Электр қуаты сөніп қалды, плитка құлады, көрші көлігін дұрыс қоймады, емханада дөрекілік танытты, құбыр жарылды, төбелестің куәгері болдыңыз ба? Енді астаналықтарға өздерінің тұрмыстық мәселелерін шешу үшін бірнеше мекемелерге хабарласудың қажеті жоқ. Бар болғаны, ахуал орталығының 109 нөмірін терсе, жеткілікті.
Елорданың диспетчерлік орталығы бір ай бұрын жұмысын бастаған болатын. Осы уақыт аралығында тұрғындар арасында кең қолданыла бастады. Орталық жұмысының нәтижесі мен қызметтің болашағы туралы елорда әкімдігінің медиа орталығына Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин айтып берді.
- Бүгінгі таңда қаладағы ахуалды жедел бақылау үшін үш мың бейнекамералар орнатылған. Солар арқылы барлық ақпарат орталыққа түседі. Жыл соңына дейін камералар санын он мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Камералар қаланың барлық бұрыштарын бақылайды. Оператордың міндеті ахуалды қадағалап отыру, тұрғындардың қоңыраулары мен шағымдарына жауап беру. Бұл ретте сұрақтардың әртүрлі болатынын айта кеткен жөн. Бұл – инфрақұрылым, ТЖ, түсіндіру, ақпарат беру тағы да басқа мағынада болуы мүмкін. Операторлар тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың жұмысы штатан тыс жағдайларды анықтау, құқық бұзушылықты болдырмау, тұрғындарға көмектесу, - дейді Андрей Лукин.
Ахуал орталығында барлық мемлекеттік органдардың өкілдері болады. Сондықтан олар қызмет жұмысының барынша тиімді болуын қамтамасыз етеді.
- Мемлекеттік орган өкілдері орталықта тұрақты жұмыс істейді. Олар денсаулық сақтау, білім, ТҮКШ, құрылыс және басқа да сала мамандары. Маңыздылығы сол, штаттан тыс жағдайға немесе инфрақұрылымға қатысты қандай да бір ақпаратты алған бойда барлық мәлімет біздің ахуал орталығындағы жауапты мамандарға жеткізіледі. Мысалы, денсаулық сақтау басқармасынан бөлім маманы болады, ол хабарламаны алған бетте орнатылған телефон немесе рация байланысымен ведомстволық бағынышты мекемелерге тапсырма береді. Емханаларға ауруханаларға жедел жәрдем станцияларына т.б. Олар да тапсырма алған сәттен жылдам әрекет етеді және белгіленген уақыт регламентіне сай мәселені жояды, - дейді Лукин.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, ережеде аталған мәселелерді жою мерзімі де көрсетілген. Қосымша ресусртар қажет болған жағдайда арызданушыға хабарланады.
- Егер ашық люк болса, бір сағаттың ішінде қалпына келуі тиіс. Ал, егер басқа құрылыс компанияларының араласуы қажет болмаса, айталық, бір жердің плиткасы түсіп қалса, жөндеуге екі сағат уақыт беріледі. Кейде түрлі техникалық себептерге байланысты үлгермей жатамыз, мысалы, материалдарды жеткізу не болмаса ауыстыру қажет болса, біз арызданушыға мәселені айтып, түсіндіреміз, - дейді А.Лукин.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, тұрғындар тарапынан өтініш-талаптардың басым бөлігі коммуналды мәселелерге қатысты. Дегенмен, түрлі жағдайдар болады.
- OpenAir шарасы кезінде бізге балаларын жоғалтып алғандары туралы қырыққа жуық хабарлама түсті. Яғни, концертті тамашалауға келген ата-аналар балаларына көз қырын салмаған. Олар біздің көмегімізге жүгінді, біз сол жерде жүрген ішкі істер органдары, құқықтық тәртіп, еріктілер, арнайы қызметтің мамандары арқылы бірден көмекке келдік. Соның арқасында аз уақыттың ішінде балаларды тауып, ата-аналарына табыстадық, - деді Лукин.
Орталықтың жұмыс істегеніне бір ай ғана болғанына қарамастан үлкен сұранысқа ие. Тұрғындардан бөлек, шетелдіктер де баға туралы немесе басқа да анықтамалық сұрақтарға қатысты жиі хабарласады. Орталықтың операторлары алты тілде кеңес бере алады. Тәулік ішінде орташа есеппен 600-ге жуық қоңырау келіп түседі. Аталған қызмет түріне алдағы уақытта сұраныс артуы мүмкін.
- Қолдағы ресурстар операторлар мен телефон желілерінің санын көбейтуге мүмкіндік береді. Біз оған дайынбыз. Орталықтың операторларына барлық тұрмыстық жағдай жасалған: асхана, киінетін бөлме, әйелдер мен ерлерге арналған жататын, жуынатын орын. Мұнда жүзден астам адам жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда олардың штаттық кесте сай жұмыс істеулері үшін тағы да адамдарды жұмысқа алатын боламыз, - деп түйіндеді сөзін А.Лукин.