07 Желтоқсан, 2016

Жетімді жебеп жүрміз бе?

644 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қандай қоғамда да, қандай елде де жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болмай тұрмайды. Олардың болуы әрине, табиғи жайт. Өйткені, өмір солай. Өмірде алдан жайып тасталған түп-түзу жол жоқ екені белгілі. Мына дүниеге қаншама сәби келсе, олардың келешектегі тағдырлары да бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Жарық дүние есігін аша сала тағдырдың теперішіне тап болатын тастанды және жетім балалардың жай-күйіне де осындай орнықты философиялық көзқарас тұрғысынан келгеніміз жөн шығар. Біз о бастан жетімін далада қалдырмаған, жесірін қаңғытпаған елдің ұрпағымыз. Жетім көрсең, жебей жүр» дейтін терең ізгілік пен қапысыз қайырымдылыққа толы қағиданы ұстанған әрі оны тікелей іс жүзінде орындай білген халықпыз. Бүгінгі күн биігінен қарағанда да осы айнымас дәстүрімізден жаңылған жеріміз жоқ деп айтуға болады. Бұған дейінгі тәжірибеде жетім және ата-ана мейірімінен қалған балалар тікелей мемлекеттің қамқорлығына алынып, олар жалпы үлгідегі жетім балалар үйінде тәрбиеленіп келді. Дұрыс-ақ. Бұл өз кезегінде қамқорлыққа зәру жеткіншіктер үшін бірден бір қажетті қолдау тетігі болды. Дегенмен, қандай нәрсеге де өмір өз түзетуін енгізбей коймайды. Бүгінде бұған балама ретінде бесіктен белдері шықпай жатып, тағдыр соққысына жығылған бейкүнә балаларды қабылдайтын өзге де құрылымдар мен мекемелер пайда бола бастады. Мұндағы басты ерекшелік – жүздеген, тіпті мыңдаған жетімектің бәрін бір жерге қойдай тоғытып, казармалық тәртіптің тезіне салатын режімнен гөрі, олардың кәдімгі үй, отбасы кейпіне біршама жақындату. Оның басты бір көрінісі – қазіргі күні еліміздің барлық өңірлерінде ашылған отбасылық балалар ауылдары. Сондай-ақ, екінші бір тәрбие беру жол жетім балаларды өзге азаматтардың қамқорлыққа алу үрдісі болып табылады. Әрине, бала тағдыры, оларды өсіріп, тәрбиелеу ісі оңай емес. Бұған дейін елімізде қабылданған заңнамалық актілерде жетім балаларды қамқорлыққа алуға тілек білдіргендер сотталмаған әрі ақыл-есі сау адамдар болуы керектігі көрсетілген. Сол сияқты, олардың бұл орайда терең әрі жан-жақты жауапкершіліктер арқалайтыны айтылған. Осы ретте өңірдегі арнайы әлеуметтік мекемелерден алынған кейбір деректердің астарына үңілген жөн секілді. Облыста ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 996 жетім бала тіркелген. Оның 762-сі басқа отбасыларға қамқорлыққа берілген. Ал қалған 204-і жетім балаларға арналған әртүрлі мекемелерге жолданған. Бұл тұтастай алғанда, балалар үйіне жолданатын тәрбиеленушілердің саны жылдан жылға азайып келе жатқанын көрсетеді. Әрине, мұның өзін бір есептен оң нышан деп қарастыруға да әбден болар еді. Әйтсе де сонымен бір мезгілде жаңа қамқоршылардың қолына тиген жетімдердің бәрінің бірдей жай-күйі жетісіп тұрмағаны байқалады. Айталық, Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Алмагүл Есмағұлованың мәлімдеуінше, биылғы қазан айында қамқорлыққа алған отбасындағы кәмелет жасқа толмаған жеткіншек өзіне-өзі қол салған. Бұл қайғылы оқиғаға прокурорлық тексерулер жүргізілген кезде бала мен оның қамқоршысы арасында келіспеушіліктер болғаны анықталған. Екінші бір мысалда асырап алған жетім қызына өгей әкенің қиянат, зорлық-зомбылық жасап келгені белгілі болды. Сондай-ақ, облыста 2014 жылдан бері жеті бірдей жетім баланың нақақ өмірден өтуі де өкіндірмей қоймайды. Өлім деректері негізінен жетім балалар мекемелерінде, облыстағы балалар ауылы мен Көшім балалар психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесінде орын алған. Олардың бірі арнайы рұқсат етілмеген жерде суға батып кетсе, қалған жағдайларда балалар өлімдері дер кезінде жеткілікті әрі қажетті ем жасалмағандықтан, соның салдарынан аурудың асқынып кеткенінен орын алған. Түптей келгенде, мұндай қайғылы жағдайлар жетім балалардың құқын қорғау ісіне тереңірек назар аудару қажеттігін көрсетеді. Әрі өңірдегі тиісті ведомствалар өз жауапкершілігін одан әрі көтеруі керектігін аңғартады. Осы арада тағы бір әлеуметтік дерттің астарына зер сала кеткен жөн секілді. Бұл – ата-аналары өмірде жер басып, тірі жүрген жағдайда да балалардың қамқорлықсыз қалуы. Тас, тұлдыр жетім болса бір жөн ғой, жоқ олай емес, әкесі де, шешесі де бар. Сонда не болғаны? Бұл сауалға прокурорлық тексерулердің нәтижелерін алға тарта отырып, жауап қайтарар болсақ, облыста қамқорлықсыз қалған балалардың бірқатарының ата-аналары бала бағу құқығынан айырылған. Екінші біреулерінің құқығы шектелген. Тағы бірі өз кіндігі мен құрсағынан шыққан шаранасына қамқор болудан бас тартқан. Жүрегінің жылуы жоқ, ата-ана деп асқақтата айтуға мүлдем болмайтын жандардың тағы бір легін бала тәрбиесіне қабілетсіз деп танығандар, хабар-ошарсыз кеткендер, бас бостандығынан айырылғандар, емделу мерзімі ұзартылғандар құрайды. Тастанды балалардың көрініс беруінің басты бір себебі – ата-аналарының тұрмысының төмендігі. Ішкілік пен нашақорлыққа үйір болуы. Ауыр сырқатқа шалдығуы, мүгедек болып қалуы екен. Міне, осындай себептер мен салдарлар бар. Әрине, жоғарыда айтылған тағдырлары соқтықпалы жандардың бәрі де қоғамымыздың мүшелері. Ендеше жетім, тұл жетім, қамқорлықсыз қалған балалардың пайда болуына тікелей салқынын тигізетін қолдан жасалған мұндай әлеуметтік дерттен қалай құтыла аламыз? Кеңесіп пішкен тон келте болмас дегендей, бұл мәселелердің шешімі мен түйінін бас қосып, бірлесе ойластырудың қажеттілігі алдан шығып тұрғандай. Сонымен бірге жетім балалар тәрбиесін сөз еткенде, оларға қатысты төмендегі мәселелерді де ұмыт қалдыруға болмайды дер едік. Мұның біріншісі – оларды баспанамен қамту жайы. Кейбір аудандарда бұл орайда шешімін таппаған жайттар кездескенімен, тұтастай алғанда республиканың өзге өңірлерімен салыстыра қарағанда Батыс Қазақстан облысында бұл істің деңгейі әжептәуір жоғары тұр десек, қателеспейміз. Оның шешімі бірқатар жағдайларды жергілікті атқарушы орган басшыларының оң көзқарасы мен қолдауына да байланысты. Бұл ретте облыстың бұрынғы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бұл мәселеге ерекше көңіл бөлгені ұмытыла қойған жоқ. Соның нәтижесінде сол тұста кәмелет жасқа толған жетім балалардың баспанаға деген сұранысы әжептәуір өтеліп қалған-ды. Қазіргі күні осы сауабы мол іс одан әрі жалғаса түскенін қалар едік. Келесі кезектегі мәселе жетім балаларды жұмыспен қамту төңірегінен туындайды. Мектеп бітіргеннен кейін олар бұрынғы тәрбие алған орнымен қоштасады. Сол кезде жетім балалардың бірқатарының бастарын тауға да, тасқа да соғып, не істерін білмей дал болатын кездері жиі кездеседі. Мұндай сергелдеңнен шығудың екі жолын айтуға болатын секілді. Мұның біріншісі, Білім және ғылым министрлігі тарапынан жетім балалардың жоғары оқу орнына түсуі үшін бөлінетін квотаны көбейту қажеттігі. Алайда, бұл арада шешуші әрі маңызды рөл атқаратын мәселе – жұмыспен қамтудың шешімін табу болмақ. Өкінішке орай, бүгінгі күні орта мектепті бітірген жетім балалардың жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Прокуратура органдарында жинақталған деректерде соңғы үш жыл ішінде өңірдегі балалар үйінің жиырма екі түлегі ғана жұмыспен қамту орталығына тіркелгені көрсетілген. Соның он үші жұмысқа орналастырылған. Ендеше жергілікті өкілетті органдар бұл жөнінде нақты әрі ауқымды шешімдер қабылдағаны жөн демекпіз. Ең бастысы, олардың тарапынан  байыпты көзқарас пен ынта-ықылас табылса болғаны да. Сөз соңында кейінгі жылдардың тәжірибесі жетім балаларға арналған патронаттық тәрбие бірқатар артықшылықтары бар екенін көрсете білгенін айтқымыз келеді. Тәрбие мен қамқорлыққа алудың мұндай түрі жоғарыда айтылғандай тәрбиеленушілерді отбасылық үлгіге біршама жақындата түседі. Әдетте кез келген үлгілі деген отбасындағы баланың тәрбиесінің өзі оп-оңай бола қоймайтыны белгілі. Ал жетім балаларға қатысты алғанда тәрбие төркіні тіптен күрделене түспей ме? Өмір сынағы өте ауыр. Өмір еркелікті көтере білмейді. Сондықтан оған төтеп беру үшін жетім балаларды еңбекке ертерек баулудың маңызы айырықша болмақ. Бұл ретте патронаттық тәрбиенің орны ерекше деп тұжырымдайды педагог-мамандар. Қорыта айтқанда, бүгінгі әңгімеміздің арқауына айналған әлеуметтік мәні терең мәселелер атқарушы органдардың және өңірлердегі білім беру саласы мен арнайы әлеуметтік мекемелерде қызмет атқарып жүрген жетекшілердің назарына ілініп жатса, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны. Жетімді көргенде жебей алып жүрміз бе? Қай-қайсымыз үшін де бір сәт осы сауал төңірегінде ой жүгірткеннің артықшылығы болмаса керек. Тек сонда ғана қоғамымыздағы ізгілік пен қайырымдылық көріністері одан әрі тамырланып, тереңдей түспек. Бет қатталып жатқанда. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Орал қаласындағы жетім балалар үйінің 36 түлегіне сынғырлаған су жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді. Олардың бұл қуаныштарына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов ортақтасты. Пайдалануға берілген тоғыз қабатты 186 пәтерлі  тұрғын үйден баспана иелену бақытына ие болған балалар үйінің түлегі Нина Логвиненко газет тілішісіне өз ой-тілегін былайша жеткізді: «Жарым Илья екеуміз бұған дейін «Шаңырақ» жатақханасында тұрған едік. Міне, енді дербес өз үйіміз бар. Біздерге қамқорлық танытып, қолдау көрсеткен Елбасымыз бен елімізге алғысымыз шексіз!»  Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»