Медицина • 15 Маусым, 2017

Тектілік ана гені арқылы дамиды

407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Газетіміздің өңірдегі тілшісін, яғни осы жолдардың авторын есімі елге елеулі аға буын өкілі, генетик-ғалым, Батыс Қазақ­стан мемлекеттік медицина универ­ситетінің профессоры Айтмұ­ханбет Төребеков арнайы іздеп келіпті.

Тектілік ана гені арқылы дамиды

Ол ұзақ жылдардан бері өзі зерттеп келе жатқан адам­ның тегі мен гені жөніндегі екі-үш ауыз тұжырымының «Еге­мен­нің» бетінде жарық көруін қалай­т­ынын айтты. «Сіз осы ойым­­ды жазып алыңыз, мен ай­тып берейін» деп қолқа салды ақ­са­қал. Айте­кең айтқан әңгіменің түп-төр­кіні төмендегідей болып шықты.
Ғылымның ғылыми-генети­калық зерттеулері бойын­ша ұр­паққа тұқым қуалайтын белгі­лер мен қасиеттер әке-шешеден тең деңгейде дариды. Ғылыми-медициналық тілмен айтқан­да, мұны аталық және аналық хромосомалар арқылы айқын ажыратуға болады. Оның ішінде жағымды қасиеттермен бірге, қолайсыз қасиеттердің болуы –жаратылыстың жазылмаған заңы деп түсінуіміз керек. Мұндай белгілер екі жақта да кездеседі. Міне, осы аталық және аналық гендер ұрпақтың жүріс-тұрыстары мен мінез-құлықтарын айқын­дайды. Жүргізілген зерт­теу­лер аналық ағзаларда оң қасиет­­термен сипатталатын ген­дер­­дің көбірек екенін көрсе­теді. Бұ­дан шығатын түйін – ұрпақ­тың қасиет­терін тек ата тегі жағы­­нан ғана қарастырмай, оны шеше­сі жағы­нан да зерттеуге мән беру­дің аса қажеттілігі. Әйт­­песе ген жөнін­дегі мәселе тек бір жақты, үстірт күйінде қа­­лып қояды. Өт­кен тари­хы­мызға үңілсек, ұлт кө­сем­­­­дері мен хандарға, батыр­лар мен би­лерге және ақын-жазу­шы­­ларға оң гендік қасиеттер – әке­­нің қанымен ғана емес, ана­ның сүтімен де дари­тынына көз жеткізе аламыз.
Осы арада бір мысал келтіре кетейін. Малайсары би қол бас­таған көсем, сөз бастаған шешен Сырым бабамызға: «Әй, Сырым, сенің әкең Дат қой аузы­нан шөп алмайтын қой торы­ның өзі еді, сенің анаң күн­діз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні ат­тан түсіріп қарсы алып, қонақ қы­лып ат­тан­дыратын қайрат­ты, өр, текті адам еді. Сен кімге тар­­­тып ту­ғансың» деген екен. Сон­да Сырым батыр: «Уа, әулие биім, күндізгі жиырма мен түнгі жиырма адамды қосқанда қырық болады, қырықтың бірі қыдыр деген, ендеше анам әулетке құт пен қыдыр дарытайын деген екен ғой» деп жауап қайтарыпты. Міне, тарихи тұлғалардың осы үнқатысуларында әлеуметтік шындық пен басым ген ықпалы­ның көрінісі жатқанына күмән келтіре алмаймын. Қазіргі кезде текті ата-анадан өмір есігін аттап, ел басқарып жүрген тұғырлы тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер майталмандары аз емес. Оларға мұндай қасиеттер тек ата тегінен ғана емес, сонымен бірге анасы жағынан да берілгенін бүгінгі генетика ғылымы толық анықтап бере алады. 
Осы арада тағы бір мысал келтірудің реті келіп тұрған­дай. Таяуда «Егемен Қазақстан» газетінде белгілі қаламгер Тұрсын Жұртбайдың қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров жөнінде жазылған «Намыс» деген мақаласы жарияланды. Мұн­да автор халқымыздың біртуар ұлының ата-анасы жөніндегі перзенттік толғанысын былай­ша түйіндепті: «Бойыма біткен тұл­ға, күш-қуат пен жігерлі жүрек, әкем Оңғарбайдың бел күші­нен, ал қан-тамырыма ыстық мейі­рім-қайырым сыйлаған, ата-бабам­ның рухын жаныма құйған, тіршілігіме мән-мағына берген азаматтық-жігіттік сүтін емізген – анам. Сондықтан да тәнім – әкеме тән болса, жаным – анамдікі. Яғни, тән – әкеден, жан – анадан».  
Мен жоғарыда аналық ағза­ның генінен бойына көсемдік дарыт­қан тарихи тұлға жөнінде айтқан болсам, енді ата текке бай­ланысты: Қажымұқан балуан, Қобыланды батырдың он екін­ші ұрпағы екен деген сөзді де естіп қалғаным бар. Әрине, бұл ғылыми-тарихи тұрғыдан дәлел­ден­беген тұжырым екені де анық. Солай бола тұрса да оң тектік және гендік белгілер ғасырларға созылған жылдар ішінде кейінгі ұрпақтың бойында қайтадан бой көтеретіні генетика ғылымында толықтай дәлелденген. 
Генетик ғалым, қарт ұстаз өз ой-пікірін осылай түйді. Ме­нің басқа шаруам жоқ, тек осы ой-пікірімді «Егеменге» жет­кізуі­ңізді сұраймын. Мұны аманат деп қабылдаңыз деді ол. Әл­­бет­те ама­н­атқа қиянатқа жа­сау­­ға бол­май­ды. Сондықтан да мед­ицина ғылымы аға буыны өкі­лінің әң­гімесін алда келе жат­қан ме­ди­цина қызметкерлері күні қар­саңын­да үтір-нүктесін қисайт­пай, газе­тімізге жолдағанды жөн көрдік. 

Темір Құсайын, 
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе