(Күмән келтірушілер үшін жазылған пайым)
(Жалғасы. Басы өткен нөмірде)
Сонымен сен шырылдасаң да, шырылдамасаң да өмірге келдің. Қаласаң да, қаламасаң да енді сенің Жер бетіндегі тағдыр соқпағың басталды. Сен үшін қоршаған ортаның бәрі түсініксіз. Бойыңды үрей билейді. Анаңыз аттап алыстаса болды шар етесің. Бәрінен қорқасың. Бәрінен үркесің. Сондай шарасыз, панасызсың. Түк түсінбейсің. Алайда, Ұлы Жаратушы сенің халыңның осылай мүшкіл боларын алдын ала біліп, алдын-ала шара қолданыпты. Яғни, панасыз шақалақтың қауіпсіздік шараларын қарастырған. Біріншіден, сені аяласын, асырасын деп ана жүрегін телегей-теңіз риясыз махаббатқа толтырған. Екіншіден – қызылшақа шақалақ сенің бойыңа Жаратқан Ие Жер бетінде жоқ жәннат исін дарытқан. Сенің бойыңдағы сол тәтті жұпардан тыныс алған адам танауы талмаурап, ләззат табады. Саған құштар болады. Саған сөйтіп жүрекпен байланады. Сүйеді. Саған барын салып қызмет етеді. Сөйтіп, Сенің қауіпсіздігіңді Аллатағала алдын ала ескерген. Өз қамкорлығына алған. Сен қашан бой көтергенше ересектер қамқор болсын деп қылығыңды, түріңді, тіліңді балдай тәтті еткен. Раббыңыз сәбилерді осылай қамқорлығына алған. Осыдан келіп тағы бір сұрақ туады – «Сонда, өмірге келген нәрестенің шын қамқоршысы, шын ата-анасы кім?» деген.
Сені қоршаған осындай қамқорлықтарға қарамастан, бойыңды билеген үрей сезімінен құтыла алар емессің. Кез келген нәрсе сенің өміріңе қауіп төндіретін сияқты. Бұл дегенің сен өмірге келмей жатып өз өміріңді қызғыштай қорғай бастағаның. Адам санасы сақая келе үрей сезімін әлсіретеді. Бірақ, түбегейлі жеңе алмайды. Ал аңдар болса өл-өлгенше сол үреймен қоян-қолтық өмір сүреді. Жандының өзін-өзі қорғау инстинкті бұл. Иммануил Кант: «Инстинкт – жанды тіршілік бойындағы Тәңірдің үні. Ол үнге Адам да, аң да құлақ түреді» дейді «Адамзат тарихының болжалды бастауы» атты еңбегінде. Дін де дәл осы философтың айтқанын айтады. Яғни, бүкіл тіршілікке берілген іргелі инстинктердің бәрі Жаратқан Иенің жанды тіршілікке берген сыйы. Сол сыйдың арқасында жанды тіршілік Жер бетінде жойылып кетпей бүгінге жетіпті. Ал, Адам болса өркениетке жетіпті.
Жанды тіршілікті жойылып кетуден аман алып қалған екінші іргелі инстинкт – жанды тіршілікке берілген мейірім сезімі. Исламият Раббымыз Жер бетінде жанды тіршілікті жаратқанда оның бойына өзінің 100-ден 1 мейірімін берген дейді. Сол 1 пайыз мейірім арқасында Жер бетінде тіршілік сақталып тұрса керек. Сол 1 пайыз мейірім арқасында тіршілік иелері ұрпағын сүйеді, қорғайды, сақтайды. Сол 1 пайыз мейірім арқасында еркек-ұрғашы болып бөлінген тіршілік иелері бір-біріне ұмтылады. Бір-бірін аялайды. Өмір жыры мәңгі жырланады.
«БҰ ДҮНИЕ»
«Бұ Дүние» ұғымы Адам түсінігінде пендеге берілетін жалғыз да өлшеулі өмір болып елестейді. Жер бетінде жүріп өтер соқпағың. Тағдыр жолың болып елестейді.
Діни мәтіндерге сүйенсек, «Бұ Дүние» ұғымына Жаратушы басқаша мән берген. Яғни, Ол «Бұ Дүниені» басқаша көрген. «Бұ Дүние» Жаратушы үшін ұлан-ғайыр уақыт кеңістігіне сыйып тұрған басы бар, аяғы бар Жер бетіндегі біртұтас тарихи құбылыс. «Бұ Дүниені» Құдай адамнан бұрын жаратқан. Және оны жаратқанда «Бұ Дүние» Адамның өмір сүруіне ыңғайлы күйде дайын тұрған.
Жылу да, жарық та, от та, су да, жеміс-жидек, жан-жануарлар да түгел бар болған. Қасиетті кітаптар осылардың барлығы адам игілігі үшін дейді. Жәннаттан қуылған Адам Ата мен Хауа Ана Жер бетіне жіберілген азапты өмір үшін, сынақ үшін. Адаммен бірге Сайтан да заманақырға дейін Жер бетіне қуылған. Ол Құранда - Ібіліс, Шайтан , Таурат, Забур, Інжілде – Сатана. Бұл қара ниет күш – Адам баласын Қияметқайымға дейін Алланың ақ жолынан тайдыратын, азғыратын, адастыратын күш. Бірақ, Алла Адам баласын Сайтанның тәлкегіне тастап қоймаған. Пайғамбарлар арқылы адамзатқа уахи түсіріп, ол қара күшпен күрес жолдарын аян еткен. Адам сол Құдай кеңесіне құлақ түрсе адасу, азғындаудан ада болмақ. Бірақ Адам әлсіз. Адам Сайтанның арбауына түсіп қала бергіш. Зороастризм Сайтанды Ангромайн дейді. Құдайды Ахурамазда дейді. Бұл діннің айтуынша, Ахурамазда мен Ангромайн Жер бетінде ақырзаманға дейін Адам үшін айқаса бермек. Таңдамақшарда ғана Құдай жеңіске жетіп, Сайтанды өлтірмек.
Осы уәж дәстүрлі діндердің бәрінде де бар. Яғни, «Бұ дүние» Адам үшін уақытша сынақ мекені. Сол майданда сенің қан тамырыңда, жүрегіңде Құдай жүреді. Ал, санаңда сайран салып Сайтан жүреді. Сен үшін, сенің әрбір қадамың үшін осы екі күш тоқтаусыз соғыс салады. Сен бұл шайқаста Құдай мен Сайтан арасындасың. Құдай үні қайсы, Сайтан сыбыры қайсы, соны сен ажырата білуің шарт. Адам үшін болып жатқан осынау шайқаста сен Алла жағына шығуың шарт.
Демек, қасиетті кітаптар бойынша «Бұ Дүние» мәнсіз, мақсатсыз емес. Оның жаратылуында мән-мағына бар, мақсат бар. «Бұ Дүние» Ұлы Жаратушының ғажайып гармония, тәртіппен түзген даңғайыр тылсым туындысы. «Бұ Дүние» тек туынды ғана емес, бұл бас аяғы белгіленген Ұлы Жоба, жоспар. Бұл Жобада кездейсоқ нәрсе жоқ. Бәрі есептелген. Бәрі орнында. Бәрі өз рөлін атқарып тұр. Бұл Жоба діни мәтіндерге сүйенсек, адамзат үшін түзілген. Демек, Адам осынау Аллатағала түзген Ұлы Жобаның бас кейіпкері. Ол өзіне берілген осынау қиын да, күрделі рөлді тарих сахнасында талай мың ғасырлар бойы үздіксіз атқарып келеді. Сол жолда шыңдалумен, өсумен келеді. Алла Адамды өзінің Жер бетіндегі орынбасары атаған. Олай болса, қашан Адам сол деңгейге жеткенше, қашан сол жоғары лауазымға лайық болғанша өз рөлін атқара бермек. Осыдан келіп, көз алдымызда адамзат дамуының аңызға лайық болашағы, фантастикалық көкжиегі ашылады. Ұлы Жобаның мән-мағынасы, мәйегі осында. Осынау сұрапыл сапарда адамзат қауымы Алла жолынан тайып, Сайтан соңына ілесіп кетпесе болды. Сонда Жаратушының «Бұ дүние» аталатын Ұлы Жобасы толық жүзеге аспақ. Толық орындалмақ.
ЖАРАТУШЫҒА АПАРАР ЖОЛ
Адам баласы есте жоқ ескі заманнан бастап Жер бетіндегі, Аспандағы көз көріп, құлақ еститін жаратылыстан басқа көзге көрінбейтін бір құдірет бар екенін, яғни Бұ Дүниенің авторы бар екенін түйсікпен сезіпті.Сезіп сол жаратылыс авторын іздепті. Іздеген табады. Алғашқы адамдар Құдай деп Күнге, көкке, тауға, суға, ағашқа, аруаққа, т.т. табынған. Екінші жағынан – алғашқы адамдар Құдайды іздеу жолында әлгіндей табиғат нысандарына табынғанда ол нысандар ақылға сыймай, таң қалдырғандықтан табынған. Алғашқы адамдар, сөйтіп, Құдайды іздеу жолында сол Құдайдың өзін таба алмаса да Ол жасаған туындыларға табынған. Өйткені, Алланың өзі ғана емес, ол жаратқан туындылардың өзі таңғажайып еді. Сол туындылар көз алдында жайнап тұрғандықтан да, тылсым қасиеттері ми жетпес құпия болғандықтан да алғашқы адамдар сол туындыларға Құдайдай табынған. Ал, аруаққа, яғни өлгендердің рухына табыну болса Күн, Ай, тауға, тасқа, ағашқа табынуларға қарағанда құдайтану жолындағы кәдімгідей озық қадам болыпты. Неге? Өйткені, аруақ дене емес, материя емес – рух. Құдай да материя емес – рух. Тумаған, туылмаған мәңгілік рух. Демек, Құдайды іздеу жолында аруаққа табынушылар бір қадам болса да алға жылжыған. Ұлы ақиқатқа жақындаған.
Құдай ылғи да болған ғалам Иесі әрі оның қорғаушысы. Қамқоры. Әрі Адамды толық бақылауда ұстаушы.
Құдай Адамды о баста өз жанында, яғни Жәннатта ұстау үшін жаратқанын айтады дін. Алайда Сайтанның азғыруымен Хауа Анамыз Құдайтағала тыйым салған жемістен жеді. Адам Атаны азғырды. Ол да жолдан тайды. Екеуі де Құдайдың қаһарына ұшырап, дәлірек айтқанда қарғысына ұшырап Жәннаттан қуылды. Жазалау мекені болған Жерге түсірілді. Сонымен, Алланың Адам атты туындысының болмысынан алғашқы күні-ақ ақау шыққан. Адам періштелердей мінсіз болмай шықты. Кінәға, қателікке бейім болып шықты. Сондай кемшіліктермен дүниеге келді.
Жәннаттан қуылып Жерге түскен Адам Ата – Хауа ана жүздеген жылдар бойы бірін-бірі іздеп таба алмаса керек. Жалғыздықтан жапа шегіп, зар қағады. Ақыры, Құдайтағаланың құдіретімен бүгінгі Мекке маңындағы тауда кездеседі. Адам Ата – Хауа Ана кездесіп, құшақтары табысқан тақтай тас бүгінде қажыға барған әлем мұсылмандарының тәу ететін киелі орны. Өйткені, күллі адамзат тарихы осы жерден басталды дейді діни аңыз.
Жерге келіп бас қосқан Адам Ата мен Хауа Ананың алғашқы перзенттері Абыл, Қабыл бірін-бірі өлтірді. Ауыр қылмыс жасады. Христиандар, сондықтан да, Адам баласын о бастан кінә арқалап өмірге келуші дейді. Қателікке ұрыну Адамның туа бітті қасиеті дейді. Адам тек сол қателігіне өкініп, Аллаға жалбарыну арқылы кінәсін жууы керек деп біледі.
Бір ойды бір ой қозғайды. Осындай кемшіліктермен өмірге келтірілген Адам, сол кемшіліктер арқасында жасаған қателіктері үшін Алла алдында жауапты болғанда, онда, Адамды осылай осал жаратқан Жаратушының өзі де белгілі бір дәрежеде Адам кемшілігі үшін жауапты болып шықпай ма?! Логика, қисын таразысына салсаңыз, осындай сауал туындайды. Әрбір туындаған сауалға жауап берілуге тиіс. Бұл сауалға да жауапты Құраннан таба аламыз.
Аллатағаланың Адам тәрізді рухани ақаумен өмірге келген жан иесіне көзқарасы ата-ананың кемтар туылған перзентіне деген көзқарасындай көлкөсір. Бұл жайлы Касиетті Кітапта көп айтылған.
Адам баласы алайда зейіні жетіп Ұлы Жаратушысының сол мейірімін бағалай алып жүр ме? Алла алдында біз... кейде ата-ана қадіріне жете алмай жүрген жетесіз ұрпақ тәрізді емеспіз бе? Бірақ ата-ананың аты ата-ана. Ол өз перзентіне ешқашан жамандық ойламайды. Адамға деген Аллатағаланың рақымын да осылай түсіну керек.
АДАМ РУХЫНЫҢ ИМАНИ ЗАҢЫ
«...Ой тереңіне сүңгіген сайын мені екі нәрсе таңқалдыра береді. Оның бірі – төбемдегі жұлдызды аспан, екіншісі – көкірегімдегі ұждани заңдар». Ақыл – ойдың арыстаны Иммануил Кант ағынан жарылып осылай деген. Осы бір айтулы пікірдің астарына үңілсек, ұлы ойшыл үнемі екі құбылысқа таң қалумен өтіпті. Бірі – төбедегі тұнғиық жұлдызды аспан. Екіншісі – Адам рухының имани заңдары. Философ жалғыз өз басына ғана емес, жалпы адамзатқа тән сезімді дөп басқан. Жұлдызды аспан. Адам Адам болғалы оны толғандырып келе жатқан жұмбақ әлем. Оның сырын күллі бір ғылым – астрономия айтып тауыса алар емес. Тауысуы мүмкін емес. Екіншісі – Адамның ішкі әлемі. Бұл да түпсіз, терең, тұңғиық жұмбақ. Ғылым қанша айналысса да оның да сырын әлі жарытып аша алған емес. Және ашуы да мүмкін емес. Біздіңше, бұл екі құбылыстың екеуі де Адам миының әлеуеті жетпес, Адам ақылынан сырт жатқан эзотерия майданы. Яғни, ғылымға белгілі заңдылықтар жұмыс істемейтін майдан, Аллатағала ғұзырындағы айрықша зона. Қолдан жасалған робот қанша қабілетті болғанымен ол өзін тудырған Адам құдіретін ұға алмақ емес. Дәл сол сияқты Адам қанша қабілетті болғанымен авторы Алла болып табылатын ғарыш және өзіндегі жан жұмбағын шеше алмақ емес. Бірақ, Адам баласы осы жұмбақтарды түсінуге талпынады. Ұлы ойшылды таң қалдырған сол екі нәрсенің бірі – Адам жанының имани заңдары. Соған тоқталсақ. Адамның ішкі имани заңдарының бірі – ұят сезімі. Адамның моральдық бейнесіне «тікелей жауапты» сезім. Бұл сезім Адамға туа бітті берілген бе? Әлде, жүре келе пайда болған тәрбие жемісі ме? Көбіміз бұл сұраққа «Ұят – тәрбие жемісі» деп жауап береміз. Шынында солай ма? Бастан кешкен өмірден бір мысал. 3-4 жастар шамасындағы бұтымызды енді-енді жаба бастаған сәбиміз. Жаз кезі. Біздің киіз туырлықты қоңырқай ауыл сол жылы Әмудария бойындағы Бұрдалық деген құм арасында отырған. Бұл, меніңше, 1950 жыл. Таң алды шошып ояндым. Шошып оянған себебім, ішкиімімді ылғалдап қойыппын. Бұны енді жұрт біліп қойса қайттым деп ұяттан өртене жаздадым. Дереу жылыстап, төсектен шығып ашық есікке беттедім. Сөйтіп, алакеуім таң астында тысқа шықтым. Шығыс жақ жал құмдардың арғы жағы ағарып келеді. Бірақ, 5-6 киіз үйден тұратын ауыл арасы әлі алакөлеңке. Анадай жерде көлбеп түйелер жатыр. Қотанда шұбартып жатқан ешкі-лақ. Селт еткен Адам баласы жоқ. Жұрт қалың ұйқыда. Есік алдынан құм баурай басталатын. Жалаңаяқ, жалаңбас сол жалаңаш құм бетімен тәй-тәй басып үйден ұзай бердім. Бар арманым көзден таса болу. Мына «қылмысымды» біреу әшкеремей тұрғанда көзден таса жерге барып ішкиімімді кептіріп алу. Далада қанша жүргенімді білмеймін. Білетінім – менің бұл ұятты ісім әйтеуір әшкереленген жоқ. Біреу біліп, бетіме басса ұяттан өліп кетер түрім бар. Осы ұяттың арқасында сол оқиға тайға таңба басқандай есте қалыпты. Және ол балалық шағымның ең ерте естелігі екен. Бүгінде ойлаймын. Сол 3 жасар сәбиді өртеген ұят сезімі бала санасына қалай ерте егілген деп?! Тәрбие бұл сезімді соншалықты күшті етіп, бала бойына тым ерте егіп үлгере ала ма?! Күмәнді. Әлде бұл санамызға Раббымыз туа бітті құйған сезім бе?! Яғни, о бастан болмысымызға тән инстинкт пе?! Туа біткен қасиет болса, бұл сезім Адамның аңнан, яғни маймылдан айырмашылығының басты дәлелі емес пе? Адамның эволюция арқылы маймылдан өрбігенін жоққа шығармай ма?! Кантты таң қалдырған Адамның осынау ішкі имани заңдары Адамға туа бітті қасиет болып шықпай ма?! Яғни, жан имани заңдармен қоса Адамға Алла берген аманат екені расталмай ма? Адамды хайуаннан бөліп тұрған тағы бір іргелі сезім – аяушылық. Адам адамды аяйды. Адам аңды да аяйды. Адам табиғатты да аяйды. Жаратқан Ие Адам жүрегіне аяушылық сезім құйғанда Адам тек бірін-бірі ғана емес, жалпы Жер бетінде тепе-теңдікті сақтау үшін жаратылыстың бәрін аяласын деп құйса керек. Адам осы қасиеттен алыстаса Жер бетіне апат әкелетінін көрдік. Неге Адам өзге Адамды, өзге тіршілік иелерін аяуы керек? Өйткені, сені Құдай қалай жаратса, оларды да солай жаратты. Сондықтан да Құдайдан қорқатын дін Адамы қашанда тірі жан тұрмақ, түгел жаратылысқа зиян келтірмеуге тырысады. Зиян келтіруге оларды жаратқан Құдайдан қорқады. Сондықтан, «Құдайдан қорықпағаннан – қорық» дейді халқымыз. Құдайдан қорықпаған қоғамнан қорық! Құдайдан қорықпаған заманнан қорық! Исламға дейін де тәңіршілікті ұстанған ата-бабаларымыз әр түлік малдың өз иесі бар, олар – Ойсылқара, Зеңгі баба, Қамбар ата, Шопан ата деп білді. Ал, синтоизм болса, одан әрмен сілтеп, табиғаттағы барлық нәрсенің иесі бар деп біледі. Осынау наным-сенімдердің бәрі жаратылыстың жалғыз Иесі Жаратқанға алып барар жолдағы уақытша бекеттерге ұқсайды. Демек, Жаратқан алдында жауапкершілік болмай бұ дүниеде гармония болмақ емес. Біз сол әлемдік гармония негізі аяушылық сезімі туралы сөз қозғадық. Сауал туады. Аяушылық аңға да тән емес пе? Олай болса, Адамның хайуаннан шыққаны рас болмай ма деген сауал. Рас. Бұл іргелі инстинкт аңға да тән. Алайда, бұл ұқсастық Адамның аңнан шыққанының дәлелі емес. Керісінше, күллі тіршілік иелерінің жаратушысы жалғыз Ие екенінің дәлелі. Күллі тіршілік бір «шеберханадан» шыққанын, ол «шеберхана» Иесі жалғыз Құдай шебер екенін көрсетіп тұр. Дарвинизм болса осынау ұқсастықтар дами келе саналы Адамды шығарды дейді. Теология олай демейді. Бәрін жаратқан Құдайтағала дейді. Ендеше, құдіреті шексіз бола тұра Құдайтағала неліктен күллі тіршілік иелерін өзара ұқсас етіп жаратқан деген сауал туындайды. Осы сауалға жауап беру үшін де Жаратқан Ие бізге жоғарғы сана беріпті. Сонымен, күллі тіршілік иелерінің өзара ұқсас болу себебі де Аллатағаланың Жер бетінде тепе-теңдікті сақтау жолындағы сақтығы екенін көріп отырмыз. Егер де Аллатағала жер бетіндегі тіршілік иелерін Адамға ұқсас етпей, мүлдем өзге етіп (мысалы, кейбіреуін жалғыз көзді етіп) жаратса, ақыл-есі артық туған адамзат жүрегінде ол құбыжықтарға деген зәредей де аяушылық болмас еді, ол құбыжықтарды қару күшімен Жер бетінен аластай салар еді. Ал, аңдарға қарап тұрып олардың бір бас, бір ауыз, бір тіл, бір мұрын, екі көз, екі құлақ, аяқ қолы бар, соңына ерген төлі бар, бірақ Адамдай сөйлей алмайтын тіршілік иесі екенін көргенде, жүрегімізде сөзсіз сол тіршілікке деген аяушылық оянады. Мінеки, осы сезімді тудырайын деп, Жер бетінде қырғыншылық болдырмайын деп бізді Құдайтағала «шеберханасында» ұқсас етіп жаратқан. Сондай-ақ, Ұлы Шебер күллі тіршілік иелерін симметрия заңымен, яғни сұлулық заңымен жасапты. Күллі тіршілік иелерінің тас төбесінен құйрығына дейін түзу сызық жүргізіп ойша қақ бөлсеңіз, олардың оңы мен солы бір-бірінен аумайтын екі егіз дене. Симметрия заңы қатал сақталған. Оны кез келген шебер жақсы біледі. Ұлы Шебер де тіршілік иелерін көрер көзге сүйкімді ету үшін сол заңмен күллі тіршілікті жаратыпты. Ұлы Шебер: «Біз адамды көрікті етіп жараттық» дейді Құранда. Сондықтан да Жер бетіндегі күллі тіршілік өз Иесіне күн сайын мадақ айтуға тиіс.НӘПСІ ЖӘНЕ ЖАСТАР
Тіршілік атаулыға тән бір іргелі инстинкт – нәпсі. Жаратқан Ие күллі жан иелерін еркек-ұрғашы етіп екіге бөлген де, олардың ұрпақ жалғастыру «міндетін» осы нәпсі сезіміне жүктепті. Болжалды жасқа келгенде ұлдар мен қыздар мас. Сондай жасқа келгенде аң да, Адам да күрт өзгереді. Жыныстық негізде екіге бөлінген тіршілік иелері нәпсі арқасында бірін-бірі магниттей тартады. Содан бастап олар ұлы өмір спектаклінің басты кейіпкерлеріне айналып, өмір ойынын ойнай бастайды. Алла құдіретімен қойылған сол спектакльде біз өз рөлімізді ойнап шығамыз. Бұл рөл – өмір сахнасына енді көтерілген жастың ең бір жауапты да тағдырхал рөлі. Өмір сахнасындағы сол рөлді қалай ойнап шығамыз? Оны ғажайып махаббат поэмасына айналдырамыз ба, не тастүнек трагедияға айналдырамыз ба, ол бізге байланысты. Біздің адами, имани болмысымызға байланысты. Жастар үшін бұл тым ауыр сынақ. Өйткені, осынау жауапты рөлді ойнауға олар соншалықты дайын емес. Нәпсі оларды өмір сахнасына тым ерте, өрімтал шағында итеріп шығарады. Ұл да, қыз да өз рөлін ойнаудан ұялады. Махаббат майданы – өмір сахнасын тастап қашуға дайын. Бірақ, шегінуге жол жоқ. Өйткені, сен кәмелеттік жасқа толдың. Рөлді мінсіз әдемі ойнап шығуға тек өмірлік тәжірибең ғана жетпейді. Екінші жағынан, терең жасырынған хайуани нәпсі сезімнің әдемі адами көрінісі – ғашықтық оты да лап ете түскен. Ал, қашып көр. Осыдан бастап сен қаласаң да, қаламасаң да, жақсы болсын, жаман болсын, өмір сахнасындағы өз рөліңді ойнай бастайсың. Сенің бойыңда оянған сұрапыл өмірпаз сезімнің арқасында ғашығың көзіңе теңдессіз перизат болып көрінеді. Жәннаттың хор қызы болып көрінеді. Оған қол жеткізу тірілей Жәннат бағына кіргенмен бірдей көрінеді. Ғашығың қол жетпес арманға айналады. Жан-жүрегіңді түгел сол бейне жаулап алады. Сен онсыз, оны көрмесең өліп кете жаздайтын жағдайға түсесің. Құдай оңдап, күндердің күнінде сол ғашығың құшағыңнан табылса, сенің қолыңа бақыт құсын қондырғаның. Екеуің екі жарты, бір бүтінге айналасыңдар. Бір-біріне ұмтылған нәпсі аталынған аталық және аналық ұрықтар бірін-бірі табады. Жаратушының ұлы Жобасы жүзеге асады. Өмір жеңіске жетеді.Өмірге ұрпақ келеді. Демек, сіздер Бұ Дүние бақытын көресіңдер. Сіздер Жаратқан Иеңіздің нығметіне бөлендіңдер. Жер бетіне Адам сынақ үшін жіберілген. Шапағатпен де, кесепатпен де сыналады. Сізді Жаратқан Иеңіз бас айналдырар бақпен де, бас айналдырар байлықпен де сынайды. Сол сынақтардың бәрінен Құдайыңызды ұмытпай өте білсеңіз онда сіз шын мәнінде бақытты Адамсыз. Осы шақ, жастық шақ, Адамның жыныстық жетілген шағы – алдағы ғұмырының бастау бұлағы. Сол бұлақ лайланбаса екен. Жастық шақ алда алыс сапар күтіп тұрған күллі тағдырыңыздың іргетасы. Сол қателіксіз шебер қаланса екен. Адам баласы осы жаста нәпсіге бой алдырғыш. Бойында оянған өмірпаз сұрапыл сезімнің итермелеуімен желөкпе жас некесіз байланыстарға барғыш. Оның салдары қасіретті балалатады. Түсік тастайтын қыздарды көбейтеді. Тастанды балалар көбейеді. Тарих сахнасына шыққан бұл жастар, желөкпе жастар кешегі құдайсыз қоғамның бүгінгі жаңғырығы. Бұл қасірет – құдайсыз қауымның қасіреті. Бұл қауымда зинақорлық, жезөкшелік кінә емес, мақтанға айналады. Бұл қауымның үлкен-кішілері обал-сауап деген ойына да кіріп-шықпай, жас қыздармен жасаған зинақорлығын жыр етеді. «Құдай жоқ. О Дүние жоқ. Бұ Дүние ғана бар. Сондықтан пешенемізге берілген осынау жалғыз өмірде шалқып қалуымыз керек» деп сайтани қағиданы ту етеді. Құдай алдындағы жауапкершілікті жинап қояды. Үлкендерден осындай өнеге көрген жастар зинақорлық жын-ойнақты өмір салтына айналдырады. Нәтижесінде құдайсыз қоғам өмірі бастан-аяқ жын-ойнаққа айналады. Жұрт обал-сауап, кінә дегенді ажырата алмайды. Мұндай қоғам бүкіл әлем сайтандарының жиналып салтанат құратын Жерұйығына айналады. Қоғамдық өмірдің барлық саласында Сайтан салтанат құрады. Нәпсі отына май құйып, жастарды күнәға итереді. Адам бойына өмір жырын жырласын деп Алла берген бұл жақсы сезім, сөйтіп, нәпсі сезімге айналып, жастарды топырлатып кінә құшағына қуып тығады. Жастар қателігін кеш түсінеді. Бармағын кеш шайнайды. Орны толмас өкінішке ұрынады. Біздіңше, Адам баласы бүкіл өмір бойы жасайтын ұждани қателіктерінің 90 пайызын жастық шағында жасайды. Өйткені, жас Адам отқа ұмтылған көбелек десе болар. Осы кезде ұждани қателіктерге ұрынбай өткен жас бақытты. Ұл-қыздарына сондай ұждани тәрбие бере білген ата-ана бақытты. 70 жыл құдайсыз қоғам орнатқан отаршыл кеңестік кезеңге дейін халқымыз исламият аясында иманы ұйыған ел еді. Жастарымыздың арасында жаппай зинақорлық, түсік тастау, тастанды бала деген құбылыстар ілу де бір болмаса жоққа тән еді. Әйел теңдігін жариялап, қызыл жалауын көтеріп қазақ даласына келген коммунистер қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мәдениетін талқандады. «Ескілік жойылсын, жарқын болашақ жасасын!» деп ұрандатқан олар желөкпе жастарымыздың қолына тапанша беріп, ата-анасына қарсы салды. Коммунистер желөкпе жастардың көзінде артта қалған Орталық Азияға прогресшіл батыс мәдениетін таратушы, артта қалған аймақты құтқарушы болып көрінді. Сөйтіп, «ескіліктің» тамырына балта шабылды. Мешіт, медреселер құлатылып, оның орнына құдайсыз ғылымды үйрететін заманауи мектептер салынды. Біз, әрине, заманауи зайырлы мектептерге қарсы емеспіз. Сол мектептерден өзіміз де білім алдық. Біз заманауи өркениетті дәстүрлі мәдениетке қарсы қойған құдайсыз, коммунистік бірбеткей саясатты сынап отырмыз. Комсомол жастардың қолымен коммунистер, сөйтіп, өз елінің тарихи жадын, мәдениетін отқа жақты. Бүгін біз жастар санасында қалған сол 70 жылға созылған Сайтан салтанатының сұрапыл салдарын көреміз. Бүгінгі қоғам сол өткен қоғамның жаңғырығы, жалғасы. Нәтижесінде, бүгінгі жастар батыстың либералдық өркениеті тудырған құбылыстардың күнгей жағын емес, көлеңке жағын алғыш, еліктегіш. Бүгінгі қала жастарының өмір салты – батыс жастарының көшірмесі. Көшірме ешқашан түпнұсқа емес. Жалаң еліктеу жайсыздық тудырады. Смағұл ЕЛУБАЙ.