22 Қазан, 2011

Ақжайық: Асулар мен асқарлар

375 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін

26-27 қазанда Астанада Батыс Қазақстан облысының күндері өтеді

Тәуелсіздік тамыры  тереңде

Батыс Қазақстан облысының әкімі  Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВПЕН әңгіме

Бабаларымыз ежелден Еділ мен Жайық аралығындағы кең байтақ кеңіс­тікті емін-еркін жайлап келгені тарихтан белгілі. Бүгінгі Батыс Қазақстан облысы дәл осы жерде, қос құрлық – Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан. Еділ мен Жайық о бастан жердің шетінде, желдің өтінде тұрған өлке. Күллі Еуразияны қабағымен жас­қап, қаһарымен ықтырған Алтын Орда, Ақ Орда, Дешті-Қыпшақ, Ноғай ордасы сияқты ортағасырлық мемлекеттік бірлестіктердің осы өңірде ірге көтеруі кездейсоқтық емес. Бұдан бергі кезең­дерде де осы аймақта ұлттық мемлекеттік құрылымдар ту тікті. Бүгінде құрылғанына 210 жыл толып отырған Бөкей хандығы мен күнбатыс Алашор­даның ел тарихындағы орны айрықша. Сондай-ақ бұл өңір ықылым замандардан Батыс пен Шығыстың арасын жалғайтын көпір қызметін атқарып келеді. Мұнда әлемдік өркениет пен мә­дениет ұшқындары ертерек бой көтеруі­нің бір сыры осындай тарих тағылы­мын­да жатса керек. Ал егемен ел құрамын­дағы бүгінгі Батыс Қазақ­стан облысы халықаралық ынты­мақтастық торабы­на айналып отыр. Облыс басшысы Б.С.ІЗМҰХАМБЕТОВПЕН тілшіміздің әңгімесі өрелі де өркенді өзгерістер төңірегінде өрбіді.   – Бақтықожа Салахатдинұлы, Қа­зақ­­станның жаңа тарихы 1991 жылдың 16 желтоқсанынан, яғни егемендікке қол жеткізген күннен басталатыны белгілі. Жасыратын несі бар, бұл тұста еліміздегі кез келген облыстың жағдайы мәз емес-ті. Өйткені, Одақ кезіндегі экономикалық байланыстар быт-шыты шығып үзіліп жатты. Осындай тығырыққа тап болған өңірлердің бірі Батыс Қазақстан облысы еді... – Ойыңызды түсіндім. Бұл өңір маған бұрыннан да өте таныс, әрі өте жақын болатын. Өйткені, мен Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының тоғысқан жерінде дүниеге келдім. Кейін осы аймақтан онша қашық емес Уфа мұнай институтына түсіп, мұнай инженері мамандығын алып шықтым. Осы кәсіби мамандығым мені газ, мұнай тәрізді стратегиялық шикізат көздеріне жақын орналасқан Орал өңіріне деген қызығушылық пен ынтызарлық сезімін де туғызғаны рас. Сондықтан да бұл елдің өсіп-өркендеуіне, жерінің астында бұғып жатқан байлығының игілігін көруі­не сырттай тілекші болып жүретінмін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңір республика үшін де, шетелдіктер үшін де инновациялық мәнге ие бола бастады. Мен бұл тұжырымды Қарашығанақ кенішін игеруге қатысты айтып отырмын. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің елең-алаң шағының өзінде жас тәуелсіз мемлекетке инвестиция тарту мәселесін батыл қойды. Көп кешік­пей-ақ республика басшысының та­бан­ды көзқарасы мен елдік маңызы бар еңбегінің нәтижелері көріне бастады. Оның игілігін республикада алғаш көрген­дердің бірі – Батыс Қазақстан облысы. Одақ тараған тұста тас-талқаны шығып, қондырғылары ұстағанның қолында, тісте­геннің аузында кеткен кенішті игеруге Елбасының тікелей ықпалымен шетелдік инвесторлар тартыл­ды. Өнімді өзара бөлісу жөніндегі келісім-шарт осылай дүниеге келді. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында республиканың әр аймағының тек өзіне ғана тән проблемалары мен күрмеуі қиын жіп секілді шешілместей көрінген мәселелері болғаны белгілі. Сол кезеңде Батыс Қазақстан облысы үшін бұл қандай проблемалар екенін айта алар ма едіңіз? – Неге айтпасқа. Тәуелсіздікке қолы­мыз жеткенге дейін Орал қаласындағы қару-жарақ зауыттары мен қорғаныс кә­сіп­орын­дары тікелей Мәскеу мен Ле­нинградқа қарап келді. Мұндағы техноло­гия­лық желілер орталықпен ажыратыл­мастай, мызғы­мас­тай болып жымдасты­рылған болатын. Бұл жүйедегі кәсіпорын­дар өнім шығаруға қажет шикізаттан өзі­мізден тек қара металл ғана алып келген. Қалғаны Мәскеудің өзі­нен тасымалданған. Міне, осы тін бір-ақ күн­де үзіліп қалды. Сөйтіп, жас егемен ел­дің батыс қақпасын­да шоғыр­ланған стра­те­гия­лық қорғаныс кәсіпорын­дарын жаңа жағ­дайда тиімді де ұтымды пайдалану қажеттілігі туындады. Сол кездегі тәуел­сіз­дік талаптары­ның бірі де осы еді. Не істеу керек? Бұларды алғашқыда конверсиялау, яғ­ни халық тұтынатын тауарлар шығаруға икемдеу бағы­ты ұсталды. Алайда, егемен ел дербес қорғаныс құры­лымдарын құруды ойлас­ты­рып отырған кезде мұндай әскери-технологиялық желілерді жаппай жою да тәуел­сіз­дік талапта­ры­мен үйлесім таба алмайтын. Бұрынғы Ворошилов атындағы машина жасау зауытында егеменді ел­дің теңіздегі шекара қыз­ме­ті­не қажетті катерлер мен кемелер жасау өндірісі осылайша жолға қойылды. Сонымен бірге, «Металлист» қару-жа­рақ зауы­тының базасында Батыс Қа­зақстан машина құрас­тыру компаниясы құрыл­ды. Қазір бұл ұжым рес­публикадағы машина жасау өндірісінің көшбас­тау­­шы­лары қата­рын­да еке­ні батысқазақ­стандық­тар үшін үлкен мерей. Бұл іргелі кәсіп­орынның егемен ел мүддесіне қыз­мет жа­сауы үшін Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаев үл­кен қол­дау көрсетті деп санаймыз. Өйткені, Нұр­­сұлтан Әбішұлы Ақ­жайық­­қа келген сапар­ла­ры кезінде компания ұжы­мымен бірнеше рет кездесіп, алда тұрған міндет­тер­ді ай­қындап берді. Сон­дай-ақ мұндағы инженер-техник қызметкер­лер­ді ұлт­тық кадрлармен толық­тыру жөнінде терең ой са­бақ­тады. Бүгінде Мем­лекет басшысы қой­ған осы­нау талаптар ойдағы­дай орындалып келеді. Екіншіден, сол кезде Орал өңірі үшін тағы бір проблема кешегі КСРО-ның мұрагеріндей көріне­тін алып ел – Ресейдің алдындағы энергетикалық тәуелділік бо­латын. Сол тұстағы деректер тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Батыс Қазақстан облысының Ресей энергетиктеріне кіріп­тар­лығы 90 пайызға жеткенін көрсетеді. Өйткені, бұл кезеңде республиканың шекаралас өңірі Қазақстанның бірыңғай электр жүйесінен тым оқшау орналасқан еді. Қашанда кісідегінің кілті аспанда емес пе? Ресейліктер Орал өңірі тұтынатын энер­гетикалық ресурстардың бағасын көтеріп отырды. Сөйтіп, облыс Ресей энер­гетиктері алдындағы қарызға белшесінен батты. Жағ­дай осылай жалғаса берсе, об­лыс тұрғын­дары­ның «күндері қа­раң» бола­тыны анық еді. Міне, осындай күрделі жағ­дайда шұғыл түрде өңір­ді энерге­ти­ка­лық тәуел­­сіздікке жет­кі­зу­дің жол­дары белгілен­ді. Әсі­ре­се, соңғы төрт-бес жыл­­да бұл іс тамаша нәтиже берді. Ай­мақ­та энер­ге­т­и­ка­лық им­порт­тың үле­сін 90 пайыздан 2 па­йызға дейін тө­мен­детуге жол ашылды. Тәуелсіздік ал­ған кез­­дегі екінші проблема өр­кениет кө­шіне бет бұр­ған заманда ел тұр­ғын­да­рының көмір, қи тасып, от жа­ғып, оның күлін шы­ғарып машақат көріп отыр­ғаны еді. Облыс орталығын­да­ғы әр түрлі өн­дірістік кәсіп­орын­дар мен зауыт-фабри­ка­лар да көмір­мен, күйесі көп сұйық отын – мазутпен жұ­мыс жасап жатты. Осындай күрделі кезеңде оның бәрін арзан да тиімді, әрі таза отын табиғи газды тұтынуға көшіру ісі кезең-кезеңмен жүргізілді. Бүгінде об­лыс­тың бар­лық ау­дан­­дарының тұрғындары көгілдір отын­ның пайдасын көріп отыр. – Өткен қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа екі күндік жұмыс сапары кезінде тәуел­сіздік жылдары Орал өңірінде болған өз­ге­рістерді оң бағалады. Бұған қоса­ры­мыз, сапар қорытындысы бойынша Ел­ба­сы азық-түлік қауіпсіздігін сақтау ісінде облыста тындырылған істер мен жа­салған жобаларға байыпты баға бер­ген-ді. Бұл – науқандық шара емес. Үлкен стратегиялық мәні бар іс. Оның ұзақ мер­­зімді сипат алуы да алғашқы ойы­мыз­­ды шегелей түседі. Бақтықожа Сала­хат­динұлы, ендігі кезекте үдемелі индус­трия­лық-инновациялық бағдарла­маны іске асыру жөніндегі мәселеге тоқтала кетсеңіз. – Біз тек бірыңғай мұнай-газ өндірісі­нен алынатын экономикалық өсімге тәуел­ді болмауымыз керек. Елбасының қойып отыр­ған талабы осындай. Сондықтан да Нұр­сұл­тан Әбішұлы республиканы қар­қын­ды дамыту ісінің басты жолдарының бірі ретінде индустрияландыру міндетін қойып отыр. Негізгі мәселе мұндай жо­ба­лардың ұшы қиыры жоқ тізбегінде емес, сан мен сапа­ның үйле­сім табуында. Қолға алынған ин­дус­трия­лық жоба­лар­дың өмір­шең­­ді­гінде. Бағдарла­ма­ны іске асы­ру­дағы басты өлшем осындай. Индустриялық-инновациялық даму ба­ғы­тын көздейтін бағ­дар­ла­маның бәсеке­ге қабілет­ті­лі­гі жо­­ға­ры болуға тиіс. Әйт­песе ол жарты­кеш күшінде қалып қой­мақ. Бү­гінгі басты мақсат – осы үдеден көріну. Өңір­дегі индустрия­­лық жо­балар бары­сы­на талдаулар жа­са­ған кезде жергілікті өндіріс­шілер импорт кө­лемін барынша азай­­тып, экспортқа бағытталған өнім­дерді барынша мо­­­л­ырақ өн­діруге бағыт ұстап отыр­­­ға­нын кө­ре­міз. Бүгінгі күні об­­лыс­тағы индустриялық-ин­но­­вация­лық жобалар шо­ғы­рында қа­зақ­стан­дық үлестің әжеп­тәуір ұл­­ғай­ға­ны атап айтуға тұрарлық мәселе. Ендігі жерде Ақжайық өңірі­нің тек өзіне ғана тән тағы бір ерекшелігін атап өте аламын. Мұнда ірі өндіріс орын­дары­ның жанынан кіші кәсіпорындар мен сервистік компаниялар құрылу үстінде. Бұл шағын құрылымдар алып өндіріс­тер­дің қажеттілігін өтеу­ге қызмет жасамақ. Ин­дус­триялық жобалар­ды жан-жақты қанат қақтырудағы бас­ты мақсат облыс эконо­ми­касын бұдан да биік деңгейге көтеру бол­мақ. Сондай-ақ бұл – өз кезегінде жүз­деген, мың­даған жаңа жұмыс орындары, рентабельді өн­ді­ріс жә­не жо­ғары өнімділік деген сөз. – Сонымен, сөз түйіні өзіңізде. – Соңғы жылдары Орал өңірінде жү­зеге асқан әлеуметтік жобалар тұрғын­дар­­дың көңілінен шығып отыр. Ынты­мағы мен береке-бірлігі жарасқан Ақ­жайық ай­мағының тұрғындары бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығарып тәуел­сіздікті баянды ету ба­ғытында алаңсыз еңбек етіп келеді. Өңір­дегі азаматтық қо­ғам инсти­тут­тары өкіл­дері де Жа­йықтағы жасампаз жоба­лар­ға қолдау көрсетуде. Олар біткен іске сыншы болмай, іскерлік ұсыныстар мен ой-пікір­лері және нақты тындырған істері арқылы облыстың алға қарай да­муына үлестерін қосуда. Иә, біздің барлық жеңіс­теріміз бен табыс­тары­мыз­дың түп тамыры мен қайнар көзі – тәуелсіздікте. Барша отандастары­мыз осы ақиқатқа жүгінер болса, тәуел­сіз­ді­гіміз де соғұрлым тұғырлы бола бермек. Дәлелдеуді қажет етпейтін тағы бір аксиома, ақиқат бар. Бұл – тәуелсіздік та­мыры тым тереңде екендігі. Оны өзінен-өзі келе қалған, бір-ақ күнде басымызға қо­на қалған бақ құсы деп ойлағандар оң­бай қателеседі. Тәуелсіздік – бабалары­мыздың ғасырлар бойғы арман-мұрат­тары­ның, со­ған жету жолындағы күрес­тері мен іс-әре­кеттерінің бұдан жиырма жыл бұрын ғана нәтиже беруі. Осыны ұмытпайық. – Бақтықожа Салахатдинұлы, күні ер­тең елордамыз Астанада облыстың күн­дері басталмақ. Бұл шақта өңір өкілдері Астана жұртшылығына тәуел­сіздік жыл­дарында жеткен ұлан-ғайыр жетістіктерін паш етпек. Ендеше, бәрі де сәтті болсын демекпіз. Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН.   Металлургия өңдеуші бағытқа бет бұрды Күллі еліміздегідей Ақжайық өңірінде де индустриялық-ин­но­вациялық бағдарлама тың күш­пен басталып, жалғасуда. Елба­сының өзі аталмыш бағдарла­маны «мемлекет пен тәуелсіз­дікті құрумен маңызы бірдей мемлекеттік тапсырма» деп ба­ғалады. Өйткені, нарықтық қа­ты­нас, күніне мың құбылатын әлемдік конъюнктура жағдайын­да шикізаттық бағдармен алысқа ұзау қиын. Сондықтан үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыра оты­рып, әлемдік инновациялық эко­но­микаға қосылуымыз керек. Осы бағыттағы жобаның бірі ауыл-аймақтағы керексіз жатқан металл сынықтарын өңдеп, дайын өнім алуға жол ашады. Индустрияландыру картасы бойынша «Батыс Жол Құрылыс» ЖШС-нің балқыту-прокат це­хын ұйымдастыру жобасы жан­дан­дырылмақ. Компания 2007 жылдан бері металл прокаты өнім­дерін өндіріп, облыстың жә­не еліміздің Астана, Қараған­ды, Ақтөбе, Атырау, Ақтау өңір­ле­рінің сұраныстарын өтеуде. Алай­да, прокат түрлерін шығаруға қажетті металл құймаларды Қа­рағандыдан сатып алып келеді. Нарық жағдайында оны тасы­мал­дау шығынын айтпағанның өзінде, шикізат бағасының тұ­рақ­сыздығы экономикалық жа­ғы­нан тиімсіз. Сондықтан компания осы жаңа инновациялық жобаны іске асыруға кірісті. Оның үстіне қазіргі уақытта ауыл-ай­мақта қолданыстан шыққан металл қалдықтары жетіп артыла­ды. Жер-жерде металл өткізу бизнесі гүлдеп тұр. Бірақ оның қызығын өзге елдер көруде. Атал­­мыш жоба іске асқан жағ­дайда, кәсіпорын шикізат тасымалдау­дан құтылады. Қара металл қал­дықтары шет ел аспай-ақ өзіміз­де, яғни индукциялық пештерде балқытылып, темір бұрыш, швел­лер, двутавр сықылды құ­рылысқа қажетті материалдар шығарылады. – Биыл наурыз айында түрік­тің «5М Electromehanic Ticaret Itd» фирмасымен құйманы үзік­сіз құю желісі мен үш балқыту пешін жаңартып, жетілдіру жө­нінде келісім-шарт жасадық. Құ­рал-жабдық Түркияға жөнел­тілді. Желтоқсан айына қарай жаңғыртылған жабдық кері жеткізіледі. Содан кейін түрік ма­ман­дары құрал-жабдықты орнату, іске қосу жұмыстарын атқа­рып, жергілікті мамандарды оқы­­тып, үйретеді. Алдағы Тәуел­сіздік күні қарсаңында қара металды алғаш рет тәжірибелік балқыту рәсімін өткізуді жоспарлап отырмыз. Жоба 2012 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылмақ, – деді өз әңгіме­сінде аталмыш компания дирек­торының орынбасары Мақсат Бисембиев. Компания басшылығының ай­туынша, олардың өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Қазақстан рыногына мұндай өнімдері Ресей мен Украинадан тасымал­данады. Таяуда ғана көршілес Ресейдің шекаралас облыста­ры­нан, Түркіменстаннан кәсіп­кер­лер келіп, тұрақты байланыс ор­натуға ниеттерін білдірген. Самара, Орынбор өңірлеріне өнім өткізу алдағы уақыттың еншісінде. Бүгінде еліміздегі «Сталь­ной двор» ЖШС, «Агис-Темир», «Титан-металл», «УралМеталлинвест», «КазТемирКонтракт» және өзге де ірі металл трейдерлеріне өнім түрлерін өткізу жайында келісім-шарттар жасалған. Жоба іске асқан жағ­дайда, шаршы шойын құйманы экспортқа шығару мүмкін бол­мақ. Сондай-ақ ортақ кедендік кеңістік жағдайында жобаны шикізаттық базамен қамту мәселесін шешу қиын емес. Жобаның құны 1 миллиард 30 миллион теңге шамасында. Өткен жылдан бастап «Бизнес­тің жол картасы-2020» бағдар­ламасына енген кәсіпорын 12 пайыздық несие алып, оның 7 пайызын компания төлеуде. Қал­ған 5 пайызын мемлекет өтейді. «Бұл 5 пайыздың есебінен ұжымдағы жұмысшылар­дың жалақысын өсірдік және Металлургтер күніне орай сыйақы бердік. Жобаның тиімділігі зор. 200 адамға жұмыс орны ашылады. Салық төлем­дері өседі. Қазақстан рыногын­дағы отандық өнім өндіру үлесі артады, – дейді Мақсат Тель­ман­ұлы. – Ал, жұмысшы кадр­ла­рын даярлауды кәсіптік лицейлермен, колледждермен бірігіп шешуді ойластырудамыз». Оралда қолға алынған тың жоба еліміздің металлургия ры­но­гы­ның шикізаттық бағдар­дан өңдеуші бағытқа өткенінің жарқын бір мысалы болады деген сенім зор. Гүлнар ШӘҢГЕРЕЙ. Суретте: металл балқыту цехында.   Дерек  пен  дәйек Өнеркәсіп Облыс бойынша өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 1995 жылғы 12,3 миллиард теңгеден 2010 жылы 990,1 миллиард теңгеге, яғни 80 есеге өсті. Осы уақытта облыс экономикасындағы өнеркәсіп өнімдері­нің үлес салмағы 20,7 пайыздан 53,2 пайызға ұлғайды. Өнеркәсіп саласында тау-кен өндірісі 89 пайызды құрайды. Табиғи газ өндіру 1995 жылмен салыстыр­ғанда 5,9 есеге, газ конденсаты 4,6 есеге өсті. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 1995 жылғы 7 миллиард теңгеден 2010 жылы 83 миллиард теңгеге, яғни 12 есеге өсті. Облыс бойынша жалпы аймақтық өнім көлемі 1995 жылы 25 миллиард теңге болса, 2010 жылы 1049 миллиард теңгеге, демек 42 есеге өсті. Жалпы аймақтық өнім әрбір жан басына шаққанда 38,5 мың теңгеден 1 730 мың теңгеге немесе 45 есеге өсті. Республиканың ішкі жалпы өнімі бойынша облыстың үлесі 2,7 пайыздан 4,8 пайызға ұлғайды. Инвестициялық жобалар 2010 жылы облыста республикалық және аймақ­тық индустрияландыру картасы шеңберінде 9 инвес­тициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың ең бастылары – 54 мВТ газ турбиналық электр стансасы, «Қарашығанақ – Орал» газ құбырының 2-кезеңі, мия тамырын өндеу зауыты, 8600 басқа арналған мал бордақылау алаңы, металл құрылғыларын ыстықтай мырыштау өндірісі, полиэтилен тұрбалар шығару цехы, Чинарев кен орнында тазартылған газ қондырғысы құрылысы және тағы басқалары. 2011-2013 жылдары үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық бағдарлама бойынша жалпы сомасы 164 миллиард теңгеге 22 жоба іске асырылады, оның 4-уі биылғы жылдың бірінші жартысында пайдалануға берілді. Облыстың негізгі капиталына 2000-2010 жылдары 1 800 миллиард теңге инвестиция тартылды. Соның ішінде 684 миллиард теңгесі немесе 38 пайызы шетелдік және 62 пайызы отандық инвестиция. Ауыл  шаруашылығы 2010 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 52,8 миллиард теңгені құрады, 1995 жылмен салыстыр­ғанда 9 есеге артты. Тұрғындарды ерте піскен жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жылы­жай шаруашылықтарын дамыту жұмыстары атқарылып, соңғы үш жылда 15 жылыжай салынды. 2011 жылдың 1 қаң­тарына облыста жалпы алқабы 14,1 мың шаршы метр 28 жылыжай бар. Қазіргі таңда облыста 400 мыңнан астам ірі қара малы, 1 миллоннан астам қой мен ешкі, 80 мыңның үстінде жылқы бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеуді дамыту мақсатында 2000-жылдардан бастап облыста инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, өндірістер қайта жаңғыртылды. Соның ішіндегі ірі жобалар: Орал қаласында жылына 52 миллион дана жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы, қуаты тәулігіне 150 тонна бидайды қайта өңдейтін диірмен кешені, жылына 7,4 мың тонна май өндіретін зауыт, 8,6 мың бас ірі қара малына арналған ірі бордақылау алаңы. Шағын кәсіпкерлік 2010 жылы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 34 мыңға жетті. Бұл салада 64 мың адам еңбек етеді. Олар жылына 104 миллиард теңгенің өнімін шығарып, қызмет түрлерін көрсетеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ла­масы шеңберінде аймақтық үйлестіру кеңесі құны 12,3 миллиард теңге тұратын 48 жобаны мақұлдады. Осы жобалар бойынша 1000 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Құрылыс Құрылыс жұмыстары­ның көлемі 2010 жылы 1995 жылмен салыстыр­ған­­да 34 есеге немесе 2,4 миллиард теңгеден 81 миллиард тең­геге өсті. 1995 жылы 70,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2010 жылы оның көлемі 207,4 мың шаршы метрге жетті. Таза ауыз сумен қамту Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту 2002 жылы 31 пайыз болса, 2010 жылы 64 пайызға жетті. Табиғи газбен қамту Елді мекендерді табиғи газбен қамтуда ауқымды жұ­мыстар атқарылды. Бар­лық 12 аудан орталығына табиғи газ жеткізілді. Ауыл­дық жерлердегі 185 елді мекенге газ барды, 95 ауыл­дық округ табиғи газ­ға қосылды. 2007 жылы об­лыс бойынша елді ме­кен­­дердің 67,6 пайызы газға қосылса, биыл 84 пайызға жетті. Бұл бағыт­тағы жұ­мыс­тар одан әрі жалғасуда. Инфляция Инфляцияның жалпы деңгейі 1995 жылғы 152,7 пайыздан 2010 жылы 107,2 пайызға төмендеді. Азық-түлік тауарлары бағасы­ның индексі 138,8 пайыз­дан 110,1 пайызға түсті. Білім беру Білім беру саласын қар­жыландыру 1997 жылғы 2,3 миллиард теңгеден 2010 жылы 30 миллиард теңгеге дейін жетті немесе 13 есеге өсті. Тәуелсіздік жылдары облыста 66 жал­пы білім беретін және ар­наулы орта мектеп, 14 мектеп жасына дейінгі тәрбие беретін мекеме салынды. Балаларды мектеп жа­сы­на дейінгі тәрбие беру мекемелерімен қамту 1995 жылы 20,9 пайыз болса, «Балапан» бағдарламасы бойынша атқарылған жұ­мыс арқасында бұл көрсет­кіш 93,2 пайызға жетті. Денсаулық сақтау Денсаулық сақтау сала­сын қаржыландыру 1,5 мил­лиард теңгеден 22 миллиард теңгеге өсті немесе 14,6 есеге артты. Тәуелсіз­дік жылдары облыста 76 заманауи техникамен жаб­дықталған нысандар са­лын­ды және 347 нысан күр­­делі жөндеуден өткізілді. Осы жылдары облыс тұр­ғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 63,9-дан 68,4-ке дейін, яғни 4,5 жылға көбейді. Ана өлімі 68,5-тен 8,3-ке (100 000 тірі туғандарға шаққанда), балалар өлім-жітімі 26,2-ден 13,87-ге (1000 тірі ту­ғандарға шаққанда), туберкулезбен сырқаттану­шы­лық 104,8-ден 95,7-ге (100 000 адамға шаққанда) азайды. Жұмыспен қамту Жұмыссыздар саны 2010 жылы 1995 жылмен салыс­тырғанда 41,1 па­йызға тө­мендеді. Жалпы жұмыс­сыздық деңгейі 10,8 пайыз­дан 5,6 пайызға түсті. Аза­маттарды еңбек­ке орна­лас­тыру 1995 жыл­ға қараған­да 6,6 есеге арт­ты (2,8 мыңнан 18,5 мың адамға жетті). Орташа айлық ақы 1995 жылы 3616 теңге болса, 2010 жылы 80 101 тең­геге жетті. Әрбір жанның айлық орта табысы 1 405 теңгеден 47 692 теңгеге көтерілді. Мәдениет Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық мәдениетті дамы­ту­ға жаңа мүм­кін­діктер ту­ды. 1999 жылдан бері 4 мә­дениет мекемесіне жаңа­дан ғимарат са­лынды, 182 мә­дениет ғи­маратына күр­делі жөндеу жүргізілді, 36 кітапхана, 84 клуб, 10 мұ­ражай ашылды, жаңадан 9 кәсіби музы­калық және хореогра­фия­лық ұжым құрылды, ал «Халықтық» және «Үлгілі» атағы бар шығармашылық өнер ұжымдарының саны 19-дан 54-ке дейін көбейді.   ...Сенің орның алабөтен Күллі аумағын солтүстіктен оңтүс­тік­­ке қарай шарлап, жарып ағатын­дық­тан да шығар, Батыс Қазақстан облысы­ның аумағы ықылым замандардан бері Ақжайық атырабы аталады. Көктемде жайылмасындағы сай-саланы, ескі арна­ларды суға толтырып, қуаң тіршіліктің тұла бойына жан бітіріп, жайқалтып нуға айналдырып, жарқырай, жайыла ағатын Жайық бойы, шынында да қонысқа жай­лы, шұрайлы атырап, түгін тартсаң құ­нары андыздайтын «майлы қиян». Ата-бабаларымыз заманында өліспей беріспеген беймаза «қан­ды қиян» – Еділ бойы шынында да «адыра қалып», бү­гінде қазақтың «майлы қияны» мен «шаң­ды қия­ны», шүкіршілік, түп­кі­лікті өзіне бұйырды. Ежелден тамырлас, тілін тапса татулықтан айнымайтын, тарихқа тереңдей берсе діні басқа болса да, қаны аралас ағайынның иелігінде жатса да, көк түріктің рухы шарлаған аралық болашақта ел мен елдің достығын жарастыр­маса, сына қа­ғы­латын жіктің жоқтығына шы­найы кепіл. Жайық бүгінде еркін елдің ерке өзені. Берекелі байлы­ғы­на ешкім көз аларта алмайтын құтты қонысы. Бір алаңдатарлығы – адамзат ұрпағы ес білгелі ағысынан жа­ңыл­маған арналар соңғы жылдары адам сенбестей тар­тыл­ды. Заманында ат жалдап өте алмай­тын асау арнаның жар­қабақтары қал­қиып жағалаудан алыс­таған. Баяғы сы­ла­нып ағатын бұла өзен, қайсыбір жыл­дары жыланып жылжиды. Тіпті жаз ор­тасы ауа суға шомылған жағажайлар­дағы жұрттың Жайықты әр тұстан бойлап өткенін көргенде «Ақыр­за­ман бол­ғанда су тартылардың» кебі келді емес пе?» деп шошынғандардың жан-айқайын да естідік. Сөйткен Жайық биылғы көктемеде небір жылдардан бері байқатпаған то­сын мінезін танытты. Буырқана тасып, шамырқана тулады. Оған ілесе өңірдегі Деркүл, Шаған, Елек өзендері де дол­данып, арнасынан асты. Талай жылдар­дан бері табиғаттың мұндай тосын әре­ке­тінен бейқам, өзендердің ескі жайыл­маларын жазықтыққа балап, кейбір жерлерде ауа жайылып, бейберекет құрылыс салған, ескі арналардың маңайын мекен еткен марғау ел жер бауырлап жылжып, көк сауырлап шалқыған тілсіз жаудан сақтықты жадынан шығарып алғанда­рын бір сәтте естеріне түсірді. Зардап шекті. Жайық өңірінде су тасқынына байланысты төтенше жағдай жария­ланып, тасқынның зардаптарын жоюға бүкіл ел жұмылдырылды. Елдігіміздің, бірлігіміздің, татулығымыздың туы осын­дайда асқақтады. Қазақтың қайраткер ақын қызы Ақ­ұш­­тап Бақтыгереева басшылық ететін Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің жұмылдыруымен Ақ­жайық­­тың барлық қаламгерлері көк­темгі туын­дыларының қаламақысын тасқыннан зардап шекендердің арнайы есеп-шо­тына аударды. Қолында қаржы­сы барын да, жоғын да жұмылдыра білген ел елдігін жасады. Үйсіз, күйсіз қал­ған мың­даған отбасы бір жазда қайтадан бас­паналы болып, көктемде көз жас­тарын қайғырып төк­кен­дер, күз­де жанар­­лары­на қуаныштың көз жасын қайтадан үйір­ді. Табиғат апаты адам баласының таби­ғатқа тәуелді екендігін тағы бір есіне түсірді. Бірақ қамданса, жұмылса «Нұқ пайғам­бар­дың кемесіне мініп» тығырықтан шыға ала­тын­дық­тарын да ұғынды. Әр­бір жапа шеккен жан артында елі барын, елді жұмыл­ды­ратын Елбасы бастаған жайсаң жұрты барын түсінді. Көктемде әбігерге түскен Жайықта, міне, бүгін жаймашуақ күз. Ырысты, ынтымақты, жомарт күз. Жаратылыстың ен байлығын жиып үлгіре алмай жатқан қарбаласты күз. Күздің осы бір күн­дерінде Ақжайыққа Елбасы Н.Назарбаев келді. Жай келген жоқ, Жайық жұрты­ның жайын қамдап келді. Тасқыннан зардап шегіп жабыққан жұртының қол­тығынан тағы бір демей келді. Көзде­рінен күн сәулесі шашырап, жүздерінде шұғыла ойнаған, көкіректерінен алғыс ақтарылған ағайынмен жүздесті. Тың­нан тұрғызылған тұтас бір ауылдың тұсауын кесті. Елбасы осы жолы атбасын қайтадан Ақордаға емес, Астраханьға бұрды. Күй атасы Құрманғазының, Бөкей ханның сүйегі жатқан екі елге де қадірлі Еділ жағалауындағы ежелгі шаһарға бағыт алып, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің VІІІ аймақаралық ынты­мақтастық форумына қатысты. Мұнда да шешімін тапқан іргелі мәселелердің бірі – Жайықтың жағдайына қатысты болды. Елбасымыздың трансшекаралық Жайық өзенін бірлесіп қорғау жөніндегі ұсынысы қолдау тапты. Жайықты қор­ғай­тын бірлескен мемлекеттік қор құры­латын болды. Суы ортақ екі елдің, түсі­ністігі, ауыз­бір­лігі осыдан да көрінді. Енді Жайық­қа қатысты мәселені осы қор арқы­лы жан-жақты шешуге болатын болды. Бүгінде табиғат та белгілі дәрежеде адам баласының іс-әрекетіне, күш- қуатына илігеді. Иліккені бар болсын, айнала беріп шамырқана шүйлігеді. Жаратылыстың жөнге көнбей, тосыннан тарпаң қылық танытуы кейде жері бөлек болса да, суы бір ағайынның «ала қойды бөле қырыққанынан» да болып жатады. Жерге шекара сызығын салу оңай бол­ған­мен, атасы сұйық суды апшыру шартты ұғым. Қармағанда қолға ілікпейтін ауа мен шарлағанда ізің қалмайтын су меншіктегенге де мойынсұна бермейтін өзгеше құбылыс. Сондықтан шекара­лық өзендерге келгенде көршілес елдер өзгеше саясат ұстануы керектігі осын­дайда білінеді. Мәселен, бастауын Ресейден ала­тын Жайықтың суының тартылып, ескі арна­ларының бітелуіне, экологиялық жағ­дайы­ның бүлінуіне жоғары жақ­тағы көршілерден келіп жатқан кесе­пат­тың аз еместігі талай айтылды. Түптеп келгенде, киелі судың шайыр­ланып барып, ортақ айдынға лоқсып төгілуі талай елдерге, соның ішінде Ресейге де ортақ Каспийдің сапасына, табиғи байлықта­рына нұқсан келтіріп, түпкі зардапты елдер бірге тартуына соқтырады. Жайықта балық азайса, бұрын теңізден шығып, Ресей аума­ғын­дағы тау қайраңдарына дейін жететін аса бағалы қызыл балық­тың бүгінде Индерден аса алмай, уыл­ды­рығын еркіндеп шаша алмай тап­шы­ланып бара жатса, бұған екі ел де кінәлі. Ресей суды бөгеп, Жайықтың бастауына Ирклин тәрізді су қоймасын жасап, шү­мектен бір қысса, «зардабы басқаға» деп зауыттарының қалдығын өзенге жөнсіз төгіп, бүлдіріп тағы бір кесепат жасады. Қазақстандықтар жағы Жайыққа Каспийдің балығының еркін өтуіне бө­гет жасап, табиғи өрісін шектеп, бағалы балықты жолортадан қайырғандарын оны қорғағандыққа балады. Шынтуай­тына келгенде, қызыл балықты еркіндігіне жіберсе, Жайықтың тау жыныста­рына апарып, таза суға шашқан уылды­рығы мыңдаған шақырымды қамтитын өзеннің өн бойы мен жыра-жықпылы, сай-саласына дейін таралып, табиғи өсімі көбейіп, аулағанға азаймайтын та­би­ғи айналымына түспес пе еді?! Әйт­песе, қызыл балық тек Каспий үшін жа­рал­ған тіршілік емес. Жайық суының та­йыз­данып, жазғытұры өзен бойлап өрге тал­пынатын су асты «серке­лері­нің» тұм­сы­ғының жасанды тосқауыл­дарға соғы­лып, қанатын жазып қалық­тай алмағаны олардың Жайық бо­йындағы жайлы мекендерін құтынан айырды. Жоғарыдағы ағайыннан біз Жайық­тың балығын қызғанбайық, олар суын қызғанбасын. Көктемде көк теңізден шығып, алды көгілдір тау етектеріне дейін барған текті балықты әрлі-берлі шекара асатын ортақ ырыс деп ұғынайық. Көктемде уылдырық шашар кезде қызыл балықты қорғауды бұрынғы кеңестік замандағыдай екі елдің табиғат, балық қорғаушыларының бірлескен қамқорлы­ғына көшірген жөн болар. Ол үшін ендігі жерде мәселені ортақ шешетін қор да құрылғалы жатыр ғой. Алып балықтар осы күні бұл жақта жоқ. Ертеректегі жылдары өзенде осын­дай балықтар қыстап қалатын терең ұймалар болыпты. Ол ұймалар қазір де болғанымен, онда қыстайтын мұндай тым ірі балықтар емес. Бірақ өзен жаға­лау­ларындағы қайраңдарда алып балық­тардың адам таңқаларлық зор қаңқала­ры, ірі сүйектерден қалған ақықтар әлі күнге көрініп жатады. Тау жыныста­рының ара­сындағы мөлдір бұлақта жа­ралған текті тұқымның теңіздегі төркіні майдаланып кеткендей. Әттең олардың бүгінде ата­жұр­ты­на жете алмайтыны, алыптай бұл­қы­нып өсе алмайтыны өкінішті! Айтса айтқандай, бекіре тұқымдас ба­лықтардың бүгінде тапшыланып, ша­бақтары инкубатордағы балапандай тоғандарда көбейтіліп, табиғи өсімнен шектеліп отырғандығы ойландыратын жай. Ырыс-құтын тел еміп отырған ару Жайықты қос мемлекет бір атаның ба­ласындай әлдилеп, өзегін аршып, суын толтырып, кемеріне келтіріп шалқы­тып отырса, төңірегіндегі экожүйе бабына түскені өз алдына, айдынында кеме, су астынан өзеннің киесі, таби­ғат­тың тірі «сүңгуір қайықтары» – бекіре тұқымдас­тар жортып жатпас па еді, киелі өзенді қоныстанған жұрты­ның игілігіне айналмас пе еді деп те қиялға батасың. Әтпесе, тек теңізде өсіп, бағасы төтен аспандап, атақоныс­тың емес, бірте-бірте қалталы ағайын мен шет жұрттың ғана игілігіне айна­лып бара жатқан балықтың тағдыры алаңдататын күйде. Ақ Жайық, қазақ­тың Абайдан кейінгі теңдесі жоқ ой­шыл ақыны, Ақжайық атырабының дана перзенті Қадыр Мырза Әлінің «... сенің орның алабөтен» деп жырға қосқан Жайығы аман болса, қарын да, көңіл де тоқ! Ақжайықты аялайық! Аманкелді ШАХИН, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.   Тәуелсіздік таңы тудырған театр Тәуелсіздік таңы атып, өз жоғымызды түгендей бастаған 1991 жылдардан Оралда қазақ драма театрын ашу мәселесі қайта-қайта көтеріліп, ұлт зиялылары өнер ошағын құруды талап ете бастады. 1993 жылы Мәдениет министрлігінің жолдама­сымен Орал қаласына 15 кәсіби маман шақырылды. Театрдың бас режиссері Ж.Есенбеков – Қараған­дыдан, режиссер Е.Жылқышинов – Арқалық театрынан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері – А.Сұлтанғалиев пен Г.Жақы­пова Атыраудан, Ш.Есенғұлова мен Қ.Есенғұлов Жезқазған театрынан, әртістер – Х.Нұғманова мен М.Ахманов (Талдықорған), Т.Есенғалиев (Шым­кент), С.Сембаев (Атырау), Т.Имашев (Орал), С.Әуелбаев, Г.Әбішева осы облыстың Жаңақала ауданынан жиналды. Б.Молдабаев, А.Жүгінісова, Ж.Тілекқабылов осы жылы Алматыдағы Т.Жүр­генов атындағы театр және көркемсурет институ­тын бітіріп келді. Театр директоры болып Қазақ-стан Республикасының еңбек сіңірген әртісі А.Сұл­танғалиев тағайындалды. Театр шымылдығын М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашу ұйғарылып, режиссер Ж.Есенбеков дайындыққа кірісіп кетті. Театрға берілген бұрынғы жөндеу зауытының Мәдениет үйін қайта жөндеу репитициямен бірге қатарласа жүріп жатты. Жаңа театрдың ашылу салтанатында әртістердің барлығы да сахнада өнерін көрсету үшін өзбек драматургі Ш.Башбековтің «Шойын қатын» комедиясы қоса дайындалды. Ол қойылымның режиссері Елкен Жылқышинов болды. 1993 жылғы 16 желтоқсанда, дәл ұлық мереке Тәуелсіздік күнінде М.Әуезовтің «Қарагөз» траге­дия­сымен театр шымылдығы ашылды. Жиналған халық театрға сыймай, сыртқа дастарқан жайып тойлады. Театрдың ашылған күні тұп-тура Тәуелсіздік мерекесімен бір күнге келуі де тегін емес деуге болады. 1996 жылы желтоқсан оқиғасының он жыл­дығына арнап қойылған С.Асылбековтің «Бір түнгі оқиға» қойылымы 1998 жылы Тараз қаласын­да өткен VI республикалық театр фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. Бұл құрылғанына бес-ақ жыл болған Батыс Қазақстан драма театрының алғашқы фестивалі және алғашқы жеңісі еді... 2002 жылы қыркүйек айында Орал қаласында жаңа театр ғимараты салынып пайдалануға берілді. Оның ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, тұсауын өзі кескені барша батыс-қазақстандықтар үшін үлкен мерей болған еді. Осы бір қуанышты сәт кезінде алыстан ат терлетіп арнайы келген қазақ театр өнерінің патриархы, майталман режиссер, марқұм Әзірбайжан Мәмбе­товтің: «Менің түсінігімде бұл бұрынғы кеңестік кеңістіктің ізіндегі бой көтерген тұңғыш ұлттық театр ғимараты», дегені де ұмытыла қойған жоқ. 2003 жылы қыркүйек айында Орал шаһарының нақ орталығына орналасқан өнер ордасы еліміздің 13 кәсіби театрын қабылдады. Махамбет Өтеміс­ұлының 200 жылдық мерейтойына арналған ХІ рес­публикалық театрлар фестиваліне Иран-Ғайып­тың «Махамбет» трагедиясымен қатысқан Орал театры бірінші орынды иеленді. …Әрине, қазіргі Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрын сонау отызыншы жылдары ашылған театрдың жалғасы деп айту қиын. Өйткені, көне театрдың дәстүрлі жолы, сабақты инесі бүгінгі күнге жеткен жоқ. Алайда, сол кезде қазақ театры шаңырағының уығын өз қолымен қадаған аға буын өнер шеберлері жөніндегі деректерді түгендеу, ең алдымен, қазіргі қазақ театрының парызы. Бүгінде облыстық театр сахнасында тұтас ансамбль құрай алатын әрі актерлік шеберліктері шыңдалған 40-қа жуық әртіс қызмет етеді. Олар­дың қатарында өнерін халық мойындаған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер, кино және театр актері С.Қа­жымұратов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Қ.Асқарова, актриса Г.Шынтемір, Қазақ­стан­ның мәдениет қайраткері Б.Молдабаев, әртістер Б.Исалиева, М.Бектенов, Т.Матаев, Б.Жақыпова, Е.Есендосов, Э.Мақашева, Қ.Аман­дықов, С.Әбуов, Н.Жұбатова сынды сахна жүйріктерімен бірге, көздерінде от ойнар М.Кенжетаев, Н.Сейітмаханбетов, Д.Омаров, Н.Ша­дыева, Т.Мутиғуллина, Е.Тазболатов сынды жастар да бар. Театр соңғы он жылда екі рет шет елдерде (VІ Дү­ние­жүзілік театрлар фестивалі, «Қорқыт» (реж. Қ.Қа­сымов), Каир, 2005 ж., М.Чехов атындағы ха­лық­аралық театр фестивалі, «Зоопарк» (реж. А.Маемиров), Риджфильд (АҚШ), 2009 ж.) табысты өнер көрсетті. Ал 2008 жылы Ақтау қаласында өткен ХVІ республикалық Қазақстан театрлары фестивалінде режиссер Мұқан Томановтың «Калигула» қойылымы «Ең үздік дебют» аталымын жеңіп алды. Сол жылы театрда балалар қойылымына ар­налған кіші зал ашылды. Қазірде театр қоржы­нында ең кішкентай көрермендерімізге тарту етілген 20-ға жуық ертегі бар. Осы жылдың маусымында театр Қырғызстан халық суретшісі, сол елдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Маратбек Шарафидиновтің 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылған театр­лар фестиваліне қатысып келді. Театр ұжымы қойған Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы театр сыншыларының жоғары баға­сын алды. Театр директоры Құжырғали Тө­леуішев пен кәсіби актер Боранбай Молдабаевқа «Қырғыз Республикасының өнер қайраткері» төсбелгісі табыс етілді. Күні бүгінге дейін театрда 100-ге жуық қойы­лым сахналанды. Оның 40-тан астамы репертуарда жүреді. Орал театры, расында да, Тәуелсіздік тудырған театр. Елу жылдай өз жерінде отырып, өзге ұлттың театрына телміріп келген қазақ жұрты үшін бұл шаңы­рақтың ашылуы өлгені тіріліп, өшкені жан­ғандай ерекше оқиға болды. Содан бергі 18 жылда театр өз мақсатына адал, көрерменіне көздің қара­шы­ғындай ыстық күйінде киелі сахна өнерінің туын түсірмей келеді. Құжырғали ТӨЛЕУІШЕВ, облыстық қазақ драма театрының директоры. Суретте: Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма  театры ғимаратының сыртқы көрінісі. Айқара беттердің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның» Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір ҚҰСАЙЫН, суреттерді түсірген  Александр Куприенко.