Алдағы қазан айында қазақ волейболының негізін қалап, осы саланы әлемдік деңгейге көтерген біртуар азамат, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғаповтың туғанына 80 жыл толады
ХХ ғасырдың 60-70-жылдары қазақ спортының алтын кезеңі болды десек, қателеспейміз. Әсіресе, доп ойындарында асығымыз алшысынан түсіп жатты. Жәнібек Сауранбаев әлемнің ақиық волейболшыларымен иық тірестіріп, совет құрамасының ең үздік ойыншыларының қатарында тұрса, Тимур Сегізбаев секілді саңлағымыз Кеңес Одағының айтулы футболшыларының бірі болды. 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданында дүниеге келген Әлжан Жармұхамедов 1972 жылы баскетболдан Мюнхен Олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды. Сол тұста Алматының «Буревестник» ерлер командасы волейболдан Еуропаның маңдайалды клубтарының бірі болды. Біздің халықтың өрендері тек жекпе-жектен ғана емес, спорттың классикалық түрлерінен де әлемдегі мықтылар қатарынан көріне бастады. Бұл дегеніңіз қазақ даласы сан қырлы дарын иелеріне бай екенін дәлелдесе керек. Бүгінгі әңгіме сондай асыл туған азаматтарымыздың бірі әрі бірегейі Октябрь Қадырбайұлы Жарылғапов жайында болмақ.
Баспасөз беттерінде Октябрь Жарылғапов туралы мақалалар арагідік болса да жарияланып тұрады. Бірақ сол дүниелердің басым көпшілігі бір-біріне ұқсас, айтар ойы шектеулі, бір сарында болып жатады. Бұл Октябрь секілді заманынан озып туған тұлғаны зерттеу жағы кем соғып жатқанын білдірсе керек. Біз бір мақала аясында Жарылғапов жайында кең қамтып, ой айтамыз деуден аулақпыз. Әйтсе де, Октябрь өмірінің кейбір қалтарыс тұстарын оқырманға жеткізіп, оның қазақ спортының тарихындағы алатын орнын шама жеткенше таразылап, хатқа түсірсек дейміз.
Октябрь Қадырбайұлы 1931 жылы 25 қазанда дүниеге келді. Кеңес өкіметінің тұсауын кескен Қазан төңкерісі мерекесі кезінде туған сәбидің атын әкесі Октябрь деп қояды. Ескіше хат таныған Қадырбай Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында халық санағына атсалысып, Созақ ауданында милиция басшысы болып қызмет атқарады. Кейін Өзбекстанның Ташкент облысындағы Бостандық ауданы басшыларының бірі болады. Қадырбай мен Айнагүлден – Балмахан, Тұлпар, Октябрь, Меруерт, Гауһар, Роза атты алты бала дүниеге келеді. Дәл осы тұста қазақ даласын өрттей шарпып, мыңдаған шаңырақты ортасына түсірген репрессия жалыны Қадырбайға да жетеді. НКВД-нің қара тізіміне ілігіп, қамауға алынған ер Қадырбай сол кеткеннен мол кетеді. Алты баласын құшақтап, аңырап қалған Айнагүл ана мойымайды. «Халық жауының әйелі» деген аты бар. Алты баласын біржола жетім қылмайын деп, өкіметтің қаһарынан бой тасалап, Ташкенттің қиырдағы мақталы ауылдарының бірін паналайды. Таң бозынан қара кешке дейі бейнет кешіп жүріп, тапқан-таянғанын балаларының аузына тосады. Алла Тағала көз жасын көріп, еңбегі жанады. Уақыт өте келе балабақша меңгерушісі болып қызмет істейді. Күйеуінің тұтқындалғанын көзімен көрген Айнагүл жүрегі қан жылап жүріп ұлы Балмаханды соғысқа аттандырады. Балмахан соғыстан оралмайды. Әкеден ерте айрылып, жетімдіктің тауқыметін тартқан Октябрь мен бауырлары еңбекке ерте араласады. Бұғаналары қатпай жатып, бейнет кешіп, аналарына қолғанат болады. Сөйтіп жүріп Қадырбай ұрпағы шар болаттай шыңдалады.
«Жыртық үйдің де құдайы бар», демекші, Қадырбай мен Айнагүлдің ұл-қыздары шетінен еңбекқор, тәрбиелі, оқуға зерек болып өседі. Октябрь Түркістандағы №19 мектепті бітіріп, немере ағасы Әшірдің көмегімен 1949 жылы Алматыға оқуға келеді. Октябрьдің ағайындары көзі ашық, сауатты адамдар болыпты. Әшір ағасы Ленинградта әскери медицина академиясын бітіреді. Немере бауырының көзіндегі отты, бойындағы жалындаған қайратты тап басып байқаған Әшір Октябрьді Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына алып келеді.
Алғыр бозбала оқуға бірден түсіп кетеді. Институттың үшінші курсында оқып жүргенде сол жердегі доп ойнайтын алаңға волейболшылар келіп жаттығу жасайды. Бұлар – Алматыдағы Киров атындағы зауыттың командасы болатын. Октябрь кілең сайдың тасындай іріктелген ойыншылардың әр қимылына қызыға қарап тұрады. Бір кезде доп Октябрь тұрған жаққа қарай ұшады. Шетке кеткен допты қағілез бозбала жүгіріп барып, алып келеді. Сол жерде ол өзінің болашақ жаттықтырушысы Борис Николаевич Дмитриевпен танысады. Сұңғақ бойлы, бейтаныс жігіттің допқа деген ықыласын бапкер бірден аңғарады. Сол сәттен бастап Октябрьдің тағдыры допқа байланады. Қазақ спортының бағына туған ғажап дарын иесі мен оның томағасын сыпырған тәлімгер ұстаз осылай ойда-жоқта танысады. 50-жылдардың басында Алматыда волейбол қанатын кең жайып, жастар жағы бұл ойынға қатты қызықса, сол қазақ волейболы тәй-тәй басқан кезеңде іс басында Егор Иконников пен Борис Дмитриев сынды майталман мамандардың тұрғанын айтуға тиіспіз.
Осы жерде Октябрь Қадырбайұлының зайыбы Диляра апамыздың естелігіне құлақ түрсек, талай мәселеге қанығамыз.
– Октябрь екеуміз 1954 жылы шаңырақ көтердік, – дейді Диляра апай. – Ол кезде Октябрь бесінші курста, мен екінші курста оқитынбыз. Отағасы волейболды үшінші курстан бастап ойнай бастады. Алғаш шаңырақ көтерген жылдары жатақханада тұрдық. Жатақханадағы дәліздің төбесі 3 метр 60 сантиметр биік болатын. Октябрь күнде таңғы сағат 5-6-да ұйқыдан тұрып, далада біраз жүгіріп келіп, дәлізде тынымсыз секіріп жатады. Сондағы мақсаты, волейболды жақсы меңгеру, дәліздің төбесіне қолы жеткенше қарғу. Ол жаттығу десе, ішер асын жерге қоятын. Көпшіл еді. Шәкірттері десе, жаны қалмайтын. Шәкірттері мен командалас достары Октябрьді «әке» деуші еді. Ол қолында бар дүниесін солармен бөлісті. Біздің үйдің қазаны таңғы сағат жетіден түн ортасына дейін оттан түспейтін. Октябрь үйге қонақсыз келмеуші еді. Кейде командадағы ойыншыларды тамақ ішіңдер деп түгел үйге шақырады. Кілең ұзын бойлы, жас жігіттер. Енем Айнагүл екеуміз асқан ет пен түйген мантыны жаттығудан әбден шаршап, қарны ашып келген жігіттер түк қалдырмай жеп алады. Октябрь шәкірттеріне мейірлене қарап, сүйсініп отырады. Біздің отағасы шәкірттерімнің табанына кірген шөгір, менің маңдайыма қадалсын, дейтін нағыз мейірбан, кеңпейіл, ақкөңіл адам болатын. Дастарқан басында волейбол туралы небір қызық әңгімелер айтылатын. Қазір ойлап отырсақ, Октябрь мен оның командасының Кеңес Одағынан асып, бүкіл әлемді мойындатуы жанкешті жаттығу, тынымсыз ізденіспен қатар, осындай тамаша сыйластықтың, бір-біріне деген керемет жанашырлықтың арқасы екен.
Ағайын-туған дегенде, отағасының шығарда жаны бөлек еді. Біздің үй Октябрьдің ағайындары мен бауырлары, достары үйіріліп шықпайтын берекелі шаңырақ болды. Үйіміздің есігінде құлып болмайтын. Ал енем Айнагүл көпшіл, қолы ашық, мейірімді адам еді. Октябрьдің бойындағы көп қасиет ана сүтімен дарыған десек, қателеспейміз. Айнагүл апам жалғыз отырып шай ішпейтін. Тіпті болмай бара жатса, есік алдын сыпырып, еден жуып жүрген әйелдерді үйге шақырып алып, дастарқандағы дәмді солармен бөлісетін. Бір жолы апам әуежайда ұшағы кешігіп, жалғыз қалған бір баланы үйге ертіп келіп, үш күн қонақ қылып жіберді. Мен енемнің жақсылығын көп көрдім, тәлім-тәрбиесін алдым. Октябрь секілді біртуар азамат осындай кеңпейіл, рухы биік анадан ғана туса керек.
Міне, қадірлі ағайын, Октябрьдей ұлт мақтанышының зайыбы осылай дейді. Түсінген адамға осы әңгімеден көп нәрсе түюге болады. Ең алдымен кейіпкеріміздің шешесіне тоқталсақ, отағасынан тым ерте айрылып, қуғын-сүргін заманда алты баласын арқалап жүріп асыраған Айнагүл ананың пейілі қандай, шіркін! Қонақ келсе, жалғыз атын сойып беретін дархан қазақтың болмысын осы қарапайым ғана әйелдің бойынан айнытпай табасыз. Кеше ғана аш жүрдім, тарықтым, қуғынға түстім, соғыстың зардабын тарттым демейді. Қолда барын көппен бөліскенше асығады. Ұрпағымен бірге көптің тілеуін тілейді. Көзіне түскен адамды жанына жақын тартады. Атам қазақтың «жақсыда жаттық жоқ» деген сөзі Айнагүлдей адамдарға арнап айтылса керек. Осындай анадан туған Октябрь қайдан жаман болсын. Ол кісі де өз ортасының қадіріне жете білетін, маңайына тек мейірімін төгіп тұратын адам болған екен. Алла Тағала бойына дарытқан сол мейірім-шуақтың арқасында өзі де миллиондаған адамның ықыласына бөленіпті. Егер ол кісінің бойында адамдарға деген кіршіксіз, ыстық көңіл болмаса, ол шын мәнінде бүтін қазақтың Октябрі бола алмас еді.
Кей-кейде Жарылғаповтың көзін көрген, қатар жүрген адамдармен әңгімелесіп, сол бір күндерді еске аламыз. Бір ғажабы, қазір қазақ спортының ардагерлері саналатын азаматтардың бірде-біреуі Октябрь жайында жайсыз әңгіме айтпайды. Октябрь туралы естеліктер жаныңды жадыратып, сол бір жаны жайсаң ағаға деген сағынышыңды оятады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Октябрь Қадырбайұлы нағыз мұсылманға тән көркем мінезді азамат болумен қатар, терең ойлы, жігерлі, биік мақсат иесі болғанын айтуға тиіспіз. Октябрь бауыр еті балаларын керемет жақсы көрді, дейді Диляра апамыз. Ол кісі Мәскеуге барса, балаларына бір шабадан кәмпит, шоколад әкеледі екен. Себебі, ол кезде тәтті мәмпәси дегеніңіз дүкенге тым сирек түсетін, балалардың түсіне кіретін қымбат дүние еді. Тағы бір еске алатын жағдай, Октябрь ағамыз республикалық Спорт комитеті төрағасының орынбасары лауазымында болса да, қыста күздік плащпен жүрген екен. Ет жақындарының естеліктеріне сүйенсек, ол кісі үнемі қарапайым қалпын сақтай біліпті. Себебі, жалақысын анасы мен зайыбының, балалары мен ағайындарының, шәкірттерінің қажеті үшін жұмсапты. Қызметтен қолы қалт етсе, отбасын, тілеулестерін ертіп, тауға шығып кетеді екен.
Мәскеуге алғашқы сапарларының бірінде қаланың әсемдігі мен айбынды келбетіне сүйсініп: «Менің Алматым мен туған елім осындай дәрежеге қашан жетер екен?» деп армандапты. Мұндай арман-тілек үлкен жүректі, ұлты үшін отқа да, суға да түсуге әзір адамда ғана болса керек. Кейіннен атақ-даңқы дүрілдеп, қазақ волейболын берісі бүкіл Кеңес одағы, әрісі әлем мықтылары мойындаған тұста Октябрь Қадырбайұлын одақтың жастар құрамасының бас бапкері болуға Мәскеуге шақырғанда: «Мен өз елімде, өз бауырларымның қасында боламын. Бар қабілетімді, күш-жігерімді қазақтың намысы үшін жұмсауым керек», деп Алматыда қалады.
Октябрь ағаны тек қазақ волейболының айтулы тұлғасы деп қарасақ, сыңаржақтау кеткен болар едік. Жарылғапов – бүкіл қазақ спортының атақты көсемдерінің бірі әрі бірегейі. Ол кісі 1951 жылдан бастап 1969 жылға дейін ел волейболының отымен кіріп, күлімен шықты. Бір ғана «Буревестник» командасымен шектеліп қалған жоқ. Бірнеше жыл табан аудармай республиканың ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болды. Қазақ волейболының ұзақ жылдарға арналған тұтас бір даму жүйесін қалыптастырды. Октябрь Қадырбайұлы ойыншы мен кадр таңдауда алдына жан салған жоқ. Мысалы, Жәнібек Сауранбаевтың нағыз волейбол үшін жаратылған жан екенін дөп басып, бірден таныды. Октябрь баптаған бұл жігіт бірнеше жыл КСРО құрамасының белді ойыншысы болды. Сауранбаев 1965 жылы КСРО құрамасының сапында Әлем кубогының жеңімпазы,1966 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 1967 жылы Еуропа чемпионы атанды. 1964 жылғы жазғы Олимпиада қарсаңында Одақтағы ең үздік волейболшылардың бірі болып, әрі Кеңес елі құрамасындағы мықтылардың қатарында нық тұрғанына қарамастан аяқ астынан олимпиялық құрамадан сырт қалды. КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Паршиннің: «Сауранбаев совет құрамасындағы ең сенімді ойыншылардың бірі болды. Ол кем дегенде екі рет Олимпиада чемпионы болуға лайық ойыншы еді. Жәнібек олимпиялық құрамадан әділетсіз жағдайда шеттетілді», – деген сөзі қазақ жігітінің қандай деңгейдегі спортшы болғанын айқын дәлелдейді.
1968 жылы Олимпиада чемпионы атанған Валерий Кравченконы Жарылғапов Душанбеге арнайы іздеп барып, Алматыға алдыртты. Ол кезде Кравченко 17 жаста ғана болатын. 1968 жылғы Олимпиада чемпионы Олег Антроповты Шымкенттен шақыртты. Ұзақ жыл Алматының АДК әйелдер командасын баптаған Жұмаш Махмұтов Октябрьдің төл шәкірті әрі командалас серігі-тін. Атақты жаттықтырушы Нелли Щербакова әуелі Жарылғаповтың шәкірті Геннадий Паршиннің тобында жаттықса, кейін ұзақ уақыт бойы Жұмаш Махмұтовтың қол астында АДК әйелдер командасының екінші жаттықтырушысы болды. Кейін Махмұтов команда тізгінін Нелли Щербаковаға тапсырды. Сол жылы АДК тұңғыш рет КСРО чемпионы атанса, Кеңес Одағының ерлер чемпионатында Жарылғаповтың шәкірті Геннадий Паршин баптаған Риганың «Радиотехник» командасы бірінші орынға ие болды. Қарап отырсаңыз, Нелли Щербакова Жарылғаповтың жетекшілігімен құрылған волейбол тобында тәлім алып, спорт биігіне талпынған отты жылдарында, кейін бапкер ретінде танылған жұлдызды шақтарында Октябрьдің шәкірттерімен үзеңгі қағыстырып қатар жүріпті. Махмұтов пен Щербакованың маңдай тері сіңген АДК-ның бетке ұстар ойыншылары Елена Чебукина мен Ольга Кривошеева 1988 жылы Сеул Олимпиадасының чемпиондары атанды.
Жарылғапов баптаған жігіттерден жоғарыда есімдері аталған спортшылардан басқа Николай Рагозин, Геннадий Гончаров, Александр Портной секілді волейболшылар Кеңес Одағы құрамасының сапында ойнады. Қазақстан волейболындағы беделді азаматтардың бірі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Владимир Шапран жастайынан Жарылғаповтың қол астында тер төкті.
1965 жылы Октябрь Жарылғапов республикалық Спорт комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалуына байланысты «Буревестниктің» тізгінін Заңғар Жәркешев пен Марат Мәденов ұстады. Октябрьдің қос шәкірті ұстаз сенімін толығымен ақтады. «Буревестник» 1967 жылы КСРО халықтары спартакиадасында қола медаль алса, 1968 жылы Одақ чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 1969 жылы Октябрь негізін қалаған қазақ командасы КСРО чемпионатында топ жарып, тұңғыш рет алтын тұғырға табан тіреді. 1970-1971 жылдары Алматының «Буревестнигі» екі рет қатарынан Еуропа чемпиондарының кубогын жеңіп алды.
Тарихқа жүгінсек, Қазақстан бойынша доп ойындарынан Одақ чемпионы атағы мен Еуропа чемпиондарының кубогын бірінші болып қанжығаға байлаған Октябрьдің командасы екен. Сол кезеңді айтпағанда, қазірдің өзінде біздің ойын түрлері командалары Мәскеу мен Еуропаны ұта алмайды. Яғни, алматылық волейболшылардың қатарынан бірнеше жыл бойы Кеңес Одағы мен Еуропаның маңдайалды клубтарының бірі болғаны волейбол шежіресінде тіркеулі тұр. Бұл – айтуға ғана оңай. Неге дейсіз ғой, себебі, 1960-1972 жылдар аралығында Кеңес Одағының ерлер командасы әлемдегі ең мықты құраманың бірі болды. Нақты деректерге сүйенсек, КСРО-ның ерлер волейбол құрамасы 1960,1962 жылдары әлем чемпиондары атанса, 1964, 1968 жылдары қатарынан екі мәрте жазғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдесін ешкімге берген жоқ. 1972 жылы Мюнхендегі Олимпиада ойындарында совет құрамасы үшінші орынға ие болды. Ал осындай шашасына шаң жұқпайтын құрамасы бар мемлекеттің ішкі чемпионаты мен ұлттық құрамасында Октябрь шәкірттерінің иығы озып тұрды. Бұл нені білдіреді? Бұл – сол кезеңде Октябрь іргетасын қалап, көшін түзеген қазақ волейболының әлемдік деңгейде беделді болғанын дәлелдейді. Өйткені, сол тұста Кеңес құрамасы дүние жүзі волейболының тізгінін ұстаса, қазақ волейболы Кеңес Одағының көшбасында тұрды. Біз Октябрь туралы сөз қозғағанда мәселенің осы жағына терең үңілуіміз керек. Сонда ғана Октябрь Жарылғаповтың Қазақ елінде ғана емес, Кеңес Одағы бойынша волейбол серкелерінің бірі әрі бірегейі болғанына көз жеткіземіз.
1968 жылы қазақстандық қос волейболшы: Валерий Кравченко мен Олег Антропов Мехико Олимпиадасының чемпиондары болды. Жоғарыда «Буревестниктің» жеңістерін тізіп шықтық. Алла Тағаланың бұйрығымен Октябрь айналасы 17-18 жылда қазақ волейболын осындай шырқау биікке көтерді. Ол небары 31 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ал 1965 жылы 34 жасында қазақ бапкерлерінің ішінен бірінші болып КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына қол жеткізді. Ел спортының тарихына зер салсақ, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие болған қазақ мамандары аса көп емес. Ал осындай майталмандардың көшін Октябрь Жарылғаповтың бастауы қай жағынан алсақ та заңды әрі жарасымды.
Біздің халықта «отызында орда бұзбаған қырығында қамал алмайды» деген аталы сөз бар. Октябрь Қадырбайұлы отыздың бел ортасына жеткенде оның шәкірттері әуелі Одақты, іле-шала әлемді мойындата бастады. Яғни, Жарылғапов орда бұзар отыздың үстінде әлемдік волейболдың қамалын бұзған айтулы тұлға. Оның табиғи дарыны, ерекше қарым-қабілеті Мәскеудің назарынан тыс қалған жоқ. Жарылғапов бірнеше жыл бойы КСРО-ның жастар құрамасының бас бапкері болды. Сол кезеңде дүние жүзі бойынша ең алып мемлекеттің жастар құрамасын Мәскеуден бірнеше мың шақырым жердегі Алматыда тұратын Жарылғаповқа жайдан-жай сеніп тапсырмаған шығар. Бір ғана Мәскеу мен Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) өзінен ұлттық құраманың өкшесін басқан жастар командасының тізгінін ұстауға лайық бірнеше маман табылуы мүмкін. Прибалтика мен Әзербайжан волейболы да қамшы салдырмай тұрды. Бірақ таңдау Октябрь Жарылғаповқа түсті. Ол кісі жастар құрамасымен шектеліп қалмай, Кеңес Одағының ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиындарына үнемі қатысып отырды. Октябрь Одақ құрамасының жиындарына белді волейболшылармен қатар, Заңғар Жәркешев, Марат Мәденов, Амангелді Сұлтанов сынды қазақ мамандарын арнайы жіберетін. Оқу-жаттығу жиыны аяқталған соң жігіттердің басын қосып, жиыннан түйген ойын ортаға салатын. Азаматтардың пікіріне құлақ түретін. Қысқасы, әркім ұлттық құраманың жаттығуын өзінше талдап, көптің талқысына ұсынатын. Біздің жаттықтырушылар әлі күнге дейін ден қоймаған спорт ғылымын Октябрь ағамыз сол кездің өзінде-ақ меңгерген еді.
Жарылғапов мұнымен де шектелмейтін. Кеңес Одағының ұлттық құрамасын Алматыға – Медеуге оқу-жаттығу жиынына арнайы шақырып, «Буревестникті» одақтың кілең мықтыларымен беттестіріп, ойыншылар мен жаттықтырушыларды жан-жақты шыңдайтын. Одақтың әр қиырынан келген білікті мамандармен пікір таластыратын, волейболдың өзіне ғана тән қым- қиғаш сәттерін бірлесе талдайтын. Замандастарының айтуынша, Жарылғапов Кеңес Одағы мен әлемдік волейболдағы тың жаңалықтар мен озық әдістерді қалт жібермеген екен. Осындай басшысы әрі жанашыры бар қазақ волейболының сол тұстағы беделі өте күшті болды. Бізді еріксіз мойындаған Италия, Қытай, РСФСР құрамалары Алматыда жаттығу жиындарын өткізді. Тынымсыз ізденістер алматылық мамандарға көп пайдасын тигізді. Қазақстанның ересектер құрамасы ғана емес, жастар, жасөспірімдер командалары да Одақ бойынша күштілер қатарында болды. Сөйтіп, Алматыда Октябрьдің ұйытқы болуымен мықты бапкерлік мектеп қалыптасты. Соның нақты бір дәлелі, «Буревестниктің» бас жаттықтырушысы Заңғар Жәркешев бірнеше жыл бойы КСРО студенттер құрамасының бас жаттықтырушысы болып қызмет атқарды. Заңғар баптаған Кеңес одағының студенттер командасы халықаралық Студенттер одағының чемпионы және Бүкіләлемдік универсиаданың күміс жүлдегері атанды. Осы жерде ерекше атап өтетін жай, Октябрь Қадырбайұлы спорт саласында ұлтына өлшеусіз қызмет етудің ғажап үлгісін жасады. Ол кісінің шәкірттері – Жәнібек Сауранбаев, Заңғар Жәркешев, Марат Мәденов, Төленді Ахметжанов, Амангелді, Төлеш Сұлтановтар мен Еңсебек Иманғалиев және Жұмаш Махмұтов ел волейболына көп еңбек сіңірген атпал азаматтар. Бұлардың әрқайсысы туралы бір-бір кітап жазылса да артық болмас еді. Сондай-ақ, Олжас Сүлейменов, Нұртай Әбіқаев, Амангелді Шабдарбаев секілді ел ағалары бозбала кездерінде Жарылғаповтың ықпалымен волейбол ойнағанын біреу білсе, біреу білмейді. Олжас ағамыз волейболды әлі де тастаған жоқ. 1955-1972 жылдар аралығында Қазақ елінде бірде-бір ойын волейбол секілді бұқаралық сипат алып, дәл осы спорт түрі тәрізді биік деңгейге көтеріле алған жоқ. Октябрьдің командасының ойынына жұрт билет таба алмайды екен. Ресми жарыстарды былай қойғанда, «Буревестниктің» жаттығуының өзіне жанкүйерлер қарақұрым болып барып жүріпті.
Октябрьдің төл шәкірті, дүние жүзінің бірнеше мемлекетінің ұлттық құрамаларын баптаған білікті бапкер, Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Паршин қазір Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы. Ол кісі бір естелігінде: «Октябрь Қадырбайұлы – тарихи тұлға. Ол ғажап психолог, керемет ұйымдастырушы болатын. Біздің ұстазымыз үкімет мүшесімен қалай амандасса, аула сыпырушымен де солай амандасатын. Оның интуициясына әлі күнге дейін қайран қаламын. Қай ойыншыны қай тұсқа жұмсауды, қай ойыншыға не айтуды қас-қағымда дөп басып білетін. Ол спорттың ғылымсыз алға баспайтынын жұрттан бұрын түсінді. Бізді ғылымға баулыды. Тағы бір ерекшелігі, биік мансап иелерінің тілін тез табушы еді. Кірген кабинетінен мәселені шешіп бір-ақ шығатын. Оның бойында адамды үйіріп алатын ғажап қасиет болды. Ал волейболға деген махаббатын тілмен жеткізу мүмкін емес. Бас бапкер кезінде алаңға өзі су сеуіп, доптың желін өзі тексеріп, жаттығу немесе ойын жоспарын ешкіммен санаспай өзі жасап,.. бір өзі он адамның жұмысын атқаратын. Ол тамаша ойыншы болды, ал жаттықтырушылық деңгейіне келсек, біздің жаттығу жүйеміз Кеңес Одағының ұлттық құрамасынан кем түспейтін», – деп ағынан жарылды.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», деп осындайда айтылса керек. Октябрь Жарылғапов ұлтына жасаған қызметімен ел алғысына бөленген бақытты адам. Ол 1969 жылдың көктемінде, 37 жасында өмірден озды. Оны жерлеуге барған адамда есеп жоқ, дейді сол жағдайға куә болғандар. Сол күні Алматының бар таксиі бір мезгілде тоқтап, қазақ астанасы айрықша қаралы күй кешті деседі. Октябрьдің денесін қара жердің қойнына тапсырып болған соң жүздеген такси ботадай боздап, Алматының көшесі азан-қазан болыпты...
Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті.