28 Қыркүйек, 2011

Жалғыз қайық

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қарасай – Ырғыз ауданындағы ауыл аты. Мұндағы тұрғындардың көбінесе жалғыз  қайыққа қарап қалатын кездері болады. Негізінен көктемгі су тасқыны болатын сәуір, мамыр  айларында қайыққа деген сұраныс артады. Өйткені қолдан амалдап жасаған көпірді су бұзғанда қуатты мәшиненің өзі Ырғыз өзенінен өтуі мүмкін болмай қалады. Мұндай жағдай бір жарым, тіпті кейде екі айға дейін созылады. Сондайда жұрт ауыл ақсақалы Орынбасар Мұхамедиевке өтініш айтады. —  Әрине, көпір бұзылған кезде күн сайын ауыл тұрғындары менің қайығым  арқылы тасымалданады деп айта алмаймын,– дейді қария. –Себебі, қарасайлықтар көлік қатынасының қиынға түсетін осы бір кезіне әбден үйренген. Сондықтан, бұл уақытта аудан мен облыс орталығында қандай да бір жұмысты тындыруды мақсат етпейді. Бар шаруаны сәуір мен мамырдан басқа айларға жоспарлайды. Кейде біреулерге әлдебір құжаттар керек болып қалады немесе мамандар Ақтөбеге білімін жетілдіру мақсатында оқуға баруға тура келеді. Сондай кезде ауыл жастары өтініш айтады. Осындай шұғыл қажет жағдайларда көмектесеміз. Ақсақалдың айтуынша, қайықты есіп, халыққа қызмет көрсетуді ұлы Мейрамбек өз міндетіне алыпты. Ол үшін бұл азамат ел-жұрттан ақы алмайды екен. — Еңбекті сатуға болмайды. Әсіресе, елге қиын кезде сол жағдайды пайдаланып пайда табу дұрыс емес деп ойлаймын. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген бар. Алла нәсіп етсін дейміз, ─ дейді Орынбасар ақсақал. Ол аудан, ауыл басшылары көктемгі су тасқынын жіті бақылайтындығын айтады. Жергілікті билік өкілдері судың қанша мөлшерде келгенін, Қарасайға қарай кетіп бара жатқанын алдын ала хабарлап отырады екен. Соның арқасында ауыл тұрғындарының бейқам қалған кезі болмапты. Орталықтан хабар жетісімен ауыл шетіндегі екі үйге күзет күшейтіліп, ерікті жасақ дайындалады. — Талдық пен Ырғыз өзендері тасып, су дәл Қарасайдың тұсында бірігеді. Содан арнасынан асқан су ауылдың шетіне дейін жайылады. Тіпті, үйлерге тым таяу келетін кездері де болады. Биыл мектепке таяқ тастам жер қалыпты. Жалпы, тұрғындар көктемгі су тасқынына  ерте қамданады. Үй-жайларын реттеп болған соң ауыл азаматтары бірлесіп, қолдан келгенше бөгет жасайды, — дейді ақсақал. Ол тұрғындардың ұйымшыл екендігін мақтанышпен айтады.  Ауылда қыста отынсыз, малы жем-шөпсіз қалатын бір де бір үй жоқ.  Өйткені тұрмысы төмен, жағдайы нашар отбасыларға осындағы шаруа қожалықтары бірлесіп, мал азығы мен отынын түсіріп беруді өз міндеттеріне алыпты. Орынбасар ақсақал мен ұлы Мейрамбектің ізгі ісі сүйсінуге тұрарлық. Ел-жұрттың бірлігін сақтап, ынтымағын жарастырған қарттың еңбегі мен тәрбиесі көпке өнеге. Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы.