Н.Нығматулин екінші сессияның биылғы жылы атқарған жұмыстары жөнінде баяндады.
«Біз бүгін екінші сессия бойынша Мәжілістің соңғы жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Бұл сессия Мәжіліс тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болды деп айта аламыз. Себебі, осы уақытта біздің Қазақстанымыздың Тәуелсіздігіне 25 жыл толды. Осыған байланысты депутаттардың белсене қатысуымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған тарихи Декларация қабылданды. Сонымен бірге, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ірі конституциялық реформа жүргізілді, оны сапалы заңмен қамтамасыз ету үшін депутаттар үлкен жұмыстар атқарды. Нәтижесінде, еліміздің Конституциясына, басқа да көптеген маңызды заңдарға өзгерістер енгізілді», деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Сондай-ақ, ол Парламенттегі тағы бір үлкен өзгерістің бірі ретінде Мәжіліс жұмысының ашықтығын атап өтті. «Сессия ашылғаннан кейін жалпы отырыстар мен Үкімет сағаттары онлайн режімде бүкіл республикаға көрсетілді. Бұл Мәжіліс жұмысын бұрынғыдан да ашық ете түсті. Сонымен қатар, бізде өткен шараларға мемлекеттік органдармен бірге, қоғамдық ұйым мүшелері, Мәжіліске кірмеген партиялар қатысып, олармен бірлесе жұмыс атқардық», деді Н.Нығматулин.
Күн тәртібінде бекітілген тақырыпқа сай, ең алдымен, «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл жөнінде арнайы баяндама жасаған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов құжат қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитіне байланысты қатынастарды, сондай-ақ, құзыретті органдар арасында осындай өткізу мен ішкі транзитті мемлекеттік бақылауға байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасауды реттейтіндігін жеткізді.
Ал аталған заң жобасын талқылау барысында депутаттар тарапынан сұрақ қойылып, оған нақты жауаптар берілді. Ішкі істер министрі бірінші орынбасарының айтуынша, өткен жылдың соңында қабылданған «Терроризмге қарсы күрес туралы» Заң талабына сәйкес, ел азаматтары қару-жарақтың төрт түрін алып, сақтауға құқылы көрінеді. «Оның екеуі тегіс ұңғылы болса, екеуі ойық ұңғылы. Ал ұлттық заңнамамызға сәйкес, аң ату мақсатымен елге келетін шетел азаматтары шекарадан екі мылтықтан артық алып кіре алмайды және қару-жарақ түрлерін тасымалдау бір ғана құжатпен тиісті талаптарға сай жүзеге асырылады. Сондай-ақ, қару алуға өтініш беру тәртібі мен сату немесе тасымалдау мәселелерінде электронды құжат айналымы негізінде кедергісіз рәсімдеу мүмкіндіктері де қарастырылған», деді М.Демеуов.
Жалпы, отырыста заң жобасын толық қолдайтындығын білдіріп, өзге де әріптестерін қолдауға шақырған депутат Сергей Симонов министрдің орынбасарынан бүгінгі таңда ел ішіндегі тіркелген және шет мемлекеттер арасында ауыс-түйісте жүрген қару-жарақтың статистикалық деректерін сұраған болатын. М.Демеуовтің жауабынан осы күндері Қазақстанда 250 мыңға жуық қару ұстайтын азамат тіркелгені және олардың қолындағы қару-жарақ саны 283 мыңды шамалайтыны белгілі болды. Ал сатып алу, сату шартына сәйкес, айналымдағы қару-жарақ саны орта есеппен 70 мыңға жуықтайды екен. Мұның ішінде аңшылық кезінде пайдаланылатындары 1 800-дің шамасында көрінеді.
Отырыс аясында аталған заң жобасына қатысты қосымша баяндама жасаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қабиболла Жақыпов келісім құжаты Мәжіліс комитеттерінде жан-жақты талқыланғанын және оң бағаға ие болғанын айтып, оны ратификациялауды ұсынды. Содан соң Мәжіліс Төрағасының дауысқа салуы нәтижесінде заң жобасы бірауыздан мақұлданды.
Депутаттар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша Парламент Мәжілісі мен Сенаты арасындағы келісім комиссиясының ұсыныстары туралы» мәселені қарады. Бұл заң жобасы жөнінде сөз алған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов комиссия отырысында аталған заң жобасының 2-бабының 2 және 4-тармақтары қаралып, олар бойынша бірлескен редакция бірауыздан қабылданғанын мәлімдеді. Өз кезегінде депутаттар салыстырмалы кестеде көрсетілген келісім комиссиясының ұсыныстарын таразылап, дауысқа салу арқылы заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
Сондай-ақ, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусиннің таныстыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі құжат та бірауыздан мақұлданды.
Айта кетейік, VI шақырылымның екінші сессиясында Мәжілістің 38 жалпы отырысы өтіп, онда 226 мәселе қаралған. Осы кезең аясында палата 84 заң жобасын талқылап, мақұлданған және Сенатқа жолдаған. Сондай-ақ, 16 Үкімет сағаты, екі Парламенттік тыңдау, 25 дөңгелек үстел, Мәжіліс комитеттерінің 17 көшпелі отырысы және 4 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған.
Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан»