Медицина • 15 Маусым, 2017

Компьютер ойнайтын балаға алаңдайды

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Өзіне деген талабы мен талғамы жоғары болған адам ғана табысқа қол жеткізе ала­ды». Бұл – дәрігер Орын­ғали Балтайұлының пікірі. Қашан көрсең де жылы жүзі­нен мейірім шуағы төгіліп тұра­тын дәрігер өз ісіне келген­де қатал, табанды.

Компьютер ойнайтын балаға алаңдайды

Сол қасиет­тері­нің арқасын­да болса керек, өмір жолын­да арман-мақсат­тарына қол жеткізді. Биыл 80 жасқа тола­тын Орынғали Балтай­ұлы­ның жұмыстан жалыққан кезі жоқ. Ол әлі де қызмет етеді. Атырау қаласындағы №7 емханада педиатр-кеңесші. Тәжірибелі маманға қаладағы ғана емес, алыс ауылдағы ата-аналар да көп келеді. Бала денсаулығы, оны сақтау жол­дары, дұрыс тамақтану жайында кеңестер алады. «Қазір балалар ауруы көбейіп кетті, – дейді меди­цина ғылымдарының докторы, профессор О.Балтаев. – Дү­ниеге жаңа келген нәресте­лердің өзінде туабітті ақаулар белең алып тұр. Әсіресе, жүрек ауруы, асқазан-ішек жүйе­лерінің аурулары, қаны аз­дық, тыныс алу жолдары­ның сырқаты жиі кездеседі». 
Дұ­рыс тамақтанбаудың ақыры ауру­ға алып келеді. Дүкен сөре­лерінде қаптап тұрған түрлі аллергендердің бала ден­сау­лығына пайдасынан зияны көп. Алдына келген ата-аналардың бәріне осыны айтып отыратын дәрігер «Ауру – астан» деген бабалар дана­лығына жете мән беруіміз керек» дейді. Бүгінгі бала­лар­дың компьютерден бас алмай­тыны да Орынғали Бал­тай­ұлын толғандыратын тақы­рып. Дәрігер, әсіресе, жазғы демалыс кезінде балалардың ком­пьютерде сағаттап үзіліссіз отыр­уы ми жүйесіне кері әсер ете­ті­ніне алаңдайды. «Бұл жағ­дай гиподинамияға әкеледі, со­ның кесірінен баланың дене шы­мы­р­лығы әлсірейді» дейді ол. 
Ол компьютермен емес, кітаппен дос болған кезеңнің өкілі. Сондықтан болса керек, дәрігерлік кеңес алуға келген ата-анаға да, жасөспірім балаға да «Оқыған адам мұратына жетеді» деп үнемі айтып оты­рады. Шын мәнінде «ақ халат­ты абзал жан» деп айтуға тұрар­лық шипагердің өмір жолы да тағылым мен тәлімге толы. 1964 жылы Алматы мем­лекеттік медициналық инс­ти­тутын бітіргеннен кейін туған жері Атырауға оралып, об­лыс­тың ең шалғайында жат­қан Қызылқоға ауданына педиатр-дәрігер болып барды. Үш жыл еңбек еткен соң, 1967 жылы Мәскеуге аспиран­тура­ға аттанды. 1970 жылдан 2002 жылға дейін Ақтөбе медици­на­лық институтында асси­сент, доцент, педиатрия кафед­ра­сы­ның меңгерушісі қызмет­терін атқар­ды. 1991 жылы док­тор­лық дис­сертациясын қор­ғап, бір жылдан кейін профес­сор ата­ғын алды. 2002-2004 жыл­дары Аты­рау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орын­басары, 2004-2006 жылдары темір жол ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары қыз­меттерін абыроймен атқар­ды. 2006-2012 жылдары Аты­рау облыстық балалар аурухана­сында педиатр-дәрігер болды. 2012 жылдан бері №7 Атырау қа­ла­­лық емханасында еңбек етеді. 
Орынғали Балтайұлын өз кәсібіне жауапкершілікпен қа­рай­тын жоғары дәрежелі ма­ман ретінде әріптестері де құр­мет­тейді. 45 жыл бойы денсаулық сақ­тау саласында еңбек етіп келе жатқан арда­гер дәрігердің жас маман­дарға үйретері көп. Орын­ғали Балтай­ұлының Ақтөбе медициналық инс­титу­тын­да педиатрия факуль­­теті­нің ашы­луына көп ең­бек сіңір­гені елге белгілі. Ол қазір­ге дейін өз ісінің шебері ретін­де гастроэнтеролог, аллер­голог, нефролог маман­дық­тары­­ның жаңа емдеу әдістерін ұсы­­нып, науқастарға емдеу про­це­сі­нің дұрыс болуын қада­ғалап отырады. Марапат пен мадақтан да кенде емес. Сек­сен­нің сеңгіріне шыққан дәрі­герден «Тілегіңіз қандай?» деп сұрадық. «Ең бастысы – балалар ауырмаса екен» – деді ол.

Бақытгүл Бабаш,
«Егемен Қазақстан»

Атырау