Алматыда Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мен қала әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен мамыр айындағы табиғат құбылыстарының салдарын қалпына келтіру мәселесі туралы жиналыс өтті. Мамыр айында Жетісу жерінде болған жер сілкінісі мен қатты дауылдан кейінгі зардаптарды жою мәселесі сынға ұшырады.
Қала әкімі 17 мамырдағы дауылдан кейін-ақ құлаған тал мен жабылған жолды жақын күндері қалпына келтіретіндіктерін жеткізген болатын. Алайда Медеу, Шымбұлақ жолы тазартылғанымен, күні бүгінге дейін тау бөктеріндегі жүзжылдық алып ағаштар сол опырылған қалпында жатыр. Іле Алатауы ұлттық саябағында құлаған 90 мың ағаш бұл күнде құрт түскенімен қоймай, жазғы өртке де себепші болу қаупін тудыруда. Осы мәселелерге қатаң шүйліккен әкімге орман шаруашылығы мамандары 20 күннің ішінде олқылықты ауыздықтайтынын айтты. Ол үшін жұмсалатын қаражат пен еңбек күші, өзге де техникалар көршілес аймақтардан тартылатындығы ескерілді. Жел құлатқан 3178 ағашты түбірімен отап, тиісті жерге жеткізу үшін жергілікті бюджеттен осы уақытқа дейін 75 миллион теңге жұмсалған. Ахметжан Есімов қаланың жол инфрақұрылымына залал келтірмес үшін ендігі жерде қаусаған ағаштардың маңынан уақытша шағын цех ашып, керексіз қарағайларды өңдеумен және қалдықтарынан тыңайтқыш жасауды ұсынды.
Жиналыста сөз болған екінші мәселе – Іле Алатауы ұлттық саябағы аумағындағы Кіші Алматы көліне құятын М.Мәметова мұздығының №6 көлі туралы болды. Мамыр басындағы сілкіністен кейін осы өзенде «мұз жарылып, жырасында қауіпті сызат пайда болыпты, су тасқыны болуы мүмкін екен» дейтін алып-қашты әңгіме ел ішін еркін кезген-ді. «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары сілкіністен кейін-ақ аталмыш аймақты тексеріп, қауіп тудыратын жағдайдың жоқ екендігін ескерткен. Министр мен әкім жиналысқа кірмес бұрын тікұшақпен көлдің ахуалын басына барып байқап қайтты.
«Қазселденқорғау» мекемесінің бастығы Т.Баймолдаев №6 көлде дәл қазір 70-80 сантиметрлік қысқы мұздың жатқанын, судың деңгейі былтырғыға қарағанда 3,5 метрге дейін төмен екендігін айтып, жұртшылықтың үрейленуі негізсіз екендігін жеткізді.
Жиналыс қорытындысында М.Мәметова мұздығының №6 көліне қалыпты су жинау ісіне жүйелі түрде мониторинг жүргізу және дауылдан кейінгі құлаған талдардың орнын тез арада толықтыру жұмысын тиянақтау шарасы тапсырылды.
Қанат ЕСКЕНДІР, журналист. Алматы.