Аймақтар • 22 Маусым, 2017

Қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарапайым сақтану шара­ларының өрескел бұзылуы салдарынан, әсіресе, жаздың аптап ыстық кездерінде, арты өкінішке ұласатын қайғылы оқиғалар жиі кездесіп жатады. Соңғы екі жыл ішінде Қызылжар өңірінде 54 адам қара судың құрбаны болған. Олардың 10-ы – балалар. Биыл 5 адам жантәсілім еткен.

Қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдері өткізген брифингте жоғарыдай мысалдар келтіріліп, айтып келмес ажалдың себеп-салдарларына талдау жасалды. Департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, адам өліміне жетелейтін қасірет, ең алдымен, жеке бас қауіпсіздігіне немқұрайды қараудан туындайтын көрінеді. Әсіресе, мас күйінде суға түсу оқиғалары азаймай тұр. Ол бүкіл өлім-жітімнің 70 пайызын құрайтын болса, ата-аналардың балаларды қараусыз қалдырып кетуінен болатын қайғылы жағдайлар 10 пайыз төңірегінде. Өмірмен мезгілсіз қош айтысқандардың 65 пайызы 18 бен 58 жас аралығындағылар.
Өңірде 2390 өзен, көл, тағы басқа тоғандар барын, олардың  231-і шаруашылық мақсаттарға қолда­нылатынын, 51 жерде жұртшы­лықтың жазғы демалыс орын­дары, 17 сауықтыру лагерьлері ұйымдастырылғанын ескерсек, сақтық жұмыстарын күшейту, оны кешенді түрде жүргізу аса маңызды екені брифингте атап көрсетілді. Осыған орай тұр­ғын­дардың жаз күндерін еш алаңсыз өткізуін қамтамасыз етуге жүзге жуық құтқару құрал­дары мен сүң­гуірлер жұмылдырылған. Же­дел-құтқару отрядтары күні бойы кезекшілік етіп, аса қауіпті аймақтарды ұдайы бақылайды. Суға түсу ережелерін түсіндірумен жүйелі айналысады. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы