28 Қыркүйек, 2011

Достық рәуіштегі қабылдау

268 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы Халық өкілдері  бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің (ХӨБЖ  ТК) Төрағасы  У Бан­гоны қабылдады.

ХӨБЖ  ҚХР-дың бір палаталы парламенті ретінде қызмет атқарады. Оның алғашқы шақы­ры­лымының бірінші сессиясы 1954 жылы болған еді. Әрбір ша­қырылымның өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Бүгінгі күні оның құ­рамына 2987 депутат сайланған. ХӨБЖ депутаттары сайлау бір­ліктері бойынша өздерінің делегацияларын құрады және оның төрағасы мен орынбасарын сайлайды. Делегация басшысы болып көбінесе Қытай коммунистік партиясының жергілікті маңызы бар ұйымдарының немесе әскери бөлімдер парткомдарының хатшылары сайланады. Бір атап өтерлігі, ҚХР конституциясына сәйкес, осы ХӨБЖ-ның қатарына Қытайда тұратын барлық ұлттық азшылықтар тиісті мөлшерде өз өкілдерін міндетті түрде енгізе алады. Соның ішінде оның құ­рамында ҚХР-да тұратын қазақ халқының өкілдері де бар.

ХӨБЖ атқаратын үлкен міндеттер қатарында елдің конституциясына өзгерістер енгізіп, оның орындалуын қадағалау бар. Сонымен бірге, ХӨБЖ Аза­мат­тық және Қылмыстық істер ко­дексін, мемлекеттік органдардың құрылымдары туралы және басқа да маңызды заңдарды қабылдап, оларға толықтырулар енгізе алады. Елдің әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуы жөніндегі жоспары да осы органда қаралып, бекітіледі.  Мемлекеттік бюджет жөніндегі заң мен оның атқарылуы туралы есептерді де ХӨБЖ талқылайды. Елдегі әкімшілік-аумақтық бөлі­ніс мәселелеріне өзгеріс енгізу де ХӨБЖ-де бекітіледі.

ҚХР-дағы нақты өкімет билігі ҚКП ОК қолында екені белгілі, бірақ оның қабылдаған барлық ше­шімдері осы органда бекітіл­ген соң жарияланады. Жоғарғы өкімет орынтағына отыратын кан­дидатуралар да осында сайланады немесе бекітіледі. Соның ішінде ҚХР Төрағасы мен оның орынбасарлары, Орталық әскери кеңестің төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокурор, т.б. бар. Сондай-ақ Мемкеңестің премьері мен мүшелерінің кандидатураларын да ХӨБЖ бекітеді немесе қызметінен босатады. ХӨБЖ-нің Тұрақты комитеті – үзіліссіз жұ­мыс істейтін орган. Оның  тоғыз комитеті бар.

Қазақстан-Қытай қарым-қа­ты­настарына тоқтала кететін бол­сақ, ол қазір қатты өрлеу үстінде. ҚХР аумағында Бейжіңдегі Қа­зақстан Елшілігінен басқа, Гонконг пен Шанхайда Бас кон­сул­дықтар бар. Сондай-ақ Үрімшіде паспорт-визалық қызмет ашыл­ған. Ал ҚХР-дың Астанадағы Елшілігінен басқа, Алматыда Бас консулдығы жұмыс істейді. Қы­тай­мен тату көршілік және дос­тық қатынасты дамыту – Қа­зақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Екі елдің арасында дипломатиялық қа­тынас орнаған 19 жылдың ішін­дегі негізгі саяси жетістіктер қатарына ҚХР Үкіметінің Қазақ­стан қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы ресми мәлімдемесін, сон­дай-ақ екіжақты шекаралық мә­се­лелердің түпкілікті реттел­ген­дігі туралы құжаттарға және транс­шекаралық өзендерді қол­да­ну мен қорғау саласындағы ын­тымақтастыққа қол қойыл­ған­ды­ғын атап айтуға болады. Бұ­лардан басқа екі жаққа да тиімді бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылған.  Соңғы жылдарда қол қойылған екіжақты маңызды құ­жаттар қатарында Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға өзіндік үлес қосатын «Эко­но­ми­ка­ның шикізаттық емес сек­то­рындағы ынтымақтастық бағдар­ламасы» (2007 ж.) бар.

Қазақстан мен Қытай халық­аралық құрылымдарда да өзара ықпалдастықтың тығыз үлгісін көрсетуде. Әсіресе, БҰҰ, ШЫҰ шеңберіндегі қатынастар туралы осыны айтуға болады. Сонымен бірге, ҚХР Қазақстанның АӨСШК, Дәстүрлі діндер көшбасшылары­ның съездерін өткізу секілді ха­лықаралық бастамаларын қолдап отырады. Парламентаралық байланыстар да жақсы қарқынмен дамуда, екі елдің парламент­терін­де де Қазақстан-Қытай достық топтары құрылған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХӨБЖ  ТК Төрағасы У Бангоны жылы шырайда қарсы алды. Тараптар екіжақты ынтымақтастық­тың бірқатар мәселелерін талқы­лады.  Мен сізді Қазақстанға ал­ғашқы рет келуіңізбен құттық­тай­мын. Біздің еліміз туралы жақсы әсер алып кетеді ғой деген үміттемін. Сіз келген бетте Қа­зақстан Парламентінде екіжақты тиімді келіссөздер жүргіздіңіз. Осының бәрі біздің қатынас­тарымызды тереңдете түсері анық. Біз биыл өз Тәуелсіз­дігі­міздің 20 жылдығын, ал сіздер таяуда 62 жылдықтарыңызды атап өтесіздер. Біз аз жылдар ішінде екіжақты саяси және эко­номикалық ынтымақтастықты өте жоғары деңгейге көтердік. Мен жұмысымды ҚХР Төрағасы болған Цзян Цземиньмен бастап едім, соңғы жылдары Төраға Ху Цзиньтаомен жұмыс істеп келе­мін. Осы жылдарда көп жылдан бері шешілмей келген біздің елдеріміз арасындағы шекара мә­селесі секілді өте маңызды мә­се­лелер шешімін тапты. Сіз екі елдің сауда-экономикалық байла­ныс­тарының жоғары деңгейде екендігін жақсы білесіз. Қытай компаниялары бүгінде біздің еліміздің мұнай, газ кешенінде белсенді жұмыс істеуде. Біз Қытай бағытында теңдесі жоқ мұнай-газ желісін салдық, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан басшысы сондай-ақ дағдарыс жылдарында Қытай тарапынан қаражат, несие, бірлес­кен қор­лар түрінде мықты қолдау көр­ге­німізді атап айтты. Осы ке­лі­сім­дердің барлығы заң шы­ға­ру­шы орган ретінде елдің парла­менті тарапынан қолдауды қажет еткеніне ек­пін түсірді. Сон­дық­тан У Бангоның сапары Қазақ­стан үшін өте ма­ңыз­ды болып табылатынын атап өтті.

Жауап сөзінде мәртебелі мейман жылы қабылдауларға алғы­сын жеткізді. Менің атыма жі­берілген шақыртулар үшін Сізге және Парламент палаталарының төрағаларына шексіз риза­шы­лы­ғым­ды білдіремін. Мен сондай-ақ Сіздің құшақ жайып қарсы ал­ға­ныңызға өте ризамын. Сізбен тағы кездесіп отырғаныма өте қуа­ныштымын. Біздің әрбір кез­де­суіміз әрдайым мен үшін зор құрмет сезімін туғызады. Ең алдымен, мен Сізге жақсы досыңыз Ху Цзиньтао мырзаның ыстық сәлемін жеткіземін. Ол Сіздің ҚХР үшін әрқашанда ең сыйлы қонақ болып табылатыныңызды жеткізуімді сұрады, деді У Банго.

Жақсыбай САМРАТ.