26 Қазан, 2011

Кісікиік

1647 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
(Қаз-қалпында) Біздің ауыл жақта бұл әңгіменің шық­­­қанына төрт-бес ай­дың жүзі болды. Ал­ды­мен, елге қыдырыстап барып қайт­қан інімнің аузынан естідім. Сенейін десең, айтып тұрған сөзі ертегі секілді бірдеңе. Сенбейін десең, жиырма беске иек артып қал­ған соқталдай жігіт. Оқыған-тоқыған, көзі ашық. Сондағы айтқаны: «Тарба­ғатай тауында көктемнен бері бір топ қар адамдары пайда болыпты. Көрген кісілер өте көп екен». Иә, тура осылай деді. Сосын жабайы адамдар туралы небір хикаялардың тиегін ағытты дерсің. Көзіңмен көрмеген соң, естігенге, әрине, көңілің сенбейтіні рас. Адам­ның жаратылысы солай. Мен де сене қой­ма­дым. Сонымен, ол әңгіме ұмыт бола бастаған. Жаздың бас кезінде бір күні ел жақтан Дәлелхан Біләлов деген досым телефон ша­лып тұр. Бала күнімізде мектепте бірге оқы­ғанбыз. «Осылай да осылай. Экология қорғау саласында қызмет істейтініңді естіп-білдім. Өзіңе жолығатын, айтатын маңызды шаруам бар еді», деді амандық-саулықтан соң. – Не шаруа? Ол да інімнің айтқандарын бұлжытпай қайталады. Оған да аса құлай қоймадым. – Өзің консерваторияны бітірген сауатты адамсың. Білдей мұғалімсің. Ал, айтып тұрғаның баланың сөзі... – Әй! – деді ол бұған шамданыңқырап. – Мен өз көзіммен көргендіктен, хабарласып тұрмын. Әйтпесе, маған ешқандай дабыра әңгіменің, жалған абыройдың қажеті жоқ. – Ойбай, қойдым-қойдым. Жарайды, кел, сөйлесейік, дегем. Шынымды айтсам, бұл естігендерімнің өзім айналысып жүрген өн­діріс­тік-шаруашылық экологиясына қаты­сы шамалы болса да, достың көңілін қимадым. Сөйтіп, жазғы каникулды пайдаланып, шілденің ортасында Дәлелхан салып ұрып Алматыға келді. Қолында бір бума қағаз. Шимай суреттер. Қар адамын көргендердің азды-көпті жазбасы. – Осыларды «Егемен Қазақстанға» жариялатуға көмектес, – деді ол. – Е, неге «Егемен Қазақстанға»? – дедім мен де шынымен таңырқап. – Мұндай дүние­лерді жариялайтын ғылыми-көпшілік басы­лымдар бар емес пе! – Былай ғой, – деді ол шарасыздық кейіппен. – Осы әңгіменің шығуына тікелей мен се­бепкер болғандықтан, қазір басшы-қос­шылардың тарапынан қатты сынға ұшырап жүрмін. Ауылдағы біраз ағайындар да: «Қай­дағы жоқ әңгімені бастап... Балаларымыз шошынып ұйықтай алмайтын болды», деп мені ағаш атқа теріс отырғызып тастады. Бар жазығым – арнайы іздеп келген жергілікті газеттердің тілшілеріне көргенімді айтқаным. Күйесің бе, күймейсің бе? Сондықтан, бүкіл ел оқитын газет қой деп, мына суреттерді де «Егемен Қазақстанның» назарына ұсынғым келеді. Білдің бе? Бұларды ешкімге, тіпті келген тілшілерге де көрсеткем жоқ. Сөйтіп, достың берген қағаздарын алып қап, мұқият шолып шықтым. Үлкені бар, кішісі бар, орысы бар, қазағы бар, қар адамда­рымен кездескен куәгерлердің жазғандары едәуір көлемді екен. Көрген-білгендерін тізе беріпті. Мазмұны жағынан да өзара ұқсас. Бұлардың ішінде Дәлелханның жазбасы ғана жатықтау. Сонымен қолдағы жазбаларды оқып шықтым да, отырып ойға қалдым. Осын­да айтылғандар шынымен рас болса, оқы­мыс­ты-ғалымдар жағы неге селт етпей отыр? Бәлкім, құлақтарына жетпей жатқан бо­лар. Ендеше, неге жазбасқа? Деп ойладым да, кезекті еңбек демалысымнан бір аптадай уақыт іркіп қап, тамыздың басында Тар­баға­тай тауына тартып кеттім. Әрине, мен келеді екен деп, жабайылардың асыға күтіп жүрме­генін де жақсы білем. Сонда да тәуекел дедім. Аудан орталығы Үржардан Дәлелхан күтіп алды. Астында есік пен төрдей көнелеу джип. Көнелеу болғанымен, тау қиясына одан басқа көлікпен шыға алмайтынымды кейін білдім. Шығыстан батысқа қарай иректеле түсіп, жүз шақырымнан аса жерге созылып жатқан Тарбағатайға тіке тарттық. Бұл тауды ежелгі қазақтар Барқытбел деп атаған деседі. Барқыт десе барқыт. Жап-жасыл. Ақшәулі, Қоңыршәулі деп аталатын екі биік шыңы бар. Біз соның Ақшәулісіне қарай беттеп келеміз. – Қарабұйратқа дейін 52 шақырым жүреміз, – деп жымиып қояды Дәлелхан. Оның жымиысын былай шыға түсіндім. Шамамен он шақырымды артқа тастаған соң, асфальт бітіп, кедір-бұдыр тастақ жол бас­талды. Селкілдеп мөңкіген мәшине біресе оң­ға, біресе солға қисаяды. Сондай сәтте ішегің үзіліп кетердей, бүкіл денең бірге солқылдайды. Таудың мінезі дегеніміз, міне осы. Ойпаң-тойпаң. Қойнауына енген жан­дарды осылайша аямай сынайды. – Айтпақшы, сен осы консерваторияны бітірген едің ғой. Дене шынықтыруда не ғып жүрсің? – дедім мен кластасыма жол қыс­қарсын деген оймен сөз бастап. – Е, баяғы күнкөріс қамы ғой, – деді Дәлелхан. – Ән-күйден сағат аз. Сонан соң, қолайымызға келген дәрістерді қоса беруге дағдыланып алдық қой. Өзім «физ­куль­турныйда» сырттай оқып жүрмін. Осы сөздерді айтқан Дәлелхан әңгі­мені қар адамына қарай бұрды. – Биылғы жылдың 16 сәуірі, сенбі күні болатын. 4-сыныпта оқитын шә­кірт­терімді күн жы­лы болған соң, ауыл сыр­тындағы қыратқа алып шығып, жүгіртіп, ойнатпақ бол­дым. Ұл-қыздарым бұған қат­­­ты қуанды. Бала­ларға ең пайда­лы­сы таза ауа­дағы спорт жат­тығулары емес пе?! Көктемгі жасыл алқапта ары-бері жүгіріп, асыр салған олар мәз-мәйрам болып, сергіп қалды. Бір кезде төрт-бес қыз: «Ағай, біз бәйшешек теріп алайық­шы», деп қиылды. «Жарайды, алысқа ұзамаңдар», деп рұқсат бердім. Бір кезде ойымда ештеңе жоқ, ұлдарға акробатиканың жеңіл түрлерін үйретіп, үйіріліп тұрғанымызда, төмен жақтағы қыздардың жан­ұшырған айқайы естілді. Өмірімде мұндай қорықпаған шығармын. Өзім үшін емес, әрине. Сай беткейіне қалай жеткенімді білмеймін. Қарасам, кішкентай қыздарым сүрініп, қабы­нып, бытырай қашып келеді екен. – Анда... анда... негрлер жүр... – Маймылдар жүр, – дей береді. – Анықтап айтыңдаршы. Не көрдіңдер? Ішіндегі Зерде Бердіқан деген өжеттеу қыз не болғанын ұқтырды-ау, әйтеуір. Сөйтсем, олар маймылдарға ұқсас бес жабайы адамды көріпті. Үшеуі орасан зор екен. Олар қалың талдан бері шығып, гүл теріп жүрген Әсем мен Меруертке қарай беттегенде, бұлар шыңғырып, кері қашқан. Мен осыдан соң, ұл-қыздардың бәрін жиып алдым. Өздері он бес еді, түгендеп болып: «Осы жерден қозғалмаңдар, қазір келемін», деп қолыма таяқ алып, төменге түстім. Сай табаны саз балшық еді. Сонда да бәтіңкемді шешпей судан кешіп өтіп, арғы жағаға шықтым. Қалың талдың шетіне келіп, тың тыңдадым. Ештеңе байқалмайды. Бір кезде қап-қара бірдеңе жалп етіп, бүркіт ұшқандай болды. Оқ бойы жерде алып бір мақұлық көз ілеспес жылдамдықпен зытып барады. Қимылы шаңғышыға келің­кірейді, екі қолын құлаштай сермейді. Жота жағы аюға ұқсайды. Қоңырқай жүнді. Басы сопақ. Бірақ, аю емес. Аюды білем ғой, қорбаң­дап жүреді емес пе. Ал анадай жылдамдықпен олар ешуақытта жүгіре алмайды. Ендеше не болуы мүмкін? Селт етіп, есімді жиғанымша, әлгі мақұлық талдың ішіне сіңіп, ғайып болды. Не де болса нартәуекел деп, қалың жынысты кесіп өтіп, арғы бетке мен де шықтым. Қырқаға көтеріле бергенім сол еді, арт жағымдағы балалардың шу ете түскен дауысы тағы естілді. Енді олардың тағдырын ойлап, кері қарай жүгірдім. Ақ тер, көк тер болып жетсем, биікте тұрған ұл-қыздарым әлгі мен барған жаққа қолдарын созып, шұрқырасып тұр екен. – Ойбай, жаңа ғана екі дәу сіздің соңы­ңыздан қатты аңдыды ғой, – дей береді кезек-кезек. Дауыстарында үрейден гөрі таң­даныс, қызығушылық басым. Ойпырмай десеңізші... Мен арғы қырға беттегенде, соңымнан шынымен екі жабайы шы­ғып, мысық табандап баспалап отырып, біраз жерге дейін аңдыпты. Мен олардың көзге көрін­бейтін соншалықты ептілігіне, шалт қимыл­­дайтын жылдамдығына қайран қалдым. Етпетінен түсіп, қалың шалғынның арасына жата қалғанда, қайда кеткенін аңғармай да қаласың. Енді бұл арада ұзақ тұра берудің қауіпті екенін сезіп, балаларды жиыстырып, қайта түген­деп, мектепке алып келдім. «Көрдіңдер ме? Бұдан былай жалғыз-жарым бейсауат жүрмең­дер», деп, жолай ескертумен болдым. Тосын әңгіме жерде жата ма? Ілезде-ақ, көрген-білгеніміз кішкентай ауылға тарап кетті. Ең қызығы сол күні біреуі 5-ші, екіншісі 7-ші сыныпта оқитын ағайынды Қуат, Қуаныш Амангелдиевтер әлгі әңгімені ести сала, сай жаққа қарай жүгірген ғой. Оларға Мәди деген бала ілескен. Олардың өйтетінін білгенде, тосқауыл қоятын едік. Бірақ, үлкендерге айтпай кетіп қалыпты. Оны енді олардың өздерінің аузынан естисің. Әңгімемен алданып отырып, Қарабұйратқа қалай жеткенімізді де білмей қалдық. Жолдың екі қапталында орналасқан шағын ауыл екен. Ағашы қалың. Көшеде төгіліп жатқан алма мен қара өрік. Сыңсыған жиде, қарақат пен бүл­дірген. Қып-қызыл маржандай болып, өзге өңірде көп кездеспейтін шәңкіш дейтін жеміс те көздің жауын алардай уылжып тұр. Бұл енді желтоқсанның аязы бір-екі қысқаннан кейін барып қана жеуге жарайтын, ертеректе «Лениншіл жаста» белгілі журналист ағамыз жазушы Жанболат Аупбаев тамсана жазатын тәтті шырынды, ерекше жеміс. Қан қысымы бар жан­дарға жақсы көмектеседі. Ауылдың іші-сыр­тында өріп жүрген төрт түліктің қарасы да мол. Демек, тұрғындар тіршілігі жақсы деген сөз. Шай ішіп, ес жинағаннан кейін, ауылдың адамдарымен кездесуге аттандық. Каникул кезі, шөп шабу науқаны. Іздеген кісілеріміздің кейбірі жоқ болып шықты. Ең алдымен, Михаил Вензель деген қарияның үйіне бардық. Балалары қой кезегінде жүр деген соң, уақытты кетірмейік деп, ауыл шетіне іздеп шықтық. Жетпіске иек артқан шикіл сары шал беткейде алдындағы қойларын жусатып қойып, үлкен сандықтастың үстінде біздей шаншылып отыр екен. Бойы тіп-тік. Тың. «Іздрәсти», деген сәлемімізге осқыра бір қарап алып: «Амансыңдар ма?» деді де, қазақша сарнап қоя берді. Өзім ыңғайсызданып қалдым. – Дәлелхан, сүйіншіңді дайында. Әлгі жоғалған байталыңды бүгін түсте көрдім ғой. Үйіріне келіп қосылыпты. Анау қырқада жүр. – Ой, жақсы болды ғой, өзім де біре-міреу қолды етті ме деп уайымдап жүр едім. Қазір ұлымды жіберейін, айдап келсін. Айтпақшы, мына кісі – менің досым. Журналист. Жабайы «ағайындар» туралы материалдар жинақтауға арнайы келіпті. Өзіңіз ана бір жолы бастан кешірген оқиғаны айтып берсеңіз. – Жарайды, айтсам айтайын. Бұл оқиға мына Қойасуда өткен қара күзде болған еді. – Михаил ақсақал күнбатыс беттегі көз ұшында қа­рауытып тұрған биік асуды иегімен нұсқап көрсетті. – Бірде Семейде тұратын інім қонаққа келді. Соны әйелімен екеуін осы қиын асудан асырып жіберейін деп, Газ-53 мәшинем­мен қоса шықтым. Күн кешкіріп қалған уақыт. Таудың іші қаракөлеңке. Картоп тиеген «Москвичті» асудың үстіне тіркеп шығарып, кабинадан түстім. Інім де мәши­несінен түсіп, тіркемені ағыта бастады. Қалтамнан темекімді алып, тұтатқаным сол еді, біреу ту желкемнен қарап тұрғандай сезіндім. Артыма жалт қарасам, екі метрдей жерде үсті-басы жүн-жүн бір жабайы адам менен көзін алмай тұр екен. Өзі өте бойшаң. Бәлекеттің түрі мұндай суық болар ма! Денем мұздап кетті. Сасқанымнан, орысша: «Саған не керек?» деп ақырып жіберіппін. Ол ақырын бұрылды да, балпаңдай басып, төмен тү­сіп кетті. Сол кезде есімді жиып, кабинадағы балтаны суырып алдым. Әлгіні соңынан тұра қудым. Ол көп ұзамапты. Он бес метрдей жерде мені күткендей жүрелеп отыр. Мен жақын­дағанда орнынан тұрды да, тағы бір он қадам жүріп барып, мен жаққа қарап, қайта отырды. Алдарқатып, ұзатып әкетіп бара жатқандай. Шынымды айтсам, одан ары қуа беруге жүрегім дауаламады. Әрі маған ол тиіскен жоқ қой. Қайтып келсем, кабинада жалғыз қалған келінім Ольга бақырып жылап отыр екен. Өзі қорық­қанынан қалш-қалш етеді. Арт жақтағы інім де келіп: «Не болды сендерге? Не шу? Түстерің қашып кетіпті ғой», дейді таңырқап. Оған болған жағдайды айттық. «Бәлкім, аю шығар», деді ол сеніңкіремей. «Неде болса, осы арадан тезірек аттанып кеткендерің жөн. Сайдың табанына түскен соң, жарықты бір өшіріп, бір жағып, маған белгі беріңдер. Оған дейін мен осы арада тұра тұрайын», дедім ініме. Олар тура солай істеді. Мен де оларды аман-есен шығарып салып, үйіме қайттым. Бірақ, сол көргенім ұзақ уақыт бойы есімнен шықпай қойды. Білесің бе, әлгі жабайы адам біреуді іздеп жүргендей әсер қалдырды. – Кімді іздеуі мүмкін деп ойлайсыз? – Ол енді ұзақ әңгіме. Асықпасаң тыңда, қысқартып айтайын. Осы таудың қойнауында менің Леня атты бір танысым мекендеді. Өзі керемет шебер, аңшы еді. Кішкентай қоржынтам салып алды. Бір-екі сиыры, оншақты қойы болды. Ауылға нан, шай, темекі алу үшін ғана келетін. Сол бірде қызыңқырап отырып, маған тосындау сырын айтты: «Түнде ауыз бөлмедегі шелектегі сүтімді біреу келіп, ішіп кететін болып жүр. Есікті сықырлатып ашқанын, ішке кіргенін бәрін естіп, сезіп жатамын. Бірақ, шығайын десем, батылым бармайды. Содан бір күні көруге бел байладым. Әдеттегідей 10 литр­лік шелекке шүпілдете сүт құйдым. Сосын үйреншікті орнына қойып, ішкі есікті жартылай ашық қалдырдым. Түн ортасы ауа сыртқы есік сықыр ете түсті. Мен де лып етіп көтеріліп, дыбыссыз басып келіп, есік жақтауына жабыса қалдым. Саған өтірік, маған шын, бойы екі метр­ден асатын алып адам үйге бүктетіле кірді. Басы үшкір. Денесі қалың жүн. Ол тың тың­дағандай жан-жағын шолып шығып, шелекті қос қолдап алды да, дем алмастан басына бірақ көтерді. Сонан кейін, ақырын басып, шығып кетті. Бұдан кейін де жиі келетін болды. Ең бастысы, қорқынышым басылды. Бұл не деп ойлайсың?». «Ит біліп пе, қар адамы дегеніміз сол шығар!» дедім мен. Шынында да, ештеңенің байыбына бармай тұрып, не айта қоясың? Кейінірек сол Леняны бір қарақшылар қапыда жазым етіпті. Онымен қоймай, бар малын айдап кетіпті. Асу үстінде тұрғанымда, неге екенін білмеймін, осы оқиға ойыма оралды. Меніңше, жабайы адам Леняға жәбір көрсетушілерді іздеп жүрген сияқты. – Ойпырмай, сіз тіпті, сөзді қоюландырып жібердіңіз ғой. Мынауыңыз қып-қызыл детектив сияқты. – Бауырым, құй сен, құй сенбе. Бұл енді болған оқиға. Оны мына Дәлелхан да жақсы біледі. Ойлап кетсем, әлі күнге дейін жүрегім сыздайды. Тып-тыныш, өз бетімен тірлік жасап жүрген момын жанға жауыздық жасауға қандай қаныпезердің дәті барды екен?.. Қария қамыға күрсініп, үндемей қалды. Мен фотоаппаратымды үйде қалдырып кеткеніме өкіндім. Ертең жолығып, суретке түсіруге уәделестік. Бірақ, ертеңінде сәті түспеді. Ол кісі жасамыстығына қарамастан, тауға шөп шабуға аттанып кетіпті. Біз есесіне екінші куә, сурет пәнінің мұға­лімі, 1958 жылы туған Қуанышбек Игенбаевты тауып алып, Қойасуға тарттық. Алыстан көр­генде жайдақ көрінгенімен, бұл асу өткел берместің нағыз өзі екен. «Әсіресе, қыста қи­ын», деп қояды жол бастаушының бірі. Дәлел­ханның темір тұлпарына осы жолы ерекше риза болдық. Арылдап, дарылдап, иір-қиыр жолмен асудың ұшар басына алып шықты. Жетер жерімізге жетіп, көңіліміз демделген соң мен Қуекеңді сөзге тарттым. – Сізді де шөп шауып жүргенде қар адамын көріпті деседі. Сол рас па? – Рас. Ана тұста. Осыдан жиырма-отыз шақырымдай жерде Алтыншоқы деген жайы­лым бар. Сол жақтан көрдім. Жаздың күні еді. Ал, жазды күні оларды «қар адамы» деп айту күлкілі естіледі екен. Одан да «кісікиік» деп, қазақша өз атауымен атамайсыздар ма? Шынында да, қарапайым, әрі құлаққа жа­ғым­­ды естілетін «кісікиік» деген сөз аузымызға бұрын неғып түспеген? Бала күні­мізде әке-шешелеріміздің аузынан талай естісек те, зердеден өше бастаған атауды ауыл азаматының есімізге салғанына разы болдық. – Бір жолы сол Алтыншоқының бау­райындағы Көбелекті алқабына әйелім Фари­даны шөп шабуға қоса ала кеттім. Шалғыны аттың бауырынан келетін шүйгінді жер еді. Таңғы салқынмен барған біз екіндіге таяу бес-алты шөмелені үйіп тастадық. Мен шабамын, ол жинайды. Сөйтіп, шаршаңқырап барып, шайға отырдық. Айнала өлі тыныштық. Пыр-пыр ұш­қан шегірткенің шырылы ғана естіледі. Мосыға қайнатылған күрең шайды терлеп-тепшіп тар­тып отырмыз. Арасында әңгімемізді айтып, шүң­кілдесіп қоямыз. Кенет, дастарқан­ның қар­сы бетіндегі әйелімнің түсі бұзылып кетті. Сау­сағымен менің желке тұсымды нұсқайды. Тіл жоқ. «Бұған не көрінді?» деп, артыма бұрыл­сам, астапыралла, еңгезердей бір негр біз үйген шөмелелердің қасында тұр. Арамыз көп болса, он қадамдай-ақ. Биіктігі екі метрлік шөмеле оның кеудесінен ғана келеді. Үсті басы қалың жүн. Әсіресе, білек тұсындағы шашақ­тары шудалана салбырап тұр. Басы бүркіттің томағасы сияқты сопақ. Негр емес екенін сонда байқа­дым. Кісікиік! Бізге қарап, екі қолын суда жүз­гендей құлаштай сермеп, тісін ырситады. Еріндері қимылдағанымен, сөзі анық емес. «Ыһы, ыһы» деген дыбыс қана шығарып, екі аяғымен жер тарпиды. Бірақ, бізге жақында­майды. Не айтқысы келгенін түсін­бедік. Қос аяқ мотоциклім бар еді. Соған қалай мінгенімді білмеймін. Дүр еткіздім де, Фаридаға: «Отыр» – дедім. Ол да сүріне-қабына артыма мінгесті. Енді мына қызықты қараңыз! Ол бізді гипноздады ма екен? Білмеймін. Өйткені, артқа, ауылға қашудың орнына, газды барынша басқан күйі мотоциклді дарылдатып, тұп-тура кісікиіктің өзіне қарай зауладық. Ол мұндайды күтпесе керек, жалт бұры­лып, зыта жөнелді. Сирақтары мұндай ұзын болар ма? Ортекедей орғып, жүйт­кіп бара­ды. Біз қуып келеміз. Жүз метрдей қашықтықты ол көз ілеспес жылдамдықпен жүгі­ріп өтті де, сайдың табанына түсіп, көрінбей кетті. Сол аралықта төрт-бес-ақ секунд қана уақыт өтті. Сай ернеуіне келіп, біз де тоқтадық. Қарасақ, ол сайдың екінші бетіндегі қырқада зытып барады екен. Мұндай ғажайыпты бұрын көрмегем. Мотоциклге жеткізбеу деген не сұмдық? Содан қорыққа­нымыздан әл-дәрмені құрыған әйелімді алып, жақын маңдағы Нағимолда деген мал­шының үйіне келіп, ес жинадық. Шай іштік. Көргенімізді айтып беріп едік, ол кісілер: «Е, болса болар, бұл жақты ондай албас­тылардың бұрын­нан мекендейтінін аталарымыз айтып отыру­шы еді», деп жай­барақат отыр. Тіпті, зәредей сескену жоқ. Ал, біз болсақ, жинаған шө­бімізді бес-алты адам топталып барып, трактормен зорға әкелдік. Болған-біткені сол. Көп ешкімге айт­қан сырым емес. Мына Дәлелхан бас­таған оқушы балалардың оқиғасынан кейін еске түсіп отыр ғой. Әйтпесе, ұмытыла бастаған еді. – Сенбейтіндер де көп шығар? – Әрине, көп. Осы кезде манадан үнсіз тұрған Дәлелхан сөзге араласты. – Сену-сенбеу деген нәрсе әркімнің өз шаруасы ғой. Ешкімді күштеп, мойындата алмайсың. Бізде де сенбейтіндер аз емес. Бірде қызық болды. Ауылда Есенай деген ақса­қал бар. Зейнеткер. Бірақ, тың, аздаған мал ұстайды. Сол кісі жоғарыдағы оқиғадан бірнеше күн өткен соң, маған шауып келіпті. Беті тым ызғарлы. «Немерем түнімен сандырақ­тап, денесі қызып шықты. Не болса соны айтып, әбден үрейін алғансың», деп мені біраз қуырып алды. Кешірім сұрап, зорға құтылдым. Содан біраз күн өткен соң, кеш­құрым уақытта салы суға кетіп, тағы келіп тұр. «Жайшылық па, ақсақал?» дедім, балаға бірдеңе боп қалды ма екен деп, зәрем ұшып. Сөйтсем, бала аман екен. Гәп басқада. – Інім, өткен жолғы қаттырақ кеткеніме ренжімегейсің, – дейді ақсақалым. – Мен әлгі айтып жүргендеріңді өз көзіммен көрдім... Жабайылармен жолыққанын түсіне қойдым. – Иә, қайдан көрдіңіз? – Айтарың бар ма? Бір ірі қарам өрістен қайтпаған соң, күн кештете іздеп шық­паймын ба? Қызыл іңірде Ақшәуіліні бетке алып, маңайдағы сай-саланы біраз шолып шықтым. Айналам қоюлана бастаған сәтте, аттан түсіп ағаштардың арасын түртпек­тедім. Бір түп қалың жиденің тұсына жақын­дағанымда, қарсы алдымнан еңгезердей қара дәу шыға келді. Ойпырым-ай, түсі тым сұсты екен. Жүні жалбыраған нағыз албас­тының өзі. «Бісіміллә! Бісіміллә!» дей беріппін. Жан шіркін тәтті ғой. Жалт бұрылып, артымдағы атқа жас жігітше секіріп, қалай қонғанымды білмеймін. Содан өзіңе келіп тұрғаным осы. – Е, е, ақсақал, көрдіңіз бе, өткен жолы бізді жазықсыз жазғырып едіңіз. Құдай өзі жолықтырды сізге. – Сөйтіп тұр ғой, шырағым. Айып етпе. Есенай ақсақалдың әңгімесін естіп, мен онымен кездескім келді. Өкінішке қарай, ол кісі біз іздеп барған кезде, көрші ауылға асқа кетіп қалыпты. «Онда оқушыларды тауып алайық», деді Дәлелхан. Сөйтіп, ағайынды Қуат пен Қуаныш Аманкелдиевтердің үйіне келдік. Олардың балық аулаудан жаңа ғана оралған беті екен. Мұрындары тершіп, қарш-қарш шайнап, алма жеп отыр. Қап-қара боп күнге күйіп, әбден тотыққан. Естияры Қуаныш болған соң, соны сөзге тарттық. – Ұсақ балалардың айтқанына сенбей, мен, Қуат, Мәди үшеуміз Қарабұйраттың батыс жағындағы өзекке бардық, – деп еске алды сол күнді ол. – Су жиегіне 20 метрдей қалғанда, сазды жағалаудан тасқа ұқсас қап-қара бірдеңе көрдік. Анықтап қарағанда, қоз­ғалақтап жатқан бас екенін байқадық. Денесі көрінбейді. Сөйтсек, ары қарай су ішінде созылып жатыр екен. Мен жерден тор­ғайдың үлкендігіндей қатқыл кесекті іліп алдым да, лақтырып кеп жібердім. Тиеді деп ойлаған жоқпын. Тоқ ете түсті. Дәл маң­дайына тиіпті. Жабайы адам орнынан атып тұрды да, көзін уқалай бастады. Бойы екі метрге жуық екен. Одан да биік қой деймін. Үсті-басы қалың жүн. Басы қауындай сопақ. Ол өзімен-өзі әуре болып тұрғанда, біз кейін қаштық. Арты­мызға көз салсақ, ол да зытып барады екен. Жүгіргеніне тіпті, тазы иттер де ілесе алмай­тын шығар. Қалың ағашқа кіріп, жоқ болды. – Өй, сен әлгі бір несін айтпадың ғой. Үлкен, дәу, салбырап тұр, – деп, осы сәт кішісі Қуат әңгімеге килігіп, оспадарлау бір сөзді қойып қалды. Бәріміз күліп жібердік. – Айтпа ондай жаман сөзді. Ұят болады, – деп Дәлелхан мұғалім де шекесінен жайлап шертіп қалды. – Е, көргенімді айтып тұрмын ғой. «Басыңды кесіп алса да, шындықты айт» дейтін өзіңіз емес пе? – деп, ол да берісер емес. Ауылдың қыршаңқы мінезді балаларына не айтса да жарасып-ақ тұр. Біз екеуін мәшинеге салып алып, Қарабұйраттың сыр­тына шықтық. Олар­дың жабайымен кездескен жеріне келіп, сол маңайды түгел суретке түсірдік. Көп жүрдік. Бірақ кісікиікке жолыға алмадық. Жолықпасам да, олардың осы тауда бар екеніне, жақын жерде жүргеніне сеніп қайттым. Сөз соңында, жай қызығушылықпен емес, шын ниетімен ғылыми-экспедициялық сапар­ға шыққысы келетін ізденушілер болса, күтіп алуға әрқашан дайын екендігін Дәлел­хан айтып қалды. Кішкентай ауылдың үлкен жүректі азаматы тапсырған осы аманатты қалың оқырманға бұлжытпай жеткізуді мой­нымызға алып, біз де аттандық. Қалғаны уақыттың еншісінде. Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы.