Аймақтар • 09 Маусым, 2017

Жітіқарада хризотилді қорғауға арналған шеру өтті

270 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жітіқара қаласындағы «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамы кәсіпорны алдында «Хризотил, бұл – өмір!» деген девизбен қалалықтардың шеру өтті.

Жітіқарада хризотилді қорғауға арналған шеру өтті

Ол Базель, Роттердам және Стокгольм химиялық конвенцияларының 180 елден 1,5 жарым мыңдай адам қатысқан  Женева конференциясындағы хризотил жақтаушыларының кезекті жеңісіне арналды. Роттердам конвенциясы 1998 жылы 10 қыркүйекте қабылданған болатын, оны Қазақстан Республикасы 2007 жылы 20 наурызда ратификациялады. Бұл конвенцияның мақсаты – халықаралық саудада адам ағзасына, қоршаған ортаға қауіпті химиялық заттарды болдырмауға жауапкершілікті күшейту. Осы кезге дейін Еуропадағы ықпалды корпорациялар зиянды деген желеумен табиғи әрі сапалы, арзан материалды нарықтан ысырып тастау үшін халықаралық саудада айқау шығарумен келеді.  Хризотилға қарсы күресті ұйымдастырушылар негізінен бұл минералдар өздерінде өндірілмейтін, оның табиғи қоры жоқ мемлекеттер болып табылады.  

Асбетке қарсы жақ пен хризотил-асбест жақтаушылары арасында текетірес 2004 жылдан бері жалғасып келеді. Биыл сәуір-мамыр айларында Женевада өткен кезекті бас қосу да  осы  күрестен тыс қалмады. Бұл жолы да хризотил-асбесті алдын ала  негізделген, дәйекті келісім жасау процедурасына енгізу мәселесі тағы да көтерілді (PIC). Құрамында Қазақстан, Ресей бар Роттердам конвенциясының  мүше елдері әзірге хризотил-асбесті қауіпті зиянды заттар қатарына қоспау туралы шешімге келді.  Бұл мәселені қарауды  екі жылдан кейін болатын конференцияға қалдырды.

Бейбіт шеруге шыққан жітіқаралықтар алаңға хризотил қорғаушыларына алғыс айтуға, оны өндіруге тиым салушыларға  қарсылығын білдіруге келді. Жітіқара қаласындағы «Қостанай минералдары» кәсіпорны Қазақстандағы хризотил өндіретін, өңдейтін жалғыз кәсіпорын. Алаңға жиналған еңбек ардагерлері, кәсіподақ мүшелері мен көшбасшылары, кәсіпорын жұмысшылары, жастар қауіпсіздікті қадағалаған жағдайда хризотилдің ешқандай зияны жоқтығын айтты.

«Біздің өндіріс орны – өте сирек, бірегей кәсіпорын! Бұл жерде еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік қамтамасыз етілген, барлық жағдай жасалған, өндірісті жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі жағдай біз, аға буын өкілдері  еңбек еткен жылдармен салыстырған аспан мен жердей десе болады» деді еңбек ардагері В.Сахарова.

«Мен электрмеханик мамандығын таңдадым. Мен бұл мамандықты таңдағанда нақ осы  «Қостанай минералдары» кәсіпорнында жұмыс істеуді мақсат тұттым. Менің ата-анам да, өзім де «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамының қала құраушы кәсіпорын болып қала беретініне, болашағына сеніміміз зор.Менің мамандығым оңай емес, бірақ өте қызықты мамандық. Мен кәсіпорынның өндіріс алаңдарында болдым. Бұл жерде ылғи жұмыс, өмір қайнап жатады, жаңалықтар енгізіледі, жаңғыртылады. Мен соның барлығының ортасында жүремін. Біз, жастар кәсіпорынның тоқырауына жол бермейміз, технология, инновация дамып келе жатқанда ол мүмкін емес!» деді Жітіқара политехникалық колледжінің  студенті Ю.Давыдова.

Шеру соңында кәсіпорын жұмысшылары асбестке қарсы науқанға өздерінің  түбегейлі қарсылығын құжатқа түсірді. Оның қарарында  бірегей минералдың зиянсыздығын қорғағандарға, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президентіне, еліміздің Үкіметіне, бірқатар министрліктер мен облыс әкімиатына  хризотил өнеркәсібінің дамуына қолдау жасағаны үшін алғыс айтылды.  Алаңға жиналған жұртшылық шеру соңында балалар шығармашылығы концертін тамашалады, көңілді ойындар, спорт жарыстары  ұйымдастырылды. «Қостанай минералдары» кәсіпорнының жастар ұйымы балаларға тәттілер, шарлар, кітаптар таратты. Өйткені хризотилді қорғаушылар  барлығын балалардың болашағы үшін жасап отыр.

Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»