26 Қазан, 2011

Жарты ғасыр өткен соң жарық көрген роман

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақмола өңірінің тумасы, жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың бұдан жарты ғасыр бұрын сталиндік зұлматты әшкерелеп жазған «Таңба» романы толық вариантымен жеке кітап болып жарық көрді. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда: «Шындық шықты, бірақ кешігіп шықты...». Жәкең өткен ғасырдың елуінші жылдары осы «Таңба» тарауы енген «Төгіл­ген ар» атты көлемді роман жазып­ты. Бұл романның қолжазбасын қа­зақтың көрнекті жазушылары Ғ.Мүсі­репов, Ғ.Мұс­тафин, Ж.Молдағалиев және ғалым Е.Бөке­тов пен кейбір басшы қызметкерлер іштарта, ұнатып оқыпты. Баспаға да ұсыны­лыпты, бірақ елдегі саяси жағдайларға байланысты еңбек жарық көре алмаған. Еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрмахан Оразбектің қолдауымен алғаш­қыда «Жұлдыз» журналында бұл роман қысқартылған түрде жарық көрсе, осы кісінің редакциялауымен жеке кітап болып шықты. Жайық ағаның аруағы Нұрма­ханға риза болған шығар деп ой­лай­мын. Олай дейтінім, Жәкеңнің артын­да ешкімі қалған жоқ. Үш ұлы, бәйбішесі бәрі қайтыс бол­ған. Енді ол кісінің атын өшірмейтін бірнеше шығармалары, оның ішінде тұғыры биік «Таңба» романы деуге болады. Осы кітапқа енген шығармалардың авторы Жайық Бектұров сталиндік ла­герь­­лердің азабын тартқан қазақ жазушы­ла­рының бірі. Алайда, басқа жазушылар­дың бірде-бірі кезінде бұл тақырыпқа қалам тартқан жоқ. Ж.Бектұров сол азап­ты шыншыл тұрғыдан бейнелеген жалғыз жазушы деуге болады. «Таңба» романы, жинаққа енген басқа да шығар­малар соған айғақ. Мақаланы Жайық ағамыз­дың мына сөздерімен аяқтауды жөн көрдім: «... Міне осыны бастан кешірген мына мен, жоғарыдағыдай қазақ бір кезде өз алдына ұлт болған ел еді, оның Бай­тұрсынов, Дулатов, Сейфуллин, Қожа­нов, Жұмабаев, Бөкейханов сынды ел қамын ойлаған білікті ұлдары бар еді дегенім үшін атылып қала жаздаған мен әбден ауыз күйгендіктен мына «Таңбада» бұл абзал ағаларымды атай алмай қалдым...». Еңбекті өз басым келесі 2012 жылы Жайық Бектұровтың 100 жылдығы қар­са­ңындағы үлкен сый-құрмет деп есептеймін. Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, ардагер-ұстаз. Астана.