Шыңға өрмелеуші әуесқойлардың айтуларынша, 2020 жылдан бастап спорттың бұл түрі Олимпиада бағдарламасына енуі мүмкін екен. Бұл, әрине шыңға өрмелеп шыныққандар үшін керемет жаңалық. Қуанышқа қарай, қазір жас та, кәрі де қызығушылық танытып отырған спорттың осы түрімен кәсіби түрде айналысатындардың қатары жыл санап көбейіп келеді екен.
Екібастұз қаласындағы «Қайнар» жастар орталығында «Жасанды шыңға өрмелеу» үйірмесі бар. Бұл үйірме жасөспірімдер мен балалардың қызығушылықтарының арқасында ашылған. Тіпті, осы орталықта «жасанды шың» жасалып, оған өрмелеп шығу бойынша қалалық ашық чемпионат та өткізілген. Орталықтағы «Жасанды шыңға» өрмелеп шығу тәртібі берілген уақыт ішінде жасанды түбіртек бедерлер бойымен жоғары өрмелеп, арнайы таңбаға қол тигізу керек. Өзіңмен бірге өрмелеп келе жатқан қарсыласыңнан жүйріктік, ептілік, әдіс-тәсілдерді жақсы меңгеруің арқылы жеңіске жетесің. Жарысқа қатысушылардың дені жасөспірімдер, қызығушылық танытқан ересектер. Олардың арасында қазірден жаттығып, кейін нағыз шыңның өзін бағындыруға дайындалып жүрген Руслан Манатов, Нұрсұлтан Балғынбеков, Александра Обиденко, Әнел Байшенова, Дарья Крыжановская секілді болашақта спорттық туризмге үлес қосатын шыңға өрмеушілер бар. Жаттықтырушы Людмила Шепелеваның айтуынша, қазір орталықта біз бұрын-соңды естіп, білмеген бірнеше спорт түрлері бар екен. Әрине, жасөспірімдер өздері үшін қызық болған спорт түрін таңдайды. Олар орталықтағы «жасанды шыңға өрмелеу» арқылы аталған спорттық әдіс-тәсілдерін үйреніп, қорқынышқа бой алдырмай, шынайы тау шыңдарын бағындырар алдындағы дайындықтарға қатысып, жаттығады.
Ал шынайы түрде шыңға өрмелеуден облыс чемпионаты шілде айында Баянауылдың тауларында өтті. Торайғыр ауылындағы жып-жылтыр биік шыңға өрмелеуге қазақстандық спортшылардан бөлек, шетелдік альпинистер де келеді. Біздің шыңға өрмеушілер бұл жарыстарын спорттық туризмге, ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесіне арнады. Өңірдің ауыл, қалаларынан жиналған туристік бірлестіктердің, «СЮТур» балалар аула клубының, облыс орталығындағы «Экология және туризм» балалар-жасөспірімдер орталығының командалары Жасыбай көлінің жағасында шатырларда тұрды. Туристік романтикаға сай отқа піскен картоп жеп, гитарамен ән шырқады. Жаяу туристік экскурсиялар ұйымдастырылды. Шыңға өрмелеушілер таза табиғи жағдайда тіршілік етуді, қауіп-қатерден сақ болу тәсілдерін әбден меңгерген. Сондықтан бұл чемпионатты өткізу міндеті облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы бекіткен бас төрешілер алқасына жүктеліпті. Шыңға өрмелеушілер бұл спорт түрімен кәсіби шұғылданып, туристік-спорттық тұрғыдан жақсы дайындалған. Барлығы да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Өкінішке қарай, экстремальды спортқа біздің қарадомалақтардың қызығушылықтары жоқ па, әлде «құлайсың, шыңға шыққаны несі, әй!» деу басым ба, әйтеуір шыңға өрмелеушілер қатарында қалада және Баянауылдың тау-тасында өскен өзіміздің балаларымыз көрінбеді.
Жарыс қорытындысы бойынша «Вершина» және «Эдельгрим» клубының командалары жеңіске жетті. Глеб Есин, Мансұр Кадеев, Александр Зайцев, Даниил Рязанов, Антон Немченко, Антон Романеско, Алена Рязанова сияқты жасөспірімдер жеке және командалық есептегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, марапатталды.
Спорттық туризм демекші, жуырда облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдастыруымен, облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің қолдауымен «Ертіс меридианы-2017» атты ТМД елдері жастарының туристер слеті ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын насихаттап, патриоттық сезімді қалыптастырып, табиғатты аялау, достықты қадірлеу сынды қасиеттерді мақсат еткен жиын Баянауылдың Жасыбай көлі жағасында өтіп, оған еліміздің және Ресейден келген 14 туристік команда қатысты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР