Адам деген қызық қой. Жаныңда жүрген досың есейгенмен, жасы ешқашан ұлғаймайтындай көрінеді. Бірақ олай емес екенін күндердің күнінде, сол досың ақсақалдық жасқа жетіп, елдің сөзін сөйлер азаматқа айналғанын көргенде бірақ-ақ білесің.
Біз Мейірхан Ақдәулет екеуміз жай ғана аға мен іні емес едік. Біз рухани аға мен іні едік. Бірге жүргеннің барлығы жақындық емес. Жақындық – жан жарастығында. Мұндайда бірге татысқан дәм, екеуара ықылас-пейілдің шежіресі еске оралады.
1980-ші жылдары, анық қашан екені есімде жоқ, Алматыда әдебиетшілердің үлкен жиыны өткен. Осы жиында кезектесіп сөз алып, өлең оқыған ақындардың ішінде біреуі маған қатты әсер етті. Ол кезде «эстрадалық поэзияның», декларациялық стильдің өркендеп тұрған кезі. Вознесенский, Окуджава, Рождественский құсап өлең оқу белең алып тұрған. Кімге қалай екенін білмеймін, ал маған сахнада Шекспирдің драмалары ойналып жатқандай әсер ететін. Алайда, мына көрген ақынымның жөні бөлек еді. Әлбетте, жұрт алдына шығып, өз өлеңіңді өзің оқып беруің – ол көркемсөз оқумен бірдей эстрадалық өнер. Бірақ орта бойлыдан биіктеу, нығыз денелі, аққұба келген жігіт ағасының өлең оқуында жүректі дір еткізетін әлдеқандай иірім бар еді.
Артынша таныстық. Ол кейіннен Алматыда бірнеше газет-журналда істеді, Жазушылар одағына ауысып «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етті. Осы жылдары жақынырақ араластық. Білім қоғамды еріксіз жіктейді. Пікірлесе келе, оның терең біліміне куә болдым. Интеллектуалдық кеңістікте осы уақытқа дейінгі белгілі болған елеулі құбылыстардың барлығынан хабардар екен. Еңбекке ерте араласқан, ерте үйленіп, балалы-шағалы болған адамның осының барлығына үлгеруі, осының барлығын оқып, біліп отыруы мені қатты таңғалдырды. Менің ең ұзақ қызмет істеген жерім – консерватория. Жазушылар одағы екеуі қатар тұр десе де болады. Қолым тигенде «Қазақ әдебиетіне» барамын. Мейірхан кейде асығыс материал дайындап жатады, кешірім сұрайды. Ал қолы бос болғанда одан әңгімеші адам жоқ. Әрине, мұндай сұхбат өте сирек болатын еді.
Кейіннен Мейірхан Ақтөбеге кетіп, сол жерде «Алтын Орда» газетін ашты. Аз уақыттың ішінде аталмыш газетті маңдайалды ақпарат құралы деңгейіне жеткізді.
Ұмытпасам, 2001 жылдың көктемі еді. Мейірхан Алматыға жұмыс бабымен келе қалды. Драма театрының алдында бір қариямен әңгімелесіп тұр екен.
– Кетпе, – деді амандық сұрасқаннан кейін, – Сөйлесетін мәселе бар.
Аздан соң екеуміз Абай көшесінің бойымен орталыққа қарай жүрдік, сол беті Жазушылар одағына дейін жаяу келдік. Осы жолы Мейірхан бұрынғысынан көбірек әңгіме айтып, талай мәселенің бетін ашқан.
– Адам өзінің міндетін қолдан келгенше адал атқаруға тырысуы керек, – деген еді ол көшеге ойлана көз тастап келе жатып, – Міндет сенің өлшемің. Парызыңды орындап көр, сонда өзіңнің кім екеніңді, адам ретінде неге татитыныңды түсінесің. Бір кемеңгердің айтқаны бар ғой, «Өтірік күнде айтылады, соған орай шындық та күнде айтылып отыруы керек» деп. Ақиқатқа жетерміз-жетпеспіз, бірақ ақ пен қара тым болмаса тең тұруы керек.
– Кеңес заманында арғымақты матап байлап тастап, дистанцияға есекті шығаратын жаман әдет болды ғой. Біздің кейбір жігіттер сол әдеттен әлі арыла алмай келе жатқан сияқты. Мақсатым, көлеңкеде қалған тұлғаларды, қапаста өлген ойшылдарды жарыққа шығару.
– Біздің қоғам кеңестік тоталитарлық жүйеден әбден күйреп шыққан, құндылықтары жүз сексен градус кері айналған, бағыт-бағдардан айрылған бейбақ қоғам. Қиянатты түстеп тани алмай, оған жақтасу – екі есе қиянат. Мақсатым, әлеуметтік келеңсіздіктерді ашып көрсету, оң мен солды таныту.
– Қазақта білімді адамдар бар. Бірақ олардың сөзі мен ой-пікірі халыққа жете бермейді. Баспасөз осы жерде дәнекер, яғни қарапайым оқырман мен білімдіні жалғайтын көпір болуы керек. Орыстанып бара жатқан халықтың бір бөлігін қазақ мәдениетіне қайтару керек. Ұлттық мәдениет бір ғана тілде сөйлеуі керек. Біз, осы күнгі терминмен айтсақ, посткеңес халқымыз ғой. Неше ғасырлық тепкінің салдарынан адамның қиянатқа, зорлық-зомбылыққа еті үйреніп кеткен. Олай болмайды. Әлеуметтің келеңсіздігін, қиянатын кешірдің, не елемедің, бітті, ол енді сенің келеңсіздігің, сенің қиянатың. Адам бұл қорқынышты ұйқыдан оянуы керек.
– Мен ашқан газет – «сары баспасөз» емес. Сондай-ақ маған, әлемді шарлап сенсация тауып әкеліп беретін журналист те керек емес. Фердинанд Лассаль айтыпты ғой, «Мен қаламның жезөкшелігін жеккөрем» («Я ненавижу проституцию пера») деп. Ақысын берсең боқысын шығаратын, нені болса да жазып, кімді болса да, нені болса да былғап бере алатын журналистің де маған керегі жоқ. Маған тек қана ұлттық санасы бар, қазаққа жаны ашитын білімді авторлар керек.
Сөзді бөлмей тыңдадым. Мейірхан Одақтың жанына келіп, әңгімені бірақ-ақ түйіндеген.
– «Алтын Орда» менің жеке газетім емес. Менің әкемнің немесе жездемнің газеті емес. Ол – халықтың газеті. Инвесторларға рахмет. Газеттің ішкі мәселесіне араласпайды. Меценат деген осындай болады. Осының арқасында «Алтын Орданы» бір биікке жеткіземіз деп отырмыз. Әрине, сендердің көмектеріңмен. Біз бәріне ортақ мінберміз, ұлттық трибунамыз. Сондықтан, саған, саған ғана емес – барлығыңа ұсынысым, ұсынысым емес – өтінішім, жазыңдар. Біз басамыз. Ішіңдегі құсаны шығар. Әрине, «политкорректность» деген бар. Ұлт араздығына желеу бермеу керек. Тағы қайсыбір қытықшыл әңгімелерді айтпасаң болды. Ал мұның сыртында өнер мен мәдениетке қатысты қай тақырыпты қозғасаң да – құп.
Мейірхан Ақдәулеттің ойын ұққан саналы авторлар жабыла жазды. «Алтын Орда» аз ғана уақыттың ішінде ұлттық мінберге айналды. Адам өзінің мүддесіне қайшы іске барады. Мұның аты – тектілік. Мейірхан басқарған газет осы уақыттың ішінде қаншама жалған идеалдарды талқандап, қоғамдық түсінікке айналып кеткен қаншама мерезді ашып көрсетті. Желге буаз болған, ісіп-кепкен қаншама «пайғамбар» тақтан түсті.
Таланттан да биік талант, дегдарлықтан да биік дегдарлық бар. Ол – басқаның талантын тани білу, мойындай білу және жай тану мен жай мойындау емес, сол таланттыға, сол дегдарға жол ашып беру. (Тоталитарлық дағдылардан әлі арыла алмай отырған біздің заманда бұл – ерекше бітімнің көрінісі).
Басқасын былай қойып, бір ғана нәрсені айтайын. Бірде «Алтын Ордада» бір мақала жарияланды. Авторы – ол кезде әлі белгісіз Серікбол Қондыбай. Мақала әлемдік ғылымның стандарттарына сай, өте биік деңгейде жазылған. Телефонның құлағын бұрап Мейірханға хабарластым.
– Мынау өзі дүниеде бар адам ба? Бұл не деген керемет, осы уақытқа дейін қайда болған? – дедім.
Мейірхан күлді.
– Әрине, бар адам. Алғаш оқығанда мен өзім де таңғалғанмын. Зәкіржан Кәлкенбай деген меншікті тілшіміз арқылы мақаласын беріп жіберіпті. Өзі пәленбай жылдан бері арбада отырған мүгедек екен.
Міне, Серікбол Қондыбайды ұлттық феномен деңгейіне көтерген даңқты жол осы «Алтын Ордаға» жарияланған мақалалардан басталып еді.
Айта берсе әңгіме көп. Мейірханның әдебиеттегі де, қоғамдық қызмет саласындағы да еңбегі зор. Шағын мақалаға оның барлығын сыйғызу мүмкін емес. Реті келер, оның тамаша поэзиясын да тілге тиек етерміз. Алла соған жеткізсін.
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ.
Алматы.