29 Қыркүйек, 2011

Парасатты көзқарас қажет

443 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанада еліміздің Байланыс және ақпарат ми­нистрлігінің ұйытқы болуы­мен «Суицидті БАҚ-та жа­рия­лау жөнінде ақпараттық саясатты қалыптастыру» та­қы­рыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, суи­ци­долог-сарапшылар, психологтар және БАҚ өкілдері қа­тысты. Суицид – әлем елдерін тол­ған­дырған қауіпті құбылысқа ай­налғаны басы ашық шындық. Ба­тыс елдері де, Азия мемлекеттері де оған асқан алаңдаушылықпен қарап отыр. Сол себепті де бұл проблеманың алдын алу мақ­сатында стратегиялық зерттеу жұ­мыстары қал-қадерінше қол­ға алынуда. Елімізді де  бұл мәселе айналып өте қойған жоқ. Қазақ­стан­ның суицид қатері дендеп ен­ген мемлекеттердің ішінде тұ­руы осының бірден-бір дәлелі. Бұл ретте, мәселенің мәнісіне тереңнен бойлау, оның шығу себептерін зерттеу БАҚ өкіл­де­рі­нен жауапкершілікті қажет етеді. Бұл күнгі жиын өзегі де осы­ған сайды. Басқосу кезінде сөз алған еліміздегі телекоммуникация саласының қызметкері Айнаш Гайсина суицид мәселесін жазудағы шетелдік БАҚ-тардың тәжірибесі төңірегінде әңгіме қоз­ғады. «Мен суицид мәсе­ле­сі­нің шығу тегі мен оның алдын алу бағытында жүргізіп отырған жұмысын сараптай келе, Кана­да­ның тәжірибесін бөле-жара айтар едім. Бұл ел аталған күрделі мәселені мемлекеттің емес, аза­маттық қоғамның стратегиялық зерттеулері негізінде анықтауға тырысады. Яғни, бұл зерттеулерде қоғамдағы түрлі жағдайлар негізге алынады. Сондықтан, біз де осындай елдердің тәжірибесін басшылыққа алғанымыз абзал», деді  А. Гайсина. Ал Психикалық ауытқу­шы­лық­тар мәселелері бойынша ме­дициналық орталықтың өкілі Елена Полиенко жастар мен жас­өспірімдердің қоғамдағы кез келген ақпаратты психологиялық көзқарас тұрғысынан қабылдауға бейім тұратындығы, сондықтан  бұл мәселені де түбегейлі зерттеу қажеттігі жөнінде өз ой-пайымын жеткізсе, телекоммуникация са­ла­сы­ның маманы А. Серғазин  суицид мәселесін жариялаудағы БАҚ-тардың рөлі және олардың аталған жағдайға әсері төңі­ре­гінде әңгіме өрбітті. «Әрбір журналист өзінің жаз­ған дүниесіне байыптылықпен, сақтықпен қарауы керек. Өзінің жазғаны қоғамдағы кез келген азаматтың сана-сезіміне әсер етуі мүмкін екенін ойлауы қажет. Бүгінде суицид мәселесін қозғау қоғамда интрига туғызу үшін де қажет деп қарайтын БАҚ өкіл­де­рі бар. Бұл қате түсінік. Сон­дық­тан, мұндай күрделі мәселені жазар алдында оған асқан жауапкершілік тұрғысынан қарау қажет деп санаймын», – деді Е. Полиенко. Жиын аясында оған қаты­су­шы­лар мәселе түйінін шешуде мемлекет, қоғам және БАҚ-тар­дың ортақ ұстанымын қалып­тас­тыру, суицид мәселесін БАҚ-тарда қозғауға қатысты арнайы ұсынымдар тізбегін әзірлеу жайын талқылады. Әрине, қатерлі құбы­лыстың, оның белең алу үдері­сі­нің қоғамға, азаматтарға дұрыс түсіндірілуі мәселеге бір жақты емес, жауапкершілікпен қарауды талап ететіні анық. Сондықтан, басқосу кезінде көтерілген суицидке қатысты кез келген мәлі­мет БАҚ-та жарияланар алдында сан сипаттағы зерттеулерге, нақ­ты дереккөздеріне сүйеніп барып әзірленуі қажет деген ой-пай­ым­дар да мәселе жүгінің салмағын көрсетеді. Жиын қорытындысында ар­найы ұсынымдар қабылданды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.