Жастар қауымының белсене қатысуымен өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова кіріспе сөзбен ашып, елдігіміздің белгісіне, Тәуелсіздігіміздің тұғырына айналған Мемлекеттік рәміздердеріне 25 жыл толып отырғанын, осынау ширек ғасыр уақыт белесінде азаттықтың ақ таңы үшін арпалысқан ата-бабаларымыз бен бүгінгі ұрпақтың арман-аңсары көрініс тапқан еліміз жасампаздық, ұлттық рухани жаңғыру жолымен алға қарай нық қадам басып келе жатқанын жеткізді.
Жиналғандарға облыстың құрметті азаматы, құрметті спорт қайраткері Жамбыл Тасеменов, «Туған жер» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин, өрт сөндіру қызметінің офицері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Әсет Сердалин, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің оқытушысы Алтынай Жәнібекова, тағы басқалары жалынды сөздер арнап, жас буынның рәміздерге деген құрметін, отаншылдық сүйіспеншілігін арттыра беруге шақырды.
Патриоттар форумы елдігіміздің белгісі, айғағы саналатын Мемлекеттік нышандарды көздің қарашығындай сақтауға үндейтін тағылымды шараға айналды.
Флешмоб жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді. Онда патриоттық әндер асқақтата шырқалып, елге, жерге, отанға деген қошемет айқын сезілді.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы.