08 Желтоқсан, 2016

Өңір ұландарының өнегелі ұясы

255 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
kokshetau-kala­syndagyАдамға ананың әлдиі мен мектеп қоңы­рауының сыңғырынан қымбат нәрсе жоқ. Ғақлия тегін айтылмаған. Ой-пайымның жанды жәдігеріндей саналатын Көкшетау қала­сындағы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектеп-гимназиясының тәлім жолы 97 жылға созылып жатыр. Ел тарихымен сабақтас өнегелі соқпақ әрқилы бұралаң белден өтіп, уақыт талабының төрінен көрініп, болашақтың биік белестеріне құлаш сермеуде. Облыстық мемлекеттік мұрағат құжат­тары былай дейді: «...1919 жылдың соңында халыққа білім беру бөлімінде мұсылман бөлім­шесі ұйымдастырылған еді. Қарашаның 19 жұлдызында төрт жылдық бастауыш мектеп құрылды. Бұл мектепте орыс графикасы­мен білім алғандар аз болғандықтан, есептен төрт амал, арабша әріп таңбалары үйретілді. Мек­тепті 1919-1930 жылдары Нұрмұхамбет Көшімов басқарды». Мектептің Күләш Хамзина жетек­шілік ететін бүгінгі мұражайында дерек-дәйектердің барлығы ұқыптылықпен хатталып, тарих қатпарынан сыр шертеді. Тұңғыш бас­шының еңбегі Ленин орденімен аталып өтіп­ті. Одан кейін мектеп тізгінін білгірлік­пен ұстаған Шайкен Қасенов, Бақыткерей Жұма­баев, Мыңбай Ысқақов, Ботакөз Байдәулетова, кезінде облыстық білім беру басқармасының бастығы қызметіне жоғарылатылған Марат Ыбыраев және басқа азаматтардың есімдері зор ілтипатпен аталады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты 1991 жылы 10 жел­тоқ­сан­да Алматыда ұлықтау рәсі­мінен оралған мем­лекет қайраткері, Социа­листік Еңбек Ері Баян Жаңғаловқа сәлем бере барғанымызды ұмытпаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты тарихи тұғырға көтерген халқына риза көңілін білдірген абыз қария «Осының бәрі білім мен өмір нәрін төккен қазақ мектептерінің ұлықтығын­­да», деді. Ол кісі 1928 жылы Жамантұз ауылы­­ның бес баласы қатарында Көкше өңіріндегі тұң­ғыш мектепке қабылданған екен. Ауыл молдасы­нан сауат ашқан олар 3-ші сыныпқа тіркеліп­ті. Болашақ батыр Мәлік Ғабдуллинмен де осын­да танысқан. Соғысқа бірге аттанып, елге жеңіс­пен бірге оралған. Баян ақсақалдың айтуынша, бұл ошақтың бүкіл Көкше жұртшылығы үшін мектеп­тен жоғарырақ мәні бар. Мұнда өңірдің мәдени, әдеби, тұтастай тіршілік ұстанымдары қалыптас­қан. Білім ордасы өзінің кемелдену кезеңінде шаруа жастары, жалпы білім, аралас мектеп, орта мектеп, мектеп-интернат, пансион, кәсіптік мектеп-кешен, гимназия сияқты баспалдақтардан өтті. Ел қадірлісі атанған академиктер Мәлік Ғабдуллин мен Есмағамбет Ысмайыловқа, ақын Жұмағали Сайынға, драматург Шахмет Құсайыновқа, тағы да басқа жүздеген саңлақтарға өмір жолдамасын берген де осы мектеп. Бұл күндері республикалық Ыбырай Алтын­сарин атындағы Қазақ білім академиясының база­лық мекемесі, «Дарын» ғылыми-әдісте­ме­лік орталығының экспериментті мектебі сана­латын қастерлі шаңырақтың қазіргі қадам­дарына да тәнті боласыз. Мектептің тағы бір директорлығын атқарған Гүлнәр Күшпаеваның әкесі, бауырлары, өзі де осында білім алғанын айтқымыз келеді. Қадірлі ұстаздың «Біздің негізгі мақсатымыз – замана тұтқасын ұстайтын ұрпақ тәрбиелеу және оқушының табиғат берген қабілетін зерттеу арқылы оларға кәсіби бағдар беру», деген сөздері құлағымызда. Көкшетаудың көшбасшы мектебінде «Тәй-тәй», «Мұрагер», «Өзін-өзі тану», «Ерте жас­тан шет тілін үйрену және үштілділік», «Кәсіби бағдар», үстіміздегі оқу жылынан бас­тап діл мен рух, заманалық инновация мен тех­но­логия тақырыбындағы бағдарламалар оқытыла бастады. Соңғы жылдары, мектептің материал­­дық базасы айтарлықтай деңгейде нығай­ды. Заманауи электронды жүйе қолды ұзартып отыр. Әйткенмен, талап пен талғамның, сұра­ныс­тың тең түсіп жатқаны абзал. Білім ошағы 1991 жылы таза қазақ тіліндегі мектеп болып қайта құрылған. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің сәулелі шапағаты төгілген жыл. Осынау кезең аралығында қол жеткен табыс­тар көңіл өсіреді. Соңғы 20 жылда мектепті 26 оқушы «Алтын белгімен», 33 бала «Ерекше үлгідегі аттестатпен» бітіріп отыр. Биылғы оқу жылының өзінде 11-сынып оқушысы Айгүл Мақсұт Чехиядағы халықаралық олимпиадада «Қолданбалы математикадағы ұлттық ғылыми жоба» тақырыбын қорғап, мәртебелі бірінші орынды иемденді. «Мәліктану» клубының мүшесі, 4-сынып оқушысы Наргиз Сәкенованың «Адамның өзін-өзі тануы – Батыр Мәліктің бейнесін үлгі ету» атты еңбегі республикалық «Зерде» ұлттық ғылыми жоба шеңберіндегі байқауда жоғары бағаланды. Қазір Жаннат Жаңғалова мен Роза Сауытова шет тілінен және құқықтану пәндерінен республикалық олимпиадаға дайындалу үстінде. Бұған Әйгерім Қожабаеваның күрестен Қазақстан біріншілігіне қатысып, үш бірдей медальды жеңіп алғанын қоссақ, мектептегі мәдени, әдеби, өнер, қоғамдық өмірдегі табыстар тұғыры текшелене түседі деп ойлаймыз. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» КӨКШЕТАУ