22 Қазан, 2011

Жетісудың алтыны

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өңір жер асты байлықта­ры­нан кенде емес. Мәселен, облыс аумағында жанғыш және полиметалл кендерінің қоры бар­шылық. Ал, Жетісу Алатауында Тентек (Көксу), Текелі, Суық­тө­бе жотасының оңтүстік бау­райында аталған кен көздері кездеседі. Іле атырабында марганец кені барланған. Сарыөзек кентінен солтүстікке қарай Быжы өзенінің жағалауында мыс кені бар. Сирек кездесетін металдар, оның ішінде, алтын қоры өңір аумағындағы Арқарлы, Шаған тауының етегінде шоғырланғаны барланып, пайдалану жайы шешімін тапқанын айтуға болады. Осы орайда аяқ астынан қуа­нып, мәре-сәре болған балаға үл­кендер «Не болды, алтын тауып алдың ба?» дейтінін сан мәрте естіп өстік. Алтын тапқан бала жоқ. Десек те, Жетісу жерінің қойнауы қазба байлыққа тұнып, жеті қат жер астында бағалы саф алтынның қорын  игеру жұ­мыстары қолға алынып, зерттеу жұмыстары нәтижесінде Көксу ауданындағы «Далабай» кені биыл іске қосылып, алтын қазу­мен австралиялық «Central Asia Resources» компаниясы айна­лысып отыр. Олар 140 мың кү­міс, 20 мың троя унция алтынын шығаруды жоспарлаған. Әзірге кен уату кешені мен кен байыту фабрикасының құрылысы қатар жүргізілуде. Аймақтан бағалы металл алу­ды көздеген «Central Asia Resou­rces» компаниясы кен орнын өң­деуге 15 млн. доллар жұмсаған. Үгіту кешенінің құрылысы тоқ­тау­сыз жүрсе, әзірге үймелеу ала­ңы ғана дайын, дейді мамандар. Кен үгіту кешенінің жұмысы толықтай аяқталып, алаңға уа­тылған кен төгілуде. Сілтілік әсер арқылы одан алтын мен кү­міс ажы­ратылады. Жалпы, мұнда 2 млн. тонна кен өңдеу көздел­ген. Орта есеппен тоннасынан 1,6 грамм алтын алынады деп күтілуде. Бүгінгі күні сұйық алтынды металлға айналдыратын зауыт са­лынса, оны іске қосу қазан айына жоспарланған. Сондықтан ал­ғашқы алтын осы айда қолға тиеді. Жалпы, кен қазу жұмыс­тары 2,5 жыл көлемінде жүр­гізілмекші. Қазіргі кезде кен орнында 75-тей адам жұмыс істеп жатыр. Кейін жұмыс толық басталғанда 145 адам жұмыспен қамтыл­мақ­шы. Жұмысшылар Көксу, Са­рыөзек, Талдықорған қаласының тұрғындары. «Далабайдан» өндірілген құрамында 60 пайыз алтын, 40 пайыз күміс бар бағалы металдар Швейцарияға тасымалдана­ды. Онда ол қалыптарға құйы­лып, әлемдік рынокқа жол тар­та­ды деп күтілуде. Жетісудың алтыны ел байлығына асатын кез келгені қуанышты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.