Астанада Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай облыстарының күндері өтуде
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты арқасында еліміз тарих үшін қас-қағым сәт болып есептелетін 20 жылда ғарыштық даму жолынан өтті. Елбасы өзінің Жарлығымен 2011 жылды Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жариялағаны да осы ұлы мақсат мүддесінен туғандығы айқын. Алдағы ұлы мерекеге орай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы мемлекеттік комисия құрылып, мерекенің жалпыұлттық жоспары бекітілгендігі белгілі. Соған сәйкес, еліміздің бас қаласында барлық облыстардың күндерін өткізу шарасы белгіленген болатын. Бұдан бұрын Астанада Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының мәдени күндері өтті. Міне, кеше осы дәстүр аясында Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының күндері басталды. Төменде аталған облыстардың бас қаламызда өтіп жатқан күндерінен мақалалар топтамасын жариялап отырмыз.
СЫРДЫҢ СЫЙЫ
Ақ күріштің отаны, сырлы да жырлы Сыр өңірінен шыққан үлкен көш 27 қыркүйекте Астана қаласына атбасын тіреді. Жағалауына тарих тұнған қос дария Сырдария мен Әмударияның құнарын тел емген ежелгі Сыр топырағында өнген ауылшаруашылық өнімдерін бас қаламыздың тұрғындарына тарту ету үшін Қызылордадан аттанған көштің қомы мен қоржыны толы еді. Елбасының тікелей тапсырмасымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты жасалған жалпыұлттық жоспарға сәйкес бекітілген шаралар шеңберінде Астана қаласында басталған Қызылорда облысының мәдени күндері шеңберіндегі жәрмеңке әуезді ән, күмбірлеген күймен өрілді.
28-29 қыркүйекте Астана қаласындағы «Думан» ойын-сауық орталығы алаңындағы Сыр өңірінің ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі шынайы мерекелік рухта басталды. Жәрмеңке барысында ұлттық өрнекпен безендірілген киіз үйлер маңайында орналасқан өнер сахнасында мың бұралған би мен күмбірлеген күй асқақтап тұрды. Қызылорда облысының әкімдігі жәрмеңкеге келушілерге және қала қонақтарына барынша қызмет көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шығатын тамақтандыру орнына дейін ұйымдастырыпты. Жәрмеңке өтіп жатқан алаңда өңір экономикасы жетістіктерін көрсететін Қызылорда облысының картасы бейнеленген макет келушілердің назарын бірден өзіне аударды.
Қызылорда облысының ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырған жәрмеңкесінде өңір бренді болып танылатын «Сыр маржаны» күрішінің неше сорты сөрелерден орын тауыпты. Облыстың ауылшаруашылық құрылымдары осы шара шеңберінде Астана қаласының тұрғындарына 60 тоннадан астам ақталған күріш өнімдерін әкеліпті. Сонымен бірге, республика тұтынушыларын былай қойғанда, Еуропа және Азия елдерінде ерекше қызығушылық танытып отырған Арал теңізі балықтарының неше түрі орын алған. Арал балықшылары Астана тұрғындарына жалпы көлемі 30 тонна балық өнімдерін жеткізген. Сауда сөрелерінде саудаға салынған Арал теңізінің атақты балықтары камбала мен дөңмаңдайдан басқа, сазан, көксерке, табан, ақмарқа сияқты балық түрлерін табуға болады. Жәрмеңкенің сауда сөрелеріне Сыр бойының аузыңнан дәмі кетпес 200 тоннадан астам шырыны бал қауыны мен қарбызы қойылыпты.
Еліміздің бас қаласының тұрғындарын бейжай қалдырмаған Қызылорда облысы жәрмеңкесі өтіп жатқан алаңға облыс әкімі Болатбек Қуандықов келіп, осы күнгі шараларды насихаттап жүрген астаналық журналистер үшін шағын брифинг ұйымдастырды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында атқарылар шаралар шеңберінде Қызылорда облысының іс-шаралары да айқындалған. Біз осы мерекеге орай «Думан» ойын-сауық орталығының алаңында жәрмеңке өткізудеміз. Бұл жәрмеңкеге облыстан 400 тоннадан астам азық-түлік өнімдері әкелінді. Оның ішінде, Арал өңірінен 37 тонна балық, 170 тонна бақша өнімдері, ет өнімдері және басқа да ауылшаруашылық тауарлары бар. Біздің басты мақсатымыз – осы әкелген өнімдерімізді елорда тұрғындары үшін тиімді бағамен сатып, халыққа барынша жағдай жасау. Жәрмеңке аясында біздің Сыр елінің өнерпаздары, оның ішінде, Байқоңыр айлағының өнертапқыштары да өз жетістіктерін паш ететін болады», деді журналистермен жүздесуінде облыс басшысы.
* * *
ОҢТҮСТІКТЕН ЖЕТКЕН ӨНІМ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын ел мерейі үшін ерекше мереке ретінде атап өтуді тапсырған болатын. Осыған байланысты ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында белгіленген шаралар шеңберінде Астана қаласында облыстардың мәдени күндерін өткізу дәстүрге айналып келеді. Міне, осы шара аясында біз де сонау шырайлы Шымкент, атақты Қазығұрт өңірінен елордаға атбасын бұрған едік.
Мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Жаңа базар» ауылдық округінің әкімі болып еңбек етемін. «Жаңа базар» ауылдық округінде негізінен жер баптап, мал өсіретін 12 мың халық мекен етеді. Ауылдық округімізде 608 шаруа қожалығы және 19 өндірістік кооператив жұмыс істейді. Осы ауылшаруашылық құрылымдарының ішінде 270 шаруа қожалығы мен 7 өндірістік кооператив мал бордақылау жұмысымен айналысады. Округ бойынша құрылған ауылшаруашылық құрылымдарында бүгінгі таңда 5700 ірі қара мал бордақы алаңына қойылған. Сонымен бірге 27800 ақтылы қой өсіріледі. Өткен жылы аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен басқа өңірлерден мыңдаған күркетауық балапанын сатып алып, тілек білдірген шаруа қожалықтарына 100-500-ге дейін балапандар бөліп бердік. Қазір бұл құстың өнімі де ел игілігіне асып жатыр.
Оңтүстік өңірінің халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады ғой. Сонау 90-шы жылдардың өлара кезеңінде ауыл еңбеккерлері үшін күрделі жағдай қалыптасқаны белгілі. Бірақ Мемлекет басшысының сара саясатының нәтижесінде соңғы жылдары ауыл еңбеккерлерінің еңбегі де жана бастады. Бұл орайда Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асырылған «Ауыл жылдары» атты үшжылдықтың ықпалы мен оң жетістіктері айтарлықтай болды. Соның арқасында бүгінде ауыл еңсе көтеріп, округіміздегі шаруа қожалықтары атқарған жұмысының жемісін көре бастады.
Астана қаласында өтіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы күндері аясындағы жәрмеңкеге біз 4 тонна ірі қара мал, 1 тонна қой етін әкелдік. Айтулы мерекеге арналған осы жәрмеңкеден «Жаңа базар» ауылдық округіне қарасты 9 елді мекендегі бірде-бір шаруа қожылығы қағыс қалған жоқ. Жаңабазарлықтар Астана қаласында өтетін осы жәрмеңкеге 10 тонна картоп, 10 тонна пияз, 7 тонна кырыққабат, 4 тонна қияр және 4 тонна қызанақ әкелді. Өңір намысы сынға түсетін осы бұқаралық шараға «Байтүгел» ӨК жетекшісі Сейітқали Сапар-алиев, «Жарас» ШҚ және «Сейдалы» ШҚ-ның басшылары Сырым Ертаев, Жұман Елемесовтер ерекше белсенділік танытты.
Нұрлыбай ЕГЕМҚҰЛОВ, «Жаңа базар» ауылдық округінің әкімі.
* * *
ҚАРМАҚШЫЛЫҚТАР ҚАРЫМЫ
Ел тілегі егін үстіне ауған биылғы қоңыр күзде Сыр бойының диқандары ақ маржан күріштен бітік өнім алды. Бұл Қызылорда облысының ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланатын жылға тартқан тартуы десек те болады. Өздеріңізге белгілі, елімізде өндірілетін күріштің 90 пайызы Қызылорда облысында өседі. 2011 жылы Сыр маржанының егіс көлемі облысымызда 77,4 гектарға жеткізілді. 2010 жылы облысымызда ең жоғары өнім алынып, күріш алқабының әр гектарынан орташа есеппен 46,8 центнерден өнім жиналып, облыс бойынша 316,5 мың тонна күріш салысы жиналған болатын. Биылғы мерекелі жылы бұл көрсеткіш еселенеді.
Басқасын былай қойғанда, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тойланатын жылы облысымызда 23 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық, оның ішінде, 5 ірі қара, 7 қой, 5 жылқы және 6 түйе өсірумен айналысатын шаруашылықтар ашылды. Бюджеттен бөлінген қаржы есебінен облысымызға 1000 бас ірі қара, 4185 қой, 500 жылқы, 80 түйе лизингке беріліп, 29 фермерлік шаруашылықтар ұйымдастырылды. Қазір өңірдегі төрт түлік малдың басы 1990 жылдың деңгейіне жетті.
Міне, осы жетістіктерде біздің Қармақшы ауданының еңбеккерлерінің де үлесі ерекше. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен іс жүзіне асырылып жатқан индустриялдық даму бағдарламасы шеңберінде де ауданымызда атқарылып жатқан ауқымды істер баршылық. Мәселен, осы бағдарлама шеңберінде ауданымызда «Дорстрой» ЖШС-нің жалпы құны 220 миллион теңге тұратын «Қорқыт ата зиярат етушілер орталығы кешенінің құрылысы» жобасы жүзеге асырылды. Аудан еңбеккерлерінің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланатын мерекелі жылға тартуы қомақты.
Аудан еңбеккерлері бас қаламызда өтетін жәрмеңкеге 30 тоннадан астам азық-түлік тауарларын әкелді. Оның ішінде 10 тонна күріш, 5 тонна қауын, 5 тонна қарбыз, 2 тонна асқабақ, 5 тонна картоп, 2 тонна қызанақ және басқа егіс өнімдері бар. Ауданымыздағы 8 ауылдық округ әкімдері осы жәрмеңкеге 2 тоннадан астам ет әкелуге мұрындық болды. Оның ішінде бұл жәрмеңкеге өнімдерін жібермеген шаруа қожалығы жоқ десе де болады.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы шеңберінде өткізіліп жатқан бұл шараларға шын ризалық сезімдеміз. Елбасымыздың сара басшылығымен жетістіктен жетістіктерге жете берейік.
Ерлан ҚАЛИЕВ, «Қармақшы» ауданы әкімінің орынбасары.
* * *
ТАБЫСЫМЫЗ БАЯНДЫ, ТАРТУЫМЫЗ ТОЛЫМДЫ
«Жаңа базар» ауылдық округіне көршілес орналасқан, яғни еліміз аралас, қойымыз қоралас қоныстанған «Көкібел» ауылдық округінің еңбеккерлері де бүгінгі жәрмеңкеден қалыс қалған жоқ. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бас қаламыз – Астанада өтетін облыстың ауылшаруашылық жәрмеңкесіне біз де артынып-тартынып жеттік. Біздің ауыл тұрғындары да еліміздің айтулы мерекесіне қолда бар табыстарын баянды ете отырып, шын мағынасында жоғары көңіл-күймен келді.
Шежірелі оңтүстік өңірінің шұрайлы жеріне қоныстанған біздің «Көкібел» ауылдық округінде бүгінде 250 шаруа қожалығы және 8 өндірістік кооператив еліміздің аграрлық өнеркәсібін өркендетуге өзіндік үлесін қосып келеді. Біздің ауылшаруашылық құрылымдары негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Біздің егіншілер бидай, арпа және басқа дәнді дақылдар өсірсе, малшыларымыз облысымыздың ет өндірісін өркендету мақсатында мал бордақылаумен шұғылданады. Ауылдық округімізде 2700 бас ірі қара, 22500 қой бордақыланады. Сонымен бірге, 850 жылқы өсіріледі.
Біз облысымыздың күндері аясында Астана қаласында өтіп жатқан жәрмеңкеге 5 тонна ет және ондаған тонна көкөніс өнімдерін әкелдік. Осы шараға «Көкібел» ЖШС-нің жетекшісі Мақсұт Сыдықов, «Жүзімдік» ӨК-нің жетекшісі Еділ Смағұловтардың ерекше еңбек сіңіргендігін айту парыз. Ауылдық округте еңбек ететін барлық шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтер бүкілхалықтық мереке – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын толайым табыстармен қарсы алып отыр.
Баратбай УСИПОВ, «Көкібел» ауылдық округінің әкімі.
* * *
КІТАПХАНАДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Астанада өтіп жатқан Қостанай облысы мәдениетінің күндері аясында Ұлттық академиялық кітапханада Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, драматург Ақылбек Шаяхметтің елордалық оқырмандармен кездесуі болып өтті.
Кездесуге Нұрғожа Оразов, Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы, Серікбай Оспанов сияқты белгілі ақын-жазушылар қатысып, сөз сөйледі. Сол сияқты Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сейіл Баймағамбетов, еңбек ардагерлері Кеңес Әубәкіров пен Қорған Әмірхамзиндер Қостанай облысының еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық салалардағы қол жеткізген табыстары туралы баяндап, бүкіл еңбек жолын туған елінде өткізіп келе жатқан ақынның шығармашылығы туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында ақынның шығармаларына жазылған әндер орындалып, Ақылбек Шаяхмет өзінің соңғы жылдары жазған өлеңдерін оқыды.
Осы күні елордадағы Қостанай облысының мәдени күндері шаралары аясында Астанадағы қазіргі заманғы өнер мұражайында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорынан алынған жәдігерлер көрмесі өткізілді. Мұражайға келушілерді осы өлкетану мұражайы қорынан алынған «Көне дәуір шеберлерінің күміс жолы» атты зергерлік жәдігерлер мен «Қостанай нақыштары» атты көркемөнер көрмесі бей-жай қалдырған жоқ.
Бетті ұйымдастырған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Суреттерді түсіргендер Орынбай БАЛМҰРАТ, Игорь Бургандинов.