Жаһандағы жағдайды бақыласақ, кей мемлекеттердің технологиясы қарыштап дамып, экономикасы өрлеп тұрғанымен, руханият мәселесі ақсап, ол өз кезегінде сол елдің ертеңіне үлкен қауіп төндіріп тұрған жағдайлар аз емес. Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыздың қайбір жылдары «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында былай деген еді: «Қазақ халқы халық болып тарих сахнасына шыққалы зорлық пен қорлықтың, соғыс пен сойқанның, алдау мен арбаудың, аштық пен апаттың, геноцид пен репрессияның ұлтты жоюға бағытталған небiр сұмдықтарын көрiп баққаны белгiлi. Соның бәрiне де қазақ халқы төтеп берiп, өзiнiң ұлттық бет-бейнесiн – тiлiн, дiлiн, дiнiн, салт-дәстүрiн, рухани мәдениетiн, моральдық-этикалық нормаларын сақтай алған халық едi. Және бұл құндылықтар өзiнiң бiртұтас монолиттi қалпымен қазақ ұлтын ұйыстыруға, ұлттық болмыстың бiр бүтiн болуына қызмет ететiн, сөйтiп әлеуметтiк қатынастардың барлық деңгейлерi мен барлық типтерiне бiрдей тегеурiндi ықпалы болатын. Түптеп келгенде, қазақ халқын тарихтың қылкөпiрiнен аман алып шыққан құдiрет те осы құндылықтар едi».
Ақпараттық соғыстың алаңында қаруымыз да, қорғанымыз да ұлттық руханиятымыз екенін Елбасымыз нақтылап көрсетіп беріп отыр.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп атап көрсеткеніндей, рухани жаңғыру басқаның емес, өз болмыс-бітімімізге терең үңілумен іске асады деп білемін.
Дәл осы ретте айта кетейін. Мысалы, мотивацияның сыртқы және ішкі деп екіге бөлінетінін білеміз. Алғашқы түріне қаржылай көмек көрсету, салмақты мәртебе беру, мақтау, марапаттау, тағысын тағыларды жатқызамыз. Ал оның екінші түрі, адам белгілі бір дүниелерді өзі іштей қалап тұрады. Бірақ ол үшін саған ешкім ақша төлемейді, мақтамайды, бірақ сен оны өз еркіңмен істейсің, одан тағы ләззат аласың. Айтайын дегенім, ендігі жерде Мемлекет басшысының маңызды бұл бастамасын іске асыру мақсатында адамдардың ішкі мотивациясын қалай дамытамыз деген сауалға басты назар аударған дұрыс деп ойлаймын.
Азамат БИТАН,
PR маманы, блогер