Әдебиет • 28 Сәуір, 2017

Таңғажайып махаббат (3-бөлім)

290 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

​(Лирикалық эссе) (Жалғасы. Басы 67-71 нөмірлерде)

Таңғажайып махаббат (3-бөлім)

Жәмиланың жарқылдаған шуақты күлкісі, үндемей булы­ғатын Даниярдың тау мен даланы толқытқан елде жоқ өзгеше әні, құдай сорға жаратқан тоғы­шарларды милыққан ұзақ ұйқысынан «оятып» жіберді. Олар аң-таң. Шыңғыстың әдебиеті – бір бөлек әлем, тоғышарлардың әдебиеті – тіпті, басқа бір дүние. Тоғышарлар жұлқынғанын қой­мады. Өздеріне-өздері келе алмай, «шала ұйқы» боп: «Кім? Оу, кім бұл – Жәмила деген? Сай­қал десе!», «Бет бар ма, орысқа шоқынған Шыңғыста? Мұның Жәмиласы – Шолоховтың Аксиниясы!», «Отан үшін, Сталин үшін деп, неміс фашизмімен соғысқан ерлеріміздің бірі – мына құтырған Жәмиланың күйеуі Садық деген азаматымыз кім боп шықты сонда? Қырғыз әдебиеті көрмеген жат тұлға – Жәмила! Жә­миланы әдебиеттен аластау керек! Құрту керек! Моральдық жағынан ақсаған, азған әйел – ол!» деп, даттай берді. Шыңғыс бұл сөздің бәрін… бәрін естіп жүрді.

Сол күндерде Шыңғыстың бағына барша жұртты сүйінткен бір есті үн естілді. Ұлы Мұхтар еді, ол! Ол жалғанның жартысын­дай кең маңдайы жарқырап, ту сыртында қарлы шыңдары көк тіреген Алатау… иек астында ұшы-қиырына көз жетпейтін қазақ даласы…Даниярының шегі жоқ ұзаған әніндей осынау байтақ өлкеден алысқа … о, тым алысқа есімі жайылып, өріс ұзартып бара жатқан Шыңғысына көңілі толып, құдды бір төрт құбыласы сай адам… бос бұралған домбырадай қоңыр үні балбырап: «Любовь Джамили и Данияра изображенная в пос­тепенном нарастании, внешно скупом выражении эмоции, дает почувствовать красоту, старстность, «насыщенность» их характера. Хорошо, что Джамиля и Данияр – люди повседневного физического труда – душевно богатые люди. Они человечны, щедры в своих чувствах, им не чуждо вдохновение, они умеют петь душой – не голосом!» деді.

Бұл сөз – Шыңғыс таланты жө­нінде жан баласы айтып көрмеген терең мәнді ақылды сөздердің қайнар бұлағын ағытты.

Жәмила Күндей күлімдеп, келбеті алтын Айдай толықсыды. Бықсық күңкіл бірте-бірте тұн­шығып, тұңғиыққа бата берді.

Шекер ауылының шырайлы келіні Жәмила Парижден бір-ақ шықты. Мұхтар­дың ықпалымен Лениндік сыйлықтың лауреаты Луй Арагон «Жәмиланы» фран­цузша «сөйлетті.» Ол: «Ма­хаббат жөнүндеги ен сонун баян» деп толғанды. Францияның «Юманите», «Драпо руж мегезин», «Леттр хрансез», «Нове ксен­жки», «Эколь ля насьен» атты газет, журналдары «Жәмиланың» тұнып тұрған мөлдір лиризмін француздың әуезді, шәрбат тілімен өбектеп, тебірене жазды.

Совет әдебиетінің үлкен бір беделі Зоя Кедрина: «Переве­денная на французксий, испанский, польский, итальянский языки, она вызвала широкий отклик в французской, бельгийской, польской прессе. Почему это произошло?

И первое объяснение, который приходит на ум, это – что успех «Джамили» объясняется тем, как растет по весне трава, как льет теплый дождь, как потом прорывая покров туч, светит солнце на эту дерзскую молодую травку», деп Шыңғыс прозасының табиғи болмысына шек келтірмеді.

Әлем назары Шыңғысқа ауды!

Пырағы дәйім ұлы бәйгіден келіп, шат-шадыман сүйінішке бөленген атбегідей шалқыды Мұхтардың жүрегі!

Әдебиеттегі таптанды жол емес, тыңнан сүрлеу салған Шың­ғыстың ащы терін, ауыр мехнатын көріп, небір сұқты, сұғанақ, қазымыр көздерден қызғыштай қорыды, өзіне шәкірт санады, мәрт Мұхтар! Өзіне деген осы мейі­рімін мейірлі жүрекпен сезінген Шыңғыс та оны «Ұлы ұстазым!» деді.

Шыңғыстың «Жәмиласы» ерекше шырай берген «Повести гор и степей» кітабы алғаш рет Лениндік сыйлыққа ұсынылып, бағы сыналар сәтте анау-мынауға былқ етпейтін Мұхтар тағы да шамырқана қозғалды. Тағы да үнінен парасат лебі шықты. Сол бір кездерде Москвада СССР Жазу­шылар одағында қырғыз әдебиетінің консультанты болған белгілі ақын Түменбай Байзақов маған бір жолы Фрунзеде салиқалы отырыс үстінде былай деді: «О, ой, өзгеше жаратылған Мұқам-ай! Москваға келіп жүретін әдеті. Тәңірдің бір сәтті күні Мұқам «Россия» қонақ үйінде қырғыз әдебиетінің қаймағы дерлік зиялыларымен бас қосты. Олардың ішінде – Аалы Тоқомбаев, Түгелбай Сыдықбеков, Сүйінбай Ералиевтер бар еді. Сол әңгімеде Мұқам Асан қайғыша толғанып, әріден сөз бастады; «Қырғызда екі ат бәйгісі болады, бірі-кеме­ге бәйгі, оған тай-құнан шабады, екін­шісі – ірі саңлақ арғы­мақ­тар қосылатын – чоң бәйгі! Мына ғажапты қараңыздар, мен Шыңғысты кемеге бәйгіден алып, чоң бәйгіге қосып отырмын. Адам­ның пендешілік қасіреті шаш­тан асады. Жазатайым біреуің үзеңгімен омырауына соғып, бірің шаужайына жармасып, құйысқанынан тартып… тағы бір көзіне қан толған неме Ақан серінің Құлагерін мерт қылғаны секілді орға жығып жүрмеңдер, түге! Пәлі, олай етсек ел боламыз ба, біз? Әуелден қазақ, қырғыздың намысы бір! Әне бір жылдары «Манас» эпосына қатер төнгенде аяндық па, бәріміз? Сен Аалы, сол бір күндерде пендешілікке бардың. Қазақ, қырғыздың қалмақтармен болған ежелгі соғыстарының жойқын эпизодтарын дәйім сызып тастап отырдың. Бақсам, сенің түбің – сондай шайқастарда қолға түскен қалмақтар екен. Сенің аталарың сол жаулықтың кезінде осы қырғыздарға сіңіп, келе-келе бауырласып, Чоң Кемин, Кичи Кеминді жайлап, «Бес қалмақы» деген ата боп, өркен жайыпты. Жатсынбапты қырғыздар. Сен, Аалы, бүгінде қырғыз әдебиетінің ұлттық мақтанышы дейді. Ақкөңіл, қауқылдаған қырғыз жұрты сені алақанына салып, көкке көтереді. Осы қадірді білгенің жақсы. Білесің де. Бірақ, осының бәріне кейде кісілік парасат жетіспей жатады. Сен Аалы, қырғыз жазу­шыларының арасындағы болымсыз күңкілге тыйым сал! Мына Түгелбай екеуіңнен ешкім аса алмайды. Сүйінбай – Шыңғыстың ең тілектес достарының бірі. Менің көкейімдегі жүрген бір түйткіл осы еді. Біздің Шыңғыс алысқа… тым алысқа сілтейтін жүйрік! Сілтесін! Бауырын жазып, қанатын жайып ғарышқа самғасын! Ата-баба рухы-Манас қолдасын! Бағы жан­сын, шіркіннің! Дүниеге, адам­дарға, қоғамға айтар сөзі бар, Шың­ғыстың! Сөзін бөлмеңдер, айт­сын… айтсын Шыңғыс!» – деді.

Бұл – бір сөзден өліп, бір сөзден тірілетін елдің естілеріне айтылған бәтуалы сөз еді. Ол әрі сес те болды.

Уақыт – бәріне куә, бәріне төреші…

Жәмила Европа мен Азия­ның ғана емес, бүкіл әлемдік классикалық әдебиеттің ұлы пірлері – Шекспирдің Джульет­тасы, Катаринасы… Пушкиннің Татьянасы, Мұхтардың Ділдасы, Тоғжаны, Әйгерімі бар сәулетті галереядан орын алды.

«Жәмила»… Шыңғыстың жазушылық тағдыры… адамға осындай да жүрек бітеді екен, деп таң-тамаша еткен Даниярдың әндетуі мені бес жылдай толқытып жүрді. Бес жыл!

Мезгіл шіркіннің тағы бір жай­машуақ күзі келді. Тау, тоғай, бақ іші қызылды, жасылды, сарғыш түске малынды. Жер бетін алтын жапырақтар жапты. Аспан тып-тынық мұхиттай мөп-мөлдір еді.

Сол, 1963 жылдың қазан айының оныншы жұлдызы күні Алматы жұртшылығы радиодан қуанышты хабар естіді. Мос­квадан! Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов Лениндік сыйлықтың лауреаты атаныпты!

Бұл кезде мен қазақ теледидарында редактор едім.

Сол күні ұлы сәске кезі. Бәріміз жапырлап, бас редактор, ақын Жаппар Өмірбековтің кабинетіне жинала қалдық. Ол кісі аға редактор, ақын Саттар Сейітқазин екеуі қуанып, Шыңғыс жөнінде біраз жайды асығыс-үсігіс айтып тастады. Жаппар жұмсақ, дәмді сөйлесе, Саттар Шыңғысқа өзінен басқа дос жоқтай оны иемденіп алып, мүлде бөсіңкіреп кетті. Екеуі де Москвада Горький атындағы институтта Шыңғыспен бірге оқыпты. Шыңғыстың кісілігін, кей шығармаларының жазылу тағдырын… әсіресе, дәл сол кез­дерде Мұхтардың ақылымен «Жәмиланы» орыс тілінде жазып шығу хикаясын тамсана сөз қылды. Жаппар Саттардың лепірме сөзін зорға тоқтатып: «Фрунземен қазір ғана хабарластым. Қырғыз ағайындарды құттықтадым. Шыңғыс әлі Мос­квада екен. Ертең самолетпен ұшып келетін көрінеді. Жаңа осы сендердің алдарыңда «Алматы» санаторийінде дем алып жатқан председателіміз Кенжеболат Шалабаевич сөйлесті. Көргенді кісі ғой, «Мұхаңның арманы орындалды!» деп, қуанышында шек жоқ. Бізге мән-жайды бажайлап, түсіндіріп, жедел тапсырма берді. Мысалы, Шыңғыс ертең Фрунзеге келсін делік. Үйіне кірген сәтте мен телефон соғам. Біздің студия­да пресс-конференция өткіземіз. Оған ақын-жазушыларымыз, журналистеріміз… өнер иелерін шақырамыз. Кенжекеңнің айтуы бойынша намыс үшін осы тірлікті қырғыздардың өзінен бұрын жасау­ымыз керек. Солай етеміз!» деді.

Бас редактор әрқайсымызға міндет жүктеді.

Илья Жақанов

Соңғы жаңалықтар