04 Қазан, 2011

Апта айшықтары

300 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ғұлама жазушының туған күніне орай Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің туған күні туған жерінде жыл сайын өз мәнінде атап өтіліп келеді. Кейінгі жас ұрпаққа тағылымы мол бұл игілікті шарада жылдағыдай, әсіресе, осындағы педагогика колледжі белсенділік танытты. Ал оның да себебі жоқ емес. Өйткені, бір кезде Мұхаң аталған оқу орны жайғасқан ғимаратта оқыған. Оның сыртында педагогика колледжі, міне, ұзақ жылдан бері ғұлама жазушының атын құрметпен алып келеді. Жазушының туған күніне орай түске дейін колледжде оқушылар жиыны өтсе, түс ауа бұл шара бұлардың күшімен Абай театрында жал­ғас­ты. «Колледждің алда келе жатқан 110 жылдық тойына дейін оқу ор­нының тарихы мен Мұхаңның сол кездегі өмір жолы туралы деректі кітап шығарсақ деген ойымыз бар», дейді колледж директоры, ғылым кандидаты Шаған Алдамжарқызы. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.   Ардагерлер аллеясы ашылды Шымкенттегі дендробақта Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында “Ардагерлер аллеясы” ашылды. Тізесіндегі немересін аялаған қарт мүсіні өткенге салауат айтқан, болашаққа жақсы үмітпен қарайтын даналықтың болмысындай сезіледі. Ардагерлерді салтанатты жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Ә.Досболов, облыс әкімінің орынбасары Ә.Бектаев, Еңбек Ері Б.Шүкірбеков құттықтады. Жырдан шашу шашылған соң қарттар аллеяға арша көшеттерін отырғызды. Нұрай” мейрамханасында “Батамен бағың ашылсын” кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.   Төраға толымды істерге оң баға берді Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Байменов осы қызметке тағайындалған қысқа мерзімде Ақмола облысына жұ­­мыс сапарымен екінші рет келді. Ол облыс әкімі Сергей Дьяченкомен бірге Зерен­ді ауданының экономикалық және әлеуметтік даму бағытымен танысты. Шағалалы ауылындағы агробизнес колледжінің оқушылары алдын­да Елбасы Жолдауынан туындайтын өзекті өзгерістер туралы лекция-баяндама жасады. Сондай-ақ агенттік төрағасы жаңа моншаның ашылу салтанатына қатысты. «Осы қарапайым қуаныштың өзі елімізде жүр­­гізіліп жатқан реформалардың баяндылығын білдіреді», – деді ол. Солтүстік өңірдегі мектебі ең көп аудан сапалық көрсеткіштерді биік деңгейге көтере білді. Төраға аудан орталығындағы №1 мектепте де жақсы істердің көптігіне ризашылығын білдірді. Ал, астық қабылдау кә­­сіп­ор­нын­дағы қарбалас еңбек әуеніне құлақ түрген Ә.Байменов ұжым мүшелерінің игілікке кенелуіне тілек қосты. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.   Басқосуда байқау қорытындыланды Облыс орталығындағы «Космос» мейрамханасында «Сал ауру­ла­рына шалдыққан азаматтарды қорғаудың Ақтөбе қалалық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бас қосты. Қазір қоғамдық бірлестікке 1200 адам мүше. Бұл жолы басқосуға жиналған жүзге жуық адамға дастарқан жайылып, бұған дейін «Ерекше бала» жобасы аясында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай мүгедек балалар арасында ұйымдастырылған «Қуаныштың 20 сәті» атты фотосуреттер байқауы қорытындыланды. Байқауды ұйымдастыруға облыстық ішкі саясат басқармасы қар­жы­лай қолдау көрсетті, сондай-ақ, «Достық» үйі мен «ДимашӘли» шы­ғар­машылық орталығы да көмек қолын созды. Әрқайсысы бес-бестен сурет тапсырған 30 үміткердің 20-сы іріктеліп, «Бақытты кезең», «Күн сәулелі күлкі», «Отаным, өлеңім, өзім», «Адал достық» және «Мен өмірді сүйемін» номинациялары бойынша марапатталды. Байқауға қатысу­шы­лар мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.   Жас көшбасшылар форумы Жылыой ауданында 11 көшбасшы клубтан 100-ге жуық жас бас қосқан алғашқы форум өтті. Форум аясында «Азимут» туристік клубы аудан та­би­ғатының көрікті жерлерінен, флорасы мен фаунасынан фотокөрме ұй­ым­дастырды. «Бұл – түрлі идеялар, өзара достық пен ынтымақ билік ететін ерекше басқосу. Сонымен қатар, балалардың шығармашылығын, ақыл-ой­ын дамытады», дейді форумға жетекшілік еткен психолог Нелли Куликовских. Форумда жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әлеуметтік проблемалар жөнінде пікір алмасты. Алау жағып, түрлі ойындарға қатысты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.   «Жайық таңына» – 80 жыл Кешегі нарықтың өтпелі кезеңі аудандық газеттердің жағдайын қиындатып жібергені белгілі. Сондай қыспақтан кідірмей, мүдірмей өткен басылымдардың бірі – Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газеті. Өткен аптада оның 80 жылдығы кеңінен аталып өтті. Айтулы дата құрметіне ақындар айтысы ұйымдастырылып, газеттің кешегісі мен бүгінгісін бейнелейтін бейнесюжеттер көрсетілді. Ар­на­йы шақырылған қонақтар құттықтау тілектерін айтты. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.   Сот орындаушылар жұмысын бастады Осыдан біраз бұрын Елбасы жеке сот орындаушылар институтын енгізу туралы ой айтқан. Аталған мәселені зерттеп және оны біздің қоғамға енгізу керек деп тапсырған еді. Осы орайда Әділет министр­­лігінің Сот актілерін орындау комитеті биылғы наурыз айынан бастап үміткер тұлғалардан лицензия алуға құжаттар қабылдаған болатын. Қызылорда облысы бойынша 4 орын бөлінген. Өткен аптада комитет төрағасының бұйрығымен Марат Абдул, Се­рік­қали Қазанқапов және Нұрлыбек Қыдырбаев жеке сот орындаушы бо­лып тағайындалды. Сондай-ақ өңірлік алқа құрылып, оның төр­аға­лы­ғына облыс прокуратура органдарының ардагері Марат Абдул сай­лан­ды. Жеке сот орындаушы қызметіне ақы төлеу борышкерден өндіріп ал­ынған қаражат есебінен жүргізілетінін айта кету керек. Олар шамамен өндірілген соманың 10 пайызын иеленеді. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.