Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
К.Мәсімов Президентті елдің экономикалық дамуының қарқыны мен серпіні туралы, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының барысы, жиын-терін жайы, әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы хабардар етті.
Жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісі 6 пайызға өсті. Бірінші жартыжылдықта 70 жаңа өндіріс орны ашылды. 160 мың адам жұмысқа орналасты. Еліміз бойынша жылдың аяғына дейін тағы 600 миллиард теңгенің 129 жобасы аяқталатын болады. Қазақстанда дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму жөнінде бағдарлама жүзеге асырылуда. Ең алдымен, бұл Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту», «Өнімділік», «Ақбұлақ», «Балапан», тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламалары. Индустрияландыру бағдарламасынан басқа, оларды іске асыруға 165 миллиард теңге бөлінген.
Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге 8 айдың қорытындылары мен 9 айдың алдын ала қорытындылары туралы баяндасам деймін. Биылғы жылдың сәуір айында Үкімет отырысында Сіз берген тапсырмалар барлық көрсеткіштер бойынша іс жүзінде орындалуда. 2011 жылдың қорытындысы бойынша Сіз алға міндет етіп қойған 7 пайыздық өсім қамтамасыз етілетін болады. Өңдеуші өнеркәсіп өсімі озық қарқын алып келеді. Бұл Сіздің тапсырмаңыз бойынша, индустриялық бағдарламаның арқасында жүргізілуде. Желтоқсан айында сөз еткен нысандардың тұсаукесері белгіленген мерзімде өткізіліп, іске қосылатын болады. Ә.Исекешев басқаратын жедел топ қазір бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр, олар қазіргі кезде өңірлерді аралап жүр. Барлығы да белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласындағы жиын-терін Сіздің тапсырмаңыз бойынша қолға алынған кешенді шаралардың арқасында жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды пайдалануға дайындық жұмыстары жүзеге асып, Сіз таяуда Қостанайда, Солтүстік Қазақстанда көргеніңіздей, оң жемісін беруде. Бүгінгі күні 21 миллион тонна егін жиналды, тағы да резервтер анықталуда. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 24-25 миллион тонна егін жиналатын болады. Осыған сәйкес белгілі бір қиындықтар бар, ол – астықты сақтау. Ауыл шаруашылығы министрі бастаған штаб құрылды. Ертең біз жиналған астық өнімін сақтап қалу үшін республикалық селекторлық кеңес өткізуді жоспарлап отырмыз. Белгілі бір проблемалар туындауда, алайда олардың бәрі шешімін табатын болады. Ауыл шаруашылығы министрі мен облыстардың әкімдері баяндағандай, астық көп мөлшерде жиналғанына қарамастан, сақталатын болады. Бұл үшін Сіздің тапсырмаңыз бойынша бюджетті нақтылау жобасы қабылданды, оның ішінде, астықты тасымалдауға, сатып алуға Сіздің тапсырмаңызбен «ҚазАгро» компаниясы тарапынан субсидия бөлу қарастырылған. Бұл өз нәтижесін береді және біз мұны үнемі бақылауда ұстаймыз. Диқандардың зор еңбегімен жиналған астық сақталуы тиіс және сақталатын болады. Мен Сізге тағы бір мәселе жөнінде баяндағым келеді. Бұл жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жағдайы. Өйткені, бұл мәселе қоғамды қатты толғандырып отыр. Тамыз айында белгілі мөлшерде кідірістер болды, себебі, бірінші кезекте бұл өзімізді әлі де болса жекеменшік жанар-жағармай өндірісімен толық қамтамасыз ете алмауымызға байланысты болып отыр. Тек 2014 жылы желтоқсанда, Қазақстандағы барлық мұнай өңдейтін зауыттарды қайта құру аяқталғанда ғана бұған мүмкіндік туады. Жалпы алғанда, белгіленген барлық бағдарламаны іске асыруда қиындық жоқ емес, бірақ олардың бәрі шешімін табатын болады және Сіздің барлық тапсырмаларыңыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығында орындалатын болады, деді К. Мәсімов.
– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ақшаларын жоғалтпас үшін, келешектегі дамулары үшін және осындай көп жиылған астықтан тиісті қаражатын табу үшін бұл мол астықты сақтау, дер кезінде экспортқа шығару өте маңызды. Ағымдағы екінші үлкен мәселе – халық шаруашылығының, барлық өңірлердің қысқа дайындығы. Бұл – өте маңызды. Үшіншісі – еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алуға дайындық жасау. Мен көп облысты аралап, солтүстік, батыс облыстарда болдым, тапсырмалардың орындалып жатқанына қызығушылық таныттым, әрбір қала, әрбір елді мекен, әрбір ауыл осыны сезінуі тиіс, бұл біздің бағдарламаларымызда көрініс тапқан. Әсіресе, бұлар – жұмыспен қамту, ауыз сумен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кешені жөніндегі бағдарламалар. Бұл бағдарламалар әрбір адамға, қарапайым адамдардың мүддесіне қатысты, сондықтан тиісті жұмыстарды анағұрлым қарқынды жүргізулері үшін мұны қадағалап отыру қажет. Ол істер атқарылуда, мен бұған көз жеткіздім. Қазір бізде барлық бағдарлама әзірленген: бізде индустриялық бағдарлама бар, бізде аграрлық кешенді дамыту бағдарламасы да бар, әлеуметтік мәселелер бойынша бағдарламалар бар, медицинаны дамыту, денсаулық сақтау саласы жұмыс істеуде, адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кешені, ауыз су мәселесі қолға алынған. Барлық бағдарлама әзірленді, қаражат бөлінді, ендігі мәселе экономиканы дамытуға, адамдардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған осы бағдарламалардың орындалуына бақылау жасау қажеттігінде. Сондықтан қазір Үкімет жұмысы осыған жұмылдырылуы тиіс, деп атап өтті Мемлекет басшысы.