04 Маусым, 2011

Абдылдажан АҚМАТАЛИЕВ: Айтматовтың қасында 27 жыл жүріп, үш-ақ рет суретке түсіппін

705 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Әуелі сұхбаттасушымызды таныстырып өтейік. Қырғыздың көрнекті әдебиеттанушы-ғалымы Абдылдажан Ақматалиев 1956 жылы туған. 1977 жылы Қырғыз мемлекеттік университетін бітірген. 1979 жылдан бері осы ел Ғылым академиясы Тіл және әдебиет инсти­ту­тында қызмет істеп келеді. Қазір аталмыш ғылыми ме­кеменің дирек­торы. Бішкектегі Ұлттық Ғылым акаде­мия­сының академигі, Қырғызстан Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты. Халықаралық Айтматов академия­сының президенті. Филология ғылымдарының докторы, профессор. – Сіздің барлық дерлік ғылыми еңбектеріңіз Айтматов шығармашылығына арналған. Көр­некті жазушының туындыларын қырғыз-қа­зақ әдеби байланыстары ауқымында қарас­тыр­ған­дық­тан Алатаудың бергі бетіндегі аға­йын­дары­ңыз да өзіңізді жақсы біледі. Біздің әде­биет­шілердің кейбірі сізді Айтматовтың жа­қын інісі десе, екіншілері сол үйдегі жеңгеймен туыс етіп қояды. Қайткенде де әйгілі жазу­шы­ның баласын­дай болып кеткен адамсыз. Айт­матовпен қалай таныстыңыз? Ол кісіні алғаш рет көргенде қандай әсерде болдыңыз? Жалпы, Шыңғыс ағаның шығармашылығын зерттеуге деген құмарлық неден басталды? – Алдымен айтарым, менің Айтматовпен еш­қандай туыстығым жоқ. Қайта дәл сондай жақын аға­йын болсам, қуанар едім. Бар жақындығым – өмір бойы шығармашылығын зерттегенім. Мен уни­верситет бітіретін жылы Айтматов шығар­ма­шылығы бойынша диплом жұмысын әзірледім. Бас­қа студенттер 50 бет жазса, мен 120 бет жазып­пын. Дип­лом жұмысымның тақырыбы «Айтматов шығар­ма­ларындағы көркемсөз құралдары (метафора және салыстыру)» деп аталды. Мемлекеттік емтихан ко­мис­сиясы еңбекті ерекше бағалап, баспасөзде жа­рия­лау жөнінде тапсырма берді. Содан бұл жұмыс «Ел ағарту» деген мұғалімдерге арналған журналда жа­рық көрді. Мен Шыңғыс Айтматов шығармашы­лығын зерттеуге осылай келдім. Бірақ ол кісінің өзін көпке дейін өз көзім­мен көргенім жоқ. Кинодан, теледидардан «сырт­тай жүздесіп» жүрдім. Газет-кітаптардан суреттерін қараймын. Соған мәз болам. 1979 жылы Қырғыз Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналастым. Ғылыми жұмыс жазу үшін тақы­рып таңдау керек болды. «Шыңғыс Айтматов және қырғыз-қазақ әдеби байланысы» деген тақырыпты қаладым. Оны ғылыми кеңес қол­дап, бекітіп берді. Институт басшылығы мені жыл аяғында Алматыға іссапарға жіберді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына келдім. Институтта қызмет істейтін Мұхамеджан Қара­таев, Рахманқұл Бердібаев, Бүркіт Ысқақов, Файзолла Оразаев сияқты белгілі ғалым­дармен та­ныстым. Университетке Зейнолла Қаб­долов­ты іздеп бардым. Одан салып ұрып, Жазушылар ода­ғы­на келдім. Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлім­жанов, Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов, Әбді­жәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Мағзом Сүндетов, Сайын Мұратбеков, Орал­хан Бөкеев, Баққожа Мұқаев сынды қалам­герлерге жолықтым. Бәрі де жылы қарсы алды. Мен олардың әрқайсысына екі-үш анкеталық сұ­рақ қойдым. «Сіз Айтматовпен қалай таныс­ты­ңыз? Айт­матовтың шығармалары сізге несімен бағалы? Жас жазушы­ларға Айтматов қалай әсер етеді?» деген сыңайдағы сауалдар. Олар тиянақтылықпен жауап берді. Сосын қазақ ағайындар да маған өз сауалдарын қойды. «Сен Айтматовты көріп тұра­сың ба? Аралас-құраластығың қалай? Ертең елге барғаныңда бізден оған сәлем айт», деді. Бұл өті­ніш менің жаныма қатты батты. Айтматов мүл­де көрген кісім емес деп қайтіп айтам? Жан-дү­нием алай-дүлей болды. Қаралай намысым келді. – Шынында да қызық екен! Бір шаһардың ішінде тұрып Айтматовты неғып көрмей жүрсіз? – Білмеймін. Әйтеуір реті келмеді. Көрген күн­нің өзінде салып ұрып жетіп баратын әдетім жоқ қой менің. Сол баяғы әдеп, иба... – Сонымен Шықаңа қазақ қаламгерлерінің сәлемін айта алдыңыз ба? – Соған келе жатырмын ғой. Елге жеткен соң сол сапарда Қалтай Мұхамеджановтан алған сұх­батымды «Советтік Қырғызстан» газетіне жария­ла­дым. Бұл материал тек қана Айтматов шығар­ма­шылығына арналды. «Қой, бұлай болмайды екен. Шыңғыс ағаны өзім іздеп көрейін», деп тәуекелге бел будым. Ол тұста әйгілі жазушы Кинематографистер одағының төрағасы болып қызмет істейді. Кеңсесі Кино үйінде орналасқан. Қабылдау бөл­ме­­сіне келіп, сұхбатым жарық көрген газетті хат­шы қызға тастап кеттім. Өзі жоқ екен. Арада бір ай өтті. Сол жылы қазан айында Фрунзе қала­сын­да жазба әдебиет мәселелеріне арналған бүкіл­одақ­тық конференция болды. Оған аты жер жар­ған әдебиетшілер Георгий Ломидзе, Зоя Кедрина келді. Орталық Азия­ның беделді зерттеушілері де бар. Қазақтар да қаптап жүр. Бір кезде залға Айт­матов кіріп келді. Ол кісіні көргенде жұрт түре­геп тұрып қол соқты. Шыңғыс аға президиумға жай­ғас­қанда мен одан көз алмай қарап отырдым. Бір кезде Айтматов сөз алды. Ол кісі­нің қалай сөй­лей­тінін білесің ғой. Жұрт ұйып тың­дады. Әсіресе, алтайлық жазушы Борантай Бүй­діров жөнін­дегі жақсы ой-пікір айтқаны есімде қалыпты. Үзіліске шыққан соң әдеттегідей оны бәрі қаумалап, шетінен жолығып жатты. Мен: «Тәуе­кел!» дедім ішімнен. Сөйттім де: «Ассалаумаға­лей­күм!» деп амандастым. «Уағалейкумссалам!» деді ағам. Ал­ғаш тіл қатуым осы болды. «Сізге қазақ аға­йын­дарыңыз сәлем айтты», дедім бар батыл­дығымды бойыма жинап. «Кімдер?», деді ол елең етіп. Зейнолла Қабдолов пен Қалтай Мұха­мед­жановты ата­дым. «Осы өткенде «Советтік Қыр­ғызстанда» жа­рық көрген сұхбатты жазған сен бе?», деді. «Менмін, аға»,  дедім. Содан қо­лымды ұзақ ұстап тұр­ды. Көзіміз тоқайласып қал­ды. Тағы да аз-кем тіл қатыстық-ау деймін. Бізге ешкім тосқауыл болған жоқ. Екеуден екеу қалдық. Мен оны көлігіне дейін ұзатып салдым. Қош­тас­арда: «Аға, менің сізге арнаған біраз сұрау­ларым бар еді, соған жауап бере аласыз ба?», дедім. «Сен оларды жазып, хат­шы қызға апарып таста, жауап берейін», деді. Сөйтіп, мен Айтматовты 1980 жылы алғаш рет көрдім. – Осыдан кейін зерттеулеріңізге құлшынып кіріскен шығарсыз? – Әрине. Мен қазіргі Жүсіп Баласағұн атын­дағы Қырғыз мемлекеттік университетінің филология факультетін қырғыз тілі мен әдебиеті ма­ман­дығы бойынша 1977 жылы бітіргенмін. Оқу ор­ны ол кезде КСРО-ның 50 жылдығы атын иеленген болатын. Сонау студент кезден бастау ал­ған Айтматов туралы зерттеулерім біршама жемісін бергендей еді. Оның үстіне заңғар жазушының өзімен жолығуым мені кәдімгідей қанаттандырып жіберді. Содан жатпай-тұрмай жұмыс істедім. Уа­қытым босқа кетпеді. Дис­сертациямды бір жыл­да жазып бітірдім. Кейін тақы­рыбы «Қырғыз-қазақ әдеби байланысын дамытудағы Айтматовтың рөлі» деп нақтыланған осы еңбегіме Қырғыз Ғылым ака­де­миясының корреспондент-мүшесі, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Аб­ды­қадыр Садықов жетекшілік етті. Ғылыми жұ­мы­сымды 1982 жылы қорғап шықтым. – Баяғы дипломдық жұмысыңыздағы материалдар кәдеге асты ма? – Жоқ, ол жастау кезімдегі пайымдамалар ғой. Дипломым тілдік және әдеби аспектіге арналды, стильдік тұрғыда болды. Осы алғашқы ғылыми жұмысыма филология ғылымдарының кандидаты, доцент Самақ Дәулетов жетекшілік еткен-ді. Бұл да мақтаулы еңбек болды. Бірақ кандидаттық диссертацияма барымды салдым. Тақырыпқа жаңаша тұрғыдан келдім. – Докторлық диссертация­ңыз­дың тақыры­бы да Шыңғыс Айтматов шы­ғармашылығына қа­тысты емес пе еді? – Иә. «Түркі тілдес елдердің әдеби байланыстарын дамытудағы Айтматовтың рөлі» деп аталды. Докторлықты 1990 жылы қорғадым. – Айтматов тақырыбы сізге бақ-береке әкелді. Ұзақ жыл жа­нында бірге жүрдіңіз. Жалпы, ол кісімен етене араласуыңыз қай кезден басталды? – Кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін Шықаңды көпке дейін көрген жоқпын. 1983 жылы «Айтматов және қырғыз-қазақ әдеби байланысы» деген монографиям үшін Қырғызстан Ленин комсо­молы сыйлығын иелендім. Еңбегімнің жемісін көр­ген соң көңілім көтеріңкі жүрген кез еді. Бір күні Кино үйінің жанынан өтіп бара жатып қарасам, Айт­матов кабинетінің жарығы жанып тұр екен. «Осы мен неге кірмеймін?» деген ой келді. Сағат кешкі алты-жетінің шамасы. Тәуекел деп келсем, ол кісі орнында екен. Басқа ешкім жоқ. Хатшысына айтып едім, кіргізді де жіберді. Шың­ғыс ағаның есте сақтау қабілетіне таңғалдым. Атым­ды да ұмытпапты, Ор­ны­нан тұрып, «Кел, Аб­дылда!», деді. Қуанып қал­дым. «И дольше века длится день» деген кітабы таяу­да ғана Фрунзеде басылып шыққан еді. Сол кіта­бына маған автограф жазып берді. «Аға, мен Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болдым», дедім. «Сіз КСРО Мемлекеттік сыйлығын алдыңыз, құт­­тық­тай­мын!» деп қостым. Ол жай ғана басын изеді. Міне, осыдан кейін сөзіміз бітіп қалды. Содан не қыларымды білмей, біраз отырдым да: «Шыңғыс аға, мен сізді үйге қонаққа шақырайын деп едім», деп қойып қалдым. Ал енді осыны қалай айт­қанымды білмеймін. Шынымды айтсам, аузымнан шығып кетті. Әйтеуір бірдеңе деу керек болды ғой. Сөз ұзарсын, әңгіме жалғассын дегенім еді. Ол маған: «Сенің айлығың қанша өзі?», деп сұрады. «112 сом қолыма тиеді», дедім. «Кіммен бі­р­ге тұ­ра­сың?». «Ініммен бірге тұрамын, ол Мәс­кеу­де оқи­ды». «Үйің қанша бөлмелі?». «Үш бөл­ме». «Айлы­ғың саған жете ме?», деді сосын. «Же­теді», дедім сеніммен. «Сен мені неменеге қо­наққа шақырып отырсың? Оған кемінде 70 со­мың кетеді, қалған ақшаға қайтіп күн көресің?», деді ағам. Мен: «Бас аман болсын, аға», деп болмай жатырмын. Шың­ғыс аға сәл ойланып отырды да: «Мақұл, мен кө­рейін. Сен мекен-жа­йыңды жазып беріп кет», деді. Дереу жазып бердім. Айдарымнан жел есіп, үйге жет­тім де шешеме мақтанышпен мәлімдедім. «Мен Айтматов­ты қонаққа шақырып келдім». Анам шошып кетті. «Сен ол кісіні қалай шақырып жүрсің ей? Айна­лайын-ау, ешқандай дайындығымыз жоқ қой. Ондай әйгілі адамды шақыру үшін кемінде бір ай дайындалу керек екенін білесің бе?!», деп кү­йіп-пісіп жүр. Қайтейін енді, аузымнан шығып кетті. Айтылған сөз – атылған оқ! «Жырпылдап нем бар еді», деп қоям. Өзім үйленбегенмін. «Қай күнге ша­қырдың?», дейді шешем өз-өзіне келгеннен соң. «Міне, осы сенбіге шақырып қойдым». Өзім бейсенбі күні барғанмын. Екі-ақ күн уақытымыз бар. Не деген жындылық десеңші? Анам қайтадан шала бүлінді. Ертеңіне бір жолдасымды ертіп базарға бар­дым. Екеулеп жүріп, қой сатып алдық. Қой союды да білмейді екенбіз. Әйтеуір, бірдеңе етіп бұтар­лап тастадық. Қонақ келетін күн. Үйдің ішін, еден­ді айнадай жарқыратып жуып жатырмын. Терезенің әйнектерін тазалап, үйдің шаңын сүртіп жатқанымда, телефон шылдырлады. Тұтқаны кө­те­ріп едім, «Мен Айтматовпын ғой», деген та­ныс дауыс естілді. Жалпы, ол кісі телефон соқ­қан­да сөй­тетін. Әуелі не істерімді білмей қалдым. «Аб­дылдасың ба?», деді. «Иә, менмін, аға». «Біз бара алмайтын болдық, қалқам. Қызым Шырын­ның дене қызуы көтеріліп, қатты ауырып жатыр. Келер жолы бір реті келер...». Менің аузымнан аяқ астынан бір-ақ ауыз сөз шықты. «Сізге арнап мал сойып қойып едік, аға», дедім. Ол кісі бұл сөзге бірден тоқтады. «Е, сөйтіп қойдыңдар ма?», деді ойланып. «Иә, сөйттік, аға», деп мен де тақым­дап жатырмын. «Онда мен бір-бір жарым сағатқа ғана кіріп шығам», деді де тұтқаны іле салды. Үй жинауға асқан құлшыныспен қайта кірістім. Бір сағаттан кейін қайыра телефон шалды. Тағы да сол дауыс. «Мен Айтматовпын ғой». Тағы не боп қалды екен деп алаңдап тұр­мын. «Аға, тыңдап тұрмын, тың­дап тұрмын», дей беремін абдырап. «Кім­дер бірге болады?», деді бұл жо­лы. Мен оны ойламаппын. Аң­тарылып тұрып қал­дым. «Сен екеуміз ғана отырмаймыз ғой. Сөй­ле­сетін кісі бар ма?», деді сосын. Мен әлі ойланып тұрмын. «Е, онда мен бір-екі кісіні ертіп барар­мын», деді. Сағат алтының шамасында сол кездегі Баспа комбинатының дирек­торы Тұрғын­бек Суанбердиевті, жазу­шы Қазат Ақматовты, ауыл шаруашы­лығы институтының ректоры Жамин Акималиевті ертіп кіріп келді. Күтіп алдым. Мен қайбір қонақ күтуді білетін адаммын. Орыс арағын ортаға қойып, ағаларымның маңайында айналшықтап жүрмін. Бір кірем, бір шығам. Өздері сөйлесіп отыра беретін шығар десем керек. Бір кезде Шыңғыс аға: «Ау, бізді неге шақырдың, тост көтертпейсің бе?», деді. Содан сөйлеген болдым. Аузыма не келсе, соны соғып тұрмын. КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғанымен құттықтап бір қойдым. Оны алу қиын болғанын білетінмін. Соны да атап өттім-ау деймін. «Шың­ғыс аға, қырғыз әдебиеттану ғылымы сіз жө­нін­дегі жұмыстарды жаңа бастайды, жаңаша қолға алады», деп бір кеттім. «Бұрын да жазылған ғой, бірақ біз, жастар, өзгеше қадам жасаймыз», деп нығыздай түстім. Онымен де қоймай: «Сіздің шығармашылығыңызға байланысты конференция өткізбек ойым бар», деп ұсыныс айтып өттім. Ол кісі де «Ой, жақсы болады, өткізіңдер», деп мақұлдап жатыр. Ағамыздың жасы 55-тегі кезі. Бір жарым сағатқа келген Айтматов табандатқан төрт сағат отырды. Ара-тұра үйіне телефон шалып қояды. Олар Шырынның дене қызуының түскен-түспегені жөнінде мәлімет береді. Сөйтіп, менің үйімде Шыңғыс аға осылайша қонақ болды. – «Әуезовтің үйінен қымыз іштім!», деп масайраған жас Қабдолов секілді сіз де кейін Айтматовтың шаңырағында талай рет болып, дастарқанынан дәм татқан шығарсыз? – Біраз уақыт әрқайсымыз өз шаруамызбен кеттік. Ол кісі Мәскеуде жүрді. Арада екі жылдай уақыт өткен. Бішкекке бір келгенде іздеп бардым. «Айтматов және қазіргі руханият» деген тақырып­пен жастардың конференциясын өткізу мәселесі жөнінде ақылдасқым келді. Бұл тұста институт комсомол ұйымының хатшысы едім. «Сен күте тұр, мен мына кісілерді қабылдап жіберейін. Сені өзім де іздеп отыр едім», деді. Тапжылмай бір жа­рым сағат күттім. Түскі уақыт болды. Ол кісі шық­ты да: «Сен қазір біздің үйге жүр», деді. Мен таңғалдым. Әйгілі Айтматовтың өзі үйіне ша­қырып тұр. Соңынан томпаңдап еріп келе жаттым. Шыңғыс ағаның үйінде отырмын. Ол кісімен бірге түстендік. Тамақ ішіп болған соң залға өттік. Сол кезде: «Бір жұмыс бар еді, – деді аға. – Мына менің қызым Шырын биыл бірінші класты бітірді. №5 қырғыз мектебінде оқиды. Қазір ағылшын тілін үйретіп жатырмыз. Енді қырғыз тілін ұмытып қалмаса деймін. Сен осыған жәрдем бер. Уақытың бар ма еді?». «Бар ғой, әрине». «Жұмасына бір-екі сағат келіп, тіл сабағын өткізіп тұрсаң жақсы болар еді», деді. Сосын қызын шақырды. «Міне, мы­нау сенің ағайың болады. Енді бұл кісіні тың­дау керек. Не тапсырма берсе де, орындау қажет». Мен жұма сайын келіп тұрдым. Сабақ берем. Газет оқытам. Жыр жаттатам. Қысқа ертегілер айтам. Сол тұста Шыңғыс аға шет мемлекеттерге көбірек шығып кетті. Сондай күндердің бірінде: «Сен күнде келіп тұршы. Жалпы, балаларға өзің бас көз-бол», деді. Шырыннан кейін Елдар деген ұлы бар. Ол кезде екі-үш жастың шамасында еді. Ел­дар маған өте жақын болды. Мойныма мініп ала­ды. «Былай жүр, олай жүр», дейді. Бұл кезде өзім­­нің ұлым Елтұран да дүниеге келген-ді. «Сол Ел­тұранға барайық», дейді. Балалар бірге ойнай бастады. Сөйтіп, Айтматовтың шаңырағымен ара­ла­сып-құра­ласып кеттік. Шыңғыс аға балаларына телефон ша­лып, жағдайларын сұраса, олар дереу мені мақ­тай­ды. Сөйтіп, ағамыз екеуміздің арамыз тіпті жақын­дай түсті. Елтұранның атын Айт­матов­тың өзі қой­ған. Жыл сайын оның туған күнін­де ар­найы келіп құттықтайтын. Үш-төрт жыл бойы сөйтті. – Сырт елде бірге сапарлас болған кезіңіз болды ма? – Қазақ жеріне талай рет бірге келдік. Кейін ағай­лар Мәскеуге көшті. Шырын Англияға оқуға кетті. Шыңғыс аға Михаил Горбачевтің кеңесшісі болып қызмет істеді. Президенттік кеңестің мү­шесі, депутат болды. Мен докторлық жұмы­сымды аяқтап, 1990 жы­лы жетекшім Георгий Гачевке бардым. Георгий Ло­мид­зеге, Юрий Боревке, Чингиз Гусейновке жолық­тым. Ғылыми еңбегімді оқытып алуым керек болды. Шыңғыс ағама телефон шалдым. «Мен Мәскеуге келдім. Өкілдіктің қонақ үйінде жатырмын», дедім. «Машина жіберейін, кел», деді Шықаң. Мәскеуде қызмет істейтін Мұса Мұраталиев деген жазушы бар еді, соны жіберіпті. Ол мені алып кетті. Қайтайын десем: «Сен үйге қонып кет», дейді аға. «Ойбай, аға, мен осында бір ай боламын, тағы да келемін ғой», десем: «Онда бір ай бойы бізбен боласың», дейді. Тартын­шақтап едім, көнбеді. «Жоқ, болмайды, жеңгең Бішкекке кетті. Мен, сен, Елдар үшеуміз тұрамыз». Ақы­ры не керек, заттарымды алып келдім. Аға маған бір бөлмесін босатып берді. Енді тіпті етене жақын болдық. Ертемен шай­ды бірге ішеміз. Шықаң маған: «Салат жасап бер», дейді. Алдымен жаңғақты шағам, шалқанды пайдаланам, әйтеуір бірдеңе әзірлеген болам. Мен жасаған салатпен шай ішіп отырғанымызда оның тісі күтір ете қалады. Бір кезде аузынан сүйектің қиқымын алып шығады. «Ойбай, мынауың тісті сындырады ғой», дейді жай ғана. Мен сас­қа­лақтай түсем. «Ертең жақсылап істеймін, тексеріп салам», деймін. Ертеңіне де осы... Ол кезде Елдар музыкамен айналысады. Мен өз шаруаммен кетем. Кешкі асты үнемі «Москва» ресторанынан ішеміз. Сенбі күні Передел­кино­дағы саяжайға аттанамыз. Сөйтіп, байланысымыз тереңдей түсті. Бір ай сонда тұрдым. Мен оның бар тіршілігін жақыннан байқадым. Бұл сапарлас болғаннан да артық емес пе?! – Ілгеріде «Огонек» журналынан Айтматов­тың бір сұхбатын оқыған едім. Онда қалам­гер­дің күніге 4-5 бет қана жазатыны туралы ай­тылған. Ал біздің кейбір жазушылар шағын­дау бір шығарманы бір отырғанда бітіріп кете береді ғой... – Иә, солай. Шыңғыс аға күніне 4-5 бет қана жаза­ды. Ол кісі өте ерте тұрады. Сағат 5-тің шама­сын­да оянады. Содан сағат 7-8-ге дейін жазуға оты­рады. Арасында серуендеп келеді. Ағаның жазғаны да қызық. Кейде біраз еңсерген дүниесін жаратпай жыртып тастайды. Парақтарының бетінде әлдебір сурет салулы тұрады. Сірә, ойланып отырғанда бедерлейтін болуы керек. Бастаған шығармасын ұнатпаса, тастай салады. Мен соның бәрін ертесіне жинап алам. Қоқыс салатын жәшік­тен. Айтматовқа керек болмағанымен бізге қажет. Менде осындай үш-төрт шығармасының әдепкі нұсқасы бар. Жеке архивімде мұндай нәрселер баршылық. Жазуын жазып болған соң, телефонды қолға алады. Біраз кісімен сөйлеседі, көп мәселе шешеді. – Шыңғыс Айтматовтың қазақтың бірқатар жа­зу­шыларымен қарым-қатынасы жақсы бол­ға­ны белгілі. Әсіресе, қай қаламгерді жа­қын тұтты? – Зейнолла Қабдолов пен Қалтай Мұхам­ед­жановқа деген ықыласы алабөтен болды. Үшеуі­нің кездескенін талай көрдім. «Қызыл алманы» Зейнолла Қабдоловқа арнағаны баршаға мәлім. Зе­кең алпысқа толғанда Шыңғыс аға үкіметтік жеделхат жолдады. Мәтінін өзі оқып тұрды. Мен жазып ал­дым. «Зейнолла! Сен біздің алдымызда көшбасшы болып жүре бер. Сен жеткен алпысқа біз де жетелік. Сен жетпіске жет, біз де сол жетпіске келейік», деп тілек айтқаны күні кеше сияқты еді. Ой, дүние-ай... Қалтай Мұхамеджановпен талай жолыққа­нының куәсімін. Бір күні мен газеттен Қалағаңның қайтқаны туралы хабарды көрдім. Ағайға естірттім. Ол кісі қатты қайғырды. Оны айрықша жақсы көретін. Жарықтық Қалтай ағам екі елге де кезек еркелеп жүретін жаны жайсаң адам еді ғой. – Шыңғыс Айтматовты соңғы рет қашан көрдіңіз? – 2008 жылы 11 мамырда. Шықаң Алматыға ба­рып, одан әрі Қазанға кетуге жиналды. Үйіне барсам, жалғыз отыр екен. Екеуміз ол кісінің 80 жылдығына келетін қонақтардың тізімін жасадық. Осыны маған тапсырып еді. «Сен мынаны қада­ғала», деді ол. – Мені шақыратын адамдар көп. Университет, мектеп ұжымдары кездескісі келеді. Сен осының бәрін тоқ­тат. 25-інен кейін келеді де». Ертесіне телефон ша­лып: «Аға, мен сізді шыға­рып салайыншы», деп едім: «Жоқ, қажет емес. Мен Алматыға кешке кетем. Одан да саған бір тапсырма берейін, соны орында. Сен Сыртқы істер министрлігіне бар. Сонда бір хат жатыр. Оны алып қой, ешкімге көрсетпе. Сенде сейф бар ғой, соған сал. Мен келгесін бересің», деді ол. «Мақұл», дедім. Ертесіне тағы телефон шалды. «Сен алдың ба?», деді. Мен алғанымды айттым. «Сал­дың ба?», деді. «Салдым», дедім. Ақырғы кездесуіміз де, тілдесуіміз де осы еді. – Қайтыс болғанын қашан естідіңіз? – 10 маусымда мен бір үйде қонақта отырдым. Мәскеу телеарналарынан: «Айтматовтың жағдайы қиын» деп хабарлап жатты. Сәлден кейін «Азат­тық­тың» журналистері телефон шалды. «Айтматов дүние салды ғой, сіз білесіз бе?», деді. Үйге келсем, олар да хабар алып отыр екен. Үкіметке бардық. Қазанама әзірледік. Шыңғыс ағаның денесі елге әкелініп, 14 мау­сымда Ата бейітке қойылды. Онда 1937 жылы реп­рессияға ұшыраған 137 кісі жерленген. Оның ішінде Шыңғыс ағаның әкесі Төреқұл да бар еді. – Неге Ата бейіт деп аталған? – Тәуелсіздік алған тұста Шоңтастан 137 кісінің сүйегі табылды. Сол кезде Айтматов сөз сөйледі. «Мен романымда Ана бейіт туралы жазып едім. Бұл зират енді Ата бейіт болсын», деді. Аталар жатқан жер дегені ғой. Солай аталып кетті. – Өзіңіз басқаратын халықаралық Айтматов академиясы қалай құрылды? Не мақсат көзделді? – Мен алдымен 1987 жылы халықаралық Айтматов клубын аштым. Ашқан себебім, жас буынды көрнекті қаламгердің шығармашылығын терең тү­сінуге баулығым келді. Мысалы, Марк Твен клубы, Данте клубы белгілі бір бағытта жұ­мыс жүргізеді ғой. Біз де сол үрдісті ұстануды ұй­ғардық. Ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттім. Шыңғыс ағаға өз тұжырым­дамамның жоба­сын көр­сеттім. Ол кісі: «Бұл өзі керек пе, жоқ па?», деді. Жастардың рухани танымы үшін қажеттігін айтым. Сөйтіп, сол клубты аштық. Кейін Айтматов клубының лауреат­тарын белгіледік. Әйгілі қаламгерлер Луи Арагон, Мұхтар Әуезов лауреат деп танылды. Қазір сол дип­лом Мұхтар Әуезовтің Алматыдағы музей-үйінде тұр. Ләйла Мұхтар­қы­зы өзі арнайы келіп алған. Кейін академиялардың қатары көбейді ғой. Инженерлік, әлеуметтік, қо­ғам­дық, тағы басқа академиялар бой түзеді. «Неге біз де клубты академияға айнал­дырмаймыз?» деген ой келді. Әдеби байланыстарды дамытып, қалың оқырманды Айт­матов­тың айна­ласына шо­ғырландыру үшін, зерттеушілерді қолдау үшін осындай қадамға бардық. Бір күні жазушының алдына барып: «Аға, мен халық­аралық Айтматов академиясын аштым», деп мәлім­де­дім. Клуб­тың да, академияның да есепшотын ашқа­ным жоқ. Жоқ жерден ілік іздейтін ағайын: «Айт­матов­тың атын жа­мылып, ақша жинап жатыр екен», деп айтпа­сын деп әдейі сөйттім. 1994 жылы ашылған Айтматов клубының лауреаттарына сыйлықты опера және балет театрында, филармонияда сал­танатты түрде тапсырдық. Жол-жөнекей бере сал­мадық. Айт­матовтың өзі табыс етті біразын. Клубы­мыз жастар­ды моральдық жағынан қолдайтын тегеурінді ұйым болды. Біздің лауреаттарымыз кейін ел суретшісі, ел композиторы, ел ақыны, ел жазу­шы­сына айналды. Ғылымда қара үзіп, дара шықты. Талантты анық таны­ған екенбіз деп ойлаймын. – Айтматовтың бүкіл шығармашылық бол­мысы туралы бір ауыз сөзбен қандай тұжырым айтар едіңіз? – Шыңғыс ағаның өзі: «Менің бұрынғы шығар­маларымнан кейінгі жазғандарым, әсіресе, «Кассандра таңбасы» өзгеше болды», дейтін. Өйт­кені, он­сыз да танымы терең Айтматов Еуро­паға барған соң тіпті кемелдене түсті. Көп ізденді, кей мәселеге жа­ңаша үңілді. Әдебиетке, тірші­ліктің түйткілдеріне, маңыз­ды мәселелерге басқа көзқараспен зер салды. Бірде менімен ой бөліскен Жапонияның Дайсако Икеда деген танымал философы былай деді: «Мысалы, әдебиетте әбден қалыптасқан белгілі он екі тақырып бар десек, Айтматов он үшінші тақырыпты ашты. Ол эмб­рион тақырыбын өмірге әкелді». Сол кісі айт­қан­дай, «Кассандра таңбасы» – айрықша шығарма. Мұнда бәрі бар. Әлемдік мәселе, саясат, социология, психология, футурология, публицистика... бәрі-бәрі көрініс тапқан. Қырғыз оқырман­дары­ның көбі бұл шығарманы санаға сіңіре алған жоқ. Интел­лек­туал­дық тұрғыдан оқу керек оны. – Ілгеріде Шыңғыс Айтматовтың Қырғыз Республикасының президенттігіне ұсыныл­ғаны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Сіз бұл жөнінде не білесіз? Екеуара әңгімеде осы мәселе қозғалған жоқ па? – Бұл жөнінде мен өткен жолғы бір сұх­батымда айттым. Асқар Ақаев мемлекет басшы­лығына келе қоймаған кез. Қазат Ақматов, Мар Байжиев, Толемуш Өкеев Шықаңа телефон ша­лып­ты. «Осылай да осылай. Бізде дағдарыс болып жатыр. Президент сайланбай тұр. Елге тұлға болатын басшы керек. Сіз біздің ұсынысымызды қабыл алыңыз». Шыңғыс Айтматов: «Біріншіден, менің жасым кеп қалды. Екіншіден, эконо­ми­каның ұңғыл-шұңғылын жақсы білмеймін. Менен гөрі жас, білім мен ілімді мол жинаған Жоғарғы Кеңестің депутаты, Ғылым академиясының президенті Асқар Ақаевты таңдағандарың дұрыс», дейді. Сөйтіп, Ақаев сайланды. Бар болғаны осы. – Ал егер сол кезде Айтматов президенттікке келісім бергенде қайтер еді? Қазіргідей дүниені дүрліктірген аласапыран оқиғалар болмас па еді? – Оны қапысыз болжау қиындау, әрине. Саясаткер емеспіз ғой. Дегенмен, Айтматов президент боп сайланғанда инвестиция көп келер еді. Өйт­кені, оны бүкіл әлем таниды ғой. Экономи­камыз да сауығып кетер ме еді? Шыңғыс Айтматов дү­ние жүзіндегі беделі арқылы оны да жолға қояр еді деп ойлаймын. Бірақ, кім біледі? Өмір бол­жамға бағынбайды ғой. Кейде шығармашылығы аса таны­мал адамдар саясатпен айналысам деп өзінің қадірін жоғалтып алады. Бұл жағы тағы бар... – Айтматовтың балалары жөнінде айты­ңыз­шы. Жұрт оларды көп біле бермейді ғой... – Шыңғыс ағаның төрт баласы бар. Үшеуі ер бала, біреуі қыз. Үлкені Санжар Ресей кеденінде қыз­мет істейді. Генерал дәрежесі бар. Асқар Сырт­қы істер министрлігінде, Президент аппа­ра­тында қызмет істеді. Қазір кәсіпкерлікпен айна­лы­сады. Шырын Қырғыз-американ университетінде дәріс берді. Қазір «Ата жұрт» партиясының аты­нан депутаттыққа өтті. Елдар халықаралық Айтматов қорын құрған. Соны басқарады. Маман­дығы – суретші-дизайнер. – Соңғы сұрақ. «Осы Айтматовтың көзі еді», дейтіндей сіздің қолыңызда не бар? – Әлгінде өзім айтқан басталып аяқталмаған қолжазбалар бар. Бірге жүрген 27 жылда Шыңғыс ағамен қатар тұрып небәрі үш-ақ рет суретке түсіппін. Сол үш суретім қолымда. Ең мықты жәдігерлерім осылар деп ойлаймын. Әңгімелескен Бауыржан ОМАРҰЛЫ.