Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «СІТІК GROUP» компаниясының бас директоры Тянь Гуолиді қабылдады.
«СІТІК GROUP» – Қытайдың халықаралық траст және инвестиция жөніндегі мемлекеттік компаниясы. Компания елдің Мемкеңесіне тікелей бағынады. Оның жұмыс бағыттары көп, соның ішінде қаржы, энергетика және ресурстар, инфрақұрылым, әуе көлігі, халықаралық инжиниринг, мәшине жасау, ақпарат және т.б. салалар бар. Компанияның 40-тан астам еншілес кәсіпорындары және филиалдары тіркелген. Соның ішінде 11-і Америка, Австралия секілді шет елдерде жұмыс істейді. Оның жалпы капиталы 122 млрд. АҚШ долларын құрайды, қарамағында 70 мыңнан артық адам еңбек етеді.
Қазақстанда бұл компания мұнай-газ кешені саласында ынтымақтастық орнатқан. «Қаражамбасмұнай» АҚ-тың 50 пайыздық үлесі осы компанияның иелігінде, ал қалғаны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың құзырында. Компания Ақтауда жол битумы зауытын салуды қолға алған.
Елбасы мен компания басшысының кездесуі кезінде инвестициялық ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері талқыланды. Кездесуден шыққан соң Тянь Гуоли журналистермен шағын брифинг өткізді.
– Бұл менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым. Біз осындағы өзіміз болған барлық жерде де құрылыс алаңдарын, мұнараларды көрдік. Бұл – қазақстандық экономиканың серпінді дамып отырғандығының белгісі. Осы көрініс Қытайда реформалар мен ашықтық саясаты басталған және экономикамыздың шапшаң дами бастаған кезеңін еске түсіреді. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, министрлермен, қазақстандық кәсіпорындардың басшыларымен кездесуім кезінде бәрінің де Қазақстан экономикасының тамаша болашағына деген сенімдерін байқадым. Біз қазір қазақстандық әріптестерімізбен бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырудамыз, – деді.
Осы орайда ол «Қаражамбас» кенішін игеруге қатысып жатқандарын айтты. Мұнайдан басқа біз Қазақстанның шикізаттық емес секторымен ынтымақтастықты дамытуды қолға алдық. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына жол ашады деп санаймыз. Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша қазақстандық әріптестерімізбен бірлесе отырып, битум зауыты жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Осы зауытты пайдалануға бергеннен кейін Қазақстан битумды сырттан тасымайтын болады. Біз «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп «Ситик-Қазына» бірлескен инвестициялық қорын құрдық. Оның мақсаты – Қазақстанда және Қытайда, сондай-ақ басқа шетелдерде перспективалы инвестициялық жобаларды іздестіру. Менің сапар кезіндегі байқағаным, Қазақстанда қазір шетелдік инвестициялар үшін жақсы заңдық база жасалған. Біздің мемлекеттеріміз арасында өте жақсы саяси қатынастар, халықтарымыз арасында ежелден тату және жылы шырайлы көршілік қарым-қатынастар орныққан. Мұның бәрі біздің бірлескен инвестицияларымызды алға жылжытуға қызмет етеді, деді Т.Гуоли.
Жақсыбай САМРАТ.