Ақтөбе • 22 Маусым, 2017

Айқын міндет, абыройлы қызмет

87 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе еліміздегі келешегі кемел өңірлердің бірі. Мұнда әлеу­меттік-экономикалық тұр­ғыдан жан-жақты өсіп-өркен­деуге барлық қолайлы жағдайлар қалыптасқан.

Айқын міндет, абыройлы қызмет

Өңірдің болашағы тек бір ғана мұнай мен газ секілді стратегиялық шикізат көздерімен шектелмейді. Яғни облыстың даму индексі тек оған тіреліп тұрған жоқ. Бұған тәуелді де емес. Өйткені аймақтың жер қойнауы басқа да табиғи байлықтарға толы. Бұған зерттеулер жүргізген отандық ғалымдар өңірде Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің бәрі де кездеседі деген байламға табан тіреуі де тектен-тек емес.  

Талдаулар мен сараптамалар еліміздің ішкі жалпы өніміне қосатын үлесті көтерудің беташар тұсы – биылғы тауық жылы екенін көрсетеді. Сондықтан да биыл өңірдегі экономикалық өсімнің көлемін 103 пайыздан кем түсірмеу жөнінде кешенді шаралар шоғыры іске аса бастады. Бұл биік мақсатқа қол жеткізудің басты жолы –жергілікті билік пен бизнестің өзара үйлесімді іс-қимылын одан әрі тереңдетуге бағытталған. 
– Көрсетіліп отырған меже аса ауқымды. Алайда біз аталған санды аспаннан алып отырғанымыз жоқ. Бұл үшін осы аралықта арнайы талдаулар мен сараптамалар жасалды. Біз оның жан-жақты, терең, нақты әрі әділетті тұрғыда жасақталуына баса көңіл бөлдік. Мұндай істе ұсақ-түйек деген ұғым атымен болмауға тиіс. Әр кәсіпорынның мүмкіндігі қандай болатынына да мұқият қарай білдік. Сондағы көзіміздің анық жеткені – пайдаланылмай, қосылмай тұрған тетіктердің бар екендігі. Ең бастысы, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жан-жақты қолдауды айтсаңызшы. Соның бәрін ескере, есептей келіп жоғарыда көрсетілген экономикалық өсімге тоқтадық, – деді газет тілшісіне Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. 
Біз бұл өсім алдағы үлкен істің алғашқы қарлығашы ғана екеніне көз жеткізе түстік. Осы тәртіпке және белгіленген кес­те мен жүйеге сәйкес аталған іс ал­дағы уақытта да өз жалғасын таба бермек. Облыстағы ірі және орташа өнеркәсіп кәсіпорындарына тұ­рақты түрде мониторингтік зерт­теулер жүргізу тәртібі осы бас­таудан тамыр тартады. Ал осы кезде қандай да бір болмасын түйінді әрі түйткілді мәселелер туындай қалса, оны дер кезінде шешу мен тұрақтандырудың жолдары да қоса қарастырылғаны үлкен сенім туғызады. Сезік болмаса, сенім адамды еш уақытта алдамайтыны айтпаса да белгілі ғой. 
Өңір экономикасында өнер­кәсіптің үлесі жетекші рөл атқар­ғанымен мұнда биылғы жылы ауылшаруашылығы өндірісі бо­йынша да іргелі де, ілкімді істерді атқару көзделген. Саладағы өсім­нің басын – жер ресурстарын тиімді түрде пайдалану, суар­малы алқаптардың көлемін көтеру және асыл тұқымды мал шаруашылығы құрайды деп күті­луде. Өңірде аграрлық секторды әртараптандыру жөнінде атқа­­рылған жұмыстар қазірдің өзін­­де тиісті нәтижелер беруде. Әсі­ресе дәстүрлі емес ауыл ша­руа­­шы­лығы өндірісінен алынатын өнім мөлшерін көбейту бас­ты мақ­саттың біріне айналып келеді. 
Аймақта құрылған ауыл шаруа­шылығы кооперативтері де өңір экономикасын өркендетуге оң септігін тигізе алатын фактор ретін­де қарастырылуда. Биыл бұл өміршең құрылымдарды тех­ни­калық тұрғыдан толық жарақ­­тандыру жұмыстары жүзеге аспақ. Көп нәрсенің ше­шімі бірінші кезекте қара­жатқа байланысты екені талас туғыз­байды. Осы орайда облыс­тағы ауылшаруашылығы коопе­ра­тив­терінің төрт аяқтарынан тең басуына тиісті қаражат бөлін­гені де сүйінішті жәйт. Тұтас­тай алғанда қазіргі кезде ауыл­ша­руа­шылығы өндіріс­ші­леріне мем­лекет тарапынан көр­сетіліп жүр­ген қаржылай көмек түрлері жет­кілікті. Оны тиім­ді әрі үнемді түр­де пайдалана біл­ген сала өкіл­дері тек ұтары анық.