Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВПЕН әңгіме
Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылған біржарым жыл уақыттан бері аз шаруа тындырылған жоқ. Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің пікірі бойынша бағдарламаны іске қосу уақыты өтті. Енді, ҮИИДБ-ні жүзеге асырудың жаңа кезеңі ауыртпалық салмағын орталықтан өңірлерге ауыстыруды және бизнеспен жергілікті жер жағдайындағы жұмысты күшейте түсуді талап етеді.
– Әсет Өрентайұлы, сіз ҮИИДБ-ні жүзеге асыруды басқаруда ендігі назарды өңірлерге қарай аудару қажеттігі жөнінде бірнеше рет айтқан болатынсыз. Нақ сол жергілікті билік бизнес-қауымдастықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс екендігі түсінікті. Бірақ осы ретте аталған мақсатқа қол жеткізу үшін Үкімет барлық қажетті тетіктерді әзірлей алды ма деген сұрақ туындайтындығы ақиқат.
– Үкімет біржарым жылдың ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көптеген жұмыстарды жүргізіп үлгерді. Біріншіден, нақты бағыттар айқындалып, бесжылдық салалық және өңірлік бағдарламалар әзірленді. Әртүрлі деңгейдегі саясат экономиканың шикізаттық емес (мұнай-газ емес) секторларын, осы бағыттағы инвесторлар мен жаңашылдарды қолдауға қарай бет бұрды. Бизнесті қолдау бағдарламалары әзірленді. Бұл бағдарламалар шағын кәсіпорындарды қолдаудан бастап ірі өндірістік кешендерді, инновациялық жобаларды құруға дейінгі әдістер мен тетіктердің бүкіл желісін қамтитын болады. Осындай 100-ден астам тетіктер бар.
Бірқатар заңдар қабылданды. Олар – кәсіпкерлікті құруды, инвестициялық және іскерлік ахуалды жақсартуды ынталандыратын заңдар. Қазір Президент тапсырмасымен әзірленген бірқатар маңызды заң жобалары Парламенттің қарауында жатыр.
Сонымен қазіргі күні жаңа экономикалық саясаттың сұлбасы тұлғаланып келеді. Ол саясат қосылған құны жоғары еңбек өнімділігін арттыруға, энергиялық тиімділікті күшейтуге, шикізаттық емес экспортты өсіруге, инновацияны енгізуге және шетелдік инвестицияларды тартуға негізделген бәсекеге қабілетті экономиканы құру бағытын ұстанады. Аталған әрбір бағыт бойынша жұмыс уақыт өткен сайын қарқын ала түсуде.
Бір сөзбен айтқанда, бағдарламаларды іске қосу уақыты өтті. Енді негізгі екпін индустрияландырудың президенттік бағдарламасын белсенді, ең бастысы, сапалы түрде жүзеге асыруға түсірілетін болады. Ол енді, әсіресе, өңірлерде белсенді сипатқа енуі керек.
– Сіздің көзқарасыңыз бойынша, осындай жұмыстарды жүзеге асыруда өңірлер басшыларының алдында қандай міндеттер тұр?
– Екі жағдайды атап өткеніміз жөн. Жедел сипатта жүзеге асыратын міндеттер бар да, жүйелі түрде атқаратын жұмыстар бар. Иә, өңірлер жобалар бойынша бизнеспен тығыз қарым-қатынас жасай отырып жұмыс істей бастады. Бірақ бұл әлі аз. Индустрияландыру саясатының аясында өңірлік экономиканы дамыту мәселелерін жүйелі түрде қарастыру мәселесі өткір сипатқа ие бола түсті. Әрбір өңір қандай жұмыспен нақты айналысуы керек? Олардың қандай нақты артықшылықтары бар және қандай өсім нүктелерін іздестіруге болады? Қандай инфрақұрылымдар мен еңбек ресурстары қажет? Білікті кадрлармен қамту мәселесін қалай шешуге болады? Міне, осы мәселелердің барлығы өңірлік деңгейде өте маңызды. Сондықтан өңірлер жергілікті жерде инвесторлармен жұмысты күшейтіп, қазақстандық қамту саясатымен белсенді шұғылдануы қажет.
Тағы бір өте маңызды бағыт – инновация. Мемлекеттік қолдаудың арқасында елімізде инновациялық қызмет көрсеткіштерінің тұрақты өсу сипаты байқалады. Инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі Қазақстан бойынша орта есеппен алғанда 4,3 пайызға дейін артып отыр. Соның ішінде республикалық орта деңгейден жоғары көрсеткіштерге еліміздің 8 өңірі – Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстары, Алматы қаласы, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары қол жеткізді.
Сонымен бірге әлі де көптеген жүйелі және ағымдағы проблемаларды шешу міндеті алда тұр. Қазір өңірлік-инновациялық жүйені құру мәселесімен шұғылдану қажет. Бұл жүйе әзірге ешбір өңірде болмай отыр. Дегенмен, оның жекелеген тетіктері – технопарктер, кеңестер жұмыс істеп жатқандығын да айта кетсек артық болмас. Мұның сыртында неғұрлым тиімді жұмыс істеу үшін көптеген жаңа идеялар мен әзірленімдерді ұсына алатын жергілікті жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнату қажет.
Әкімдіктер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға өңірлердегі экономикалық үдерістерге талдау жүргізген жөн болады. Сөйтіп, жоғарыда аталған басым бағыттардың әрбірі бойынша өңірлік стратегияны әзірлеу үшін жұмыс істеу керек. Жеңіл жобалардың уақыты өтті, енді іргелі мәселелермен шұғылдану міндеті алға қойылып отыр.
Менің айтып отырған бұл мәселелерім Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың маңызды міндеттері болып табылады.
– Бәлкім, мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының нақты бір нәтижелері туралы сұрауға әлі ертерек болар. Өйткені, әңгіме бесжылдық бағдарламалар жөнінде болып отыр ғой... Дегенмен, соған қарамастан, индустрияландыру бағдарламасының осы өткен біржарым жыл ішінде экономикамызға қандай ықпал етіп отырғандығын білу өте қызықты.
– Иә, дұрыс айтасыз. ҮИИДБ – бұл экономиканың мұнайға жатпайтын (шикізаттық емес) секторын құрып, дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы. Сондықтан негізгі нәтижелерді біз кейінірек көре аламыз. Дегенмен, соған қарамастан индустрияландыру ісі қолға алынған 2010 жылдың өзінде еліміздің ішкі жалпы өнімі 7 пайызға өссе, осының 2 пайызы Индустрияландыру картасының аясында өткен жылы іске қосылған өндірістердің үлесіне тиіп отырғандығын айтуымыз керек. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында біз ІЖӨ-нің өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда тағы да 7 пайызға өскендігін көрдік. Шикізаттық тауарлар бағасының жедел өскендігіне қарамастан, ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі де арта түсуде. Оның даму деңгейі бірінші жартыжылдықта жоспардағы 11,7 пайыздың орнына 12 пайызға көтерілді. Мәшине жасау, химия және металлургия секілді жоғары технологиялық салалар басым қарқынмен дами түсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі артуда. Өткен жылы жан басына шаққандағы оның көлемі 43 мың АҚШ долларын құрады. Ал осыдан бір жыл бұрын ғана бұл көрсеткіш 30 мың доллардың айналасында болатын. Осынау өсу ырғағы қазірге дейін жақсы сақталып келеді.
– ҮИИДБ-ні жүзеге асырудың негізгі құралы мен индикаторы ретінде Индустрияландыру картасы өзін-өзі ақтады ма?
– Өзіңіз бағалап көріңіз. Біржарым жылдың ішінде тек Индустрияландыру картасының аясында ғана жалпы құны 914 миллиард теңгені құрайтын 227 жаңа өндіріс іске қосылды. 29 мың жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Жаңа кәсіпорындарда 1 миллиард теңгеден астам сомаға өнімдер шығарылды. Әрине, бұл көлем әлі көп емес, бірақ ең бастысы – бұл оңға бастап отырған қарышты қадам. Бізге оны одан әрі бекіте түсу қажет.
Индустрияландыру картасындағы жобалардың іске қосылуымен еліміздің 13 басым секторында 106 түрлі жаңа өнім бірінші рет игерілді. Осы ретте түсіндіре кететін бір жағдай, біз бұрын рыноктағы 400 бос экономикалық орынды айқындаған едік. Бұл орындардың барлығы – бұрын Қазақстан өзін еш уақытта көрсетпеген бағыттар. Жоғарыдағы 106 өнім түрі біздің тәуелсіз Қазақстанда осыған дейін өндірілмеген өнімдер болып табылады. Олар – құбырларды коррозиядан қорғайтын материалдар, каустикалық содалар, хлор, автомобильдер, локомотивтер, медициналық, мұнай-газ және ауылшаруашылық құрал-жабдықтары, дәрі-дәрмектердің жаңа түрлері. Индустрияландыру өнімдерінің бұл тізімін одан әрі жалғастыра беруге болады және болашақта олардың саны арта беретіндігі анық.
Экономикалық зерттеулер институтының деректері бойынша, Индустрияландыру картасының іске қосылған жобалары (2010-2011 жылдарда) және салыну үстіндегі ҮИИДБ нысандары есебінен үстіміздегі жылғы ІЖӨ-нің өсімі 3 пайыздан асып түсетін болады. Әрине, барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілген жағдайда. Мұнда көп мәселе облыстардың белсенділігіне байланысты. Жалпы, жергілікті атқару органдары бизнеспен тығыз байланыста жұмыс істеулері қажет. Әкімдіктер индустрияландыру саясатын өңірлерде жүргізудің жолбасшылары болып табылады. Жеке сектордағы бизнес жобалардың тағдыры және бүтіндей алғанда, индустрияландырудың нақты халықтық деңгейде іске асуы осы әкімдіктердің іс-әрекеттеріне байланысты шешілмек.
– ҮИИДБ жобаларын жүзеге асыруда инвесторлар қаншалықты белсенді?
– Бұл ретте Қазақстанның шетелдік тікелей инвестициялар тарту жөнінде, оның жан басына шаққандағы және ішкі жалпы өнімдегі үлесі жөнінде де көшбасшы екендігін атап өтуіміз керек. Оның үстіне тау-кен саласындағы және жылжымайтын мүліктермен операциялардағы, геологиялық барлаудағы инвестициялардың белсенді түрде өсуіне қарамастан, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2 пайызға өсті және басқа салалар есебінен 14 пайызды құрады.
Бүтіндей алғанда, инвестиция тарту – өте маңызды тапсырмалардың бірі. Сондықтан біз еліміздің инвестициялық тартымдылығын көтеру жөніндегі жұмыстармен тұрақты түрде шұғылданудамыз. Бірқатар түбегейлі заңдық негіздегі және жүйелік негіздегі шаралар қабылданды. «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік» арнаулы мамандандырылған компаниясы құрылды. Ол әлемнің әр шалғайынан 10 мың инвестормен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Соның ішінде 200 инвестициялық жобалар бойынша шетелдік инвесторлармен нақты жұмыстар жүргізілуде. 7 миллиард АҚШ долларына жуық сомадағы инвестиция тарту туралы келісімдерге қол жетті. Қазақстанда инвесторлармен тиімді жұмыс істеуге және үдерістерді оңтайландыруға мүмкіндік беретін инвестициялар тартудың ұлттық жоспары әзірленді. Бұл жоспар инвесторлармен жұмысты орталық және өңірлік деңгейде жүйелі жолға қоюды қарастырады. Оның үстіне мемлекеттік органдар мен елшіліктер үшін олардың тікелей шетелдік инвестициялар тартудағы жұмысына баға беру жүйесі енгізілуде.
Егер жергілікті жерлердегі ахуалға келер болсақ, өңірлер арасында индустриялық жобаларға инвестициялар тарту жөнінде Шығыс Қазақстан (142 млрд. теңге), Ақтөбе (128 млрд.), Павлодар (121 млрд.) облыстары алда келеді.
Екінші жартыжылдықта ең аз дегенде жалпы құны 600 миллиард теңгеден асатын 129 жобаны іске қосу, осылардың негізінде 14,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланды. Ал үстіміздегі жылы Индустрияландыру картасындағы жүзеге асатын барлық жобаларға тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 1,5 триллион теңгені құрамақ.
Индустрияландыру картасы жылына екі рет жаңаланып отыратындығын еске сала кетейін. Дәл қазіргі сәттері осы мәселе бойынша жұмыстар аяқталу үстінде. Өңірлер біздің қарауымызға жүзге жуық жаңа жобаны ұсынды. Бірақ бұл жерде, Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, сапаға басты мән беруіміз керек. Сондықтан тізімге алынған жобалардың өз мерзімінде іске асырылмай кейінге сырғытылуы секілді өткендегі кемшіліктер тағы қайталанбас үшін, жобаларды іріктеу жөніндегі жұмыстар өте қатаң жағдайда жүргізілуде. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әкімнің өңірдегі әрбір жоба үшін жеке жауап беретіндігін тағы бір еске сала кетпекпін.
– Бизнесті мемлекеттік қолдау жүйесіндегі басымдықтардың өзгертілетіндігі туралы бірнеше рет мәлімделді. Осы мәселеде ортақ көзқарасқа келудің, іс-әрекетке көшудің сәті түсті ме?
– Ашығын айтқанда, бұл жөнінде бізде бұрын да келіспеушілік байқалған емес. Жұмыстың жалпы идеологиясы: ҮИИДБ-нің стратегиялық бағыттарын жүзеге асырумен шұғылданушыларды бірінші кезекте қолдаймыз. Дегенмен, бүгінгі күні бизнесті қолдау мәселесін шартты түрде алғанда бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.
Бірінші – жүйе құрушы кәсіпорындар. Кәсіпорындардың көлемін ескере отырып, олардың әрбір жобаларын біз жеке жағдайда қарастырамыз, бірақ жаңғыртудың кешенді жоспарларын бірлесіп әзірлейміз. Бүгінгі күні үш жүйе құрушы кәсіпорынды жаңғырту жоспары қаралды және олар мақұлданды.
Мысал үшін «Қазфосфатты» жаңғыртуды алайық. Бұл кәсіпорында 120 миллиард теңгеден астам соманың инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Кәсіпорынды жаңғырту жоғары деңгейде өңделетін оннан астам жаңа химиялық өнімдер түрін жасап шығаруға негізделген. 2015 жылға таман жаңғырту нәтижесінде еңбек өнімділігін 1,5 есе арттырып, қызметкерлер санын 6 мың адамға дейін жеткізу, қуат шығындылығын 2 есе төмендету, табиғи газды тұтынуды жылына 100 миллион текше метрден 16 миллион текше метрге дейін азайту көзделінеді. Ең бастысы, 2012 жылы құрамында фосфоры бар қалдықтарды толық залалсыздандыру жоспарланып отыр.
Міне, сөйтіп жыл соңына дейін металлургия саласының, химия және дәрі-дәрмек өнеркәсібінің әрбіріндегі жүйе құрушы 7 кәсіпорыннан әзірлеме жоспарын құру белгіленді.
Екінші топтағы кәсіпорындар – олар ірі және шағын бизнес кәсіпорындары. Бұл жөнінде бизнесті кешенді қолдаудың «Өнімділік-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларының, сондай-ақ Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру бағдарламасының, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдау және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының іске қосылып, жұмыс істеуде екендігін айтуға болады.
– Сіз бизнесті мемлекеттік қолдаудың жүздеген түрлерін пайдалануға болатындығын айтқансыз. Бұл қандай құралдар мен тетіктер? Солардың ішінде, сіздің көзқарасыңыз бойынша, неғұрлым іргелі дегеніне тоқтала кетсеңіз.
– Бұл жерде әңгіме қолдау тетіктерінің гранттар, субсидиялар, преференциялар, үлестік қатысу, мемлекеттік кепілдік беру секілді түрлері туралы болып отыр.
Мәселен, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай туғызу мақсатында шетелден әкелінетін құрал-жабдықтар мен оларды құраушы бөлшектер кедендік баж салығын салудан босатылады. Жер телімдері заттай грант түрінде тегін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, инновация жүйесін дамыту мақсатында тәжірибелік-конструкторлық әзірленімдерді орындау және қолданбалы сипаттағы тәуекелдерге зерттеулер жүргізу үшін 20 миллион теңгеге дейін гранттар беріледі. Тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана осы мақсат үшін бюджет қаржысы 4,5 есе арттырылып, жиыны 7 миллиард 300 миллион теңгені құрады. Автожолдар, электр желілері, су құбырлары мен кәріз жүйелері, темір жол тұйықтары секілді өндірістік инфрақұрылымдарды салу және жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінгі күні көмектің мұндай түрі 175 кәсіпорын үшін көрсетілді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін айрықша жағдай туғызылды. Тауарлы-сүт фермаларын, ауылшаруашылық техникалары өндірісін ұйымдастыру, құс фабрикаларын, жылыжай шаруашылықтарын, көкөніс сақтау қоймаларын құру және дамыту үшін берілетін несиелердің жылдық сыйақы ставкасы бар болғаны 6 пайызды құрайды. Ал ауылшаруашылық құрал-жабдықтарын, арнаулы техникаларын, көлік құралдарын сатып алу, жүзеге асыру үшін берілетін лизингтің ставкасы 4 пайыз ғана.
Кәсіпкерлер мемлекет қаржысы есебінен сервистік қолдауды пайдалана алады. Ал мұның өзі кәсіпорын үшін маңызы зор бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, статистикалық есептілікті жасау, кедендік хаттау, заң жөнінде кеңестер беру, сапа менеджменті жүйесін енгізу, маркетинг жөнінде кеңес беру секілді қызметтердің көптеген түрлерін қамтиды.
– «Өнімділік-2020» бағдарламасы оны талқылау кезінің өзінде-ақ кәсіпкерлердің үлкен қызығушылығын туындатқан болатын. Олардың бұл үміті ақталды ма?
– «Өнімділік-2020» бағдарламасы биылғы көктемнен бастап жұмыс істей бастады. Ол қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға және жаңа өндірістер құруға бағытталған. Мұнда жаңғырту жоспарын әзірлеуге, қазіргі заманғы басқару технологияларын әзірлеуге қолдау білдіру, көмектер көрсету, заманауи құрал-жабдықтарды жеткізуге ұзақ мерзімді лизингтер беру, қажетті неғұрлым жоғары білікті кадрларды тарту шығындарын өтеу, инновациялық гранттар беру және басқа да мемлекеттік қолдаудың, іске ынталандырудың тұтас бір жүйесі әзірленді.
Қазіргі күні 171 кәсіпорын осы бағдарламаға қосылуға ықылас танытып отыр. Солардың ішінде мәшине жасау, құрылыс материалдары индустриясы және агроөнеркәсіптік кешен салаларының кәсіпорындары үлкен белсенділік көрсетуде. Үстіміздегі қанатқақты жылы жалпы жиыны 19 миллиард теңгенің қолдау қаржысына негізделген тетіктерді пайдалана отырып, 50-ге жуық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Өнімділік-2020» бағдарламасы жұмыс істей бастаған сәттен-ақ үкіметтік жұмыс тобы өңірлерге шығып, бизнес өкілдерімен кездесіп, аталған бағдарламаның мәні мен маңызын түсіндірді. Қыркүйек айының басында оңтүстіктегі облыстар үшін Алматы қаласында жиын болып өтті. Біз қазір жұмыстың жүріп жатқандығын көріп отырмыз. Дегенмен, жергілікті атқару органдарына істі әлі де ширата түсуі, әрбір кәсіпорынға барып, бұл бағдарлама олардың мүддесіне сәйкес жасалынғандығын жеткізуі қажет деп есептеймін.
– «Экспорттаушы-2020» бағдарламасы Қазақстан экспортының географиясын кеңейтуге көмектесе алды ма?
– Қазірдің өзінде отандық кәсіпорындарға өз өнімдерін сыртқы рыноктарға қарай шығаруларына кешенді қолдау көрсету мақсатында қазақстандық тауарлар мен брендтерді таныстыру жөнінде 30-ға тарта арнаулы шаралар ұйымдастырылды. Тоғыз сауда қызметі құрылды. 20-дан астам елде сатушылар мен сатып алушылардың кездесулері өткізіліп, 50-ге тарта шетелдік көрмелерге 63 экспорттаушыларымыздың қатысуы қамтамасыз етілді. Осындай шаралардың нәтижесінде 372 миллион доллардың келісімдеріне қол қойылды.
Сондай-ақ, 43 отандық экспорттаушының өз өнімдерін экспортқа шығаруына байланысты жұмсаған 141 миллион теңге көлеміндегі шығындары өтелді. Тоғыз елге шығарылған мәшинелер мен құрал-жабдықтар, химия, тоқыма өнімдері, дәрілік заттар, тағам өнімдері, құрылыс материалдары экспорты 292,6 миллион доллар сомасында ынталандырылды. Ал егер бүтіндей алатын болсақ, өңделген өнім шығаратын біржарым мыңнан астам экспорттаушы кәсіпорындар мемлекеттік қолдау жүйесіне тартылды. Мұның өзі – үлкен нәтиже.
– Қазақстандық өнімнің шетелде сұранысқа ие болғандығы жөнінде нақты бір мысалдар бар ма?
– Мысалдар көп. Бүгінгі күні Қазақстан 1500 тауарлар тобын экспортқа шығарады. Оның үстіне шығару көлемі жылдан-жылға артып келеді. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің «KAZNEX INVEST» АҚ мәліметтері бойынша дайын азық-түлік тауарлары экспортының әр жылдық орта өсім деңгейі 21 пайызды, құрылыс материалдары экспортының өсім деңгейі тағы да осынша мөлшерді, металдан жасалған бұйымдар экспортының өсімі 23 пайызды, химия және дәрі-дәрмек өнеркәсібі тауарлары экспортының өсімі 11 пайызды құрап отыр.
Үстіміздегі жылдың І тоқсанында Қазақстанда шығарылған аккумуляторлар экспорты өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5 есе өсіп, 24,2 миллион долларды құрады. Егер бұрын негізінен ТМД елдеріне тауарлар экспорттап келсек, бүгінгі күні бұл тізімнен Польшаны және басқа да Шығыс Еуропа елдерін көруге болады.
Қазақстандық подшипниктер экспорты 61 пайызға артты. Олардың географиясы да кеңейтілді. Ресей мен Беларусьтен тыс енді Бруней мен Норвегияға тауарлар шығаруды жолға қойдық. Тазартылған мыстан жасалынған сымдар экспорты 37 пайызға, сары фосфор экспорты 2,2 есе өссе, бүгінгі күні бұл өнімді Германия, Польша, Чехия, Италия секілді елдер де тұтынуда. Ал Тәжікстанға шығарылатын қазақстандық цемент экспортының көлемі 8 есе ұлғайып отыр.
Міне, осыдан көріп отырғанымыздай, Қазақстан бүгінгі күні тек мұнай, кен мен металдар елі ғана емес. Біз неғұрлым қосылған құны жоғары өнімдерді өндіре алатындығымызға да көз жеткізіп отырмыз. Жалпы, бүгінгі күні Қазақстан өнімін әлемнің жүзден аса елі тұтынуда.
–
ҮИИДБ-ні жүзеге асырудағы орталық пен өңірлер қарым-қатынасының тетіктері бұдан әрі қалай өріс алмақшы?
– Мен бағдарламаны жүзеге асыру жүгі енді орталықтан өңірлерге қарай ауысуы тиіс екендігін айтып өттім. Бүгінгі күні ұлттық компаниялар мен әкімдіктердің инвестициялық жобаларға атаулы қолдау көрсету жұмыстарына белсенді түрде жұмыла бастағандығын көріп отырмыз. Енді жұмысты одан әрі жүйелендіру үшін облыс әкімдіктері қасындағы өнеркәсіп басқармалары және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар деңгейінде «бір терезе» қағидаты бойынша ақпараттық орталықтар құру ұсынылып отыр. Мұнда әрбір кәсіпкер, жаңашыл, инвестор барлық қолда бар бағдарламалар мен оларға қолдау көрсету тетіктері жайында тиісті кеңестер мен көмектерді ала алған болар еді.
Мемлекеттік органдар мен бизнестің өзара әрекеттестігін нақты үйлестіру, кәсіпкерлікке кешенді қолдауды жүзеге асыру үшін «Атамекен» одағы» ҰЭП-тің қатысуымен өңірлік үйлестіру кеңестерінің жұмыстарын белсенді ете түсу қажет. Әкімдіктер бюрократтық кедергілерді еңсере, тексеру органдардың заңнан тыс іске араласуына дер кезінде тосқауыл қоя отырып, жобалардың жүзеге асуын жіті қадағалап отырулары тиіс. Енді бизнеске қолдау көрсету жөніндегі барлық бағдарламалар бойынша өңірлердің әр тоқсан сайынғы рейтингі айқындалып отыратын болады.
Сонымен қатар, бизнестің өзіне де өз әдістері мен ойлау өрістерін өзгертуге тура келгендей. Өйткені, әр жыл өткен сайын Қытай, Ресей, Өзбекстан секілді көрші елдеріміздегі өндірісшілермен бәсекеге түсу ісі қиындай бермек. Сондықтан да біздің бизнес қауымдастыққа неғұрлым ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз ететін мақсаттарға қарай жұмыла түсу қажет. «Есіктен шыға салып» пайда табу жөніндегі дағдыдан арылатын мезгіл жетті. Ал жүйелі түрдегі тиімділікке корпоративтік басқару деңгейін көтеру, айқындылық пен мөлдірлікті арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Табыстың кілті міне, осында тұр.
– Әсет Өрентайұлы, сіз өз сұхбаттарыңыздың бірінде жер қойнауларын пайдалану мен геология саласындағы саясаттың қайта қарастырылу үстінде екенін айтқан едіңіз. Бұл неге байланысты болып отыр және нақты қандай жұмыстар жүргізілмек?
– Біз еліміздің минералдық-шикізаттық базасының жағдайына, ол бойынша бекітілген республикалық бағдарламалар мен қол қойылған шарттардың негізділігіне, сонымен қатар, ондағы жобалардың басымдығы мен тиімділігіне және олардың ҮИИДБ міндеттері мен мақсаттарына қаншалықты сәйкес келетіндігіне тексеру жүргізген едік.
Өкінішке орай, геологиялық саланың жүйелік терең дағдарысқа түскендігін мәлімдеуге тура келеді. Оның үстіне проблемалар саланың барлық сегменттеріне – минералдық-шикізаттық ресурстар мен заңдық-нормативтік базасына, салалық инфрақұрылымы мен кадрлық саясатына бірдей қатысты болып шықты.
Бүтіндей алғанда, минералдық-шикізаттық кешенді дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелеріне жүргізілген талдау бағдарламада белгіленген барлық міндеттердің бәрінің бірдей орындалмағандығын көрсетті. Сонымен қатар бюджеттік қаржыны тиімсіз игеру фактілері де кездесті. Осыған байланысты Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің бастамасымен еліміздің Бас прокуратурасы тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде кадр мәселесіне қатысты шешімдер қабылданды.
Сондай-ақ жасалынған талдау ірі кен орындарын әзірлеу үшін тұрғызылған жеке қалалардың минералдық-шикізаттық базасы бүтіндей алғанда түгесілуге жақын екендігін көрсетіп берді. Егер біз дер кезінде жедел шаралар қабылдамайтын болсақ, онда әлемдік рыноктарда сұранысқа ие болып отырған түсті және бағалы металдардың қорлары 10-15 жылдан кейін таусылатын болады.
Егер заңдық база туралы әңгіме қозғайтын болсақ, қазіргі қолданыстағы «Жер қойнаулары мен жер қойнауларын пайдалану туралы» заң геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуді толық мәнінде ынталандырмайтындығына көз жеткіземіз. Сондықтан оған тиісті түзетулер енгізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде басталып та кетті. Жаңа түзетулер мен өзгерістер жер қойнауларын барлауға инвесторлар тартуға, соның ішінде, шағын тау-кен кәсіпорындарын тартуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Салалық инфрақұрылымдар мәселесі өте маңызды. Өкінішке орай, ол бізде бүтіндей алғанда, жоқ десе де болады. Бұл жөніндегі жұмыс Геология және жер қойнауларын пайдалану комитеті жүйесінде қайта ұйымдастырулардан бастау алмақ. Мұның сыртында ғылыми-зерттеу орталығын, жобалау инжинирингтік ұйымдарды, салалық оқу орталығын құру қажет.
Жұмыстың тағы бір басым бағыты – геологиялық барлау саласындағы кадрлар тапшылығының орнын толтыру. Қазір кәсіптік-техникалық кадрларды дайындау жөнінен салалық кеңес құру мәселесі талқылануда. Ол саланың кадрға деген сұранысын айқындау және жер қойнауын пайдаланушылардың кадрларды дайындау мен қайта даярлауға қатысуын үйлестіру жұмыстарымен шұғылданатын болады. Сонымен қатар тау-кен металлургия кешені үшін мамандар даярлауға мемлекеттік бағдарлама аясында квоталар бөлу және Назарбаев университеті базасында жер қойнауын пайдаланушылардың оқуға бөлетін қаржысы арқылы «Геология және тау-кен ісі» факультетін құру мәселесін қарастыру жөнінде ұсыныстар жасалынды.
Жоғарыда аталған проблемалардың барлығын біз жуық арада барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өткізілетін дөңгелек үстел басында талқыламақ ниеттеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.