ЭКСПО-2017 • 15 Маусым, 2017

Қазақстан-БҰҰ: Дамудың жаңа кезеңінде

146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ-ның ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Бас комиссары, БҰҰ-ның Еуропа мен ТМД елдері бойынша Даму бағдарламасы өңірлік бюросының директоры Жихан Сұлтаноғлымен кездесті.

Қазақстан-БҰҰ:  Дамудың жаңа кезеңінде

Мемлекеттік хатшы алдымен ЭКСПО көрмесі қала­шы­ғында Біріккен Ұлттар Ұйымы павильонының табысты ашылуымен құттықтады. Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау, ген­дерлік теңдік, балалар құқық­тары, жасыл технология, энерге­тика және мемлекеттік қызмет сала­ларындағы бірлескен жо­ба­­лардың қарқынды жүзеге асы­ры­лып жатқандығы Қазақ­стан мен БҰҰ арасында жарасым­ды байланыс орныққанын ай­ғақтайды.
– ЭКСПО көрмесінің «Бола­шақ­тың энергиясы» тақырыбы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұ­рақты даму мақсаттарымен үндес. БҰҰ өкілдеріне еліміздің жасыл технологияларға қатысты баста­ма­ларына қолдау білдірге­ніне ризашылығымызды біл­ді­реміз. ЭКСПО-2017 көрме­сіне белсенді қатысып, серпін­ді жобаларыңызды алып кел­ген­деріңіз – соның жарқын көрінісі. Қазіргі таңда Қазақстанда орнықты даму бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, Азия банк ұсынысымен тұрақты даму шеңберіндегі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет жанындағы жұмыс тобын құруды қолға алдық. Оның құрамына отандық сарапшылармен қатар, халықаралық сарапшыларды да тартып отырмыз, – деді ол.
Өзара ынтымақтастық дең­гейін жоғары бағалаған Мем­ле­кеттік хатшы Қазақстан мен БҰҰ арасындағы байланыс жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті. Ендігі кезекте өзара қарым-қатынасты басқа салаларда да дамыту көзделуде. Атап айтқанда, Алматыда БҰҰ-ның көп салалы дипломатиялық хабын құру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек көрсету, табиғи апаттардың алдын алу жөнінде бастамалар бар. «Осындай маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз. Қазақстанда отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі арнайы тұжырымдама бекітіліп, екі жылға жоспар әзірленді. Құжаттағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған БҰҰ-мен бірлескен бағдарлама үш жылға жобаланған. Бұл жоспарлар да сәтімен іске асырылатынына күмән жоқ», деді Гүлшара Әб­ді­қалықова.
Ал БҰҰ-ның Еуропа мен ТМД елдері бойынша Да­му бағдарламасы өңірлік бюро­сы­ның директоры Жихан Сұлтан­оғлы өз кезегінде Қазақстанның жасыл технологияны дамыту, қоршаған ортаны қорғау және басқа да көптеген игі баста­маларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі − Қазақстанға қайталама энергетика саласында соны жетіс­тіктерге жетудің және тәжі­рибе алмасудың үлкен мүм­кіндігі. «Жасыл технология – маңызды сала. Біз әрі ар­зан, әрі қоршаған ортаға зия­нын тигізбейтін баламалы энер­гия көздерінсіз орнықты экономикалық дамуды елестете алмаймыз. Бұл жерде энергия ешқандай қоспасыз таза болу керек. Онсыз айналамыздағы табиғатты қорғай алмаймыз. Сондықтан, ЭКСПО алаңында талқыланып жатқан тақырып – әлемдік деңгейдегі өзекті мәсе­ле. Қазақстанның таңдаған жолы БҰҰ-ның орнықты даму мақ­саттарымен сәйкес келеді», деді ол.
Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы кездесу соңында  Жи­хан Сұлтаноғлыны биыл­ғы жылдың 31 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сі аясында өтетін «Әйелдер бола­шақ­тың энергиясы үшін» халық­аралық форумына ша­қырды.

Қымбат Тоқтамұрат, 
«Егемен Қазақстан»