25 Қазан, 2011

Ертіске Есіл келіп қосылғандай

306 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Шығыс Қазақстан облысында Астана қаласының мәдени күндері үш күн бойы дүркіреп өтті

БАСТАМА ҚАЛАЙ ТУДЫ?

Кең-байтақ қазақ елі тәуел­сіздік алған небәрі 20 жыл ішін­де адам нанғысыз жетістіктерге қол жеткізді. Мысал керек пе, олар жеткілікті. На­рық­тың өтпелі кезеңінен сү­рін­бей өтіп, ел экономикасын біртіндеп түзей бастадық. Ірі зауыттар мен өндіріс ошақ­тары­ның «екінші тынысын» ашу оңайға соқпағаны белгілі. Тар жол, тайғақ кешуден әу­пі­рімдеп өтіп, алға қарай жылжи бастадық. Елбасы Н.Назар­баев­­тың кемел басшылығы нә­тижесінде Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Күні кеше Астанада өткен Саммит, ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасау, Қысқы Азия ойын­дарын ел есінде қала­тын­дай мәнді өткізу еліміздің абы­рой­ын асқақтатты, қазір бүкіл әлем жұртшылығы бізді та­ны­ды, мойындады. Тәуелсіздіктің 20 жылында, қысқа мерзім болса да биік белестерге жеттік. Жан басына шақ­қандағы табыс ТМД елдері бойынша алда тұр. Адамдардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Биыл мерекелі де берекелі жыл. Ас­тықтан бұрын болмаған нәтижеге қол жетті. Ендеше, ел тәуел­сіз­ді­гін есте қалатындай, кейінгі ұр­пақ­қа сабақ боларлықтай атап өтсек, абырой емес пе! Осыдан бір жарым ай бұрын Астана қаласында Шығыс Қа­зақ­стан облысының мәдени күндері өткен болатын. Кендіал­тай­лық­тар жергілікті жерде өндіріл­ген көкөніс, ет, сүт өнімдерін саудалап қана қоймай, Алтай­дың табиғаты, қазба бай­лық­тары, балы, басқа да жетістіктері көрмесін өткізіп, ән мен жырдан шашу шашқан еді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бастап барған делегация білім ордаларында болып, еліміздің бас қаласында білім алып жатқан жастармен жолығып, мектептерде кездесулер өткіз­ді. Астанадағы Шығыс Қазақ­стан облысының күндері мәнді де сәнді өтті. Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Президент Әкім­шілігінің бөлім меңгерушісі Дар­хан Мыңбай «Егемен Қа­зақстан» республиқалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановпен пікір алмас­қан кезде өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы еліміздің жү­ре­гі Астана қаласының күн­де­рін Шығыс Қазақстан облы­сын­да өткізсек, еліміздің қол жеткен табыстарын насихат­тау­мен бірге кейінгі ұрпаққа тамаша үлгі-өнеге болар еді деген ойын білдірген. Мемлекеттік хатшы мен Астана қала­сы­ның әкімі бұл ұсынысты қызу қолдаған еді.

АСТАНАНЫҢ ӨРКЕНДЕУІ – ӨҢІРЛЕРДІҢ ДАМУЫ

Сонымен, Астана қалалық мәсли­ха­ты­ның хатшысы Е.Оспанов, қала әкі­мінің орынбасары Қ.Сұлтанбеков бас­тап келген қонақтарды облыс әкімі Б. Сапарбаев әуежайдан қарсы алды. Қо­нақ­тардың ішінде өнер және мәдениет қайраткер­лері, халық қалаулылары, ең­бек озаттары бар. Олар өздеріне құр­мет көрсетіп, ша­қырғандары үшін өңір басшысына алғы­сын білдіріп, Өскемен мен Астана қала­сы­ның бұл ынты­мақ­тағы байланыстары жемісін береді деген ойларын жеткізді. Бұдан кейін қонақтар Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің технопаркіндегі «Астананың өркендеуі – өңірлердің дамуы» тақырыбындағы ғы­лыми-тәжірибелік конференция жұ­мы­сына қатысты. Оны Гумилев атын­дағы Еуразия университетінің про­рек­торы Д. Қамзабекұлы жүргізіп, сөзді облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлына берді. – Астана – біздің жүрегіміз, Қа­зақ­станның имиджі. Адамдарды дос­тық пен татулыққа, бірлікке шақы­ра­тын Астана қаласы күн­дері­нің Өскеменде өтіп жат­қаны тарихи оқиға. Біздің ша­қы­руы­мыз­ды қабыл алған қала әкімі Иман­ғали Тас­ма­ғам­бетовке алғысымыз шексіз. Мына бір жағдайға ерекше тоқталғым келеді. Ас­­тана қала­сының күндері тұң­ғыш рет жақында ғана Қытайдың Бей­жің қала­сын­да өткен. Ал өңірлер ара­сында аста­на­лықтар қала күн­дерін алғаш рет көне түріктердің Отаны – өр Алтайдың төрі­нен бастап отыр. Ендеше, сіздерге, Ел­ба­сына, бү­кіл астаналықтарға, қазақ­стан­дық­тарға мықты денсаулық, аман­дық тілеймін, – деді өңір басшысы жиын­ды ашып тұрып. Л.Гумилев атындағы ұлттық уни­вер­ситеттің тележурналистика ка­федра­сының меңгерушісі, профессор Ғадыл­бек Шалахметовтың «Алтай — Еуразия цивилизациясының алтын бесігі» атты баяндамасын жиналғандар ынта қоя тыңдады. Қарымды қаламгердің Алтай туралы түсінігі терең болуының бір сыры – ол өзінің жастық шағында осы мекенде болып, талай зерттеулер жа­са­ған екен. «Алтай – көк түріктерінің Отаны. Ал бүгін астаналықтар өздері­нің ата-бабалары мекендеген қасиетті де киелі Алтай топырағына аяқ басып тұр. Ендеше, сіздерге табыс, сәттілік тілеймін», деп ойын аяқтады белгілі тележурналист. Парламент Мәжілісінің депутаты болған, Семей өңірінің проблемаларын шешуде талай батылдық танытқан, қазір Еуразия университетінің профес­со­ры Нәубет Қалиевтың баяндамасы да тартымды болды. Ол Кенді Ал­тай­дың кешегі қиындықтарды жеңу кезіндегі батыл іс-қадамдары, қазіргі қол жеткен табыстары жайлы айта келіп, Астана қаласының экономикасы жай­лы да тың ойлар білдірді. «Астана қа­ла­сы күндері­нің көне түріктердің ал­тын бесігі Алтайдан басталуында үл­кен мән-мағына, астарлы ой бар. Ел­ба­сының кемеңгер­лік басшылығы нәти­же­сінде еліміз алға батыл қадам жасауда. Қазір бүкіл әлем жұртшылығы Ел­басын, Астананы жақ­сы біледі. Күні кеше 56 мемлекеттің бас­шылары Астана Саммитіне қатыс­қан кезде Қазақ­стан­ның қол жеткен та­быс­­тарына куә болып, ару Астананы өз көздерімен көріп, таңғалды. Қысқа мерзім ішінде бой көтерген ғаламат кешендер мен ғимараттарды салу шын мәнінде ерлік, өрлік», деді ғалым. Профессор Марал Хабдуллина, эко­но­мика ғылымдарының кандидаты Мер­хат Айдарханов, Президент жа­нын­дағы архитектуралық кеңестің мү­шесі, профессор Аманжол Чиканаев XXI ғасырдың туын­дысы әсем Астананың бой кө­теруін­де Елбасының табан­ды­лығы мен біліктілігі жат­қанына баса тоқталып, ал­да­ғы уақытта еліміздің бас қа­ласында бой көтеретін кө­рік­ті кешендер мен әсем ғи­ма­рат­тар жайлы айтып берді. – Құрметті шығысқазақ­стандықтар! Биыл ел тәуел­с­із­дігінің 20 жылдық мерей­тойы. Осындай мерейлі бағ­дарлама аясында ел бірлігін еселеуге арналған ауқымды шаралар көптеп атқарылып жатыр. Бұл ретте сіздердің Астанаға тарту еткен маз­мұн­­ды мәдени бағ­дарлама мен сапалы өнім­дер жәр­мең­­кесі елорда жұрт­шы­­лы­ғының айрықша құр­меті­не бө­ленді. Шығыс айма­ғы ежелден өнімді өндірісі мен тын­ды­рым­ды тірлігі жо­ғары өңір болса, Астана – еліміздің жү­регіне, тәуел­сіз­діктің тірегіне баланатын, өңірлерге – өнеге, аймақтарға – үлгі бо­лып сана­ла­тын айшықты қала. Бүгінде қала­мыз­дың өнер саласы өрге жүзіп, мәде­ниет мазмұны дара сипатта дамып келеді. Бұл ретте, осындай игі шаралар ел өңірлерінің өзара берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын еселеп, қары­мын арттыра береді деген сенімдеміз. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі құтты болсын! – деген Астана қа­ла­сы­ның әкімі Иманғали Тасмағам­бетов­­тың құттық­тауын қалалық мәсли­хаттың хат­шысы Е. Оспанов оқып берді. Одан әрі ол Астана қаласының қол жеткен табыс­тары жайлы қысқаша деректер келтірді.

Меморандумға қол қойылды

Ғылыми-тәжірибелік конференция аяқталған соң келген қонақтар агро­өнер­кәсіп және азық-түлік тауар­лары­ның жәр­меңкесін тамашалады. Алтай­дың ба­лы, омарта шаруа­шылығы, пан­ты дәрі­лері, басқа да өнімдер жинал­ған­дардың назарын аударды. Бұдан кейін Е.Оспанов пен өңір басшысы тауар-экономикалық, туризмді дамыту, жылына екі рет осын­дай мазмұнды кез­десулерді өткізу жө­нін­дегі м­е­мо­ран­думға қол қойды. – Басты мәселе – экономиканы өрге бастыру, екі өңірдегі кәсіпкер­лердің бірлескен кәсіпорындарын құру, отан­дық өнімдерді шығару, – деді өңір бас­шы­сы баспасөз өкілдерімен кездесуінде. – Келешекте денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен өнерді да­мыту, ұстаз­дар мен ғалымдар, студенттер арасында қа­рым-қатынасты жақсы жолға қою нәти­жесін бермек. Мәселен, шәкірттер бір-бірімен білім сала­сын­да­ғы қол жеткен жетістіктерін анық­тай­тын олимпиа­да­ларды жиі өткізсе, қандай тамаша болар еді. Қариялар мен балалар табиғаты та­мыл­жыған Алтайда демалыстарын мән­ді өткізіп, денсаулықтарын түзесе оң емес пе. Ал спорт бәсекелері де елдің қа­рыштап алға басуына оң ықпал етері сөзсіз. Ал­тайдың туристік бағыттары бо­йын­­ша сіздер жиі келіп, оны жетілдіруге үлес қоссаңыздар, алғыстан басқа ай­тары­мыз жоқ. Медицина саласында да пайдалы істер атқарылмақ. Бүгін Аста­на­ның білікті хирургтері бірнеше күр­делі операция жасап, біздің дәрігерлерге тәжірибесін үйретті. Өнер мұражайында Астана қаласының жәдігерлері мен тарихи жетістіктері көрмесі ұйымдас­ты­рыл­ды. Өз кезегінде келген қонақтар біздің мұражайда болды. Қазақстандық автоқұрастыру өндірісінің тұңғышы—«Азия авто» зауыты қазір ше­тел­дікт­ер­дің 17 түрлі көлік­терін шыға­ра­ды. Тек Астана жұрт­шылығы ғана емес, бүкіл өңірлер осын­да құрастырылған өнім­дер­ді сатып алса, отандық өндірісті қолдау деген осы емес пе. Елбасының отандық өндірісті дамы­ту жөніндегі тапсырмасын да назардан шығармаған жөн. – Бұл меморандумға алдын ала әзірлендік, кенді Алтайдың өндірістік потенциалын зерттедік, ол мұнда керемет қарқынмен дамып келеді. Мәсе­лен, жаңа энергияны тұтыну жөнін­дегі, тех­но­логияны жетілдірудегі жетістіктер бар­­шылық. Туристік топтар тәжірибе ал­масулары тиіс, Астананы сіз­дердің оқу­шыларыңыз өз көздері­мен көріп, тамашалауы да назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта мұн­дай тиімді де пай­далы кездесулер жылына екі рет өтіп тұрмақ, – деді Астана қалалық мәсли­хаты­ның хатшысы Ермек Оспанов.

ӨСКЕМЕНДЕГІ АСТАНА КӨШЕСІ

Мыңдаған жүректердің қылын тербеген, көңілді саз Өскеменнің көше­лерін­де қалықтады. Әне, «Елім менің» әні шарықтап тұр. Қонақтар орна­лас­қан «Шайни ривэ» қонақүйі алдына үлкен сахна орнатылыпты. «Астана қаласының мәдени күн­деріне қатысушыларға жалынды сәлем!»,  деген жазуы бар стенд алыс­тан көз тартады. Екі қаланың арасын­дағы дос­тық пен татулықтың куәсін­дей Солнечная көше­сі­нің тұрғындары үшін бүгін ерекше күн. Көшеге жаңа есім – Астана деген атау берілмек. Бұ­дан бір ай бұрын көше тұрғындарына сауалдама жүргіз­ген­де олардың 83 пайызы көшеге Астана деген ат лайық деп жауап берген. Демек, бұл көше тұрғындарының бәрі де бұған түсініс­тікпен қарады деген сөз. Ар­тынша қалалық мәслихаттың депу­тат­тары кө­ше­ге Астана атын берген. Астана көшесінің салтанатты жағ­дай­да ашылуы ғибрат аларлықтай бо­лып өтті. Мұның алдында көше бо­йын­дағы Комендантка өзенінің бойы тазаланып, күл-қоқыстан тазартылып, онда көр­кей­ту жұмыстары жүргізілген. Өзендер өр­нектеген Өскеменнің өз­ге­ше реңге ма­лы­нып, көркеюіне ерекше үлес қосып, тынымсыз жұмыстар ат­қа­рып жүрген қала әкімі Ислам Әбішев көше тұрғын­дарымен кездесу кезінде уәдесін беріп, мұнда біраз шаруа­лар­дың тындыры­ла­тынын айтқан. Шы­нын­да да, қазір көше бойына ағаштар отырғызылып, жолдың сапасы жақсара түскен. – Астана – тәуелсіздіктің жемісі, елі­міздің мақтанышы. Аз жылдар ішінде ертегідей әсем қала тұрғызған Ел­ба­сына қазақстандықтардың алғысы шек­сіз. Қазір Астананы бүкіл әлем біледі, небір маңызды шаралар мен ха­лық­аралық дә­ре­жедегі кездесулер де осы қаладан бастау алады. Астана қала­сының әкімді­гі­мен бірлесе оты­рып, біз бұл көшені бұ­дан да сәнді етіп көркейтеміз. Үлбі өзені­нің жағалауын қазір көркейтіп жатыр­мыз. Астана атауымен жаңа аллея да аталмақ, – деді Бердібек Мәшбекұлы. – Өңір басшысы айтқандай, біз жаңа көшені қамқорлыққа аламыз, жан-жақ­ты көмек жасаймыз. Өске­мен­дегі Астана кө­шесімен келе жатқан адам­дар елі­міз­дің бас қаласында жүр­гендей болса, тамаша емес пе. Қазір Астанада Шығыс Қа­зақстан облысы өрендерінің атауы­мен 35 көше аталады екен. Олардың қа­та­рын­­да Абай, Әуезов, Потанин, тағы бас­қа­лар бар. Еліміз, Елбасымыз аман бол­сын, тәуел­сіздігіміздің 20 жылдық ме­рей­­тойы­мен құттықтаймын, – деді қала­лық мәс­лихаттың хатшысы Ермек Оспанов. Бұдан кейін келген қонақтар мен өс­кемендіктер ағаш көшеттерін отыр­ғыз­ды. Қоғам қайраткерлері, ақын, жазу­шы­лар Әнес Сарай, Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Серік Тұр­ғынбеков, Несіпбек Айтұлы, басқа да өнер жұлдыздары ағаш отыр­ғыз­ды. «Мен бұл күнді ұмытпаймын. Қа­сиетті Алтай жерінде отырғызылған ағаш бүр жарып, ол Астана көшесінде жайқа­лып өсіп тұр­са, нұр үстіне нұр!», –деді Төлен ағамыз. Сол күні Өскемендегі Назарбаев атын­­­­дағы интеллектуалды мектепте «Ас­тана – Отанымның жүрегі» атты ашық са­­бақ өтті. №15 кәсіби лицейде «Жанұя, мек­теп, қоғам: қоғамды біріктірудегі са­бақтастық», № 44 орта мектепте «Білім беру саласындағы бас­қа­ру менеджменті» деген тақырыпта кон­фе­рен­ция өтті. Қ.Қуанышбаев атын­дағы сазды драма театры «Абай» және «Антивирус» атты спектаклдерді жұртшылық наза­ры­на ұсын­ды. Ол аншлагпен өтті. 23 қазан­да Тұрсынбек Қабатовтың қаты­суы­мен өт­кен «Көңілді тапқырлар театры» шоу-бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты. Орталық мәдениет үйіндегі астана­лық­тардың өнерін үстем еткен концерт тұрғындардың жүрегін баурап алды. Айтқали Жайымов басқарған Астана қаласы мемлекеттік филармониясы­ның қазақ ұлт аспаптар оркестрі «Сары­арқа» күйін орындаған кезде өскемен­діктер үлкен қошемет білдіріп, орын­дары­нан тік тұрды. Н.Тілен­диев­тің «Ма­хам­бет» поэмасы, Абай әндері шырқалған кезде көрермендер бей-жай қалмай дүркіретіп қол соқты. Концерт соңынан облыс әкімі Б.Сапарбаев сахна төріне шығып, өнер­паздарға алғы­сын айтты. Келесі күні қонақтар «Ғашықтар аллеясы», Қалба тауының биік шы­ңы­на орнатылған «Қазақстан» деген ай­шық­ты жазуы бар монументті тама­ша­ла­ды. Сондай-ақ өнер мұражайы мен тарихи ескерткіш алаңын аралап көрді. Астана қаласы мемлекеттік филармо­ния­сының симфониялық оркестрінің концерті де жұрт көңілінен шықты. Қо­ғам қайраткерлері, өнер жұлдыз­дары қала тұрғындарымен кездесулер өткізіп, ел тәуелсіздігі, 20 жылда қол жеткен табыстар жайлы айтып берді. Иә, Астананың Шығыс Қазақстандағы мәде­ни күндері ел есінде ұзақ уақыт сақ­талмақ. Ол әрі қарай жалғаса бермек.

УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ЖҮЗДЕСУ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік университетінде астаналық ақын-жазушы­лар­мен өткен жүздесу де мейлінше мағы­на­лы болды. Олар еліміздің шығы­сын­дағы іргелі оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Ал мұн­да соңғы жылдардағы өзгеріс-жаңа­лық­тар жетіп артылады. Ол туралы университеттің ғылыми кеңесінің мә­жіліс залында өткен жүздесуде аталған жоғары оқу орнының ректоры, профессор Бейбіт Мамыраев баяндап өтті. Қазірде мұндағы студенттердің 60 па­йы­зы қазақ бөлімдерінде оқиды екен. Ал облыс орталығындағы қандас­тары­мыздың саны 30 пайызға енді жетіпті. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қар­саңындағы облыстағы жарқын істер туралы облыс әкімінің орынбасары Түсіп­хан Түсіпбеков айтып берді. Мә­се­лен, 20 жылдыққа 20 жарқын іс ая­сын­да облыс кәсіпкерлерінің күші­мен ғана жалпы құны 5 миллиард тең­генің игілікті шаруасы атқарылыпты. «Туған елге тағзым», «Туған ел – ал­тын бесігім» акциялары аясында өтіп жатқан рухани шаралардың құнына ештеңе жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Университеттегі жүздесу негізінен Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық­тың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы­ның шығармашылығына арналғанмен, онда қазақ әдебиетінің қазіргі жай-күйі туралы айтылмай қалмады. Кездесуге ақын-жазушылар Әнес Сараев, Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Серік Тұр­ғын­бековтің қатысып, өздеріне қойыл­ған сұрақтарға тиянақты түрде жауап бере отырып, Несіпбектің шығарма­шы­лығы туралы шын көңілден өз пікірлерін білдіре кетуі кештің шырайын келтіре түсті. Ал кешке университет ұжымының тың­ғылықты әзірленгені байқалып тұр­ды. Соған орай кездесуге келген қалам­гер­лер де ашылып сөйледі. «Мен өзім шы­ғыс өңірінің тумасы болғаныммен, Өске­мен­де өз оқушыларыммен алғаш рет жүз­­десіп отырмын. Осының бәрі ел тәуел­­сіздігінің арқасы», деді Несіпбек. Ол бүгінгі күнге дейін 20 шақты кітап, 30 поэма , 40-50 әннің сөзін жаз­ған екен. Ерлік пен елдікті жырлаған оның дас­тан­дарының басым бөлігі егемендікке қол жеткеннен бергі кезеңде жазыл­ған. Сон­дық­тан қаламгерлеріміз не тын­дырып жүр деген тұрғыда айтылып жа­та­тын өкпе-наз артық па дейміз. Ал олармен осындай мазмұн­дағы жүздесу­лер бұдан да жиі өтіп жатса, орынсыз күңкілге жол берілмейтіндігі айтпаса да түсінікті.

 СЕМЕЙЛІКТЕРГЕ РИЗА БОЛДЫ

Облыс орталығы Өскеменде екі күн­ге созылған мерекелік шаралардың өз мәнінде өтуіне семейліктер де өздерінің лайықты үлестерін қоса білді. Яғни, мұнда екінші күні «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясын­да Семей қаласының күні өткізілді. Республика алаңында семейліктер күшімен өнер туындыларының, ұлттық қолөнер бұ­йым­дарының, жергілікті тауар өндіру­ші­лер өнімдерінің көрме саудасы ұйым­дас­тырылды. Оның сыртында балалар­дың қолданбалы өнер, кітап, қала мұра­жай­ларының, ұлттық мәдени орталық­тары­ның көрмелері мен ойын-сауық, бай­қау­лары өтіп жатты. Таңертеңнен-ақ қызып берген жәр­мең­кенің өз мәнінде өтуіне Семей қала­сы­на қарасты 14 ауылдық округ пен қала­дағы ет және ұн-құрама жем комби­нат­тары, бройлер құс фабрикасы лайық­ты үлестерін қосты. Сөйтіп, түс ауғанша өскемендіктерге 12 тонна ет, 60 тонна көкөніс сатылды. Оның бәрі базар баға­сынан біршама төмен бол­ған­дығы өз ал­дына бір әңгіме. Соны­мен бірге, өске­мен­діктер болсын, қала қонақтары бол­сын семейлік қол­өнер шеберлеріне риза­шылықтарын білдіріп жатты. «Бүгін көп тауарымыз қолға тимей өтіп кетті. Астанада өткен облыс күндерінде де солай болған еді. Сондықтан өзара барыс-келіс­ке не жетсін», деді Архат Ораз­ғалиев деген бауырымыз. Өзара барыс-келіс демекші, сол күні семейліктер жоғарыда аталған акция ая­сында Өскеменде болса, ал Глубокое ауданы керісінше, Семейге келіп, мұн­да­ғылардың ықыласына бөленіп жатты. Мұның алдында осы жаққа облыстың қалған аудандарының баршасы осын­дай сапармен келіп қайтқан еді. Астананың Өскемендегі күндері се­мей­ліктердің осындағы тамаша маз­мұн­да өткен ойын-сауығымен қоры­тын­­ды­лан­ды. Металлургтердің мәде­ниет са­райын­да өткен бұл мәдени ша­раға халық көп жи­налды. Концерт басталмас бұрын сах­на­ға Астана қалалық мәслихатының хат­шы­сы Ермек Оспанов көтеріліп, ал­ғаш рет еліміздің шы­ғы­сында басталып отыр­ған Астана күн­дері­нің өз мәнінде өткенін айта келіп, Шығыс Қазақстан облысының Астанада өткен күндерін насихаттауда белсенділік көрсеткен бір топ әріптес­тері­мізге қала әкімінің алғысын жеткізді. Тамаша ойын-сауықтан соң екі күнге созылған шара облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзімен қорытын­дыланды. Ол өз сөзінде шығыс жұрт­шы­лығының Астанаға қарап бой түзей­тінін айта келіп, семейліктерге де ризашылығын білдірді. Айтты айтпа­ды, осы күні Семейден Өскеменге әр саладан бір мыңдай адам келіп, күн тәр­тібіндегі мәселеге өз үлестерін қосқан екен. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді халқымыз. Ендеше, сол ынтымақ-берекеден айырмасын деп тілейік. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы.

* * *

Оймақтай ой

Марина МЫСЯГИНА, студент: Көшенің Астана атауына ие болуы бір-бірімізді жақындастырып қана қоймай, ел бірлігінің әлеуетін айқындай түседі. Мен Астана көшесінде тұратынымды мақтан тұтамын. Асылбек СӘБЕКОВ, қалалық ақсақал­дар алқасының төрағасы: Бұрынғы Солнечная көшесінің атауы жақсы болғанмен, нақ­ты­ланбаған әрі түсініксіздеу еді. Ел тәуелсіз­дігі­нің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Өскеменде Астана көшесінің ашылуы елдік пен өрлікті дәлелдегендей. Оның үстіне бұл көше екі өзеннің түйісетін әдемі жерінде тұр, сондықтан сұлулығымен көз тарта береді деген ойдамын.

* * *

Қонақтар лебізі

Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Тек биылғы жаздың өзінде мұнда әртүрлі мазмұнда үлкен іс-шаралар өткізілгенін жақсы білеміз. Өскемендіктер бұл жолғы шараға да мұқият әзірленген екен. Соның қай-қайсынан болсын, отаншылдық, ұлттық рух, мерекелік көңіл-күй сезіледі. Соған ризамыз. Әнес САРАЙ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Мың рет естігеннен бір рет көрген жақсы дейді халқымыз. Бердібек бауырымыздың тың бастамаларынан бұрын да хабардар едік. Міне, енді ол Астананың Өскемендегі күндерінің мазмұнды өтуіне мейлінше жағдай жасай білді. Осы үрдіс еліміздің басқа қалаларында да жалғасын тауып жатса дейміз. Алда осындай береке-бірліктен айырмасын! Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ, ақын: – Шығыстың шырайы кіріп-ақ қалған екен. Адамдарының жүзінен де қуаныш лебі сезіледі. Маған, әсіресе университетте өткен кездесу өте ұнады. Мағжан ақын айтпақшы, мұндай білімді, алғыр жастарға бек сенуге болады. Қазақша сайрап тұрған басқа ұлттың өкілдеріне, тіпті сүйсініп қалдық. Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын: – Өзім шығыстың тумасы болсам да, Өскеменде өз оқырмандарыммен алғаш рет кездескен екенмін. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Сондықтан тәуелсіздігіміз баянды болсын деймін.