Ел диқандары биыл бұрын-соңды болып көрмеген 25 миллион тонна межені бағындырмақ
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы болып өтті. Онда ел тілегі егін үстіне ауған бүгінгі шақтағы ең маңызды мәселе – егін орағын ойдағыдай аяқтау және биылғы бітік өскен егіннің мол астығын шығынсыз сақтау шаралары талқыланды.
Отырыстың күн тәртібіндегі осы бір көкейкесті мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, биылғы жылы диқан қауымының алдында 16,2 миллион гектар дәнді дақылдар егістігінің орағын өткізу міндеті қойылған болатын. Қазіргі күнге дейін республикамызда 12,8 миллион гектар алқаптың астығы бастырылған. Бұл барлық дәнді дақылдар егістігі көлемінің 79 пайызын құрап отыр. Астық сақтау орындарында қазірдің өзінде 20,2 миллион тонна астық жинақталды. Яғни, орылған егіннің әр гектарынан 15,8 центнерден астық бастырылған. Ал егіннің ең бітік шыққан аймақтарында орақ науқаны енді басталып отырғандықтан алдағы уақытта гектар шығымы бұдан да артық болады деп күтілуде. Мамандардың болжамы бойынша, астықты өңірлер таяу күндерде Отанның құт қамбасына тағы да 5 миллион тоннадан астам дән құймақ. Бұл биыл Қазақстанда бұрын-соңды болып көрмеген 25 миллион тонна астық бастырылады деген сөз.
Министрдің мәлімдеуінше, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бидай мен арпа жинау толық аяқталған. Ал Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында орақ аяқталуға жақын. Ендігі астық үшін күрес еліміздің ең астықты өңірлерінде жалғаспақ.
Биылғы жылғы ораққа ауылшаруашылық еңбеккерлері ерекше дайындықпен келді. Орақ науқаны басталар қарсаңда ауылшаруашылық техникалары 98 пайыздық дайындық сапына қойылды. Үкімет шешімімен ауылшаруашылық тауар өндірушілерін (АШТӨ) жеңілдікті баға бойынша жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі ойдағыдай шешіліп, АШТӨ-ге әрбір литрі 77 теңгеден 405 мың тонна жанар-жағар май босатылды. Бұл орташа сауда бағамынан 15 теңге төмен көрсеткіш. Негізгі астықты облыстарда қыркүйектің 3-ші онкүндігінде және қазан айының басында ораққа қатысты қауырт жұмыстар орын алатындықтан бұл өңірлерге бөлінген жанар-жағармай мөлшері жетпейтін сыңайлы. Сондықтан жақында Үкімет басшысының шешімімен қосымша Ақмола облысына 12,7 мың тонна, Қостанай облысына 10,3 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысына 17,2 мың тонна жеңілдікті бағамен жанар-жағармай бөлу туралы шешім қабылданды. Селекторлық кеңес барысында осы аталған өңір басшылары бұл көмек үшін Премьер-Министрге шынайы алғыстарын білдірді.
Бүгінгі таңда Қазақстан диқандары үшін ең басты мәселе жомарт жер берген осы бір мол игілікті ойдағыдай іске жаратып, рекордтық астықты дер кезінде кептіру және сақтау болып отыр. Қазір республикамызда арнайы лицензиялары бар 217 астық қабылдау пункттері (АҚП) бар. Олардың қуаты 13,6 миллион тонна астық сақтауға арналған. Онымен қоса ауылшаруашылық құрылымдарының қосымша 8,9 миллион тонна астық сақтауға арналған қоймалары бар. Яғни, республикамыздың қазір 22,5 миллион тонна астық сақтау мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, АШТӨ-лер асфальтталған алаңдар мен уақытша астық сақтауға лайықталған арнаулы орындарда тағы да 2,5 миллион тонна астық сақтауға қабілетті. Яғни, қолда бар астық сақтау қоймаларын тиімді пайдаланатын болсақ, биылғы рекордтық астықты ешбір шығынсыз алдағы жылдарға жеткізуге мүмкіндік толық жетеді.
Негізгі астықты өңірлердегі АҚП-ларды босату мақсатында биылғы орақ қарсаңында 500 мың тонна тауарлы астықты солтүстік өңірлерден еліміздің басқа өңірлеріне тасымалдау туралы шешім қабылданған болатын. Оның ішінде Ақмола облысынан 151,4 мың тонна, Қостанай обылысынан 165,5 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысынан 183,1 мың тонна астық тасымалдау көзделінген. 27 қыркүйекке дейінгі дерек бойынша 174,7 мың тонна астық басқа өңірлерге ауыстырылған.
Еліміздің ішкі қажетін толық өтеу үшін 9 миллион тонна астық қажет. Олай болатын болса, еліміздің биылғы экспорттық әлеуеті 10 миллион тоннадан асып жығылайын деп тұр. «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың деректері бойынша, 2010-2011 маркетингтік жылы, яғни 2010 жылдың 1 шілдесінен 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін астыққа шаққандағы ұн экспортын қосып есептегенде, 6 миллион тонна астық экспортталған. Ал биылғы маркетингтік жылда 972 мың тонна астық экспортталды. Алдағы уақытта еліміздің биылғы бітік егінінен Орталық Азия мемлекеттеріне, Ауғанстанға және Иранға 6 миллион тонна астық экспортталады. Үстіміздегі жылы астық экспорттаушыларды қолдау мақсатында «Центр транспортных услуг» АҚ арқылы көлік шығындары үшін субсидия бөлу тетіктері қарастырылған. Осы мақсат үшін биылғы жылы «Қазақстан темір жолы» АҚ және басқа тасымалдау ұйымдарына 5 миллиард теңге, 2012 жылы 10 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылған. Бұл Ресей Федерациясы және Қытай арқылы астық тасымалдайтын экспорттаушылардың тасымал шығынын жабуға арналған.
Биылғы жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан астық тасымалдауға арналған вагондар бөлуде кідіріс болған жоқ. Қазір «Қазақстан темір жолы» АҚ қарамағында астық тасымалдайтын 5219 вагон бар. Бұл вагондар айына 400-500 мың тонна астық тасымалдауға мүмкіндік береді. Бірақ биылғыдай рекордтық астық алынған жылы бұл көлем де аздық еткелі отыр. Осыған орай «Қазақстан темір жолы» АҚ Ресей Федерациясына 5 мың бірлікке дейін астық таситын вагондарды жалға алмақ. Қазірге дейін 700 вагон елімізге келіп жетті.
Биыл «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ АШТӨ-лерді қолдау мақсатымен 5 миллион тонна астық сатып алуды көздеп отыр. Коммерциялық мақсатта сатып алынатын бұл астықтың әрбір тоннасы 25 мың теңгеден айналмақ. Бұл шағын және орта тауар өндірушілерді қолдауға арналған тиімді шара болып табылады. 2011 жылдың 27 қыркүйегіне дейін корпорация 1,3 миллион тонна астық сатып алу бағдарламасына 32,4 миллиард теңге қаржы бөлді.
2012 жылдың көктемгі егісі үшін ауылшаруашылық құрылымдарына 2,3 миллион тонна тұқым қажет болса, 26 қыркүйектегі дерек бойынша АШТӨ-лер 2 миллион тонна тұқымды қамбаға құйған. Үстіміздегі жылғы 23 қыркүйектегі мәлімет бойынша, елімізде 16,4 миллион тонна шөп дайындалған. Бұл 2010 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 миллион тоннаға артық. Биыл ауылшаруашылық еңбеккерлері 1,5 жылдық жем-шөп қорын дайындауды көздеп отыр.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.