08 Желтоқсан, 2016

Жастарға саясаттың нәтижесі керек

161 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
zhastar-2Балалардың, жалпы жастардың бос уақытын қалай өткізетінін кімдер арнайы зерттеп жүргені маған белгісіз. Егер Білім және ғылым, Мәдениет, Дін істері мен азаматтық қоғам министрліктері осы мәселемен сол жастардың өзін жұмылдырып айналысса, төмендегідей жайларды анықтар еді. Бір топ бар. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан студенттер, орта кәсіптік оқу орындарының оқушылары, қолдары босаса, қосымша қаржы табуды ойлайды. Еуразия ұлттық университетінде лекция оқып жүріп, кейбір студенттердің үнемі шаршап отыратындарын байқайтынмын. Бір күні: «Сірә, түнімен қыдырасыңдар ғой», – дедім. – Жоқ, – деді олар, – стипендия аз, әке-шешеміздің ақша салуға қолы қысқа. Түнде мейрамханаларда ыдыс-аяқ жуамыз, даяшы боламыз. Қыздар үй жинаушы, бала күтуші болып жалданады. Мұндай жастар бос уақытында жұмыс істейді. Жаз айларында осындай кәсіппен жоғары сыныптың оқушылары да айналысады. Екінші топ, оқуға түсе алмағандар, екі қолға бір күрек іздегендер. Олар ауылда да, қалада да аз емес. Құрылыстарда жүреді, машина жуушылар да, көше тазартушылар да, жүкшілер де, базарда қоларба сүйретушілер де солар. Күні бойғы ауыр жұмыстан қалжырайтын оларға бос уақыт тынығу үшін керек. Үшінші – ауыл жастары. Олар жайлы сөз болғанын естімеппін. Бұлар – малшылар, механизаторлар, жалдамалылар. Бос уақыты бола қалса, ауылда клуб та, театр да, кітапхана да, спорт залы да жоқ. Төртінші топ – түрлі діни ағым­дар­дың жетегінде кеткендер. Бір дерек бойынша 15 мың салафит жастар бар көрінеді. Тағы бір деректе одан да көп. Бұлар бос уақытын діни орындарда өткізеді. Қоғамдық, мәдени, тағы басқа шараларға қатыспауға тырысады. Өкінішке қарай, осы діни ағымға ата-аналары түсірген, тұмшаланып алған мектеп оқушыларын көріп жүрміз. Бесінші топ – дәулеттілердің балалары. Олардың мұқтажы жоқ. Бос күндері шетелдерге қыдырып қайтуы түк емес. Біз жастардың бос уақытын қалай мазмұнды өткіземіз десек, олардың осы топтарының әрқайсысына жол табуға тиіспіз. Мынандай ұсыныстар айтқым келеді. Жастарды олардың әлгіндей түрлі топтарының материалдық-психоло­гия­лық ерекшеліктері ескеріле отырып, әлеу­меттік жағынан қорғайтын мемле­кеттік бағдарлама әзірленсін. Жастар арасындағы әлеуметтік тең­сіздікті болдырмауға қол жетсе, бұл үлкен жеңіс. Ауыл жастарының аудандық және облыстық, қажет десек, республикалық форумы белгілі уақыттарда өткізіліп тұрсын. Олар өздері, шешілмеген мәсе­ле­лері, ауылдың ахуалы туралы айтсын. Біз осы арқылы оларға мемлекеттік тұр­ғыда тиімді қамқорлық көрсете аламыз. Бүгінгі жас буынның діни наным-сенімі бойынша одан әрі жіктелуіне жол бермеу мақсатында Дін істері жә­не азаматтық қоғам министрлігінің жаны­нан білікті, беделді, жан-жақты дайын­дығы бар жастардан тұрақты жұмыс істейтін қоғамдық кеңес құрылсын. Бүгінгі жастардың арасында замандастарына сөзі өтімді, өнерімен, білімімен, ұлтжандылығымен құрметке бөленіп жүрген беделді жастар жоқ емес. Солар құрбыларының жат ағымдар мен мінез-қылықтардан ада болуына, дұрыс жолға түсуіне ықпал ете алады. Біз, айналып-үйіріліп келгенде жастардың өздерін өздері тәрбиелеуіне мүмкіндік туғызуға тиіспіз. Мемлекет бүкіл­елдік сипаттағы, кешегі пионер, ком­сомол секілді, жастардың дара ұйы­мын құрса дұрыс болар еді. Оның бө­лімдері мектепте, жоғары оқу орын­дарында, кәсіпорындар мен шаруашы­лықтарда жұмыс істеуге тиіс. Жастар­ды Отанын сүюге, еңбекке, адам­герші­лік пен ынтымаққа, Тәуел­сізді­гімізге қыз­мет етуге баулу міндеттерін осы ұйым дәйекті жүзеге асыра алар еді. Мұндай міндеттерді партиялардың жа­нынан құрылған, басқа да жастар ұйым­дары атқара алмай отырғаны баршаға аян. Келесі ұсынысты кезінде Парламент Мәжілісінде көтерген едім. Мектеп туризмін ұйымдастырып дамытайық. Білім және ғылым, Мәдениет министрліктері, аудан, қала, облыс әкімдіктері мен «Нұр Отанның» филиалдары балаларды жаз айларында тарихи, архитектуралық ескерткіштер бар жерлерге, табиғаты әсем өңірлер мен қорықтарға апара алады ғой. Біз Ақмолада сонау 90-шы жыл­дардың өзінде бас­тауыш сыныптың шәкірт­терін Түркістан мен Ұлытауға жібе­ріп тұратынбыз. Олар ерекше сезім­мен оралатын. Ұлы Даланың тарихын көзбен көргеніне қуанатын. Осындай шара балалардың бос уа­қытын мазмұнды өткізудің, патриоттық тәрбие берудің тиімді жолдарының біріне айналар еді. Мектеп оқушыларының кәсіптік туризмін ұйымдастыру туралы да ойла­найық. Олар немесе демалыс күнде­рінде республиканың түрлі саладағы ірі кәсіпорындарын аралап көрсін. Маман­дармен, жұмысшылармен сөйлессін. Болашақ кәсібі жайлы толғансын. Ал осыны ұйымдастыру қиын ба? Қиын емес. Әрине, балалар мен жастардың санасы, жүрегі мен сезімі заңмен қорғалуы керек. Парламент Мәжілісінің 4-ші шақырылымында депутаттар Гүлнар Сейтмағанбетова, Гүлмира Исимбаева, Светлана Бычкова төртеуміз «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын жаздық. Онда ұлттық дәс­түр­ге, рухани құндылықтарға қарсы қоятын, ар тазалығы мен имандылықтан жаңыл­дыратын, азғындық қарым-қатынастарға итермелейтін ақпараттың барлық түріне тыйым салынған. Заң жобасы Мәжіліс пен Сенаттан өтіп тоқтап еді. Егер біз балаларды сан алуан ақпарат тәрбиелеп жатқанын, олардың бос уақыты ақпарат көздерінің алдында өтетінін ойласақ, бұл заң жобасы қабылдануы керек. Жастардың талайы бізден артық патриот. Мемлекеттің оларды тыңдай білгені абзал. Жастарды ана тілінің жай-күйі де, ұлттық салт-дәстүр де, ономастикалық атаулар да, ұлттық намыс та алаңдатады. Бүгінде дәстүрлі мәдениеттің қандай шабуылға ұшырап, жастарға қандай мәдениет ықпал етіп жатқанын тиісті министрліктің өзі білмейді. Білсе, «Ке­лін» секілді арсыз фильмдерді түсірмес еді дейді олар. Студент-жастардың экологиялық туризмін неге ұйымдастырмаймыз. Олар жазда Ақ Жайық, Іле, Ертіс, Есіл, Кең­гір, Сырдария секілді өмірлік маңыз­ды өзендер мен Бурабай, Жасыбай секілді көл­дердің жобасын тазартсын әрі сол ар­налардың көрікті жерлерінде демалсын. ХХІ ғасырда экологиялық мәселелер өткір қойылып отырғанда бұл өте ма­ңыз­ды, дәстүрлі шараға айналар еді. Бос уақытты мәнді де әсерлі өткізудің бұдан артық қандай түрі бар? Келісесің. «Жаужүрек мың бала» фильмі жастарды қалай жігерлендіргенін ойлайсың. Патриотизм туралы құрғақ уа­ғызды қойып, сондай бір фильм түсір­сең – жеткілікті. Түйіп айтсақ, жастарға саясат емес, жастарға арналған саясаттың нәти­же­лері керек. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты