29 Қыркүйек, 2011

Бестөбе су қоймасына су жіберілді

646 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының би­ыл­ғы Жолдауында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы басты міндеттер туралы атап айтыл­ған­дығы көпшілікке жақсы белгілі. Ал, Мойнақ ГЭС-і осы бағ­дарлама бойынша жүзеге асы­ры­ла­тын ірі нысандардың бірі. Жа­қында ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы­на орай, Алматы облы­сы­ның Райымбек ауданындағы Ша­рын өзені аңғарында Бестөбе су қой­масын суға толтыруға ар­нал­ған салтанатты рәсім болып өтті. Премьер-Министрдің орын­­­басары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бастаған үкі­меттік делегация Мойнақ ГЭС-індегі бұл жұмыстың бары­сы­мен жан-жақты танысты. Еліміздің экономикасы үшін стратегиялық маңызы жоғары гидрокешеннің құрылысын салу өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдары жоспарланған болатын. Әр кезеңнің, әр уа­қыт­­­тың өз үкімі, өз талабы бола­тындығы жасырын емес. Соған орай, бұл жобаның да кезінде жолы болмай, кідіріске ұшы­рады. Оған басты себеп, бір кездері даңқы дүрілдеп тұрған, алып Одақтың тас-талқаны шығып күй­реуі болды. Оған қоса қа­ражаттың жетіспеушілігі «ғасыр құрылысын» оңтайлы, яғни қо­лайлы сәт туғанша тоқтата тұруға мәжбүр етті. Ауқымды гидро электр стансасының құрылысы, бұдан тура бес жыл бұрын, яғни 2006 жылы ғана қайтадан қолға алынды. Ауқымды да ірі мемлекеттік жоба, сөйтіп бірқатар уақыттан соң Индустрияландыру картасына енгізілді. – Бір құптарлығы, Мойнақ ГЭС-індегі маңызды жұмыстар алдын-ала белгіленген жоспар бойынша жүргізілуде. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, қуаты 300 МВт. станса Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыр­масына орай, жоспар­лан­ған мерзімде пайдалануға берілмек, – деп атап көрсетті Әсет Исекешев. Бүгінге дейін бірқатар жұ­мыс­тар атқарылды, атап айт­қанда, гидротурбинаны монтаждау жұмыстары жүргізіліп, бө­гет тұрғызылды және басқа да көптеген жұмыстар жүзеге асты. Шын мәнісінде де, бір кездері «ғасыр құрылысы» атан­ған бұл жобадағы құры­лыстың ауқымы айтарлықтай екендігі сөзсіз. Шарын өзенінің шағын ғана учаскесіндегі су­дың қысымы өте жоғары деп айтуға әбден болады. Аны­ғы­рақ айтқанда, жер асты тоннелімен жүретін судың негізгі көлемі (16000 тонна) секун­ды­на 75 метр жылдамдықпен жү­ретіндігі көп нәрседен хабар берсе керек. Жалпы көлемі 238 миллион текше метрді құрайтын Бестөбе су қоймасын толтыру іс-ша­ра­сы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің және Алматы облысы әкімдігі өкіл­дерінің қатысуымен салтанатты түрде жүзеге асырылды. Сала басшыларының айтуынша, жа­қын айларда жасанды су қой­масы қажетті мөлшерде тол­ты­рылады. Соның нәтижесінде, яғни биіктіктің өзгерісі есебінен әлемдегі құны ең арзан электр энергиясы өндірілетіндігі кө­ңілге қуаныш ұя­латары сөзсіз. «Самұрық-Энерго» АҚ бас­қар­масының төр­ағасы Ерлан Үпу­шевтің пікірінше, мұндай іргелі жоба­ның келешегі кемел және берері де мол. Ауқымдылығы айтарлықтай мол гидротораптың пайдалануға берілуінің мақсаты да, маңызы да зор екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл жұмыстың ең басты ар­тық­шылығы, ол еліміздің оңтүстік аймағындағы – Оңтүстік Қазақ­стан, Жамбыл және Алматы об­лыстарының тұрғындары үшін электр энергиясының тапшы­лы­ғын азайтады. Сонымен қатар, оң­түстік аймақты электр қуа­ты­ның іркілістері мен кідірістерінен де құтқармақшы. Сала бас­шылары хабарлағанындай, мемлекеттік маңызы зор жоба бағы­тындағы іс-шаралар одан әрі жетілдіріле түскен. Мәселен, би­ылғы жылдың желтоқсан айында жалпы қуаты 150 МВт. екі ге­нератордың бірі жіберілмек. Екінші генератор пайдалануға берілгеннен кейін, келер жылдың бастапқы айларында электр қуа­тының орташа мөлшері 1 миллиард квт/сағатқа жоғарылайды. Со­ның нәтижесінде республика Қыр­ғызстанның электр қуаты им­портына тәуелділіктен құ­ты­лады. Мойнақ ГЭС-інің құ­рылыс алаңдарында мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал олардың көпшілігі жергілікті тұр­ғындар екендігін де атап айт­қан жөн. Қазақстан Тәуел­сізді­гі­нің жи­ырма жылдығы мерекесі қар­саңында пайдалануға берілетін бұл нысанда отандық «Мой­нақ ГЭС» АҚ пен «Kerneu Limi­ted» және Қытайдың халықара­лық су шаруашылығы және энер­гетика корпорациясы жұмыс істейді. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы. ---------------------------------- Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.