Біле білсек, жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақтардың санасына сіңіріп, рухани жаңғырудың жаңа жобаларын жүзеге асыруда әрбір музей өзіндік үлестерін қосуы тиіс. Біздің Оңтүстік Қазақстан облысы тарихи-өлкетану музейінің «Ерлік» филиалы өз жұмысын осынау мерейлі мақсаттар мен міндеттер аясында ұйымдастыруға ұмтылып келеді. «Ерлік» музейі 2012 жылғы желтоқсанда ашылды. Шырайлы Шымкент шаһарының «Жеңіс» саябағындағы музей 209 шаршы метр аумақта орналасқан, негізгі жәдігерлер 110 шаршы метр көлемді алып тұр. Қазір жәдігерлер үш мыңға жуықтап қалды. Олардың саны да, сапасы да, мән-мазмұны да арта беретін болады. Музейіміздің бірінші бөлімі 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына арналған. Қабырғаларда алуан түрлі диаграммалар, сұрапыл соғыс жылдарындағы алапат айқастарды айшықты бейнелейтін картиналар мен суреттер, сол кездері пайдаланылған қару-жарақтар, аянбай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсеткен жауынгерлердің киім-кешектері, ордендері мен медальдары, түрлі-түсті құжаттары, олардан басқа да от-жалынға шарпылған, оқ тескен дүниелер зерделі жандарды, жасамыстар мен жастарды терең тебіреніске түсіреді деп ойлаймыз.
Екінші залымыз тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегін жан-жақты көрсетуге арналған. Бүгінгі жас ұрпақ соғыс кезіндегі тыл еңбеккерлерінің, яғни өздерінің ата-әжелері сіңірген ерлік еңбектің маңызын жеткілікті білмейді. Мұны түсінудің, ұғынудың және санаға сіңірудің түрлі жолдарын табуымыз керек. Үшінші залымыз халқымыздың этнографиялық ерекшеліктері ескеріле отырып жабдықталған. Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі бірқатар бағалы дүниелер осында әкелінген, жаңадан жаңғыртуға бағытталған ізденістер жүргізілуде. «Ерлік» филиалының төртінші бөлімі Ауған соғысының қасіреті мен қайғысын ұғындырады.
Облыстағы, әсіресе, Шымкент қаласындағы әскери бөлімдермен де байланысымыз нығая түсуде. Кітапханалармен тізе қоса жұмыс істеудің жемістері нәтижелі екеніне көзіміз жетті. «Біз – Отанның ертеңіміз», «Ұрпақтар эстафетасы», «Бала – біздің болашағымыз», «Батырлар ерлігі – ұрпаққа өнеге», «Ардагерге құрмет – абзал міндет», «Отты жылдардың өшпес шежіресі», «Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі», «Ерлік білекте емес, жүректе», «Рәміздерім – елдігім, Тәуелсіздігім – теңдігім» сияқты басқа да көптеген тақырыптық шаралар жарасымды жалғасын таба бермек.
2017 жылдың басынан «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» атты жаңа жобаны қолға алдық. Бұл жобаның аясында түрлі тақырыптар бойынша «Сәрсенбілік сырласу сағаты» әр ай сайын екі рет өткізіліп келеді. Мемлекет басшысының рухани жаңғыру туралы мақаласы жарияланғаннан кейін сырласу сағаттарының мәні артып, мазмұны тереңдей түсті. Шымкент, Арыс қалаларының құрметті азаматы, еңбек ардагері Шерім Медеуовпен «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат», тыл және еңбек ардагері, бірқатар аудандарды басқарған Нұрмахамбет Әжіметовпен «Елді ер таниды, ерлерін ел таниды», жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркінбек Тұрысовпен «Ұлы Дала дастаны. Тарих. Тағылым. Әдебиет.», Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, еңбек ардагері, Алданазар Құрманбаевпен «Қолы гүлді, санасы нұрлы азамат», облыстық «Әжелер алқасының» төрайымы Үрзада Айтөреевамен «Әлемдегі ең сұлу әйел – қазақ әйелі», КСРО кезінде атақты шопан, Жоғарғы Кеңес депутаты болған Фатима Қадырбаевамен «Өмірінің өзі – өнеге» деген тақырыптарда тебіреністі де толғанысты сәрсенбілік сырласу сағаттары өтті. Мамыр айында өткізілген «ұрпақтар сабақтастығы: Рухани жаңғыруға құштарлық» іс-шарасы ерекше әсерлі болды. Қазір бұл жобамыздың жұртшылық жан-жақты хабардар болып, қоғамдық пікірде едәуір серпіліс тудырып үлгерді. Музейге келушілер еселеп, көбейе түскені қуантады. Президент мақаласы парасат биіктеріне бастайды. Елбасы еңбегінде музейлерді пайдалану жүйесінің арнайы айтылғандығы бізге үлкен міндеттер жүктейді.
Ақмарал ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ерлік» филиалының меңгерушісі
ШЫМКЕНТ