«Жақсының жақсылығын баса айтуымыз керек» Iлияс ОМАРОВ.
«Өткен ғасыр. Елуiншi жылдар. Солтүстiк Қазақстан облысы, Сергеев (қазiр Шал ақын) ауданы, Ортақкөл ауылында тұратын қарапайым жiгiт. Жасы отыздан асқан. Тұрмыс жүдеу. Денсаулық кемшiн. Бiлiм шамалы. Жар қосағы Кәмеш, шиеттей бала-шаға. Баспана – жалғыз бөлме. Кiтапты жата-жастана оқитын жiгiттiң ауыл өмiрiнен жазатын мақала, очерк, әңгiмелерi аудан, облыстан бастап, республикалық басылымдарда жарық көрiп жатады. Оларды зер сала оқып жүретiн облыстық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы алыс ауылға арнайы адам жiберiп, өзiне шақыртады. Танысады. Таптырмайтын дәрi-дәрмектер алуға, емделуге жағдай жасайды. Жазушылар одағына мүше болу тұрмақ, әлi бiр кiтабы шықпаған жiгiттi облыстан iрiктелген ақын-жазушылармен бiрге Алматыда өтетiн жас жазушылардың мәслихатына жiбередi. Жай жiбермей, қалтасына (қосымша) қаржы салып, астанада тұратын Орталық Комитеттiң бөлiм меңгерушiсi Серiкбай Бейсенбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiреповтермен телефон арқылы жеке-жеке сөйлесiп, әрқайсысына хат жазып бередi. Талапкер Алматыдан оралған соң, обком хатшысы оның ауылына өз аяғымен әдейiлеп барып, хал-жайымен танысады. Бiр бөлме орнына, төрт бөлмелi үй салдырып бередi. Ұзамай тұңғыш жинағы («Бастама») шығады, жаңа үйге кiредi. Осындай қамқорлықтың арқасында ауыл жiгiтi он бестен аса кiтаптың авторы атанып, белгiлi жазушыға айналады. Ол жазушының аты-жөнi – Зейнел-Ғаби Иманбаев. Ал оған көмек қолын созып, жанашырлық жасаған – өзiңiз де шамалап отырғандай – күллi қазақ елiндегi Зейнел-Ғабиден басқа да қаншама дарын иелерiне көл-көсiр шапағаты тиген халқымыздың ардагер ұлы, көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi, осы күнде есiмi көп атала бермейтiн кәдiмгi – Iлияс Омаров болатын. Зейнел-Ғаби Иманбаев – бақиға аттанатын 1987 жылдың 29 қаңтарынан бастап Iлияс Омаров жайлы естелiк жаза бастапты. Шамасы, сырқат жеңе бастағанын сезген бе, соңғы парыз iспеттi естелiктерiн араға қатарынан бiрнеше күн не апта салып жазып отырыпты. Сондықтан да бұл күнделiк емес, тұтас дүние. Аурумен алысып жатып қағазға түсiрген жазушының жан сыры, таңғы шықтай таза, шынайы, табиғи, мөлдiр сезiмi. Естелiк дәптердi маған бұдан жиырма жыл бұрын жазушының қазiр Алматыда тұратын ақын, журналист, музыка зерттеушi, әрi арнайы оқу бiтiрген кәсiби әншi қызы Алтын Иманбаева берген-дi. Естелiк титтей де редакцияланған, не қырналып-сызылған жоқ. Қаз-қалпында. Тек автор сырқат меңдеткенiне қарамай әл-дәрмен үстiнде бiр өшiрiп, бiр сызып жазғандарының көп жерлерiн айыру, түсiну қиын болғандықтан, мұқият түрде тұтастай қайта көшiрiлдi. Естелiк екi тараудан тұрады. Iлияс Омаровтан соң тағы бiр зиялы жан жайлы жазған шағын бөлiгi ертеректе «Парасат» журналында жарияланды. Үшiншi тарауды да бастаған екен. Асқар Лекеров туралы жарты бет жазуға ғана мұршасы жетiп, екi күннен соң – 1987 жылғы 17 қазанда – келместiң кемесiмен мәңгiлiкке кете барыпты» – деп жазады Зәкір Асабаев. 29 қаңтар, 1987 (бейсенбі) Араға көп жылдар түсiп, көп ғұмыр өткен сайын жақсы ағалар, жақсы адамдар жайлы ойлай жүретiн болдым. Олар бiзден қаншалық алыстаса, соншалық жақындай түскендей. Әр кез тiрi, жайсаң қалыпта бiрге жасап келе жатқандай. Солардың бiрi өзiмiздiң Iлекең – Iлияс Омаров – халқымыздың кемеңгер ұлы, қоғам қайраткерi. Мен Iлекеңдi не екi, не үш рет қана көрiппiн. Соның өзiнде аз ғана сәтке. Сол аз ғана сәтте ақ көңiл, адал жүрегiн, баға жетпес адамгершiлiк қасиеттерiн алдыма жайып салған едi. Iлекең арамыздан жас, тiптi қыршын кеттi десе де болғандай. Өмiрiнiң соңғы сәттерiнде Мүсiрепов ағаға айтқан мына сөздерi ұмытылмақ емес (толық келтiрейiн). «Туысқандықты туысқандарымның арасынан iздеген жан мен емес едiм. Ұлы жаңа дүниемiзге кiм үндес болса, соны туысқан, соны дос көрушi едiм. Ондай туысқанды өзiм iздеп тауып алатын әдетiм де болушы едi. Сондай туысқандарым аз да бола бермес. Бәрiне де езiлiп, елжiреп, шыжылдап күйiп, сағынып жатқан жүректен сәлем айт. Дүниелiк қой, бiреу разы, бiреу наразы шығар. Бiрақ Iлияс сондай зәбiр етiп едi деп ешкiм айта алмас. Бәрiне де көп-көп сәлем!» Өзi қайтпас сапарға аттанып бара жатып та бiзге ыстық құшағын осылай жайып кетiптi Iлекең. Иә, сол Iлекеңнiң iздеп-тауып алған сол туысқандарының бiрi мен едiм. Қалам ұстап отырып Iлекең жайлы жазбау маған күнә. Жазу – туысқандық борышым, Iлекеңнiң халыққа, адамдарға iстеген жақсылықтарының мыңнан бiрiн айтып берсем деймiн. Бiр мың тоғыз жүз елу алтыншы жылдың жиырма бiрiншi қарашасы. Жерде қырбық қар бар. Петропавлға тартатын үлкен жолда тұрмын. Үлкен деген аты болмаса, құм төселмеген, жаңбырда машиналар тiлгiлеп кеткен ауыр жол. Ол кезде қатынас қазiргiдей емес. Автобустар жоқ. Мұнар басып жатқан даладан бiр қара көрiнсе қуанасың, бiрақ алмай кетедi. Тағы ұзақ тосу. Түс ауды, әлi жол үстiндемiн. Бiр жақсысы, үстiмдегi ескi тоным жылы, сыртында кенеп шекпен, аяқта пима, тоңатын емеспiн. Тағы бiрнеше машина тоқтаған жоқ. Бетiм қайтып, жасып қалғандаймын. Үш ұйықтасам түсiме кiрмейтiн осы жағдайға қалай тап болдым? Жылы үйде, отбасында жан бағып отырған адам емес пе едiм? Қыс iшiнде жаяулап жолға шығу қай жетiскенiм? Бәрiне осы тiлдей қағаз кiнәлi. Түнде ұйқымыздан оятып берiп едi: «Жас жазушылардың республикалық мәслихатына барасың», – дептi. Тағы сол Iлекең. 10 ақпан, 1987 (сейсенбi). Кеше Зекәнi шығарып салдым. Иә, өткен жылы тамыз айының бiр бұлтты күнi едi. Көп жыл төсек тартып, ендi ғана аяғымды басқаным болмаса, саушылық кем. Тағы ауырып қалдым. Тағы да сол ескi кесел бас көтере бастаған. Жүдеп, жабығып отырғам. Екi адам кiрдi. Бiрi өзiмiздiң басқарма Сексенбай ағай, екiншiсi бейтаныс. Қолдасып амандасып, бiр бөлмелi үкiштей үйдiң төрiне жайғасты. Секең хал-жағдайды сұрастырып жатыр. – Мына жiгiттi танисың ба? – дейдi. – Жоқ. – Обкомнан келiптi, шаруасын өзi айтар. Обкомнан дегенге таңданып қалсам керек. Қоңыр өңдi жас жiгiт шашын қарсы қайырып: – Аты-жөнiм – Ғайсин Өмiрзақ, нұсқаушымын, – дедi ұяң дауыспен. – Iлияс Омаров жiберiп едi. – Iлияс Омаров дейсiң бе? – Иә, Iлекең сiздiң хал-жағдайыңызбен танысып, қандай көмек керек екенiн сұрап бiл, әсiресе, денсаулығының жайын анықта. Дәрiгерлiк көмек керек болса, дереу доктор жiберемiн дедi. – Не үшiн?! Өмiрзақ күн қаққан қоңыр өңiн берi бұрып, сәл қызарақтай сөйледi. – Iлекең сiздiң газетке шыққан әңгiмелерiңiздi қалт жiбермей оқиды екен, бiрақ мұндай жағдайыңызды бiлмептi. Мына мақаладан соң асығыс аттандырды. Өкiл көрсеткен «Қазақ әдебиетi» бiзге әлi келiп те жетпеген. Онда сол кезде оқып жүрген қазiргi белгiлi заң қызметкерi, жазушы Мөртай Қосшығұловтың қысқа мақаласы жарияланған. Мақалада талантымды асыра мақтап, денсаулығым мен тұрмыс-халiмдi асыра ауырлатып жiберiптi. Көмек керек, қамқорлық керек деп жар салыпты ғой. Бетiмнен отым шықты. Әй, құдай-ай, соның бәрiн неге жазды екен? Жұртты дүрлiктiрiп ұят болды-ау деймiн. 11 ақпан, 87 (сәрсенбi). – Сiзге қандай көмек керек, соны айтыңыз, – дедi өкiл. – Ештеңе де емес, денсаулық керек, туберкулездiң жаңа дәрiсi шықты деп естимiн. Құлан-таза жазады дейдi. Сол болса ғой, – дедiм. – Айтайын, сұрастырайын, – деп кiтапшасына түртiп алды. – Тағы не керек? – Ештеңе де емес. Басқарма мен өкiл жүруге ыңғайланып едi, бiздiң кеңесiмiздi үнсiз тыңдап тұрған келiншегiм Кәмелия жатты да жабысты. 16 ақпан, 1987 (дүйсенбi) Осыдан бiраз жылдар бұрын: «Шырақ, сенiң дертiңдi жазуға медицинаның күшi келмейдi», – деп кесiп айтқан Шеин дейтiн кәрi дәрiгер әлi орнында екен. Бұрынғысынан да қартая түсiптi. Басын шайқап, таңдайын қаға бердi. Адам баласының мұншалық жансебiлдiгiне таңданатын сияқты. – Мынау жаңа дәрi арнайы жiберiлiптi. Бұл медицинаның жаңа табысы, – деп алдыма қойған құмшекерге ұқсас ұнтақты қалай iшу керектiгiн түсiндiрiп болып «сөзсiз тәуiр боласың» деп шығарып салды. Алғысымды күнi өткен кәрi дәрiгерге емес, Iлекеңе айтып келем. Сауыға бастадым, таяқты тастадым. Қол жұмысының ауырын да, жеңiлiн де iстедiм. Осы жазда Кәмеш екеумiз қол шалғымен шөп шаптық, отын тасыдық. Алматыда ұзақ жүрiп қалсам да, семьям жұтайтын емес. Тәуекел деп тартып кеткенiм сол. 18 ақпан, 1987. Осы арада Рахметулла шыға жөнелiп, көп ұзамай: – Iлекең сiздi тосып отыр, жүре қойыңыз, – дедi ол аптығып. Сасқалақтап қалдым. – Жүрiңiз, жаяу жете алатын жер, осы арада тиiп тұр. Машина жiбермек едi, бас тарттым, – дедi Рахметулла. Қазiргi облыстық аурухана болып тұрған обкомның үйi редакцияға расында жақын екен. Баспалдақпен жоғары көтерiлдiк. Арман етiп жүрген үлкен адаммен кездесу сәтi мұншалық тез түскенi таңданарлық едi. Қос қабат есiктiң сыртқысын ашқанда-ақ iштен нәзiк әтiр исi аңқып қоя бердi. Кең кабинеттiң арғы төрiнен сымдай тартылған жайдары жүздi, кере қарыс маңдайлы, келiстi адам берi беттеп келе жатты. Ол нақ орта тұста менi тосып алып, қос қолдап амандасып, креслоға отырғызды. Өзi екiншiсiне жайғасты. Мүйiз шеңберлi көзәйнектiң аржағынан мейiрiмдi үлкен көздерiмен қарайды. Ол алғашқы сөздi денсаулығымның жайын сұраудан бастады. 19 ақпан, 1987 (бейсенбi) Қашан, қалай келгенiмдi, қайда тоқтағанымды, мұқтаж болсам қонақүйде бөлме бар екенiн тез-тез айтып шықты. – Рахмет, осында туысымның үйiндемiн, – дедiм. Қазақстан орталық партия комитетiнiң секретары болып тұрғанда Iлияс Омаровтың газетке басылған фотосуретiн көрiп, баяндамаларын оқитынбыз. Сонда Iлекеңмен осылай кездесем деп кiм ойлаған. Және менiң жас қиялымда ол батырлардың батыры болып есептелетiн. Iлекең әлi жап-жас, ер тұлғалы, сырбаз адам екен. Қазiр де кемеңгердiң алдында өзiмдi қалай ұстап, қалай сөйлеу керектiгiне ақылым жетпей, қысылып қалсам керек. Соны сезген Iлекең ауылдағы ағайларша жымиып қойып, ел жайын, ауыл тұрмысын сұрастыра бастады. Бұрынғы ауылды елестете отырып, қазiргi өзгерiстердi бiлгiсi келдi. – Шым үйлi, жер едендi баспаналар соғыс бiткеннен соң азайды. Жұрт үй тұрмысын жөндеуге ұмтылуда. Әсiресе, ағаш үйлер салуға талпынды. Бiрақ... – Айта берiңiз. – Бiрақ құрылыс материалдары жоқ, сол көп бөгет. – Өз үйiңiз қандай? – Бiр бөлмелi ағаш үй. – Көлемi? – Төрт те бес метр. – Семьяңызда кiм бар? – Үш бала мен келiншегiм. Iлекең балалардың жасына, аты-жөнiне дейiн сұрап бiлдi де: – Үйiңiз өте тар екен, – деп кәдiмгiдей ренжiп қалды. – Жоқ, аға, үйiмiз кiшiрек болса да, ескi емес, үш-төрт жыл бұрын ауыл-ағайын көптеп-көмектеп тұрғызып берген, – дедiм. Iлекең сөздi сол ауыл тiрлiгiне қарай бұрды. – Ауылымыз кiшкене, небары отыз шақты үймiз. Мәдени орындар жоқ, жарық, радио жоқ. Әзiрге бұрынғыша бәрi... – Колхоздың орталығы Баянда ше? – Оларда жарық бар – радио жоқ. Клубтары ескi, кино көрсетiлмейдi. – Онысы жарамаған екен. Ал көгалдандыру қалай? Үй маңайына ағаш отырғызу, көкөнiс өсiру? – Бiзде жоқ. Баянда бiрер үйде тал өсiп тұр. Негiзiнен татарлардың үйлерiнде. – Үй гүлдерi ше? – Ол да соларда. Менi ұялтпас үшiн ғой деймiн, «өз үйiңде бар ма?» деп сұрамады. Үлкен ұялы көздерiн төмен салып, ойланып қалды. Сонан соң сәл күлiмсiреп: – Үйге үй гүлi өсiрiле бастады дегенше, мәдениет кiрдi деп бiлiңiз. Ал аулаңызда тал өссе, ауыл көркейдi деп бiлiңiз, – дедi. Алғаш осының бәрi ұсақ-түйек, тiптi, сөз етуге тұрмайтын бiрдеңелер болып көрiнiп едi. Iлекеңдей үлкен адамның майда-шүйденi сөз еткенiне ренжiп те қалғам. Кейiн түсiнсем, ол кiсi араласқан небiр кiшкентай iстiң өзi зорайып, мазмұнданып кетедi екен ғой. Назар аударған ұсақ-түйектерi ауылды мәдениеттендiрiп, халықтың тұрмысын жақсартуға апаратын сенiмдi баспалдақтар екен ғой. Осы жолы Iлекеңнiң уақыты көп пе немесе әдейi ауыл тiрлiгiн түбегейлi бiлiп алайын дедi ме, әйтеуiр, асықпай кең отырды. Ауылдың күнгейi мен көлеңкелi жақтарын да сұрастырды. Әдет-ғұрып, той-томалақтың қалай өтетiнiн де бiлгiсi келдi. Той-жиын арақсыз, сырасыз өтпейтiндiгiн, бiраз адамдардың iшудi өнер көрiп, жастарды да тартып бара жатқанын айтқанымда Iлекең қатты тiксiнiп: – Мiне, бұл бақытсыздыққа бастайтын қасiрет жолы! – деп орнынан тұрып кеттi. Ауа жетпегендей желдеткiштi ашып, жүдеу тартқан күзгi көшеге қарады. Қабақтары түйiлiп қана қоймай, күйзелiп тұр екен. Кейiн ойласам, келер ұрпақ тағдыры екен ғой күйзелткен. – Арақ бiздiң ауылдарға елуiншi жылдардың қарсаңында келдi. Оған дейiн оның не екенiн ешкiм бiлген жоқ, – дедiм. – Сол қалпы бiлмегенi абзал едi ғой, – дедi Iлекең. – Жә, әңгiмемiз көңiлсiз болып бара ма, қалай? Басқасына көшейiк. Iлекең ендi қайтадан жайдары қалпына түстi. – Шығармаларыңыздан мол мүмкiндiгi бар жас талапкердiң өсiп келе жатқанын көрiп бек қуаныш етемiн, – дедi. – Негiзiнде сiз Чехов пен Бейiмбеттен көп үйренгенге ұқсайсыз. Әңгiмелерiңiз қысқа да, тiлiңiз құнарлы, юморға толы. «Сөз өнерiнiң күшi аз сөзбен көп жағдайды бiлдiруiнде» деп Плутарх айтқандай, екi-үш бет әңгiмеңiзден тiрi адамды, оның ой-арманын, iс-әрекетiн, бар болмысын жазбай таныта алады екенсiз. Бұл сiздiң iлгерi дамыта, шыңдай түсетiн жазу тәсiлiңiз болу керек. Осы қолтаңбаңыздан жаңылмауыңызды қалар едiм, – дедi. Мен қызарып кетсем керек. – Сiздi шамадан тыс мақтап отырғам жоқ, расы осы, жалғыз-ақ айтарым, жазуда асығыстық болмасын. Оқушы деген қатал сыншы, мүлт кеткен жерiңiздi тап басып, тани алады. Жо-жоқ, мен сiздiң шығармаңыздан ондай ағаттықты көрмедiм. Айтып жатқан ескертпем. Сiзге Белинский мен Герцендi мұқият оқуға кеңес берер едiм. Бұларда жас жазушыларға үйренер тағылым мол ғой, – деп Iлекең тұрып барып стол тартпасынан газеттер алып шықты. 20.II.87 (жұма) – Сiздiң шығармаларыңызды жинастырып жүргем, – дедi ол газеттердi парақтап. – «Кеселдiң кесiрi», «Мансапқор», «Сойдақ тiс», «Мұсатайдың бiр күнi» қып-қысқа дүниелер. Осы төрт әңгiмеде төрт түрлi жағдай, төрт түрлi адам мiнезi мен iс-әрекет бар. Ауылдағы өзiмiздiң ағайындар ғой. Оқып отырып әлгi адамдармен жүзбе-жүз кездескендей өзгеше қызық әсер алдым. Ал, осылар тура болған оқиға ма деймiн. – Рас, болған. Адамдардың есiмдерi ғана өзгертiлген. – Мiне, шығарма өмiрдiң өзiнде дейтiнiмiз осы, – дедi Iлекең даусын көтере сөйлеп. – Шығарманың көркемдiгi өмiрдi тап басып, шынайы көрсете бiлуде. Тап басып дегенде.. – деп кiшкене ойланыңқырап қалды. – Тап басып дегенде өмiрде болған немесе осы бар оқиғаны сол болмысымен көшiре салудың да ретi жоқ. Жазушы бал арасына ұқсас. Бал арасы гүлдiң шырынын алып, өз балын құяды. Сол сияқты жазушы да гүлдiң исiн алып, өз гүлiн жасауға тиiстi. Өмiрдегi болған оқиғаны өз қиялымен, өз шабытымен орап, өзгеше әсерлеуге тиiстi. Көркем шығарма жазу өмiрдi бiлу, сүю ғана емес. Шарт сол, көрген-бiлгендi көркемдiкке айналдыруда. Бұл тұрғыда сiздiң iлгерi басқандығыңыз бар. Әңгiмелерiңiзде жағымсыз кейiпкерлердiң бояуы қою, ал керiсiнше, жағымды кейiпкерлердiң кескiнi солғын тартып, тасалау қалып қоя ма, қалай? Бiз жаманнан жиiркенте отырып, жақсының жақсылығын баса айтуымыз керек. Мен сыншы да, әдебиетшi де емеспiн. Көп оқырмандардың бiрi ғанамын. Өз ойымша осылай сияқты. Сiз көңiлiңiзге ала көрмеңiз, – деп Iлекең үлкен ала көздерi күлiмдей қарады. – Атамаңыз, ол не дегенiңiз, – деп сасқалақтап қалдым. Осы кезде телефон шырылдап, Алматы байланысқа шықты да, Iлекең секретарына: – Мына кiсiнi үйiне апарып салсын, – дедi. – Ал, сау бойыңыз, тағы да кездесемiз ғой. Ало, Алматы ма? Иә, мен ғой... Кейiнде Iлекеңнiң қоңыр даусы естiлiп жатты. Ертеңiне Iлекеңнiң ақ «Победасы» тағы келдi. Кешегi сол қызыл шаш шофер. – Сiздi Iлияс Омарович шақырады, – дедi. Күн сенбi болатын. Iлекең бүгiн сарғылт костюм киiптi. Кабинетте нәзiк әтiр иiсi мол. Кешегiден әлдеқайда көңiлдi де сергек. Көптен таныс, сырлас адамша хал-жағдайымды сұрап жатыр. – Кеше сөзiмiз бөлiнiп кеттi ғой. Айтылмаған, анықтамаған, анықталмаған жағдайларыңыз, ой-ниеттерiңiздi сұрап бiлуге уақыт та болмай қалды. Ендi соған көшейiк. Айтыңызшы, сiзге қандай көмек керек? Ұялмаңыз. – Аға, тiптi, ештеңе де керегi жоқ, қам жемеңiз. – Мүмкiн емес, – деп даусы қатқыл шықты. Онда сiзге керектi мен айтайын. Алдымен денсаулық керек. Бұл ең бастысы. Осында облыстық денсаулық сақтау бөлiмiнiң бастығы Сағымбек Ақжанов деген жолдас бар. Мен телефон соғып сөйлестiм, анада Ғайсин Өмiрзақ айтып келген жаңа дәрiңiз түсiптi. Керегiнше беруге келiстi, бұл бiр. Мен таңданғанымды жасыра алмадым. Мұншалық үлкен жұмыс атқара отырып, бiр жыл бұрын айтыла салған болмашыны жадында сақтап, жерiне жеткiзiп отырғанына қайран қалдым. – Ол болмашы дүние емес, денсаулық, ал денi сау адам – ең бақытты адам, – дедi Iлекең. – Екiншi, сiздiң семьяңыз көбейiп келедi екен. Ол үлкен қуаныш, бiрақ баспанаңыз тар. Сiзге кең, тұрмысқа лайық үй керек. – Ағай-ау, ондай үй салуға менде мүмкiндiк жоқ қой, – деп зар қақтым. – Ештеңе етпейдi, көмектесемiз. Негiзгi салмақты колхозға саламыз. Үшiншi шаруа – кiтабыңызды бастыру. Сiзде жинақ етiп басарлықтай шығармаларыңыз жеткiлiктi ме? – Әрине, бар, көбiн газеттен жұрт оқып жүр. Басылмағандары да бар. Қырқыншы жылдары өлеңдерiм үзбей шығып жүрдi. Осы күнi қарасам, өте төмен. – Оларды қоя тұрыңыз, әңгiмелер жинағын дайындаңыз. Сiздiң жазғандарыңыздың оқырман көңiлiнен шығатынына кәмiл сенемiн. Iлекең орнынан тұрып, столдың тартпасынан обкомның конвертiне салған үш хат алып шықты. – Бiрiншiсiн Сәбитке, екiншiсiн Ғабитке, үшiншiсiн Орталық Комитеттiң бөлiм бастығы Серiкбай Бейсенбаев жолдасқа табыс етiңiз. Сiзге көмек жасауын өтiндiм. Өзiңiз қашан жүрмекшi едiңiз? – Дүйсенбi күнi таңертең. – Ендеше, қазiр төменге түсiп, Лосов деген жолдасқа кiрiңiз. Бүгiн қысқа күн ғой, кетiп қалар, – деп асықтырды Iлекең. 1.III.1987 Ауылда жатып апта сайын хат жазатын Жазушылар одағының үйi «Пролетарская, 11-ге» ертесiне барғанбыз. Көлiк кiретiн қақпасы, тар ауласы бар қарама-қарсы салынған кiшiрек ескi ағаш үй екен. «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетiнiң» редакциялары да, одақтың барлық бөлiмдерi де осында. Тар, қапырық. Үкiштей бөлмелерде адамдар қызмет iстеп отыр. Көп жылдар шығармаларын оқып, суреттерiн мектеп оқулықтарынан көрген ақын-жазушыларды осында кездестiрдiк. Бiрiншi болып Сейiтжан Омаров ағай жолықты. Аты-жөнiмiздi бiлген соң, кәдiмгiдей қуанып қалды. Столынан менiң әңгiмелерiмнiң қолжазбасын алып, қанағаттанарлық екенiн айтты. Мәслихатқа деп прозалық дүниелердi жинастырып жүрген болу керек. Басында зерлеген қызыл тебетейi бар ақын Жұмағали Сайнды да, «Миллионер» мен «Шығанағын» құмартып оқыған жазушы Ғабиден Мұстафиндi де кездестiрдiк – Жақсы шығармалар жазыңдар, жақсыға жол ашық, – дедi ағалық ақылын айтып. Ал Iлекең жiберген үш хаттың иелерi мұнан табылмады. Сәбит ағай одаққа сирек келе ме, сол күнi үйiнде де болмады ғой деймiн, хатты қалдырып кеттiк. Ғабит ағаның қызмет қылатын жерi басқа жақта болды. Iздеп таптық. Ескi үй, кiшкентай кабинет. Есiк алдында хатшы қыз отыр. «Кiрсiн», – дептi. Кiрдiм. Тар, тiптi жұмыс столы есiкке жақын. Сәлем бердiм, алды. Үстiнде қара костюм, ақ көйлек, қызыл галстук. Иегiмен орындықты нұсқады. Бас-аяғыма қарап қойып, алдында жатқан «Қазбектiң» бiрiн алып, асықпай уқалады, тұтатты. Түтiндi шамалап сорып, үрлеп тастады. Темекiнi құнығып емес, ермекке тартып отырған сияқты. Сонан соң қисық қайырылатын кекiлiн серпiп: – Сөйле, – дедi. Сөйлемес бұрын Iлекеңнiң хатын ұсындым. Хатты алып, аударып көрiп, еппен ашты. Хаттың алғашқы жолдарына көз жүгiрткенде, арасы алшақ қастарын керiп, күлiмсiрей бастады. Оқып болып, иек астына қойып бiраз отырды да: – Жасың нешеде? – дедi. – Отыз екiдемiн. – Өзiң де кәртемiш екенсiң ғой. Адамның ақыл-парасаты толысатын кез осы тұс, не қалайсың менен? – Кiтабымды бастырайын деп едiм. – Е-е, бастыр, кiм қой дедi. – Көмектессеңiз... Ғабең шалқайыңқырап отырды. «Қазбектiң» бiреуiн тағы сүйреп кеттi. – Iлияс емделу үшiн қаражат бер дептi. Ондай мүмкiндiк әзiрге жоқ. Кiтабың шығатын болса, қаламақысын жақсылап төлейтiн етермiз. Иә, қаламақы мәселесi де қиын, – дедi темекiсiн түтiндетiп. – Сен кiтап бастыруға көмектес дейсiң-ау! Ол өзiңе байланысты. – Рахмет, аға! Бұл ақылыңыз әрқашан жадымда болады, – дедiм маңдайымды сүртiнiп. 13.III.87 (қатты тұмау бас көтертпейдi). Осы съезд күндерi алғашқы жинағым «Бастама» кiтап болып қолыма тидi. Қатты мұқабамен көркемдеп шығарыпты. Қуанышымда шек жоқ. Бұл орындалған арманым едi. Осы жолы Досмағамбет Тасекеев, Әскен Нәбиевтер де өз кiтаптарын алды. Досекең «Әңгiмелер» деген сол кiтабына «Құрметтi досым, бауырым Зейнел-Ғабиге» деп, ал Әскен «Перзентiне» «Қаламдас досым Зейнел-Ғабиге» деп қолтаңбаларын жазып бердi. Осы шағын екi кiтапша басқалардың ортасында көрнектi жерде сақтаулы тұр. Сол жылы бiр тосын оқиға болды. Жазғы кез. Сырттан мотор гүрiлi естiлдi. Қарасам, жасылы бар, ағы бар, екi-үш «Победа» тоқтап тұр. Машинадан түскендер иiрiлiп қалды. Алдында маңдайы жарқырап Iлекең тұр екен. Сондағы қысылғаным өмiрi есiмнен кетпес. Iлекең сонымды сезе қойды ғой деймiн. Жайдары күлiп: – Баста үйiңе! – деп соңымнан iлестi. Iлекең атамыз қазақтың дәстүрiмен үйге сәлем берiп кiрiп, төрге отырды. Соңынан ергендердi ендi ғана тани бастадым. Аудандық Совет аткомының председателi Макаров, райкомның секретары (аты-жөнiн ұмыттым), аудандық орман шаруашылығының бастығы Тригубченко, өзiмiздiң басқарма Тұралин Сексенбай, тағы бiр танымайтын бiреулер бар. Ере келгендерден екеу-үшеуi ғана үйге кiре алды. Қалғандары ашық есiктен мойындарын созады. Iлекең хал-жайымды, амандық-саулығымды сұрап алып, кiшкентай қалқылдақ столды алдына тартып қағаздарын жайып тастады да, есiк жақта тұрғандарға қарап: – Мынау жас жiгiт, – дедi менi нұсқап, – осы аядай үйде он жылдай төсек тартып жатқан, тұрмыстың небiр ауырлығын, аурудың небiр сұмдық азабын көрген, бiрақ ешқашан мойымаған, өмiр сүрудiң мүмкiндiгi болмай қалғанның өзiнде ажалды жеңiп шыққан дәтi мықты адам. Жазушы. Мынау алғашқы кiтабы, – деп портфелiнен менiң «Бастамамды» алып көрсеттi. Былайша айтқанда, сiздердiң өз Николай Островскийлерiңiз. Талантқа бiзде жол ашық, талантқа көмектесу керек, еңбек етуiне мүмкiндiк жасау керек. Бүгiн сiздердi осында ертiп келуiмнiң мақсаты да сол. Кәне, үй салуға көмектесемiз бе? – Көмектесемiз, Iлияс Омарұлы, – деп алдымен үн қатқан Макаровтың өзi болды. – Сiзге қандай үй қажет? – деп сұрады Iлекең менен. – Төрт бөлмелi. – Төрт бөлмелi үйге қанша бөрене, қанша тақтай, шыны, шеге, шифер кетедi? – деп сұрады Iлекең. – Елу кубометр бөрене, он кубометр тақтай, пәленбай шыны, түгенбай шифер, – деп Секең қойын кiтапшасын парақтап жатыр. – Бәрi де болады, райисполком атынан қаулы алып, жақын орманнан деляжа шығартамыз. Басқа материалдарды да iздестiремiз, – дедi Макаров. – Мiне, бұл жөн сөз, – деп Iлекең қуанып қалды. – Осы шаруаның басы-қасында өзiңiз болыңыз, Анатолий Арефиевич, өтiнемiн. – Мiндеттi түрде, – деп жатыр анау. Тағы қандай сөздер айтылғаны есiмде жоқ. Iлекеңе дәм берудiң жайын ойлап, қатты қысылып тұрғам. – Ал, жолдастар, жүрейiк, – деп қағаздарын жинастыра бастады. – Дәм iшiңiздер, мал соямыз, – дедiм. – Рахмет, мың рахмет, асығыспыз, – дедi тоқтаудың ретiн таппағандықтан қызарыңқырап. – Жаңа үйге кiрген соң келем ғой, өкпелеме, қайткенде де келем. Жабыла сыртқа шықты. Iлекең менi ертiп, үй салатын орынды көрдi. – Жақсы, кең жер. Осы алқапқа ағаш ек, гүл ек, үлкен баққа айналдыр. Басқа жазушылардың қоныс-мекенiнен кем болмасын. Жұрттың – бәрi соны iстесiн. Ауылдарыңыз жақсы жерде екен. Екi жақта екi көл, дала, орман бiр-бiрiмен әдемi үйлестiк тапқан, – дедi. Сыртта бозторғай шырылдап қоя бердi. Iлекең тыңдай қалды. Мүйiз шеңберлi көз әйнегiн алып, көздерiн сүрттi. – Иә, жүрейiк. «Победаның» артқы орындығына отырып жатып: – Өкпелеме, қайткенде де келем! – деп Iлекең алғашқы сөзiн тағы айтты. 1956 жылы күзде үй салу жөнiнде айтқан ақылын орындау үшiн арнайы келiп, бастықтарын кездестiрiп, мiндеттеп кеткен екен. Осыдан көп уақыт өтпей Iлекеңдi астанаға жоғарылатып жiбердi. Екi жыл еңбектенiп, 1961 жылдың күзiнде үйге кiрдiк. Сол кезде Iлекең айтқан бақшаның алғашқы жас көшеттерi отырғызылды. Қоныс мекенiмiз шағын баққа айналды. Осы төңiректе өсе алатын ағаштар түгел егiлдi. Түгел тамыр жайды. Жиырмадан артық жасыл қарағай шатырға қарай бой көтерiп, жайқалып тұрды. Бақта алма, қарақат, тұшала, ерга, тағы басқа бұталар жемiс бере бастады. Аула алуан түрлi гүлге толды. «О, шiркiн, Iлекең келiп көрсе ғой», – деймiн. Арманым сол – Iлекең келiп көре алмады. Мемлекеттiк жұмыстан қолы тимедi. Оның үстiне, өзi ауыр сырқат екен. Операциялар жасалыпты. Кейiн бiлдiк. Жетпiсiншi жылдың жазында редакцияға барсам, жiгiттер өте көңiлсiз көрiндi. Әрқайсысына жалтақтап қарай берсем керек. Ақын Абай Қазиев: «Сен ештеңе естiмеген сияқтысың ғой», – дедi. – Жо-жоқ... – Ауыр қазаға ұшырадық. Iлекең қайтыпты, – дедi. Iшiме бiр ыстық от тастап жiбергендей болды.– Апырай, не дейсiң, Iлекең де өлушi ме едi! – деппiн ғой.
13 наурыз, 1987. 18 сағат.