26 Қазан, 2011

Жібектей жұмсақ жан еді

588 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Әңгіме жанрының хас шебері Сайын Мұратбеков бүгінде көзі тірі болса, 75 жасқа келер еді. Тағдырдың жазуына не шара... Көңілге медет етеріміз, ол артына өлмес туындыларын қалдырды. Иә, ол төл әдебиетіміздің қоржынына мол олжа салумен қатар, қазақ прозасына тың тыныс, өзгеше өріс әкелген жазушы. Сондықтан да, оның қаламынан туған «Менің қарындасым», «Райгүл», «Жусан исі», «Басында Үшқараның», «Жабайы алма» сияқты әңгіме-хикаяттары уақыт табымен ескіріп қалмай, бүгінгі оқырманның да іздеп жүріп оқитын сүйікті шығармаларына айналған. Біз бүгін жазушының жан жары Мәриям Мұратбек келінінің естелігін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Сайынмен бір ауылда тұрдық. Алғаш көргенім 1953 жылы. Біздің үйде ұн бітіп қалды да, анамыз: «Колхоз қамбасынан өзім барып сұрамасам, сендерді баласынып бермес», деп өзі кеткен. Сәлден соң есік алдына шана келіп тоқ­тады. Шықсам, бір жігіт екі қап ұн әкелген екен. Маған көмектесіп, түсірісіп жіберді де: – Менің атым – Сайын, таны­сып қояйық, ал сенің атың ше? – деп сұрады. Мен атымды айттым. Содан бастап көрген жерде сәлемдесіп жүрдік. Мен оқуымды бітіріп, ауылға келдім. Онда анам, іні-сіңлілерім тұратын. Әкеміз қайтыс болған. Сол ауылдағы ау­рухананы басқардым. Сайынның анасы да көптен бері осы жерде акушерка болып қызмет істейді екен. Білмегенім болса, сол кісімен ақылдасамын. Жөнін айтып, ақыл-кеңес беріп жүрді. Бір күні ол кісі: – Мәрия, балам ауырып, 3-4 күннен бері ыстығы түспей тұр­ғаны. Барып көріп бересің бе? – деді. Мен: – Тәте-ау, өзіңіз де медиксіз ғой, – десем: – Сен де қарап көрші, көмегің қажет болып тұрғаны, – дейді. Ау­руларды қабылдап болған соң, әлгі кісінің үйіне бірге барып, қарауға тура келді. Баласының баспасы (ангинасы) асқынып кетіпті. – Тәте, сіз жұмыстасыз, ешкім қарай алмайды ғой. Ауруханаға жатқызайық, – деп едім, анасы бірден келісті. Қолына: «Ертең сағат он кезінде кел», деп қағаз жазып беріп кеттім. Бір аптадай емделіп, жазылып шықты. Арада біраз күн өткен соң тағы келіп тұр. – He болды, тағы ауырып қалдың ба? – деймін. – Жоқ. Студенттермен бірге күзгі жұмысқа Қостанайға кетіп бара жатыр едім. Қоштасып кетейін деп келдім, – дейді. – Жақсы, жолың болсын! Енді ауырма, – десем, күлімсіреп: – Мен келгенше күт, – деді. – Түсінбедім, – деп едім. – Сен маған көп жігіттердің бірі деп қана қарайсың ба? Менің көңілім басқа, түсінші мені, – дейді. Ертеңіне анасы келіп: – Әзер кетті. «Сіз қарай жү­ріңізші, маған ол қыз ұнайды», деп. Мен маған да ұнайды дедім, – деп жымияды. Мен де күліп: – Тәте, сонда қайсыңызды таң­дайын, – десем: «Бәрібір ғой, біз бір адамбыз ғой», – деп тұр. – Бұйрық біледі ғой, тәте, – дедім де қойдым. Бір айдан кейін Сайын келіп тұр. – He, ауырып қалдың ба? – Жоқ, жұмыстан қайттым, – дейді. Кешке үйге келсем, анам: Сайынның әкесі келіп: «Рұқсат берсең, 3-4 күннен кейін құда түсейік» деп кетті, – деп отыр. – Сен ол балаға қалай қарайсың? Өзі жаза­тыны бар, жазушы боламын деп оқып жүр. Сендерді мен жалғыз бағып жүр­мін, қалай болар екен?» – деп сөзінің аяғын бұлыңғырлатып бітірді. Нағашыларымның қолында өскен­дік­­тен, анамды тәте дейтінмін. – Басқалары ұнамайды, бұйырғаны болар, – дедім. Сол жылы үйлендік те, келер жылы Сәкең сырттай оқитын бөлімге ауысты. – Heгe олай еттің? – деп едім. – Жазатын болған соң ауыл өмірін білуім керек екен, – деді. Екі жылдан кейін мені аудандық партия комитетіне шақыртып, бірінші хатшы Алыбаев деген ағай аудан орталығындағы перзентханаға басшы етіп қойғысы келетін ойын білдірді. Мен отбасымның барлығын, жолда­сымның Алматыдағы жоғары оқу орнында сырттай оқитынын айттым. – Ол кім? – деді. – Мұратбеков Сайын. – Білемін. Жақсы болды. Аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп кімді қойсақ деп отыр едік. Дұрыс болды. Енді келесің бе, қарындасым? – деп күлді. – Жарайды, аға, – деп 4-5 күннен кейін жаңа жұмысқа кірістік. Бір жылдан соң Талдықорған об­лысы Алматы облысына қосылды да біз Алматыға келдік. Аэропорт жақтан пәтер жалдап, 4-5 жыл тұрдық. Сәкең облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа кірді. Одан «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысты. Сол жылдардан бастап, Жұ­мекен, Әбіш, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Қалихан, Мағ­зом, Жайсаңбек сынды шығарма­шы­лық адамдарымен араласа бастады. Әуе­жай­дың жанында болғандықтан, іс­сапарға баратындар біздің үйге келіп қонатын да, таң елең-алаңнан оларды Сәкең екеуміз шығарып салатынбыз. Әуежай мен біздің үйдің арасы бір-ақ аялдама. Сол маңда Бірінші май аталатын шағын көл бар. Жолдастарымыз жаз кезінде соған келіп түсіп, демалып, қона жатып қайтатын. Бірде Сәкең Мұқағалиды ертіп келді. Отбасы әлі ауылда, өзі салт жүрген кезі екен. Мен картоп пен еттен қуыр­дақ жасап жатыр едім. Сәкең кешке қарай «шәй» деп, өте шөлдеп келетін. Қонақ келген соң, тамақ салайын деп ет алып келіп ем, Мұқағали: – Мәрияш, маған ет аспа. Қазір мына қуырдақ пен шайды алдыға алалық. Сонан соң жақсылап кеспе жасашы, – деді. Кеспе жасап бердім. Сондай бір рақаттанып отырып ішті. Оның артынан терлеп-тепшіп самау­рын­ның шайына қанды. Қонып, ерте­ңіне Сәкең екеуі көлге түсіп, демалды. Мен жейдесін жуып, шалбарын үтіктеп беріп ем, балаша қуанып: – Лашын балалармен көшіп келгенше келіп тұрайыншы, – деп мәз болып, риза көңілмен аттанды. Көрген жерде: «Халің қалай, қарындасым? Айна­лайын!», деп жаны қалмайтын. Сәкең «Алғашқы қар», «Қысқы кеш», «Ананың арманы», «Отау үй» әңгімелерін, «Қыран құс көк жүзін шарлап кетті» атты очерк, диплом жұмысын сол әуежай маңындағы пә­тер­де тұрғанда жазды. Төрт-бес жыл­дан соң қаладан үй берді. Мұнда «Күсен-Күсеке», «Жабайы алма», «Жу­сан иісі», «Көкорай», «Басында Үшқараның», тағы басқа туындылары дүниеге келді. Мәскеуден оқу бітіріп келгеннен кейін «Тел өскен ұл» киноповесін, «Жеңеше», «Күзгі бұралаң жол», «Құданың фокусы», «Біреу» әңгімелерін жазды. Біраз аударма жасады. Олардың ішінде Оңтүстік Африка елдерінің прогресшіл жазушысы Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам», Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы», тағы басқа туындылар бар. Осылардың ішінде «Басында Үш­қараның» әңгімесінің жазылу тарихы былай еді. 1967 жылдың жазында Сәкең Тахауи Ахтанов, Бердібек Соқ­пақбаев үшеуі Сайынның ауылына барып, екі аптадай жайлауды тамашалап, отағасымыздың ата-бабалары, нағашы аталарының мекенін аралап қайтты. Жайлаулары Қапал тауы мен Текелі тауының арасы. Ортасында Қора өзені ағып жатыр. Өте асау, тасығанда малды да, адамды да ағызатын долы тау суы. Сол өзеннің жағасында жаздай малшы­лар қоныстайды. Жоғары­дағы жа­зықта Мұратбек атасының жай­лауы. Одан әріректегі текше наға­шы атасы Тілеудікі. Екі жүз метр­лік биіктен «Бұрқан бұлақ» деп аталатын сарқырама құлайды. Үшеуі сол жерлерді аралап, дема­лып, риза болысып қайтқан. Келгеннен кейін бір күні Сайын маған: «Ойыма бір керемет сюжет келді, соны жазамын», – деді. Басын бастап, ойланып жүрді. Келесі жылы Әкім Таразимен бірге Жамбыл облысына кетті. Содан келгеннен кейін күзде жазуға отырды да әлгі бастаған дүниесін аяқтап, «Басында Үшқараның» деген атпен жариялады. Туындысы­ның басына «Әкім Таразиге ар­наймын» деп жазды. Әңгімесін Әкім ағаға арнау себебі, екеуі бір туғандардай тату, адал дос еді. «Әкім көкеміз 1962 жылы жазда оқуды Мәскеуден бітіріп келгенде алғаш Тахаңмен бірге барып танысып едік», – деп отыра­тын Сәкең. 1964 жылдан бастап ағалы-інілі бауырлардай бірін-бірі сыйлап, соңғы күндерге дейін жақ­с­ы араласты. Саяжайдағы үйде терезесі тауға қараған бір бөлмені Әкім Тарази қатты ұнататын, келген сайын сол бөлмеде жататын. «Бұл жерден Найзақара тауы жақ­сы көрінеді, сонысымен ұнайды», – деуші еді. Әлі күнге дейін қо­ңы­рау шалып, Алматыға келсе, үйге соғып, амандық сұрап, қамқор бо­лып жүреді. Дәл қазір ондай адал достыққа әркім де зәру емес пе. Ал біздің жолдастығымыз та­мы­рын тереңге жайып, бірге туған бауыр­лардай жақындасып кеткенбіз. Шығарманың басты кейіпкері Әсет – Сайынның өзі. Зағипа – әлі де бар, ақсары, ақжарқын келін­шек-тін. Қазір ауылда тұрады. Мал­шының әйелі. Шын аты – Сәруар. Алматыға келсе, міндетті түрде үйге соғады. Сәулетайға келетін болсақ, әңгімеде баяндалған жағдай шынымен де болған оқиға. Оны Сәкең біраз өңдеп, шығармаға қосқан ғой. Ал әпке деп отырғаны – Мұратбектің інісі Мұратудың қызы. Әңгімедегі ұзатылып жатқан сол қыз болатын. Басқа кейіпкерлер де осы Қоңыр ауылының тұрғындары. Сәкең туған ауылын, оның әсем табиғатын, мөлдір бұлағы мен асқар тауын сүйетін... Несін ай­тайын, келмеске кетті ғой көп күндер... Ол шығармаларын көбінесе түн­де отырып жазатын. Жыл мезгілдерінен күзді жақсы көрді. Жазуға жаңбыр не қар жауып тұр­ғанда отырғанды ұнатушы еді. 1987-1988 жылдары қатты жөтел қысып, дәрігерлер демікпе (астма) деген диагноз қойды. Тау жақта саяжайымыз бар еді. «Сол жақта кішкене тыншимын», деп сонда жиірек барып жүрді. Күзде үлкен бір бөлменің ортасын пешпен бө­ліп, екеуміз сонда көшіп алдық. Жыл өтпей жөтелі caп қойып кетті. «Мына жердің ауасы жақты маған, енді осында тұрамын», деп соны­мен ол жерде тоғыз жыл тұрдық. 2003 жылы сусамыр (сахарный диабет) деген дерт caп етіп, одан емделіп жүргенде тағы сырқатқа душар болды. Дәл осы кезде үлкен қызымыз аяқасты инсульттан қай­тыс болып, бұл ауыр соққы Сәкең­нің дертін ушықтырып жіберді. Кейінгі кезде: «Мен мына ауруды жеңе алатын түрім жоқ. Әлсіреп барамын. Сен мықты бол, ең болмаса қалған балаларға бас-көз бол», – деп айтумен болды. Сайын – ешкімге жамандығы жоқ, керісінше, қолынан келгенше бәріне көмек көрсетіп, ешкімді ренжітпеуге тырысатын жан бола­тын. Айналасындағылардын бәріне – отбасы, бала-шағасы, іні-қарын­дастары, әке-шешесі, туған туыста­ры, достарына да өте мейірімді еді. Мәдениетті, ұстамды-тын. Бәрін терең ойлап, ақылмен шешетін. Абай атамызша айтқанда «ақырын жүріп, анық басатын» адам дер едім. Шығармаларының барлығында Сайынның шынайы сезімі, таза көңілі айқын байқалып, адал жүрегі соғып тұрады. Кейіпкерлері қандай ұяң, сыпайы, биязы болса, Сайын дәл сондай жан-тын. Қанша жерден айт, айтпа, Са­йынның орны мен үшін бөлек қой. Жарты ғасыр отасыппыз. Қатты кетіп, бет жыртысып көрмепті. От­басы болған соң неше түрлі жағдай болады ғой, бірақ та, жазатын адам ел, халық адамы болған­дықтан, кешірімділікпен, сабыр­лы­лықпен қарауға ты­рыса­тынмын. Өзі де жүре­гі жылы, мейірімді, жұм­сақ мінезді адам еді. Жаны жәннатта болғай! Мариям МҰРАТБЕК КЕЛІНІ. Алматы.