04 Маусым, 2011

Рақымшылық жасау туралы заң жетінші мәрте қабылданғалы тұр

519 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тәуелсіз Қазақстан жетінші рет рақымшылық жасау туралы заң қабылдағалы тұр. Бұл жөнінде Мәжілісте өткен жұмыс тобының отырысында айтылды. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Отырысты заң жобасы бо­й­ын­ша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­ми­тетінің мүшесі Серік Темірболатов жүргізді. Заң жобасының мақсаты жөнінде Әділет ми­нистрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев баяндама жасады. Бұл заң жобасы Қауіпсіздік Кеңесінің 2011 жылғы 15 наурыздағы хат­та­малық шешімін орындау мақ­са­тында әзірленген. Атаулы оқи­ғаларға байланысты рақым­шы­лық жасау әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Баяндамашы аталған заң жо­ба­сында рақымшылық жасау, тұ­тастай алғанда, әлеуметтік тұр­ғы­дан аз қамтылған санаттағы аза­маттарға, ауырлығы орташа, онша ауыр емес қылмыс жасап сотталған адамдарға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға, жүк­ті әйелдерге және кәмелетке тол­маған балалары бар әйелдерге, І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектерге қатысты жүргізу ұсынылып отыр­ғанын жеткізді. Бұл заң актісі қабылданғаннан кейін алты ай мерзімге қолданылатынын айтты. Сондай-ақ осы заң қолданысқа ен­гізілгенге дейін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын барлық қылмыстық істерді және қыл­мыстар туралы сотта қаралмаған істерді тоқтату көзделеді. Серік Темірболатов Қазақстан егемендігін жариялағаннан бері түрлі мерекелік даталарға орай рақым­шы­лық жасау туралы 6 рет заң қа­былданғанын мәлім етті. Атап айтқанда, 1994 жылы 5 қа­занда, 1996 жылы 15 маусымда, 1999 жылы 13 шілдеде, 2000 жы­лы 29 желтоқсанда, 2002 жылы 19 ақ­панда және 2006 жылы 9 қаң­тарда рақымшылық жасау туралы заңдар қабылданды. Заң жобасы қабылданған жағ­дайда оны іске асыру қосымша қаражатты талап етпейді, себебі, қаржылық шығындар бөлінген қа­ражат шегінде жүзеге асырылады. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.