28 Қыркүйек, 2011

Таңғажайып жәдігер тарихтан тіл қатады

496 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Осыдан бірер жыл бұрын жергілікті басылым – «Ертіс өңіріне» «Сөйлегелі тұрған сурет немесе құпиясы терең күміс кескін» деген мақала жазған едік. Онда 1952 жылы Абай ауданындағы Шың­ғыстаудың Хан биігі етегінен керемет бір жәдігердің табылғаны және содан кейінгі жылдардағы оның жағдайы жөнінде айтылған  болатын. Оқырманға түсінікті болу үшін  сол күміс кескін сипатына тоқтала кетейік. Бір қолында құстұмсық шоқпар, екінші қолында қазына салар «ларец»,  үстінде бас киімі мен шапаны, белбеуі бар адам бейнеленіп, ол арыстанды ауыздықтап мініп тұр. Бұл пайза-тарихи жәдігерді суырдың іннен шығарып тастаған жерінен кездейсоқ тауып алған Төлеухан ақсақал сандығында сақтап, кейіннен суретші мамандығын таңдаған баласы Қуанышбекке табыстапты. Әкесі баласына осы заттың тегін еместігін айта келіп, оның қадіріне жету үшін мүмкіндігінше ғалымдар көмегімен түп төркінін анықтауды аманат еткен екен. 1968 жылы Новосібір полиграфиялық техникумында оқып жүрген кезінде Қуанышбек Төлеуханұлы әлгі күміс кескінді алғаш рет сондағы археология институтының ғалымдарына көрсетіпті. Олар сол уақытқа дейін мұндай затты еш жерден кездестірмегенін айтып, таңғалған. Әлгі ғалымдар дереу өздеріне бағынышты мекемелерден мамандар шақырып, зертханадан өткізіп, сапасы 825 пробалы таза күміс екенін анықтайды. Сонымен бірге олар бұл жәдігерді 4000 сомға (сол кездегі ақша) бағалап, көп ұзатпай сатып алуды ұйғарады. Әлгі ортадан оңай құтылмайтынын сезген Қуанышбек сатып алу келісімшартына жалған мекен-жай толтырып, құтылып кетеді. Сөйтіп, әкеден қалған көне жәдігерді көзінің қарашығындай сақтаған Қуанышбек Төлеуханұлы күміс кескін жайында жергілікті басылымдарға суретімен мақала жариялай бастайды. Оған тарих тамырынан сыр шертер жәдігер ретінде сүйсінген ақын ағамыз Мерғали Ибраев асыл заттың мән-жайын таныстырып, 1983 жылы республикалық «Білім және еңбек» журналына мақала жариялайды. Аталмыш басылымдағы бұл дерек атақты этнограф ғалымымыз Ақселеу Сейдімбектің назарына ілініп, «Күмбір-күмбір күмбездер» кітабына енген көрінеді. Тағы бір жағдай, кейін тәуелсіздік алған кезімізде Қазақстанда іссапармен жүрген моңғолиялық сенатор А. Болат деген азамат күміс кескін жайлы жоғарыдағы мақаланы көзі шалып, оны өз елінің «Ардын-эрх» деген ресми газетіне жариялатады. Соның ізімен бұл жәдігер жайында Моңғолияда алты тілде шығатын «Ильтовша» газетінде екі беттік мақала жарық көріпті. Оны жазған «Орхон» кітабының авторы, Күлтегін ескерткішін Қазақстанға әкелушілердің бірі, кейін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы болған ғалым Сартқожа Қаржаубайұлы екен. Мақала және күміс кескін суретіне қарап Моңғолияның Улан-Уде қаласындағы «Дорджи-Банзаров» академиясы бұл жәдігерді Шыңғысхан заманымен байланысты белгілер жиынтығы бар мұра ретінде бағалаған. Күміс кескіннің суреті мен ол жайындағы деректер Улан-Батордағы Шыңғысханды зерттеу орталығының мамандарын қатты қызықтырады. Нәтижесінде бұл мекеме екі зерттеушіні  Қазақстанға, Қуанышбек Төлеуханұлына арнайы аттандырып, бірталай әңгіме жүргізіп қайтады. Олар өз елдеріне оралғаннан кейін таңба мамандарының сөз етіп отырған затты Шыңғысханның, болмаса да одан кейінгі хандар тұсындағы белгісі болуы мүмкін және дәл осыған ұқсас зат Моңғолия мұражайында бар екенін, анық-қанығына жету үшін орталық ғалымдары кескінді өз көздерімен көруі қажеттігін айтып хат жазыпты. Сондай-ақ, хат мазмұнында олжа иесін Моңғолияға келіп қайтуға және сол жәдігерді өте құнды, сирек кездесетін зат ретінде бағалап, сатып алғылары келетінін де ескертіпті. Иә, бұл көне заманның нақты куәсі күміс кескін жайлы біз білетін деректер осындай. Оның қазіргі уақытта қайда, кімнің қолында екенін Қуанышбек Төлеуханұлының өзі ғана біледі. Біздің білетініміз, жерлесіміздің осы күміс кескін-пайзаның суретін мәрмәр тасқа қашатып, заттың табылған жеріне құлпытас етіп орнатқаны. Қуанышбек Төлеуханұлының өз бастамасымен Семейден 400 шақырымдай қашықтықтағы Шыңғыстаудың Хан биігі маңайындағы дөңеске 2 метр­дей ескерткіш-белгі қоюы туған жерге тағзымның тамаша бір үлгісі іспетті. Авторы – семейлік суретші Мәди Шаймарданов. Ал құрылысын жүргізген – Қайрат Әкірам есімді азамат. Ескерткіш-белгіні орнату кезіндегі топ басшысы ардагер, шежіреші Бекен Исабаев ақсақал болған. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта айдалада болсын рұқсатсыз бір шыбық та шаншу қиын. Себебі, пұшпақтай жердің болсын иесі бар, меншік қолында. Сонымен бірге мұндай ескерткіш-белгі қою үшін де тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мекемелер секілді тиісті орындардан терлей жүріп құжат жинау керек. Осындай талаптың барлығын орындаған Қуанышбек Төлеуханұлы өз ойын Қарауылдағы ақсақалдар кеңесінің талқысына салған. Марат Түңлікбаев, Манатай Балтақаев бастаған 22 ақсақал осы шаруаның баянды болуына тілек білдірісіпті. Жер иесі көкбайлық фермер Балташ Мұқышев: «Бір төбеде тұрған не бар? Туған жерімізге деген ескерткіш-белгіні емін-еркін орнатыңыз», – деп ағынан жарылыпты. Қарауыл-Көкбай бағытының 12-ші шақырымында орын тепкен ескерткіш-белгідегі мәрмәр тас биіктігі 180 см. болса, ені 70 см. Мәрмәр тас бетінде «Ел күбірін тау естиді, тау күбірін Тәңір естиді» деген нақылмен басталатын бірнеше ұлағатты сөйлемдер пайзаның осы жерде орнығуының мазмұнын аша түскен. Ескерткіш иесі өз құзырындағы шаруаны тындырғанымен, таңғажайып жәдігердің жұмбағы толық ашылмай келеді. Айтпағымыз, бұл керемет күміс кескін тәуелсіз еліміздің беделді мұражайларының бірінен неге орын алмайды? Шетел ғалымдары шекпенін шешіп беруге әзір құны бөлек олжаға  Қазақстан ғалымдары неге мән бермей келген? «Ештен кеш жақсы» деп бұл мәселені әлі де қолға алса, несі айып? Дербес елімізді даңқты патшалықтар мұрагері екенін айғақтауға, тарихтағы кесек кескінімізді қалыптастыруға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы оймақтай болса да осы бір бөлек бітімді жәдігерге ден қойса, көп жайға себепкер болатыны анық. Қайрат САБЫРБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Семей.