Ол 1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуына 13 күн қалғанда, яғни 9 маусымда Түркіменстанның Красноводск (қазіргі Түркіменбашы) қаласында өмірге келген. Оның ата-анасының қазіргі түркімен жеріне қалай барып жүргені төмендегі баяндаулардан көрінеді.
«Сұмырай келсе су құриды» дегендей, Қызыл империя орнай бастағаннан-ақ қазақтың кең даласының барлық бұрышына да залалды қасіретін тигізіп бақты ғой. 20-шы жылдардағы аштық Адайларды да атақонысынан ауа көшуге мәжбүр еткен.
Содан, олардың қалың ауылдары қазіргі Түркіменстан жерінен бір-ақ шыққан. Алдымен бұл жерге 1927 жылдан бастап, көнкөрістің қамымен біраз ағайындар келген болса, енді 1931 жылғы Адай көтерілісінен кейін олар мұнда тіпті қаптап кетеді. Қазақтардың дені сол кезде кен табылып, жұмыс орны ашылған Красноводскіге ағылған. Бірақ кеңестік қанішерлер оларды бұл жерде де тыныш қалдырмай, соңынан қуып келіп, жазалауға ұшыратқан. Соның ішінде Красноводск уезінен ұсталған 500-дей қазақты бір баржаға тиеп апарып, теңіз түбіне батырып жібергенін сол кезде көзі көргендер аузынан тастамай айтады екен.
Айта кетерлігі сол, ол кезде Қарабұғаздан батысқа қараған өңір сол кезде түгелімен Қазақстанға қараған. 1932 жылы Бекдашыда, Шағалалы сорда, Алтыншыда сульфат өндірісі қанат жайғанда негізгі жұмысшылар да қазақтар болған. Осы жерде «Жұмысшы» атты қазақ тіліндегі газет те шығып тұрған. Өкінішке орай, солақай саясаттың кесірінен кейін сол кеніштердің бәрі Түркіменстанға беріліп, енді мәңгіге солардың жері болып кетті. Көз көргендер сол жылдары түркімендер бұл жерде мүлде болмағанын, тек базаршылап келген «қара бөріктілердің» ғана анда-санда кездесіп қалатынын айтады екен.
Міне, осы Красноводскіде туған Өмірзақ жетімдіктің зарын тарта жүріп ержетеді. Анасы Ақажан жалғыз ұлына әкесінің жоқтығын білдірмеймін, қатарынан кем қылмаймын деп шырылдап жүріп өсіреді. «Талапты ерге нұр жауар» дегендей, алған бетінен қайтпай, талмай талаптанған бала Красноводскінің мектебін ақыры кілең беске аяқтайды. Бірақ амал не, алысқа шығып, жоғары оқу орнына баруға күш жоқ, сондықтан Қызылорда педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, нәпақасын айырмақ болып, мектепке қызметке кіреді.
Сөйтіп, Өмекең өзінің өм ірден таңдаған мамандығына сонау, түбіт мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан бозбала шағынан кіріскен еді.
Өзі оқыған Красноводскінің үшінші мектебіне алғашында қамқор ағалардың арқасында «пионер-вожатый» деп аталатын қызметке тұрған Өмірзақ бұл іске бар ынты-шынтасымен кіріседі. Қолына түскен әдебиеттерді, үйреткіш құралдарды құр жібермей, шұқшия қалатын ол осы жылдары Сухомлинскийдің, Макаренконың еңбектерін қолынан түсірмей оқып шыққан еді. Оған, әсіресе, өзі сияқты жетім балалардың психологиясын зерттеп, педагогикалық жаңа әдістеме жасаған А.Макаренконың «Педагогикалық поэмасы» қатты әсер еткен еді. Сонымен бірге ұлттық мектептің, қазақы тәлім-тәрбиенің беретін нәрі де адамның қалыптасуына өлшеусіз ықпал ететінін ол көзімен көріп, көңілімен сезіп жүрді. Осы сезімдерін қазақтың педагог, психолог ғалымдарының да еңбектерін оқып, оларға зерделей көңіл бөлуі тереңдете түсті. Бала Өмірзақтың сол кездің өзінде болашақта бала тәрбиесіне арналған, бала психологиясын тереңнен зерттеген ғылыми еңбектер жазамын деген мақсатқа беріле бастауы осындай әсерлерден туған еді.
Осы мақсаттардың бастамасымен Өмекең кейін педагогика саласынан бірнеше ғылыми еңбектер жазды. Мәселен, оның «Дәуірдің бел белестерінде», «Халықтан асқан ұстаз жоқ», «Основы психологических знаний», «Воспитание школьников и общественность» және т.б. еңбектері осы саланың білікті мамандарын қатты қызықтырып, олардың ұнамды пікірлерін тудырған. Солардың бірі, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ профессоры, педагогика және психология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Құбығұл Жарықбаев: «Өмірзақ қиялы ұшқыр, ойы терең, алды-артын саралап жүруден жалықпайтын зерделі де сындарлы, ақпа-төкпе сұңғыла зерттеуші. Алдымен оның психологиялық байқағыштығына назар аударғым келеді» дей келіп, Өмекеңнің еңбегінен үзінділер келтіре отырып: «автор ұстазға да, шәкіртке де жан-дүниеңнің құпиясын білсең Абай айтқандай, «толық адам» боласың деп тұр. Өмекең жантану ғылымының жалпы адамзатқа, әсіресе, жас өскін мектеп оқушылаөрына аса қажет білім саласы екендігін талдап, оны мектеп қабырғасында-ақ оқып үйрену қажеттігін өте дұрыс айтып отыр» деп үлкен баға береді.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, Өмірзақтың да ұстаздық ете бастағанына бес-алты жыл өте шығады. Бұл кезде Ө.Озғанбай Қызылорда педагогикалық институтын сырттай «қызыл дипломмен» аяқтап үлгерген еді. Бала тәрбиесі мен педагогикалық білім берудің басы-қасында жүрген жас ұстаздың курстық жұмыстарын кейбір мұғалімдер күндіз оқитын студенттерге де үлгі етіп, тәжірибесін үйренуге міндеттейді екен. Осы қатардағы сөзімізді тұжыра кететін болсақ, ізденгіштік ақыры өзінің жемісін берді, Ө.Озғанбай 1982 жылы Мәскеуде педагогика ғылымы бойынша кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты.
Мектеп қабырғасында істеп жүрген жылдарында Өмірзақтың өмірінде үлкен өзгеріс болды. Ол өзімен оқып, мектепті қатар бітірген Ажар деген қызбен көңіл қосып, үйленеді. Сондағы бір қызық, ағайын-туысқандары алыстағы Маңғыстауда қалған ол апарарға адам таппай, амалсыз, қызға құда түсуге де өзі барған екен...
Әрі үйленіп, әрі оқуын бітіріп мамандығын алған соң жас Өмірзақ аттың басын атамекенге бұрғысы келеді. Бұл уақытта Хрущевтің солшыл пәрменімен Красноводск өңірі Түркіменстанға толығымен беріліп, енді әумесер басшы Маңғыстауға да ауыз салып, Өзен мен Жетібайдан мұнай шыққан соң оны да түркімендерге беру керектігі туралы әңгіме көтеріп жүрген кезі болатын. Дінмұхаммед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты ғұмырнамалық кітабында Маңғыстауды зорға деп алып қалғандары туралы толық жазылған. Өзгесін былай қойғанда, осы Маңғыстауды түркіменге бергізбей алып қалған сол кездегі басшы азаматтардың ерен еңбегін бүгінгі ұрпақ ұмытпай, үнемі ауызға алып, айтып жүрсе артық болмайды.
Қазақ мұнайын игеруді ұлттық мамандарға жүктеуді мақсат еткен Қазақстан басшылары түркімен жеріне кеткен қандастарымызды шақыртуға өкілдер жібереді. Соның бірі, кейін «қазақ мұнайының атасы» атанған білікті басшылардың бірі Халел Өзбекқалиев болған екен.
Сол көшпен бірге Өмірзақтың отбасы да аттың басын туған жерге бұрады. Бұл алпысыншы жылдардың ортасы ауа болған оқиға еді.
Ө.Озғанбаевтың отбасы Қазақстанға оралған кезде Өзен кен орнының ашылуына байланысты Жаңаөзен қалашығының іргесі жаңа ғана қаланған болатын. Әуелде оны газды қалашық деп атайтын. Өйткені, мұндағы ұңғымалардан газ бұрын атылып, мұнай қоры сәл кейінірек барланды. Жаңаөзен жаңадан ашылған Өзен ауданының орталығы болды. Өмірзақ Озғанбаевтың отбасы осы қалашыққа көшіп келіп, өзі аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып қабылданады.
Оның еңбекқорлығы, ізденгіштігі, үнемі жастар арасында болып, түрлі шараларға ұйытқы болып жүретін ұйымдастырушылық қасиеттерін сол кездегі жергілікті билік – аудандық партия комитеті тиімді пайдалануды жөн көреді. Сөйтіп, Өмірзақ аудандық оқу бөлімінің инспекторлығынан аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушілігі қызметіне алынады.
1977 жылы Өмірзақ Озғанбаев Ақтау қаласына ауысып, облыстық «Білім» қоғамының басшысы болды. Бұл аудандық деңгейден асып, жоғары өрлеудің басы еді. Өмекең барған тұста бұл қызметке жергілікті билік тарапынан жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей, қажеттігі көзге түспей тұрған бір орын болатын. Өмекең барған соң оған жан кіріп, қажеттілігі күннен-күнге айқындалып, оның маңызды орын екендігі дәлелденді. Ғалым-лекторлардың үлкен топтары да Маңғыстау даласына сол жылдары жиі келетін еді. Республикалық «Білім» қоғамының басында отырған жерлесі Мұхаметқазы Тәжиннің де қолдауын орынды қолдана білген Озғанбаев бұл қызметті аз уақытта республикадағы алдыңғы қатарлы лектің ішіне қоса білді.
1980 жылы облыс басшылығы Өмірзақ Озғанбаевты мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директорлығы қызметіне ауыстырады. Бұл қызмет енді Өмекеңнің өзінің өмірден таңдап алған, жүрегіне ең жақын кәсібі болатын. Сондықтан да ол өзіне таныс саланы ұршықша үйіріп әкетті.
Аталмыш қызметтен соң Өмекең облыстық кәсіптік білім беру басқармасының бастығы міндетін атқарды. Кәсіптік білімге келгенде бюджеттің жыртық болатындығы ежелден белгілі жәйт. Оны тек икемді басшылықтың игі істері ғана өрістете алады. Осы орайда Өмекеңнің өндіріс пен білімді ұштастырудағы игі істерін маңғыстаулық әріптестері күні бүгінге дейін аузынан тастамайды.
1988 жылы Өмірзақ Озғанбаев облыстық деңгейден асып, Алматыдағы Халыққа білім беру министрлігінің жанындағы республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры болып тағайындалады. Бірақ бұл қызметте көп істемей, ол Маңғыстау облысы басшылығының шақыруымен қайтадан туған жерге оралып, 1990 жылы Маңғыстау облысы білім беру басқармасының бастығы болып тағайындалды. Өзінің жаны қалаған кәсіпке Өмекең де жанын сала кіріседі. Ал Қазақстан өз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардың өзінде-ақ ол ағылшын тілінен облыстық олимпиада өткізіп, оның 11 жүлдегерін алыстағы Альбион елінде білімдерін жалғастыруға келісім жасайды. Бұл оқиға сол кезде қатардағы басшының қолынан келмейтін үлкен ерлік еді. Өмекең өзінің барлық байланыстарын, таныс-білістерін пайдалана отырып, әлгі 11 баланың ағылшынның Борнмаут қаласындағы королева мектебіне түсуіне қол жеткізеді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан балаларының арасынан алдыңғы лекте шет елге шығып білімдерін жалғастырған топтың бірі еді. Ал сол жастар өздерінің Өмірзақ ағаларына деген шексіз алғысын білдіріп, қазір Қазақстан экономикасының түрлі саласында білікті мамандар болып жүр.
1994 жылы Өмекеңнің өмірінде ғана емес, еліміздің тарихында үлкен оқиға болды. Сол жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне соңғы рет сайлау өтті. Бұдан кейін Қазақстан Парламенті 1995 жылы қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес қос палаталы кәсіби Парламентке айналғандықтан «Жоғарғы Кеңес» атауын соңғы деп жазып жатырмыз.
Маңғыстау облысынан сайлауға түскендер арасында Өмірзақ Озғанбаев та болған еді. Халық өзінің мүддесін жоғары заң шығару билігінде қорғауды Өмекеңе тапсыруы тегін емес еді. Бірақ бұл Парламенттің өмірі ұзаққа бармай, белгілі себептерге байланысты Конституциялық соттың шешімімен таратылды. Көптеген депутаттар бұл шешімге наразылық білдіріп, аштық жариялауға дейін барды. Басқа түскен салмақты салиқалы сабырға жеңдіре білген Өмекең ондайлардың қатарына қосылған жоқ, буынып-түйініп ауылына қайтты.
«Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп аталарымыз неге айтты дейсіз, 1995 жылы болған Сенаттың сайлауында Өмірзақ Озғанбаев тағы да жеңіп шығып, Қазақстан кәсіби Парламенті жоғары палатасының тұңғыш депутаттарының бірі болды. Сенаттың отырысында Озғанбаевтың біліктілігі мен білімі, халық тұрмысын жете танитын білгірлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, басқарушылық тәжірибесі ескеріліп, Аймақтық даму мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағалығына сайланды.
1999 жылы сенаторлық мерзімі аяқталған Ө.Озғанбаев республикалық мұғалімдер қауымының қара ордасы, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының президенті болып тағайындалды. Осы жылы ол өзінің көп жылғы еңбегінің жемісі – «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты монографиясын жазып бітіріп, докторлық диссертациясын абыроймен қорғап шықты. Атына қарап кейбіреулер бұл еңбекті Ресей Думасының тарихы деп қалуы ықтимал. Шын мәнінде бұл алғашқы қазақ парламентарийлері туралы зерттеу еңбек еді. Академик Зәки Ахметов еңбекті тереңірек талдап, «тарихи танымның түбегейлі бетбұрысына өзек болған сүбелі дүние. Осы зерттеуінде ғалым халық жадынан алыстаған аяулы есімдерді қайта тірілтті» деп үлкен баға берген еді. Шынында да, қазақтың алғашқы парламентарийлері: Алпысбай Қалменұлы, Ахмет Бірімжан, Әлихан Бөкейханов, Бақтыгерей Құлманұлы, Бақытжан Қаратаев, Молда Тайынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Дәуіт Ноян-Тұндыт, Сәлімгерей Жантөрин, Темірғали Нүрекен, Тілеулі Алдабергенұлы және Шәймерден Қосшығұлұлы есімдері Өмекеңнің іргелі еңбегінің арқасында ғана халқымен қайта қауышты. Осылардың ішінде Алаш қозғалысының басында болып, оның көсемдеріне айналған Әлихан, Мұхамеджаннан басқаларының есімдері ұзақ жылдар бойы ескерусіз қалып, тарих шаңдағының астында қалған болатын.
Кейінгі жылдары Өмекең өзі көрген өмірден, саяхаттап барған жерлерінен бірнеше танымдық кітаптар жазды. Соның ішінде бірқатар шет елдерде болған сапарларынан жазған танымдық кітапшалары шықты. Облыстық, республикалық көлемде халқымыздың ардақты ұлдарына арналған мерейтойлы шараларды ұйымдастырып, халықтың алғысын алды. Өмекең Педагогикалық білімнің халықаралық академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы. Ол әлі де өзінің бай тәжірибесі мен білімін жастарға беруден танған емес. Қазіргі қызметі Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы бола жүріп, ол қай кездегідей қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасынан табылады.
Өмекеңнің елге сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, ол «Құрмет» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Қазір Өмекең өз кіндігінен тараған бес ұл-қыздан туған ондаған немере-жиендерінің күлкісін қызықтап, қуанышты өмір кешуде. Біз оған көрер қуанышың ұзақ болғай дейміз.
Қойшығара САЛҒАРИН, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.