28 Маусым, 2017

Ғажайып келіншекке жазылған ғашықтық хаттар

859 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Сөз – сөзден туады, сөйлемесе қайдан туады?» деп біздің қазақ бекер айтқан ба?.. «Егемен Қазақстанның» осы жылғы 28 сәуірдегі 82-санында жарияланған Құлбек Ергөбек інімнің «Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал» деген мақаласын оқып, соған бірер пікір қосуды жөн көрдім.

Ғажайып келіншекке  жазылған ғашықтық хаттар

Өйткені, сол бір ғажайып ке­ліншекке жазылған ғашықтық хаттардың баспасөз бетінде жа­рық көруіне менің де тікелей қа­тысым болды! 
«Менің де...», деп отырған себебім, – кез келген ұлы тұлға­ның жеке өмірінде болған бей­мәлім жайттар туралы тың деректер мен айғақтардың табылуы, оның жарияға жар болуы бір ғана адамның емес, бірнеше адам­ның, кейде тіпті тұтас ұжым­­­ еңбегінің нәтижесінде бо­лып жатады, – Мұхтар Әуезов өмі­рінің беймәлім парақтары да солайша, Әбең (Әбдіжамил Нұр­­пеисов) бастаған бір топ адам­­ның еңбегінің нәтижесінде қа­­лың көпшілікке мәлім болған-ды. 


Әрине, Құлбек бауырымыз жазғанындай, ат арытып, тон тоздырып Шымкент арқылы Таш­кенттегі бейтаныс «тарихшы, профессорды» іздеп барып, дүниядан өтіп кеткен Мұхаң ғашығының аманат-хаттарын көздің қарашығындай сақтап отырған әлгі кісіден 10 (он) мың долларға сатып алу үшін жол шеккен, сол үшін жұмыстанған Ә.Нұрпеисов еңбегі ең бірінші орын­да тұратыны сөзсіз.


Алайда, Мұхаң өмірінің беймәлім беттері туралы деректі фильм түсіремін деп жүріп, Таш­кенттегі әлгі «профессормен» алғаш рет жолыққан, жолығып қана қоймай, сұхбат алған, сұхбат алып қана қоймай, деректі фильмімде сіздің сөздеріңізге айғақ ретінде көрермендерге көр­сетемін деп алты хатты факт ретінде әрең сұрап ал­ған талант­ты кинорежиссер Сер­гей Әзімовтің еңбегін, еске­рім­ділігін қайда қоямыз... Сер­гейдің қолындағы сол алты хат бол­маса, ауызша айтылған сөздің бәрі бүгінде «бәлду-бәлду бәрі өтірік» болып шықпай ма?! 


Сәтін салғанда, дерек-хаттар (әлгі 6 (алты) хат) болды. Бірақ хаттар орысша жазылған болатын. Міне, осы жерде... Мұ­хаң хаттарын қазақшаға аудару мәселесі маған – Қажы­ғали Мұханбетқалиұлына – жүк­­телді. «Мұхаңның сол бір ға­жайып келіншекке жазған ға­шықтық хаттарының баспасөз бетінде жарық көруіне менің де тікелей қатысым болды», деп отырғанымның мәнісі сол. (Қа­ра­ңыз: «Таң – Шолпан» журналы, тамыз, 2000 жыл. 144-156-беттер.)
Осы жерде ескерте кетер бір жайт бар... Аңғарымпаз оқырман зер салса, «Таң-Шолпан» журналы, Тамыз, 2000 жыл» деген сілтемемде журналдың рет саны (нөмірі) көрсетілмеген. Неге? Өйткені, ХХ ғасырдың 20-жыл­­­дарында, аз уақытқа болса да Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаевтың діттеуімен «Таң» және «Шолпан» журналдарының жарыққа шығып тұрғаны өзде­ріңізге мәлім. Заман өзгер­ген­­мен, көркем әдебиеттің заңы да, мәні де, міндеті де өз­­гер­мей, қаз-қалпында қа­ла беретін болғандықтан, әлгі «Таң» және «Шолпан» жур­нал­­дарының мүддесін – мүд­де, мақсатын – мақсат ететін сон­дай бір жаңа журнал шы­ға­руды армандап жүретін Әбең (Әбдіжамил Нұрпеисов) мұ­ратына сол 2000 жылдың орта шенінде қол жеткізген бо­латын. Сөйтіп, Мәдениет, ақ­парат және қоғамдық келісім министрлігінің келісімімен, бұрынғы «Жалын» журналының негізінде Халықаралық Қа­зақ ПЕН-клубының әдеби-мәдени жур­налын шығаруға кірісті. Оған М.Әуезов пен М.Жұ­ма­баев жарыққа шығарған жур­­­нал­дар­дың атауының қо­сын­­­­дысынан тұратын «Таң-Шолпан» деген ат берілді. Оқыр­­мандарға таныс­тыру үшін сы­нақ нөмірі (орысша «пилотный номер») жарыққа шықты. Бұл – 2000 жылдың тамыз айы еді. Сондықтан, сынақ нөмірге ешқандай рет саны қойыл­ған жоқ. Әрі бұл кезде ол байланыс мекемесінің газет-жур­налдарға жазылу жөніндегі кітапшасына (каталогке) енбеген болатын. 


Менің ойымша, «Таң-Шол­пан» журналының сондай та­ныстырылымдық басылымы болғанын күні бүгінге дейін, біреулер білсе де, біреулер біл­мейді. Тіпті, естіген-білген­дер­дің өздерінің қолына сол ба­сылым тиді ме, тимеді ме, – бұл да беймағлұм. Өйткені, көзі қарақты оқырман ғана емес, белгілі әде­биетші, сыншы, бас­пасөз бе­тіндегі жылт еткен жа­ңалыққа сер­гек қарап жүретін Құл­бек секілділердің өздері: «Жаңашыл «Жалын» журналы ма, әлде «Таң-Шолпан» ба екен, Мұхаң хатынан бірер үзін­ді (?) жариялап та үлгерді», – дегендеріне қарағанда, әй, сол таныстырылымдық басылым жалпы жұртқа жетпей қалды-ау деген ой келеді. Олай болса, Мұхаң секілді ұлы адамның жәдігер хаттары да қалың оқыр­манның назарынан тыс қалды, – деп топшылауға әбден болады. 


Әдебиетшілер қауымының арасында желдей ескен бұл хабар құлағына тигенмен, басылымды қолына ұстап, кө­зімен көрмегендіктен бо­лу керек, Құл­бек «Егемен Қазақ­стан­дағы» әлгі мақаласына «Әуе­зов ға­шық болған Ғайып­жамал...» де­ген тақырып қойыпты. Шын­дығында, Мұхаң үшбу хат жолдаған әйелдің аты – Ғай­нижамал! Бұған 1939 жылдың 10 қазанында, 1940 жыл­дың 7 ақпаны мен 9 маусымында жа­зылған, т.б. хаттардың «Аяу­лым менің, Ғайни» деп басталатыны айғақ бола алады. Ал 1940 жылдың 11 шілдесіндегі хатта: «Ғайнижамал – әлемдегі ең сұлу есім. Бізде қайырмасы «Ғайни-ай, сәулем!» деп келетін тамаша лирикалық ән әлі күнге ауыздан түспей айтылып келеді...», деп жазғаны бұл пікірді бекіте түседі. Сондықтан да, бұл хаттарды жариялағанда, біз «Ғай­ни-ай, сәулем!» деген ортақ та­қырып қойғанбыз. Ал зерделі зерттеушінің өзге ой-пікірлеріне алып-қосарымыз жоқ.


Ескерте кетер бір жайт: орыс тілінде жазылып, мен тәржі­малаған сол хаттар жур­налға жарияланарда редакция алқасының мүшесі, академик Зейнолла Қабдолов ағамыз оған бір ауыз ле­біз қосып еді:«Көз алдыңыздағы Мұх­тар Әуезовтің хаттары – адамдар ара­сындағы өзара үйрен­шікті жазып сәлемдесу, не ха­бар­ласу (эпистола) ғана емес, кәдімгідей құнарлы эпис­толяр­лық әдебиет. Жұртқа мәлім, Федор Достоевский өзінің «Бей­шараларында» мұндай жазба түрін көркем шығарма туғызу тәсіліне, тіпті әдеби жанр­ға ай­­нал­дырған. Ал мына жаз­ба­ларға қарап отырып, ав­тор­дың адамдық тағдырының, с­у­реткерлік ғұмырнамасының бұ­рын бізге беймәлім болып келген тағы бір түкпірін тінтіп, тың деректер жинап қана тынбаймыз, жазушының творчестволық лабораториясын ашамыз. Орыс прозасындағы айрықша әлем «Тургенев әйелдері» тәрізді, қазақ әдебиетіндегі «Әуезов әйелдері» деуге болатын ға­жа­йып сұлу, керемет бай образ­дар галереясын құрайтын қай­та­ланбас көркем бей­нелердің табиғатына, ішкі жан дүниесіне тереңдеп барып, олардың сон­шалық шебер жасалу сырын ашып, сөз өнеріндегі махаббат секілді мәңгілік тақырыптың көркем игерілуіндегі небір нәзік құпияларын байыптаймыз. 
Бүгінгі мәдени құндылық­та­рымызға жаңалық әрі қымбат қазына болып қосылатын Әуезов хат­тарын «Таң-Шолпан» өз оқушыларына келешекте түгел жариялап таныстырмақ», деп жазған болатын. (Бұл да сонда, 155-156-беттер.) Әттең-ай, ол мақсат «он мың долларды азсынған» әлгі про­­фес­сордың» пысықтығынан орын­далмай қалды. Хат түгел қол­ға тиген жоқ. Одан бері де 17 (он же­ті) жыл өтті. 
Қайтеміз, «барымен базар...» қыламыз дағы. 

P.S. Бұған қоса, жақында Сергей Әзімов інімізбен хабарлас­қанымызда, әлгі «тарихшы профессордың» да о дүниелік болғанын естідік. Мұхаң хаттары қазір кімнің қолында?! Соңғы иесі енді кімге аманаттады?! Қымбат қазына шашылмай-жоғалмай сақталып тұр ма, жоқ па?! – Бәрі белгісіз! 
Сондықтан, қолда барды қалың оқырманға қайтадан табыс­тырсақ, соның өзі көңіл жұбатарлық көз қуанышымыз болар еді. 

Құрметпен, Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ, 
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты