01 Қазан, 2011

Тәуелсіздік жылдарындағы табысты әріптестік

592 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Тәуелсіз Қазақстанның жиырма жыл­дығының маңызды жетістіктерінің бірі – мемлекеттің сенімді әріптесі сана­ла­тын қарқынды дамып келе жатқан үкі­мет­тік емес сектор. Халқымызда «азамат» деген қастерлі ұғым бар. Азаматтықтың өлшемі төлқұжат­пен ғана анықталмайды. Нағыз Азамат атану – жүре­гімен, ісімен осы ұғымға лайық болу. Ал кез келген азаматтық қоғам азаматтық ұстанымы берік, демократиялық қоғам құ­руда жауапкершілігі мен белсенділігі жоғары азаматтардың бастамаларынан құралады. Осы­ған орай егемендігіміздің алғашқы күн­де­рінен бастап мемлекет азаматтық қоғам институттарының жан-жақты дамуына бар­лық жағдайларды жасады. Ал азаматтық қоғам инсти­тут­тар­­дың ішінде үкіметтік емес ұйымдардың р­ө­лінің ерекше екендігі бәрі­мізге аян. Біріккен Ұлттар Ұйымының берген анық­тамасына сәйкес, үкіметтік емес ұйымдар аса маңызды екі міндетті атқарады. Олардың алғашқысы – қоғамның әлеуметтік пробле­ма­ларын шешуге жәрдемдесу, екіншісі – мәселе шешудегі азаматтардың белсенділігін арттыру. Бұл міндеттер азаматтық бастамалар мен азаматтық белсенділікті жүзеге асы­руға қызмет етеді. Осы ретте мен қазақ­стандық үкіметтік емес ұйымдар аталған міндеттерге лайық деп білемін. Бүгінгі таңда Қазақстанда «үшінші сектор» деп аталатын 18 мыңға жуық ұйым бар. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана қала­ларында, сондай-ақ Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыс­тарында тіркелген. Еліміздегі әрбір төртінші ҮЕҰ сонау 90-жылдары іргесін қалаған бо­ла­тын. Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығының мәліметтеріне сәйкес соңғы жеті жылда Қазақстандағы ҮЕҰ са­нының жиынтық өсімі 24%-ды құраған. Демек, бұл елімізде үкіметтік емес сектордың дамуына қолайлы жағдайдың қалыптас­қа­нын көрсетеді. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан нормативті-құқықтық базаның дамуы, аза­мат­тардың ҮЕҰ-лардың қызметімен қамты­луы, олардың институттық және ұйымдас­ты­рушылық дамуы, қаржылық тұрақтылығы бой­ынша алдыңғы лекте. Мұндай динамика ішкі саяси тұрақтылықтың жоғары деңгейін, жа­ғым­ды заңнамалық реттеу, мемлекет және үкі­меттік емес сектордың толыққанды жүйе­лі әріптестігін байқатады. Бұл мемлекет пен аза­маттық қоғамның тәуелсіздік жылда­рын­дағы бірлескен күш-жігерінің жемісі деп білеміз. Бүгінгі қазақстандық «үшінші сектор­дың» қай деңгейде дамуы, олардың бүгінгісі мен болашағына көзқарасы туралы қазақ­стандық ҮЕҰ-лар алдымыздағы V Азамат­тық форумда жан-жақты тоқталатыны ай­қын. Ал, мен, осы жылдар ішінде азаматтық қоғам институттарымен белсенді өзара ты­ғыз ынтымақтастық орнатқан министрліктің өкілі ретінде мемлекеттік органдардың осы бағытта жинақталған тәжірибелері жайлы сөз етпекпін. Әрине, әр мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынасын дамытудағы өз жолы бар. Ал қазақстандық жол 2000 жы­лы Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жолдауынан бастау алады. Мемлекет басшысы Үкіметке «үшінші сектордың» дамуына қажетті бар­лық жағдай жасау туралы шаралар қабыл­дау­ды тапсырды. Президент «Үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар бүгінгі күні Қазақстанда құқық қорғау қызметінде, кейбір әлеуметтік топтардың мүдделерін жүзеге асыруда, қо­ғамның әлеуметтік тұрақтылығын сақтауда үлкен рөл атқарады. Бұл салаға мемлекеттік қолдау қажет, атап айтқанда, әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға гранттар жүйесін енгізу арқылы. Осы бағытта үлкен ауқымды жұмыстарды бастаудың мезгілі жетті», деп атап өткен болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2002 жылдың басында Үкімет «Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйым­дарды мемлекеттік қолдаудың тұжырым­да­масын» мақұлдады. Ал 2003 жылы екі жылға арналған «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау бағдарламасын» қабыл­дады. Бұл маңызды құжаттар қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарды азаматтық қоға­мымыздың бір бөлігі ретінде қарастырып, олардың тұрақты дамуы үшін қолайлы жағ­дай жасауға және мемлекеттік билік тарапы­нан өзара іс-әрекеттестік пен қолдауға негізделген қоғамның әлеуметтік маңызды проб­лемаларын шешудегі рөлін күшейтуге ба­ғытталған. Мемлекет үкіметтік емес сектор­дың ұйымдастыру-құқықтық іс-шараларын, қызметті ақпараттық қамтамасыз ету, ҮЕҰ кеңесшілік, әдістемелік, ұйымдастыру-тех­ни­калық көмек көрсету сияқты бағыттарын қолдаумен қатар, аймақтардағы азаматтық бастамаларды дамытуға да үлкен мән беруде. Сол себепті, орталық деңгейдегі үлкен бағ­дарламаның қисынды жалғасы ретінде үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қол­даудың аймақтық бағдарламалары әзірленіп, қабылданды. Бұл құжаттар жаңа ҮЕҰ-лар­дың пайда болуына әрі дамуына және жұмыс істеп жүрген ҮЕҰ-лардың белсенділігін арттыруға сөзсіз септігін тигізуде. Қазақстандағы азаматтық қоғам дамуын­дағы жаңа парақты ашуға 2003 жылы қазан айында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен І Азаматтық форум үлкен серпіліс берді десек, қателеспейміз. Аталмыш тарихи форумға қатысушылар сол кездегі ашық та терең әңгімелесуді, бірлік пен ынтымақ­тастыққа жетелеген сезімді, еліміздің тағ­ды­рына деген азаматтық жауапкершілігі басым басқосуды күні бүгінге дейін жадында сақтап қалды. Форумда сөйлеген сөзінде Мемлекет бас­шысы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның қоршаған ортаны қорғау, ден­сау­лық сақтау мен білім беру, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық салаларының сапа­сын арттыру, кедейшілікпен және әлеуметке қарсы құбылыстармен күресу сияқты проб­лемаларды шешудегі әлеуетін атап өтті. Президент барлық мемлекеттік органдарға қо­ғам­дық маңызы жоғары шешімдерді әзірлеу­ге қатысты сараптамалық жұмысқа ҮЕҰ-лардың өкілдерін кеңінен тарту жөнінде тапсырма берді. Осы тарихи басқосудың нәтижесі ретінде форум барысында қабылданған нақты мемлекеттік шешімдер – Азаматтық қоғамның даму міндеттерін жүзеге асыру туралы іс-ша­ралар жоспары мен «Мемлекеттік әлеу­мет­тік қол­дау туралы» Заңды айтуымызға болады. ҮЕҰ өкілдері мен сарапшы қауым жоғарыда атал­ған құжаттардың, атап айт­қан­да, аталған заң­ның билік органдары мен ҮЕҰ-лардың өзара қарым-қатынасының қа­ғи­датты жаңа жүйе­сінің қалыптасуында ерек­ше рөл атқарғанын әрдайым атап өтеді. Оларды іске асыру үшін әлеуметтік блок министрліктерінде, барлық облыс, сондай-ақ Астана мен Алматы қала­лары әкімдерінің жанынан консультативті-кеңесші органдар құрылды. Мемлекеттің ау­қымды әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға ҮЕҰ-ларды тарту жүйесінің негізі қаланды. Тек 2003-2005 жылдары аймақтық бағдар­ла­малар аясында ҮЕҰ-лардың әлеуметтік ма­ңызды жобала­рын іске асыруға 173 миллион теңгеден астам қаражат бөлінсе, әлеуметтік блок министрліктері желісінен 300 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. 2005 жылы ІІ Азаматтық форум бары­сында 2006-2011 жылдарға арналған Азамат­тық қоғам дамуының тұжырымдамасы кеңі­нен талқыланып, кейін оны Мемлекет бас­шысы бекітті. Тұжырымдама тиісті мақсат­ты бағдарламалар мен нормативті-құқықтық актілерді әзірлеуге негіз болды. Сондай-ақ, Елбасы ҮЕҰ-лардың әлеуметтік маңызды жобаларын қолдау көлемін 1 миллиард тең­геге жеткізу туралы тапсырма берді. III Азаматтық форум 2007 жылы қоғамды демократияландыру шеңберінде серіктестікті одан әрі дамыту аясында өтті. Ал был­тырғы IV форум ҮЕҰ-лардың орталық мемлекеттік органдар басшыларымен белсенді мүд­делі үнқатысуымен, көптеген сұхбат алаң­дарында еліміздің маңызды әлеуметтік даму бағдар­ламаларын талқылаумен есте қалды. Отандық үкіметтік емес ұйымдар Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде мол тәжірибе жинақтады. Тек 2010 жылы ғана ЕҚЫҰ аясындағы іс-шараларға қазақ­стандық азаматтық сектордың 600-ден астам өкілі қатысқанын атап өтудің өзі жеткілікті деп ойлаймын. Варшава қаласында жыл сай­ын өткізілетін ЕҚЫҰ гуманитарлық өл­шемі Шолу конференциясында 400 баяндама жасалса, олардың 289-ы қазақстандық ҮЕҰ-лар­дың өкілдерінікі болды. Астанада өткен ЕҚЫҰ тарихи Саммитінің күндерінде қаза­қ­стандық ҮЕҰ-лардың қаншалықты белсенділік танытып, оларға халықаралық сарап­шы­лар­дың қандай жоғары баға бергені әлі есімде. ҮЕҰ-лардың басым көпшілігі шынайы пат­риотизмді, бірлікті танытып, Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының табысты бо­луы­на өз үлестерін қосты. Ағымдағы жылы Азаматтық қоғам да­муы­ның 2006-2011 жылдарға арналған тұ­жы­рымдамасын іске асыру аяқталмақ. Бүгін­гі күні ол тұжырымдаманың өз миссиясын то­лы­ғымен орындағандығы айқын көрініп тұр. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар үкі­меттік емес ұйымдармен шынайы әріптестік негізінде қызмет атқарады. ҮЕҰ-ларды заң жобаларын әзірлеуге, бағдарламаларды жү­зе­ге асыруға, экономика, әлеуметтік салалар дамуының маңызды мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуге кеңінен тарту күнделікті қалыптасқан тәжірибеге айналды. Орталық мемлекеттік органдардың страте­гия­лық жоспарларына ҮЕҰ-лармен әріптес­тік деңгейі туралы индикатор енгізілді. Бұл дегеніміз – министрліктің стратегиялық жос­парының орындалуы, оның профильді ҮЕҰ-лармен қарым-қатынасының қалай құры­луына байланысты болады деген сөз. Соны­мен қатар, ҮЕҰ пікірлері мен бағалаулары мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігін бағалау барысында кеңінен пайда­ла­нылатын болады. Биліктің барлық деңгейлерінде консуль­та­тивті-кеңесшілік органдар жұмыс істейді. Үкімет жанында ҮЕҰ-лармен өзара іс-қи­мыл жөніндегі үйлестіру кеңесі қызмет атқа­рып келеді. Парламент Мәжілісі жанында Қо­ғамдық палата жұмыс істейді. Қоғамдық палатаның қызметі қоғамдық сараптаманы заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен кең ау­қымды мәселелер бойынша ынтымақтастық орнатқан. Үкімет тұрақты түрде ЮСАИД, Бүкіләлемдік даму банкімен, ЮНИСЕФ, БҰҰ ДБ және басқа да халықаралық ұйым­дармен бірлескен әлеуметтік бағдарламалар кешенін жүзеге асыруда. Елбасымыздың ІІ Азаматтық форумда бер­ген нақты тапсырмасына сәйкес, мемле­кеттің ҮЕҰ-лардың әлеуметтік маңызды жобаларын қолдауға бөлінетін шығыстары жыл сайын артып келеді. Соңғы үш жыл ішінде осы мақсатқа мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 1,5 миллиард теңге қаржы бөлі­нуде. Үкіметтік емес секторды қолдаудың ос­ындай игі шараларын Мәдениет, Білім жә­не ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау, Әділет министр­лік­тері, облыстар және Астана, Алматы қа­ла­ларының әкімдері жүзеге асырып келеді. Тек осы жылдың ішінде ғана елімізде мемлекеттік органдардың тапсырысы бой­ын­ша үкіметтік емес сектормен әртүрлі ба­ғыттағы мыңнан астам әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылуда. Олардың тақырып­тары да өмірдегідей сан қилы. Бірақ, анық бір нәрсе – осы жобалардың барлығы аза­мат­тарымыздың нақты проблемаларын шешуге және ел бірлігін нығайтуға бағыттал­ған. Мемлекет басшысының тікелей тапсыр­масымен Қазақстан халқы Ассамблеясы қо­ры­ның, республикалық этно-мәдени бірлестіктер мен шығармашылық одақтардың қызметі жан-жақты қолдауға ие болып келеді. Жылдан-жылға патриоттық, мәдениет­танымдық, білім беру, ағарту сипатындағы бірқатар жобалар табыспен іске асырылуда. Журналистік, жастар, әйелдер, экологиялық, құқық қорғау, ардагерлер және басқа да көптеген ұйымдар мемлекеттің сенімді әріптестері болып табылады. Осы саладағы заңнама да жетілдірілу үс­тінде. Бүгінгі таңда Парламентте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқылануда. Бұл жоба қоғамның кең қатысуымен әзірленгенін баса айта кеткеніміз жөн. Заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобына жүзден астам ҮЕҰ-ның қатысқаны осының нақты айғағы болса керек. Осылайша, қазіргі таңда тәуелсіздік жыл­дарында мемлекет пен ҮЕҰ ынтымақ­тас­тығы жүйелі сипатқа ие болып, өзінің тиімділігін паш етуде. Бүкіл әлемде кез келген мемлекеттің, оның экономикалық жағдайы мен әлеуметтік игілігінің көрсеткіші, ең алдымен, адам әлеуетінің сапалылығымен, қоғам бірлігімен, жоғары мәдени азаматтығымен айқын­да­лады. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан үшін мұ­ның бәрі – нақты шындық. Жанна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы.