08 Желтоқсан, 2016

Жарқын бейне жаңғырды

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
2016-12-07-22-05-51_0041Бейбітшілік және келісім сарайында драматург Рақымжан Отарбаевтың «Әміре» пьесасы желісінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязовтың сахналауымен осы аттас драманың премьерасы өтті Астанадағы  ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында елор­дадағы Қазақтың мем­лекеттік ака­демиялық Қ.Қуа­нышбаев атындағы музы­калық драма театры­ның халқымыздың дәстүрлі ән өнерін 1925 жылы Париж­дегі «ЭКСПО» көрмесінде алғаш рет ас­қақтатқан кү­міс көмей әнші Әміре Қашау­баевтың жарқын бейнесін қай­та тірілтуі әнші рухын ардақ­­таудың үлгісі ретінде ба­ғалануда. Спектакль оқиғасы Париждегі Эйфель мұнарасы маңында өрбиді. Әр қиырдан бас қосқан өнер майталмандары бір-бірімен жүздесіп, мәре-сәре күй кешуде. Іштерінде белгілі башқұрт қурайшысы Исенбаев, өзбектің Тамара Ханумы мен әнші Якубовы, орыстың әйгілі әншілері Долива-Саботнаций мен Ковалева, әзербайжандық Шавкет Мамедов және т.б. бар. Сол шара барысында кеңестік өнерпаздар Париждің залдарында 11 концерт береді. Әміре онда өзінің сүйікті әндері – «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Екі жирен», «Дудар-ай», «Балқадиша», тағы басқа да халқымыздың музыкалық жауһарларын тамаша орындап, екінші орынды, күміс медаль иеленгені тарихтан мәлім. Бұл туралы «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы жазады, ал Сорбонна университетінің профессоры Перно мырза Әміренің орындауында бірнеше әндерді таспаға түсіріп алған екен. Қойылымда әнші өмірінің осынау тарихи сәті шынайы бейнеленіп, Әміре үні ұлттық музыка өнері тарихында шет елде өнер көрсеткен тұңғыш қазақ ретінде қалды. Оның қазақтың дархан даласындай диапазоны кең, қайталанбас көркем дауысы туралы Ромен Роллан мен Анри Барбюстің берген жоғары бағалары бүгінде тұлғаны ғана емес, жалпы бүкіл қазақ даласының рухани қазынасын мойындау болып қабылданары хақ. Белгілі өнер зерттеуші А.Затаевичтің де бұл реттегі еңбегі ұшан-теңіз, өйткені Әміре орындауында жазып алынған «Балқадиша», «Дудар-ай», «Бес қарагер» әндерінің байыр­ғы мәйегін сақтап қалуы оның сол бастапқы сарынды ха­лыққа мүлтіксіз бұзбай жеткі­зуінде. Қойылымның тағы бір ерек­шелігі – әнші туралы көптеген тарихи деректерге қанығасыз. Мысалы, Ә.Қашаубаевтың Париж сахнасында өнер көрсеткен домбырасын А.В.Луначарскийдің оған арнайы жасатқызып бергенін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Мұнан басқа, Әміре мен Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың қауышатын тұстары спектакльдің мазмұны мен бағасын арттыра түседі. Әдетте, тарихи деректерге құрылған туындыларды ойнақы, жеңіл рәуіште, шынайылықпен баяндау режиссерге оңай соға бермейтіні рас. Өйткені, ол белгілі бір тарихи оқиғадан аттап, не былай, не олай шығуға, бөтен ой қосуға тиісті емес. Яғни, пьесаның құрсауынан, шеңберінен алысқа ұзап шығып кете алмайды. Ал «Әміре» тарихи драмасының ұтқан тұсы – еркіндігі. Актерлер әлдебір ұстанымдар мен заңдарға байланып қалмайды. Әміре рөлін сомдаған Қасымхан Бұғыбай, Мұстафаны ойнаған Жанқалдыбек Төленбаев ойындары солай, ережелерге маталмай, емін-еркін көсілген сипатта өте шықты. Әрине, бір шығарма арқылы кеңестік кезеңнің картинасын түгел ашып көрсету мүмкін емес. Соған қарамастан, мұнда Алаш арыстарының бір-біріне деген сыйластық сезіміне дейін қамтылуы спектакль аясын кеңейте түспесе, кеңістігін қусырмайды. НКВД өкілдерінің қуғыны, махаббат пен сүйіспеншілік, адамгершілік қасиеттері, өнерді бағалау мен қиянат, достық пен адалдық арқылы өткен жылдар бейнесі нанымды кескінделеді. Әміретанушы, белгілі музыка зерттеуші ғалым Жарқын Шәкәрім спектакльді тамашалағаннан кейін ойымен бөлісе келіп: «Әміре туралы қойылым менің көңілімнен шықты. Өйткені, мұнда шындықтың аты алға озды. Әнші өміріне қатысты жабулы жатқан көптеген құпиялар ашылуда. Мұны өз басым осы миссияны атқарған театрдың үлкен жетістігі деп санаймын», – деді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»