Оқу бітіріп, мамандық алып, еңбекке араласқаннан бері Қарағандыда тұрамын.Туып өскен жерім бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданы болғандықтан, қазір зейнеткер ретінде уақытым кеңдіктен, ел жаққа жиірек қатынаймын. Мен үшін демалыстың ең қымбаттысы туған-туысқандармен, дос-жарандармен қауышып қайтар шақ. Алайда айтайын дегенім бұл емес. Жол бойындағы белгілердің ана тіліміздің мағынасы бұзылып, бұрмаланып жазылғаны көңілге қаяу түсіріп жүргендігіне қынжылысымды жеткізсем деймін. Жер-судың бастапқы атауларының білмеген адамға мүлдем басқаша түсіндіріліп, оның көзге үйреншікті болып кетуі түбінде солай қабылданып, қалыптасып кетуіне қауіптендіреді. Мұндай бұрмалаушылықтар әсіресе, Жамбыл мен Алматы облысының аумағында жиі ұшырасатындығын атамасқа болмайды.
Сонымен, мәселен, жол бойында Бурылбайтал деген елді мекен бар. Оның атауы осы күнге шейін баяғы орысша ыңғайда Бурбайтал болып жазылған қалпынан өзгертілмеген. Бір әріптің түсіп қалуы қандайлық әдемі атау мәнін бұзып тұр десеңізші. Немесе сол тұста ертеден Жыңғылды аталатын өзек болушы еді. Ол кешегі кеңестік кезеңде Жынгелді болып жазылып тұрды. Қазір енді Шеңгелдіге айналыпты. Оның жағасында жыңғыл қаулап өсетіндігі бала кезімізден таныс. Шеңгел мұнда ешқашан өсіп көрмеген. Ал бұл екі өсімдіктің айырмашылығы бары белгілі. Жоқ нәрсенің тықпалануы түсініксіз.
Одан әрі асқанда Құрғақшолақ атты өзек алдан шығатын. Бұрнағы жылы Қуыршақшолақ болып жазылып шыға келгенін көрдік. Бүгінде сол қалпында тұр. Тағы бір белеске көтерілгенде Көлшеңгел ауылы көрінетін. Енді Қаншеңгел болып өзгертіліпті. Көктемде қар суынан көлшік пайда болып, жағасында шеңгел көктейтіндіктен, солайша аталғанын үлкендер аузынан білуші едік. Бөрілі өзегінің әлі күнге дейін Бурыузек деп орысшаланған қалпында қалғанын қайтерсіз.
Айта берсек, Ақсуға жеткенше осылайша ежелгі атаулары өрескел бұрмаланған, өзге тіл мәнерінде жазылған жол белгілері жыртылып айрылады. Олар түзетілмей тұра бере ме?
Ахат АЯЗБАЙҰЛЫ. Қарағанды.