28 Қыркүйек, 2011

Орынды мәселелер көтерілді

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын және осыған ілеспе заң­дық құжат жақында Мә­жі­ліс­те мақұлданған-ды. Енді осы заң жобалары кеше Се­нат­­тың Әлеуметтік-мәдени даму ко­ми­тетінде талқыға түсті. Дін ұстанушылар мен діни ғибадатханалардың саны жыл санап өсіп келеді. «Қазақстан Рес­пуб­ликасының діни сенім бос­тан­дығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы 1992 жылдың 15 қаңтарында мүлдем басқа діни ахуал жағдайында қабылданған-ды. Бұл заң діни бірлестіктердің дамуы көкжиектеріне талдау жасалмастан қабылданды, деп мә­лім­деді өз сөзінде  Дін істері агент­тігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп. Агенттік төрағасы­ның мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда діни бірлестіктер саны 4551-ге жетіп отыр. Олар қырықтан астам конфессиялар мен деминацияларды құрайды. Ал 1991 жылы олардың саны бар-жоғы 671 болғаны белгілі. Заң жобаларының мақсаты діни сенім және ар-ождан бос­тан­дықтарын қамти отырып, аза­маттардың құқын қорғау болып табылады. Сондай-ақ, діни бір­лес­тіктер қызметінің заңнамалық шет-шеңберін айқындау мен заң­сыз қызмет атқарып отырған діни ұй­ым­дар мен миссионерлерге қатыс­ты қатаң талаптар енгізуді көз­дей­ді. Заң жобасын әзірлеу барысында Ресей, Белоруссия, Армения, Грузия, Литва, Испания, Франция, Гер­мания және өзге де елдер тә­жі­рибелері жан-жақты сарапталған. Қысқаша баяндамадан кейін Сенат депутаттары заң жобалары бойынша сұрақтарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Х.Валиев Құран аяттарының араб тілінде оқылатынын, ал оны түсінетіндер бірен-саран екендігін тілге тиек ете келіп, ендігі жерде оны қазақ тілінде жүргізу қажеттігін жет­кізді. Депутат осы ретте мың жыл бұрын Ресейдің Ватиканнан рұқсат алып, діни рәсімдерді өт­кізуді гректен орыс тіліне көшір­гендігін мысал ретінде келтірді. Мұндай уәжбен келіскен агенттік төрағасы Құранның әлемнің қы­рықтан астам тіліне аударылға­нын, алайда қазақша аударма­лары­ның сапасы сын көтермей­тіндігін атап көрсетті. Үстіміздегі жылдың 29 қыркүйегінде дін­танушылардың форумы өтіп, онда ассоциация құрылып барып осы мәселе шешімін табуы тиіс. Ғ.Есім мен Т.Мұхамеджанов  заң жобасының орысша мәті­нін­де «духовное» (рухани) сөзінің орынсыз екенін алға тартты. Сенаторлар пайымынша, бұл сөздің ұғымы кең болғандықтан, діни ұйымдар оны басқаша тұрғыдан пайдалануы мүмкін. Қ.Лама Шәріп өз жауабында «духовное уп­равление» сөзінің өткен ғасыр­дың 30-жылдарынан Дзержинскийден келгенін алға тартты. Ж.Ерғалиевтің сұрағына орай жауабында агенттік төрағасы жаназа шығару рәсімінің ендігі жерде мешіттерде орындалуы орынды екендігін айтты. Жалпы, Сенат депутаттары өз сөздерінде діни мамандар даярлау, миссионерлер жұмысын жіті бақылау, хиджаб орнына ұлттық киімдер кию мәселелерін көтер­ді. Осылайша жан-жақты пысық­тау­дан өткен заң жобалары пала­та­ның жалпы отырысына шыға­ры­латын болып шешілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.