08 Желтоқсан, 2016

Тағылымды дәріс

264 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елбасы ұлт ұстазы ретінде туған халқына арнап «Ұлы Дала ұлағаттары» тақырыбында үлкен шеберлікпен тағылымды дәріс беріп, әрқайсымызбен сырласқандай болды. Аудиториясы әдеттегідей бүкіл қазақ даласы болды. Мен үлкен әсер алдым. Нұрсұлтан Әбішұлы елеулі еңбегінде өз өмірін еске ала оты­рып, өтпелі кезеңнің қиын­шы­лықтарын еңсеруде қолдау көрсеткені үшін, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміз үшін бүкіл Қазақстан халқына ризашылығын білдіреді. Мұны оқыған адам іргелі іске менің де қатысым бар ғой деп қуанады әрі ел болашағы үшін өзінің де жауапкершілігі барын сезінеді. Яғни, Елбасының сөзі көңіліңнің жанды пернесін қозғайды. Халқымыздың мақал-мәтелдерін, ұлы тұлғалардың және сүйікті ақындарымыздың ғибратты, тағылымы мол сөздерін келтіре отырып, қазақ тілінің құдіретін көрсетті. Ұлтының даналығын бойына сіңірген Елбасының: «Еңбек – өмірдің ұстазы», «Бала бейнесін жоғалтпаған адам адамдықтан адаспайды», «Салмақты сөзді сапалы ер ғана айтады», «Туған елім – тірегім», «Сенім деген серпінді күш», «Атамекен деген сөзде кие бар», «Ел бақыты – ер бақыты», «Елің – құрышың, жерің – ырысың» және тағы басқа тіркестері қанатты сөздерге айналады. Әрқайсысы қазақтың өте бай халықтық педагогикасы бойынша ғылыми баяндаманың тақырыбы, ал ұстаздар мен ата-аналар үшін оқушыларға арналған тәрбие сағаттарына сұранып тұр. «Туған тілдің тұғыры» атты тарауында ана тіліміздің кеңестік заманда автордың өз сөзімен айтқанда «шұбарланғанына», «дініміздің тұманданғанына», «санамыздың күмәнданғанына» жүрегі сыздап отырып жазғанын сезінесің, әр сөзімен келісесің. Тіпті, ел тәуелсіздігінің арқасында Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылса да, көп жағдайда ұлттық намыс кемшін түсіп, енжарлық танытып жүргенімізді де мойындайсың. Алайда, Елбасы жастарға үлкен үміт артып: «Ұлттың ұлы қазы­насы – Ана тілін жаңа ғасырдың биі­гіне абыроймен алып шығу – бүгінгі ұрпақтың парызы», – депті. Мен солай болатынына сене­мін. Себебі, тәуелсіздіктің осы ширек ғасырында бұған не­гіз болатын ауқымды шаруа атқа­рылды. Өткен ғасырдың екінші жартысында әртүрлі себептермен (біздің жерімізге репрессияға ұшыраған кей ұлттардың қоныс аударуы, алапат соғыс кезінде 220 кәсіпорынның батыс өңірден мамандарымен, жұмысшыларымен эва­куация жасауы, тың игеру кезінде мыңдап, миллиондап бас­қа ұлт өкілдерінің келуі) еліміз­дегі қазақ мектептері алдымен аралас мектептерге, кейін бір­жола орыс мектептеріне айнал­ған болатын. 900-ден аса қазақ мектебі жабылған. Бұл процесті тек Тәуелсіздік тоқтатты. Қазақ халқының ұлттық санасына үлкен серпіліс берген, намысын қайраған – ел Тәуелсіздігі. Осы жылдары 1356 мектеп салынды, олар негізінен қазақ мектебі болып ашылды. Осы мәселеде Тәуелсіздік әкелген жақсылықты түсіну үшін оған дейінгі жағдайды еске алудың еш сөкеттігі жоқ. Бір ғана мысал. Сол кездегі астанамыз Алматыда бір республикалық, 2 облыстық мектеп-интернатты есептемегенде, жалғыз ғана қазақ мектебі бар еді. Ол 82 жылдық тарихы бар қазіргі №12 қазақ мектебі. Қазір ойласам, қалай соған көндік, қалай шыдап жүрдік? Соның өзінде Орталық бір ұлтқа, яғни қазақтарға жоғары дәрежелі орынның қаулысымен «ұлтшыл» деп кінә тақты. Сол кезде қиналғанымыз бекер екен. Өзімізбен бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерімен ынтымақ-бірлігімізді сақтай отырып, өз ұлтыңды жақсы көру, оның мүддесін қорғау дұрыс, әрине. Қазір сүйікті қаламызда 65 таза қазақ мектебі, 66 аралас мектеп бар. 104 мыңға жуық қазақ баласы, яғни оқушылардың 80 пайызы өз ана тілінде білім алып жатыр. Бүгінде тек Алматы қаласында 3 мыңнан аса өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ мектептерінде білім алуда. Бұл – олардың мемлекеттік тілдің болашағына сенгенінің дәлелі. Тәуелсіздігіміздің бірінші кү­нінен бас­тап Нұрсұлтан Әбішұлы білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Оның дәлелі – өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына қара­мастан, «Болашақ» бағдар­ла­масының түзілуі, жаңа типті мектептер, яғни мектеп-гимназиялар, қазақ-түрік лицейлері, дарынды балаларға арналған мектептердің ашылуы. Ал Назарбаев зияткерлік мектептерін, сөз жоқ, ұлттық құндылығымыз деуге болады. ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ. Осыдан 15 жыл бұрын құлаудың алдында тұрған немесе әр сынып бөлмесін көмірмен жылытып отырған мектептерді көрген біздер бір ертегінің ішінде жүргендей әсер аламыз. Жағдай жақсарған сайын жетістіктер де көбеюде. Біздің оқушыларымыз әртүрлі халықаралық байқауларда білімде де, өнерде де, спортта да жүлделі орындарға шығып жүр. Олардың көбісі қазақ мектептерінің түлектері. Бір ғана Алматыда биылғы жылғы 254 «Алтын белгі» иегерінің 204-і қазақ мектебінен. Жалпы, респуб­лика бойынша қазақ мектебінің әлеуеті жылдан-жылға өсуде. Сондықтан, қазақ тілінің мәртебесі өсетініне, қазақ жас­тары Елбасы сенімін ақтай алатынына күмән жоқ. Қазірдің өзінде қазақ мектебін бітіргендер мемлекеттік қызметке, ғылымға, бизнеске көптеп келе бастады. Ал қазақ даласы қашанда ақындық пен өнердің қазынасы болған. Елге таныла бастаған жас ақындар мен әншілер аз емес. Әрине осы жеңістеріміздің бастауында ана тілімізде білім беретін қазақ мектебі тұр. Кезінде Абылай бабамыз «Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік. Ал білімге сенер ертеңгі жағдайымыз қалай болар екен?» деп алаңдаушылық білдіріпті. Ұлы тұлғаның бұл алаңдаушылығы орынды еді. Абылай ханнан соң араға 3 ғасыр салып тарих сахнасына көтерілген Нұрсұлтан Назарбаев бабасының арманын орындады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды, ешкім таласа алмайды. Оны халықаралық қауымдастық та мойындап отыр. Осы тұста өзіме ұнайтын бір мақалды тағы да қайталар болсам, «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді», деген сөз тауып айтылған екен. Жоғарыда аталған туын­дысындағы Елбасының «Қазақ баласы, сен дүниеге осы ұлттың өкілі болып туғаныңа мақтан» деген сөзі ұлтымыздың әр ұланының жүрегін қуанышқа бөлеуі тиіс. Біз сонда ғана егемен ел болып әлемге таныламыз, өзімізді сыйлата аламыз, алыс-жақынмен араласып, бір үйдің баласындай бауырласып кетеміз», деген сөзі әр оқушыға жетсе, ол өз ұлтының болашағына, бүкіл қазақстандықтардың ынтымақ-бірлігіне жауапкершілік сезіммен өседі. Енді мақаладағы мына сөздерге көңіл аударайық. «Ел болу үшін, ең алдымен ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек. Біз осы ұлы қасиеттерді мемлекеттік саясат ретінде ұстанамыз және оны әркез мақтан етеміз», дейді Елбасы. Осы өрелі мақсаттың биігінен көріну үшін бізге халқымыздың өзіне ғана тән педагогикалық мәдениетінен алыстамау керек. Мемлекетіміздің байлығы дегенде жеріміз, жер асты қазынасы туралы айтылады. Дұрыс дейік. Бірақ мемлекеттің ең үлкен байлығы адам ресурстары және ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымыз екенін жаста­йынан Мырзабала әжесінің ертегісін естіп, батырлар жырына сусындап өскен Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да еске салып отыр. Сол ата-бабадан қалған сан-салалы мәдени мұраның бірін ғана мысалға келтірейін. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Бабалар сөзі» деген жүз томдық топтама жарық көрді. Бұған тарихи жырлар, батырлар жыры, ғашықтық лиро-эпостар, шежірелік дастандар, хикаяттар, шешендік сөздер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, даналық сөздер, баталар, балалар фольклоры, миф жанры, күй аңыздары, ғұрыптық фольклор және т.б. кірген. Не деген байлық! Бұл қазақ сөзінің құдіретін, қазақ тілінің байлығын көрсетеді. Дүниедегі қай елдің адамдары болсын бұл кереметке таңданар еді. Алайда бәріміз біздің ұлтымыздың осынша байлығы бар екенін білеміз бе? Бәлен ғасыр бұрын жазу жоқ кездегі дүниелер ел жадында сақталған. Оны жинап, араб, латын және көне түркі жазуларымен қалдырған адамдарға, соларды зерттеуге басқа елдерден қазақ даласына келген ғалымдар мен саяхатшыларға рахмет айта отырып, сол қазына кітап сөресінде тұрып қалмай, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуге қызмет етуіне біздер, яғни ата-аналар, ұстаздар, ұлт зиялылары, қоғамдық инс­титуттар мүдделі болайық. Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынып отырған рухани және пәлсапалық ұстанымдар ізгілікті істерге серпін берсін. Шәмша БЕРКІМБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері АЛМАТЫ