының орталығы Затобол посел­кесін­дегі ауыз су құбырлары желі­лерінің құ­ры­лысы, су сорғы мен құбырларды жа­ңар­ту жұмыстары жүргізілді.

Биыл облыста елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған 8 жоба іске асырылатын болады. Оған республикалық және жергілікті бюд­жеттерден 2,3 миллиард теңге қар­жы бөлініп отыр. Амангелді, Жан­гелдин, Денисов, Меңдіғара, Қамысты, Қарасу аудандарындағы елді мекендерде су құбырларын жаң­­ғыр­ту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жо­балардың әрқайсысы кемінде 1-2 жылға, тіпті 2020 жылға дейін «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан 2016 жылы 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Сумен жабдықтау және суды бұру бойынша 7 жоба іске асырылуда. Лисаков қаласындағы Жоғары Тобыл су қабылдау мұнарасы, Қостанай қала­сындағы сорғы стансасы тора­бы­ның құрылысы, Қостанай, Жіті­қара, Лисаков қалаларындағы су құ­быр­лары желілері осы бағдарлама ая­сында мүмкін болмақ.

Облыстық энергетика және ком­му­налдық шаруашылық басқар­ма­сының бас маманы Руслан Молда­шевтың айтуынша, ауыз суды өңір­дегі барлық елді мекендердің 63,4 пайызы құдықтан ішеді, 6 пайызы тасымалдап ішеді. Дегенмен, ақпарат бойынша ауыз суы жоқ ауылдар аз көрінгенімен, ауыз судың азабын тартып отырған тұрғындар саны көп. 70 мыңнан аса халқы бар Қостанай ауданының елді мекендері судан тарығып отырады. Қазір ауыз судың тапшылығымен қатар, оның таза­лы­ғы да жұртты ойлантады. Облыста 5 қала, 66 ауылдық елді мекен суды ашық су көздерінен алады. Құдық­тар­ды тазалап, аршып отыру да ұмыт қала береді. Солтүстіктің 7 ай­ға дейін созылып кететін қысында мал да құдықтың суына қарайды. Бір ауыл­дың малы-жаны ішкен соң құ­дық­тың суы тақырланып, жетпей қа­ла­тын кез­дері де жиі болып тұрады.

Жұрт неге қалаға қашады? Өйт­кені, жеке секторға мал жайы­лымы­ның, шабындықтың алыстығы мен аздығын, жем-шөптің қымбаттығын айтпағанда, ауыз судың тапшылығы да ішкі көші-қонның тоқтамауының негізгі бір себебіне айналып отыр.


Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»



Соңғы жаңалықтар