25 Қазан, 2011

Жарқын болашақтың жаһандық жобалары

321 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Индустриялық даму – біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер».  Н.НАЗАРБАЕВ. * * * ЗАМАНАУИ ЗАУЫТТАР «Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясы Қазақстан Тә­уел­­сізді­гінің 20 жылында ғасырға жүк болар­лық іргелі істердің бастама­шысына айнала білді. Қа­зақ­станның Тәуел­сіздік алуына бай­ла­нысты еліміздің толық­қан­ды егемендігін қамтамасыз ету мақ­сатында Елбасының тапсыр­масы­мен экономиканың күре тамыры саналатын темір жол бойында іргелі істер атқарылды. Алдымен, темір жол саласы на­рықтың қатаң талап­тарына сай болуы үшін өзінің профильді емес қызмет түрлерінен бас тартты. Өйткені, темір жол сала­сының басты атқа­ратын қыз­меті – жүк жә­не жолау­шыларды тасымалдау, сонымен бірге магис­тральдық желіні пай­далануға беру. Бұдан бас­қа темір жол саласының ма­ңындағы су, жылу, емдеу секілді салалар мүл­дем басқа құзырлы мекемелерге берілді. Ол арқылы  ҚТЖ өзінің басты қағида­сын анықтап, ұзақ жылдарға арнал­ған бағдарлама­ларын бекітті. Елбасының тікелей тапсырма­сы­­мен Алтынсарин-Хромтау, Шар-Өскемен секілді ішкі қа­тынас жол­дарын барынша жа­қын­дататын жобалар жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Жетіген-Қорғас, Өзен-Түркіменстанмен мем­­ле­кет­тік шекара жобала­ры­ның құры­лысы басталды. Астанада ірі медиа­орта­лық бой түзеуде. Бәрінен бұрын Қазақстан Тә­уел­сіздігінің арқасында ғана Астанада АҚШ-тың азуын айға білеген «Дженерал Электрик» зауы­тымен бірлесіп тепловоз шыға­ратын зауыт іске қосылды. Ис­пан­дық «Тальго» жо­лау­шылар вагонда­ры  зауыты­ның құры­лысы аяқтал­ды. Фран­цуздың «Альстом» компа­ниясы элек­тровоз зауы­­ты­ның іргесін қа­лауда. Алма­тыдағы Алматы вагон жасау зауы­тын­да медици­налық мақ­сат­тағы  жолаушы­лар вагоны құрас­тыры­лып жатқаны мәлім. Орталық Азияда тұңғыш рет  Екі­бастұзда ашық жүк вагондарын жасау кәсіпорны пайдалануға берілді. ______________________ «Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму жедел әртараптандыру және ұлттық экономи­каның бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Еңбек өнімділігінің кешенді артуы аса маңызды міндет болып табылады». Н.НАЗАРБАЕВ. * * * МАШИНА ЖАСАУ САЛАСЫНЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ Марат Тілеубаев,  «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті: Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың басшы­лығы  2006 жылы General Electric американ ком­па­ния­сымен  уағдаластық жасағаннан кейін,   ай­ма­қтың климаттық ерекшеліктерін, рельстік төсемін, тасы­малданатын жүктердің  ерекшеліктерін, қазіргі эколо­гиялық талаптарды және санитарлық нор­маларды ескере отырып, қазақстандық тепловоз сай болатын техникалық сипаттама әзірлей бастады. Жасалған жұмыс­тардың нәтижелері: 2009 жылғы  желтоқсанның 7-де Қазақстанда жиналған  Evolution сериялы бесінші ұрпақты бірінші жүк магистральды бір секциялы тепловоздың тұсаукесері болды. Зауыт еліміздің экономикалық өсуі, ішкі шикізаттық бағыттан бас тартуы, рес­публиканың ауыр машина жасау тарихының жаңа басталуы кезінде күрделі құрылымдық өзгерістер бастамасының алғашқы қарлығашының бірі болып табылды.  Кәсіпорынның негізгі мақсаты – индус­триялық инновациялық дамуға лайықты үлес қосу және Қазақстанның темір жол көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сонымен қатар «1520 көлемінде» жылжымалы құрам иелеріне сапалы өнімдер беру. Сол ұмытылмас күннен екі жылдан көбірек уақыт өтті, бірақ 2011 жылғы қазан айының аяғына дейін қазақстандық зауыт­тың конвейерінен жол нөмірі  0100 тепловозы шыға­ды.  Зауыттың жобалық қуаты жылына 100 жүк магистральды локомотивтерді құрайды. Зауыттың барлық қуатын қосу 2014 жылға дейін жүзеге асыруға жос­парланған. Сол уақытта зауыт қызмет­керлерінің саны мыңнан артық адамға жетеді. Кәсіпорында рентабельділікті арттыру мақса­тында зауыт өнімдерінің құрамын­дағы қазақ­стандық үлесті арттыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бастапқы кезеңде өндіріс процесі жай «бұрауышты» болды – GE-ден сатылып алынған қосалқы бөл­шектерден жай құрастыру ғана жүргізілді. Бүгінде локомотив плат­фор­масын және басқа да жинақ­таушы бөлшектерін жасау толығымен игерілді. Сондай-ақ ағымдағы жылда дизельді және гене­раторлық бөліктерін шығаруды игеру жоспарланып отыр. Мұнда, таяудағы уақыт мерзімінде тепловоз кабинасын құрас­тыру процесі тиянақты реттеледі. Болашақта қазақ­стан­дық және ресейлік тауар өнді­рушілері құбыр, электр кабелін, тіреу өнім­дерін, тежеу ре­зервуар­ла­рын, элек­тро­тех­никалық бұ­­йым­да­рын са­тып алуды жос­парлаған.   2013 жыл­ға дейін арба рамаларын өн­діру игерілгеннен кейін металл прокат қажеттілігі ар­тады, зауытқа ірі құйма – доң­ғалақ дискілері және өстер қажет болады. Үне­мі лак және бояу өнім­деріне, ар­найы сұ­йық­тықтарға, дизельді май­ға және дизельді оты­нға сұ­раныс артатын болады. Осының бәрі өн­дірісте қазақ­стан­дық құрам дең­гейін 2015 жылға дейін 50%-ға дейін жеткізу үшін жасалып отыр. ______________________ «Қазақстан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін». Н.НАЗАРБАЕВ. * * * АШЫҚ ВАГОНҒА КӨРШІЛЕС ЕЛДЕР ДЕ ҚЫЗЫҒА КӨЗ САЛУДА Қабылбек ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, Қазақстанның вагон жасау компаниясы» АҚ бас директоры: Мен алдымен Павлодар облысының темір  жол кәсіпорындары машина құрас­ты­руда президенттік индустриялық-инно­вациялық бағ­дар­ламаның көшбастау­шы­сына айналып отырғандығына қуаныш­тымын. Қазақстанның вагон жасау компаниясы – еліміздің үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық бағдарламасына сәйкес, өте қысқа мерзімде іске қосылған жаңа кәсіпорын. Бұл жоба 2008 жылы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жол­дауында айтылған: «Жылжымалы құрамға сұранысты төмендету мақсатында отан­дық машина жасауды да­мыту саласында кешенді шараларды   жүзеге асыру керек» деген тапсырмасына орай жүзеге асырылды. Жобаны жүзеге асырушы – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Петропавлдың «ЗИКСТО» АҚ және Екібастұздың «Таман» ЖШС негізінде «Қазақстанда жасал­ған» маркалы жартылай жүк вагондарын жасауды оңтайлы екендігін бағамдады. 2010 жылы  «Қазақстанның вагон жасау компаниясы»  114 вагонды шығарса, биыл­ғы жылы ол межені асыра орында­мақпыз.  Компания толық қуатында қыз­мет еткен кезде, жылына бес мың вагон шығаратын болады. Кәсіпорын алдына қойылған басты мақсат – Қазақстанның үдемелі индус­триялық-инно­вациялық бағдарламасына сүбелі үлес қоса отырып, Ұлттық  тасы­малдау компания­сының са­па­лы жүк вагондарына сұранысын қанағаттандыру. Кәсіпорынның  басты ерекшелігі сонда – оның жаңашылдығында  және жаңа құ­рал-жабдықтарды өндіріске барынша жыл­дам әрі керегінше орналастыра білуінде. Күні бүгін компания еңбеккерлерінің біліктілігін күн санап өсіре отырып, жаңа техника мен технологияның құлағында ойнайтын дәрежеге жеткізіп, іріктеуден өткізіп жатырмыз. Цехтарда Германия, Италия, Австрия, Швеция, Швейцария, Ресей, Украинаның вагон жасау кәсіпорнына қажетті стандартты және стандарттан тыс құрылғылары жеткізіліп, құрастырылуда. Сапалық менеджменті халықаралық стандарттың ISO 9001: 2009 құрайды.  Қазіргі таңда шығарып жатқан өнімдері – 70 тонналық жүк тиейтін жартылай вагоны. Бұған дейін қолмен атқарылып келген жұмыстардың денін ендігі жерде компьютерлік құрылғылар мен автомат­тандырылған техникалар атқарады. Цехтардың бәрінде жақында әкелінген құрал-жабдықтардың жанында бір-бір шетелдік инженер мен қазақстандықтар жүр. _______________________ «ХХІ ғасырда инновация өркендеудің синонимі болып қабылданады. Кімде-кім жаңа өзгерісті тез қабылдаса, сол табысты болады» Н. НАЗАРБАЕВ. * * * «ТАЛЬГО» ВАГОНЫ ЕУРОПАЛЫҚ ТАЛАПҚА  САЙ Арыстанбек Омарбеков, «Тұлпар-Тальго» БК» ЖШС бас директоры: Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қамқорлығымен Астанадағы технопарк аумағында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне орай «Тальго» жолаушылар вагонын құрастыру зауыты пайдалануға беріледі. Кәсіпорын негізін испандық «Тальго» технологиясы мен жабдықтары құрайды.  Бұл арқылы Қазақстан аумағы бо­йынша жолаушылар пойызының қозғалыс жылдамдығы да арта түсетін болады.  Жолаушылар пойызының жылдамдығын арттыру мүмкіндігі жаңа вагондардың техникалық конс­трукторлық мәліметіне сәйкес келеді. Конструкциялық жыл­дамдығы сағатына 350 шақырымға дейін болса,   вагондардың басқа да сапалық қасиеттері Қазақстанның ауа райына бейімделіп сәйкестендірілген. Зауыттың құрылысы 2010 жылы қазанда басталған болатын. Қазіргі таңда зауыттың сыртқы жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу және Испаниядан конвейерлік жабдықтар мен станоктар жеткізілуде. Зауыттың жылдық қуаты 150 вагонды құраса, бастапқыда 30-дан 140-қа дейін жеткізіледі. Жаңа кәсіпорында 366 жұмыс орны ашылады. Қазақстандық өнімдердің пайдаланылуы 56 пайызға дейін барады. Жолаушылар вагонын шығаратын зауыт халықаралық стандарт талаптарына сай. ТМД аумағында  еңбек өнімділігі және  өндірістік тиімділігі жөнінен «Тальго» вагондарына тең келетін техникалық бәсекелесі жоқ. Еуропалық стан­дарттағы жоғары технологиялық құрастыру мен вагон­дардың ішкі логистикалық шешімі мен құрастыру опера­цияларының кезең-кезеңімен, рет-ретімен орындалуы уа­қыт­ты барынша тиімді пайдалануға әкеледі. Сонымен қатар, вагонды жасап болған соң оны жылжымалы құрамның сапына қойып, тестілік сынақтан өткізу ісі тұңғыш рет тәжірибеде  қолданылғалы тұр. Испандық әріптестермен өзара келісім негізінде олар­дың озық технологиясын кезең-кезеңімен игеру арқылы қазақстандық кадрлардың да біліктілігін арттыра түсеміз. Ал техникалық менеджмент жүйесін біздің инженерлеріміз Испанияда үйренетін болады. 2011 жылы алғашқы 19 вагонды дайындап, халықаралық стандарт сапасына сәйкестігін сертификаттық сынақтан өткізуге жіберетін боламыз. Бұл «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған сыйының бір парасы деуге болады. Дайындағандар:  Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан», Ескендір ЕРТАЙ, журналист. Суреттерді түсірген Сергей АСТРЕЛИН.