«Стансаға пойыз тоқтайды» дегеннен-ақ онда тұратын теміржолшылар мәре-сәре болып қалады. Бұл пойыз күнделікті әрлі-берлі өтіп жататын жолаушылар немесе жүк пойызы емес, «Саламатты Қазақстан» пойызы. Ковыльная стансасына пойыз тоқтайды дегеннен Орынбасар Қалыбаева апайдың да қуанышында шек болмады. Жұмыста жүргенде орталыққа барып, денсаулығын тексертудің бір сәті келе қоймады. Қазір зейнет демалысында болса да, күнделікті тіршілік қамы, мал бар, жан бар дегендей, үйден шыға алмайды. Қостанайға барса, әр дәрігердің есігін қағып жүргенде, бірнеше күн жатып қалады. Ал «Саламатты Қазақстан» по-йызында дәрігерлер сүт пісірім уақытта адамдарды тыңдап, түрлі аппараттарымен тексеріп, емін жазып беріп те үлгереді. Орынбасар Серікжанқызы да «Саламатты Қазақстан» пойызындағы дәрігерлердің барлығына қаралды, іш құрылысын аппараттарға түсірді, мазалайтын ауруын айтты. Дәрігерлері қандай білікті, қарапайым, кішіпейіл десейші. Мазалайтын науқасына байланысты Орынбасар Қалыбаеваны невропатолог дәрігер Гүлнар Ибентаева қабылдап, остеохондроз ауруының неден болатынын, одан қалай емделу керектігін, қандай дәрілер қабылдау қажеттігін түсіндірді.
– «Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлеріне өте ризамын. Гүлнар Шабалиқызының біліктілігіне, қарапайым мәдениеттілігіне алғысым шексіз. Расын айтсам, станса бір бүйірде жатқандықтан, сонау аудан орталығына, Қостанайға бара беретін мүмкіндігіміз аз. Дәрігердің айтқан емін жасаймын, әзір ауруханаға жатуға қажеттілік жоқ екенін түсіндірді, – деп ризашылығын білдірді О.Қалыбаева. Оған пойыздың тоқтайтынын естіп келіп тұрған Берік Бақытжанов та қосылды.
– Ауылдағыларға осылай көңіл бөліп отырған Елбасына, Үкіметімізге ризамыз. Ауыл шалғай болғандықтан бас ауырып, балтыр сыздаса да жүгіріп орталыққа бара бермейміз. Алдағы уақытта «Саламатты Қазақстан» пойызы шалғайдағы елді мекендерді барынша көп қамтыса деген тілек бар, – деді Берік Айтбайұлы.
Пойызда гинеколог, невропатолог, кардиолог, хирург, офтальмолог, педиатр, отоларинголог, стоматолог, рентгенолог, эндоскопист, УЗИ секілді он бес маман бар.
– Біздің аурухана мамандары мамандандырылған әлеуметтік пойыздар жұмысына жыл сайын қатысып жүр. Тәжірибесі мол, білікті мамандар қызметіне тұрғындар риза. Дәрігерлер пойызда демалыссыз жұмыс істейді, олар теміржолшылар мен шалғай ауылдардың тұрғындарын көбірек қамтуды басты мақсаты етіп отыр. Медициналық көмектің барлығы ақысыз көрсетіледі. Өзінің денсаулығы үшін алаңдайтын, бірақ облыс орталығындағы емханаларға баруға мүмкіндігі жоқ азаматтар тексерілуіне, дәрігерлерге өзін толғандырған сұрақтар қоюына болады, – дейді Қостанай темір жол ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мәрзия Есқазина.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ